Қазақстанда  «ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Премьер-министрдің кеңсесіне өтті. Парламент заңды қабылдаса, бұл салада да үлкен реформа жүргізіледі дейді заң авторлары.

Жалпы, заң жобасымен  Қазақстан Республикасының үш кодексіне  және 12 заңына өзгеріс енгізу көзделген. Ол қандай өзгерістер, реформа қашан және қалай басталады деген сұрақтар мен өзге де өзекті мәселелерге тоқталсақ.

Себепті-себепсіз ақша жинау жойылады

Қазақстанның кез келген қаласындағы кез келген көп қабатты тұрғын үйде – пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) деген ұйымның жұмыс істейтіні анық. Пәтер иелерінің кооперативтері сол үйдің іші-сыртын таза ұстап, ескірсе жөндеп отыруға міндетті. Бірақ, сол міндеті үшін сұрайтын ақшасы да аз емес. Үлкен қалаларда ПИК-тер әрбір пәтердің әрбір шаршы метріне «қызмет көрсеткендері» үшін кемі 40 теңге жинайды. Айналдырған 40 шаршы метр пәтеріңіз үшін ай сайын 1600 теңгені ПИК-ке аударасыз.

Ал, салынғанына 10 жыл өткен үйлердегі ПИК-тер пәтер қожайындарынан үйді жөндеуге де ақша  сұрай бастайтыны белгілі.  Бермейін десеңіз – өз үйіңіз, берейін десеңіз – қаражаттың қалай жұмсалып, қандай дүние алынып жатқанын білмейсіз. Бұл – жеке пәтері бар әрбір адамға таныс жағдай.

Ал, жаңа заңды әзірлеген мүдделі тарап енді мұндай есепсіз жөндеу жұмыстарына жол жоқ дейді.

ҚР Инветициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй шаруашылығын дамыту демартаменті басшысының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, жаңа заң ең алдымен жөндеу жұмыстарына ақша жинау тетіктерін бір жолға салуға бағытталған екен.

-Меншік иелері, басқарушы компания, сервистік ұйым,  әкімдіктер арасында өзара іс қимылды жақсарту үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Айта кету керек, бұл жүйе көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың айқын қызметін қамтамасыз етеді. Тұрғындар шығындары мен табыстары бойынша есепті көріп отыра алады. Үйді басқару және күтіп ұстау бойынша электронды дауыс беру жолымен шешім қабылдай алады. Сондай-ақ, тұрғындар үйге қызмет ету бойынша электронды өтініш, арыз жіберіп, олардың орындалуын қадағалай алады, — дейді Марғұлан Әбдікәрімов.

ПИК жойылып, МИБ келмек

Марғұлан Әбдікәрімов жаңа заңның ең негізгі мақсатыкөп пәтерлі тұрғын үйге қатысты атқарушы орган мен сервистік қызмет көрсету субьектілерінің, басқарушы компаниялар мен  мемлекеттік органдардың және де  мүлік иелерінің жауапкершілігі  мен міндеттерін реттеу дейді. Ол үшін пәтер иелерінің кооперативтерін ребрдединг жасап, «мүлік иелерінің бірлестігі» аталатын коммерициялық емес жаңа нысан құру жоспарланған екен.

-Заңда пәтер және тұрғын емес үй жайлардың иелерінің негізгі құқықтары мен міндеттері қаралған. Пәтер иелерінің барлығы және тұрғын емес үй жайлардың иелері ортақ мүлікті тең пайдалануға құқылы, — дейді спикер.

Жалпы, бұл өзгеріс арқылы жұмысы тиімсіз ПИК-тердің орнына пәтер иелерінің арасынан немесе олардың таңдауымен мықты менеджерлер келіп, сол үйдегі проблеманы шешуге болады.

-Осы ұсынылып отырған қағида әр үйді басқару бойынша жеке тәсіл пайдалануға мүмкіндік бермек. Әр үйдегі меншік иелерінің бірлестігі жеке өзінің атынан ағымдағы жинақ шотын аша алады. Бұл бірлестікте төраға не басқарма болу керек немесе жалдалмалы менеджер болу керек, — дейді Марғұлан Әбдікәрімов.

Кім неге міндетті, кімнің қандай құқығы бар?

Заң жобасының бұл тармағы арқылы меншік иелерінің құқықтары, ал, жергілікті атқарушы органдардың міндеттері реттелген. Жаңа құжат бойынша, пәтер иесі өзі тұратын үйге тиесілі немесе тұрғын үй емес үй жайға жинақталған қаржы туралы ақпаратты кез келген уақытта тұрғын үй қорынан немесе тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесінен,  тіпті, тікелей банктен барып сұрата алады.

Ал, жергілікті атқарушы органдар бірыңғай архитектуралық ажар беру үшін фасадтарды, шатырларды жергілікті бюджет есебінен жөндеуге; көп қабатты үй су басқан аймақта қалса, үйдегі жарық пен судың жұмысын тоқтатпауға; апатты лифтерді жөндеп беруге міндеттеледі.

Лифтті әкімдік жөндейті, ақшасын тұрғынның өзі төлейді

Жаңа заң көп қабатты үйлердегі сынған не апатты жағдайдағы лифтерді лифт компаниялары немесе ескіше пәтер иелерінің кооперативіне, заң қабылданса, жаңаша меншік иелерінің бірлестігіне жөндетпей, бұл міндетті жергілікті атқарушы органға жүктемек. Бірақ, парадокс: міндет жергілікті әкімдіктердікі болғанмен, қызмет құнын үй иелері төлейді.

— Лифт – ортақ мүлік. Яғни, тұрғын үйдің лифтісі қолдануға жарамайтындай істен шығып немесе жөндеуге болатындай сынып қалса, меншік иелері жергілікті атқарушы органға арыз жазып, лифтті жөндеуге қаражат сұрай алады. Ал, жергілікті атқарушы орган сол арызға қатысты жиналыс өткізгеннен кейін ғана лифтті жөндеуге не ауыстыруға қаражат бөле алады. Бірақ, лифт ортақ мүлік болғандықтан, бөлінген қаржыны сол үйдегі пәтер иелері ақша жинап, қайтаруы керек. Бұл тәсілді Астана әкімдігі қолданып та жүр.  Ол қаражат пәтер иелерінің арасында бөлініп және  5-6 жылда төлеуге болатындай жағдай жасалады, — деп түсіндірді Марғұлан Әбдікәрімов.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ, Астана

Фото: zhasalash.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.