"Петров" пен "Боширов" бизнесмендер ретінде виза сұраған

35


Ұлыбритания билік орындары Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальге қастандық жасауға күдікті санайтын Ресей барлауының (ГРУ) ықтимал агенттері ағылшын визасын аларда өздерін бизнесмендерміз деп таныстырған. Бұл туралы арнайы қызметтерге сілтеме жасап Daily Telegraph басылымы хабарлады.

Барлау мәліметтері бойынша, екі ер адам Александр Петров және Руслан Боширов деген жалған аты-жөндері жазылған Ресейдің ресми паспортын көрсеткен. Екеуі де халықаралық сауда саласында еңбек етеміз деп хабарлаған. Олар мыңдаған фунт-стерлинг жатқан банк шоттарының нөмерін көрсеткен.

Оқи отырыңыз: Ұлыбритания «Скрипальді улаған — ГРУ агенттері» деп біледі

Daily Mirror таблоиды сұхбаттасқан адамның хабарлауынша, қастандыққа қолданылған «Новичок» уын шекарадан дипломатиялық поштаның көмегімен тексерусіз өткізген. Оның сөзінше, адамның жүйке жүйесін жансыздандыратын зат Ұлыбританияға Солсбериде қылмыс жасалардан бірнеше апта бұрын келген. Кейін ГРУ агенттері белгіленген жерден контейнерді алған дейді ол.

Операцияға қатысушылардың жалпы саны 10 адамға жуық. Британ арнайы қызметі ресейлік агенттердің қастандық жасалардан едәуір уақыт бұрын Юлия Скрипальдің телефон әңгімелерінің барлығын тыңдағанына, сондықтан оның жүріс-тұрысы мен алдағы жоспарынан алдын ала хабардар болып отырғандығына шүбә келтірмейді. Сондықтан Юлия Ресейде ұшаққа мінген сәттен әкесі Сергей Скрипальдің Англиядағы үйіне жеткенге дейін оны сырттай бақылаған болуы мүмкін.

Наурыздың 6-сында Солсбери қаласында бұрынғы ресейлік барлау агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған. Лондон олардың СССР тұсында жасалған «Новичок» уынан уланғанын айтып, қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады.

Қыркүйектің 6-сы күні британ прокуратурасы Солсберидегі қылмысқа күдікті саналатын екі адамның суреттерін жариялады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.