Сирияның Идлиб провинциясында мыңдаған адам көшеге шығып, осы аймаққа шабуыл жасауға уәде еткен ел президенті Башар Асадтың сөзіне наразылық білдірген. БҰҰ Асадтың шабуыл туралы жоспары іске асатын болса, аймаққа гуманитарлық апат болып тиюі мүмкін деп ескерткен.

Қыркүйектің 7-індегі наразылық Ресей мен Иран басшылары кездесіп, Сириядағы көтерілісші күштердің соңғы тірегіне бақылау орнатуды мақсат тұтып отырған Асадтың ниетіне қолдау білдіретіндерін мәлімдеген тұста өткен. Алайда Түркия лидері асығыс-үсігіс жасалған шабуылдың кесірінен бейбіт адамдар қазасы мен босқын саны апатты жағдайда көбейіп кетуі ықтимал екенін ескерткен.

Түркия, Иран мен Ресей лидерлерінің Идлибтегі жағдайды талқылау бойынша Тегеранда өткен кездесуінде атысты доғару туралы келісімге келе алмаған. Бітім жасау туралы бастаманы Түркия президенті Режеп Ердоған көтерген болатын.

Мониторинг жүргізетін ұйымның хабарлауынша, тіпті Тегеранда саммит өтіп жатқан кезде де ресейлік және сириялық күштер Идлиб пен оның маңайына әуеден соққы берген. Сарапшылардың сөзінше, бұл Асад әскерінің шабуылды бастағалы жатқанын білдіреді.

Идлиб пен көрші Алеппо провинциясында мыңдаған адам Асадқа қарсы ұрандармен наразылық акцияларына шыққан. «Башар, кет!», «Біз революциямызды қорғаймыз» деп айғайлаған Идлиб провинциясының шығыс бөлігіндегі Серакиб қаласында жүздеген демонстрант.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.