Мәскеуде көлігімен кісі қаққан Қырғызстан тумасына іс қозғалды

19


Мәскеуде көлікпен отандастарын қаққан Ресей азаматы, Қырғызстан тумасы 21 жастағы Бекжан Сарбишевтің үстінен іс «кісі өлімі» бабы бойынша қозғалды. Бұл туралы Мәскеудің Марьино аудандық ішкі істер бөлімі хабарлады.

9 қыркүйекте Мәскеудің Новочеркасск бульварында Қырғызстаннан шыққан Ресей азаматы Бекжан Сарбишев Volkswagen Polo көлігімен жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Салдарынан бір адам қаза тауып, бес адам ауыр халде ауруханаға түсті.

9 қыркүйекке қараған түні Бекжан Сарбишевтің Мәскеудегі кафелердің бірінде әпкесінің туған күнін атап өткені белгілі болған. Әпкесіне бөтен жігіттер таныспақ болып қырындағанда ол әпкесін қорғаштаған. Бұдан соң жастар өзара шекісіп қалып, оның соңы жанжалға ұласқан.

Куәгерлердің айтуынша, Бекжан Сарбишев Новочеркасск бульварында көлігімен келе жатып бір топ қырғызстандықты қасақана қаққан. Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі қаза тапқан адам мен оның туыстарының қайда екені анықталып жатқанын, зардап шеккен бес адамның ауруханада жансақтау бөліміне ауыр халде жатқызылғанын хабарлады. Оқиғадан барлығы 10 жүргінші жараланған.

Жол апатынан соң көлік рөліндегі адам оқиға орнынан қашқан жоқ. Мәскеу полициясы талдау жасап, оның қанынан алкоголь таба алмады.

Кейбір мәліметтер бойынша, Мәскеуде қырғызстандықтар басқаратын 50-ге тарта кафе және түрлі көңіл көтеру орындары бар.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.