Атыраулық ата-аналар үшін баласын балабақшаға орналастыру үшін қалалық білім бөліміне келіп, ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Биылғы қыркүйектен бастап қалада garden.atyrau.gov.kz сайты жұмыс жасай бастады, мұнда онлайн режимде балабақшаны таңдауға, ол туралы толық ақпарат алуға болады, мектепке дейінгі мекемеде орындар босап, баланың кезегі келгенде ата-анаға SMS немесе e-mail-хабарлама келеді, сол арқылы бірден балабақшаға бару керек.

Осындай мүмкіндікке қарамастан, қалалық білім бөліміне балабақша мәселесімен келіп тұрғандар қарасы әлі де қалың.

Атырауда 22 мың бүлдіршін балабақшада кезекте тұр

-Тұрғындар жаңа реформаны әлі де түсінбей жатыр. Көп адамға өздерінің бейқамдығы кедергісін келтіруде. Мәселен, сәбиді балабақша кезегіне тіркегенде екі телефон нөмірін айтуы керек. Ендігі жерде барлық мәліметтер сол көрсеткен ұялы телефонға келіп тұрмақ. Қазір көріп отырғанымыздай, қандай нөмірмен тіркелгенін ұмытып қалғандар, жоғалтып алғандар көп. Кейбіреулерін кезінде құрбысы, туыс-туғаны, танысы тіркей салған, — дейді Атырау қалалық білім бөлімі мектепке дейінгі білім бөлімінің бас маманы Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА.

Топталып келіп тұрған ата-аналардың телефон нөмірін қайтадан ауыстырған жағдайда кезегі кері шегініп кететіні жөніндегі қаупін Айжан Сәлімгерейқызы теріске шығарды. «Біз тек қана сайт арқылы түзетулер енгіземіз. Ал кезек сол қалпында сақталады» деп түсіндірді ол.

Бұл жоба бұған дейін Шымкент қаласында қолға алыныпты. Мұнайлы өңірде ол екі ай ішінде толықтай енгізіледі деп есептеліп отыр. Қазіргі күні Атырау қаласындағы 42 мемлекеттік балабақшада 13 219 орын бар, оның 1141-і бос. Ата-аналардан келіп түскен өтініш саны  — 24 925. Оның ішінде кезекте тұрғандар — 22 408, жеңілдік санатындағы азаматтар — 2 517.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.