Қоғамдық резонанс туғызып жатқан «орамалды оқушылар» мәселесі Шығыс өңірдегі бір мектептен де қылаң берді. Әзірге мұндай ерекшелікпен Тарбағатай ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы Тұғыл орта мектебінің аты шығып отыр. Алғашында аты-жөнін айтпауды өтінген ауыл тұрғынының алаңдаушылығын анықтау мақсатында мектеп директорына телефон шалдық. Директор Ержан ИКЛАСОВТЫҢ қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз оның сабақ беріп жатқанын, жарты сағат шамасында босаған соң міндетті түрде хабарласатынын айтып телефон нөмірімді жазып алған болатын. Алайда, межелі уақыт өткенде ешкім байланысқа шықпады. Амал жоқ, қайталап қоңырау шалғанымда трубканы көтерер тірі жан табылмады. Қоңырау гудогынан нөмір жазылып қалатын аппарат екені белгілі болып тұрды. Директордың да, хатшы қыздың да мұнысын неге жорырымызды білмедік.

Тарбағатайда озат оқушылар орамал тағады

Есесіне, бұл мектепте орамал таққан оқушы қыздар білім алып жатқанын Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал НАҒЫЗХАНҚЫЗЫ растап берді.

-Осыдан біраз күн бұрын ғана Тұғыл ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепке өзім барып келдім. Ол мектепте төрт отбасының мектеп жасындағы қыздары шаштарын жасырып, орамал тағып жүргені рас. Ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Төрт отбасындағы ата-аналар үш күн ішінде осыған қатысты түсініктеме беруге уәде берді. Ал енді, олардың киім үлгісі туралы айтсам, мектептің оқу стандартына сәйкес болмағанымен, хиджап киіп жүрген жоқ. Бірақ, басына таққандарын орамал емес, өздері «вондим» деп аталатын бас киім деп түсіндірді.

-Бұл отбасылардың әлеуметтік тұрмысы, діни ұстанымдары туралы сөйлестіңіз бе?

-Діни сенімі туралы сұрамадым. Дегенмен, білім беру талаптарына сай жасаған түсіндірме жұмыстарына сәйкес, ойлануға, балаларының ел қатарлы білім алуына қатысты жауаптарын жолдайтын болады. Ал оқушыларға келсек, олардың ешқайсы да бұрын соңды тосын әрекетімен көзге түскен емес. Қайта озат оқитындықтарымен мектепте жақсы қырынан көрініп жүрген оқушылар.

Сұхбат барысында аудандық білім бөлімінің басшысы С. Дауытбаевадан 1961 жылы салынған Тұғыл орта мектебінің күрделі жөндеуден биыл да қағылғанын анықтадық. «Мектептің өте ескі екендігі, күрделі жөндеуден өтуі тиістігі жөніндегі облыстық әкімдікке 280 млн. теңгенің сметалық-жобалық құжатын жасап өткен жылы жіберген болатынбыз. Өтінішіміз биыл да қанағантандырылусыз қалды. Ендігі жылы енсе деген үмітіміз бар»,-дейді білім бөлімі басшысы.

Осы тұста айтар жайт, «Жас алаш» газетінің үстіміздегі жылғы 14 наурыз күнгі санында «Даниал АХМЕТОВ Шакираның қолынан шай іше алмай жүр немесе Тұғылда туған ой» атты маққала жариялаған болатынбыз. Мақаладан кейін Тұғыл ауылына жолы түскен облыс әкімі Д. Ахметов ескі мектепті жаңа көргендегі таңданысын жасыра алмай, білім саласының мәселелерін шешуге жыл сайын 105 млрд. теңге қаржы бөлінетінін, соның бәрі қайда кетіп жатқанын түсіне алмай қайтқан болатын. Ал оқушылар от жағатын қазандығы астында орналасқан, кеңестік дәуірден қалған мұра іспетті мектепте білімін жалғастырып жатыр.

Жалпы, Тарбағатай ауданындағы мектептердің санитарлық жайы, мұғалімдердің әлеуметтік-қызметтік құқы, директорлардың қызмет жолындағы күресі туралы қызықтар бірін-бірі қайталамайтын шытырман сериалға бергісіз. Олар жайында «Жас алаш» сайтында алдағы уақытта тағы да тоқталатын боламыз.

Фото: azattyq.org

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.