«Жас Алаш» газеті мен «Алтын қалам» қоры, Қазақстан жазушылар одағы бірлесіп, Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қолдауымен қала прозасына арналған «ҚАЗАҚ пен ҚАЛА» республикалық байқауын жариялағанынан оқырман хабардар. Мұндай тақырыптағы прозалық байқау Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да болар, байқау жарияланған алғашқы күннен-ақ қаламгерлер белсенділік танытып, осыған дейін редакция почтасына оннан аса шығарма келіп түсті.

Редакцияның шешімімен келіп түскен шығармалардың барлығы zhasalash.kz сайтында жарияланады. Ал, газетке «әдебиет, мәдениет» бөлімінің жеке таңдауымен де жарияланып отырады. Бірақ, бұл – газетімізге жарияланған шығармалар жүлделі орын алады дегенді білдірмейді. Байқаудың қорытындысын редакциядан тыс арнайы бекітілген қазылар алқасы шығаратынын ескертеміз.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ. Тозақтың қақпасы
Жазушы Төкен Әлжантегі. Фото: bak.kz

 

ТОЗАҚТЫҢ ҚАҚПАСЫ

(әңгіме)

Қызық… Санасы бар адамзат баласы өлімнен қорқар болар еді, ал Ізтайда ондай сезім ізім-ғайым. Әңкүр мен Мүңкір тап қазір салдыртып жетіп келіп өздерімен бірге жоғалуға дігерлей бастаса ләм-мим сөзге келместен соңдарынан елпілдей еріп жүре беретіні кәміл. Елу жыл аңғал-саңғал тірлік кешкен мына жарық дүниеге соңғы рет қимастықпен көз тастамастан табаны жұлым-жұлым бәтеңкесін сүйреткен қалпы тапырақтайтыны шындық. Тіпті, әлдекімдердің аузымен айтылып, тілімен құлаққа сіңісетін анау жақтағы сұрақ-жауап мәселесі талқы таразысына түспей тұрғанда-ақ сонадайда бұрқ-сарқ қайнаған тозақ қазанына секіріп кететіні де әбден ықтимал әрекет. Е-е, өлгеннен кейін  әлдеқандай сылтауға жүгіне жоқты-барды қобырсытып не қажеті бар, бәріне мойынсұна, ешкімге салмақ артпай өзімен өзі кете барғаны дұрыс та.

Негізі, адам деген қызық жаратылған жаратылыс иесі — кеудеден жаны кептердей ұшып кетпеген шамада келу деген барда оның тасасынан кету дегеннің қарасы қылтиятынын елемеуге тырысады. Мұндайда, әй-шәйға қарамайды деу тым асылық шығар, әйткенмен алды-артын жиыстырып отырудан және аулақ, маңайыңдағы қыл-қыбырды жасырып үлгерместен барар жағына қарай безіп ала жөнелетіні ғажап құбылыс. Дәл сондайда құлдыраңдаған құлындай құба белдердің қойнауын қоңырау үніне қанықтырмағанымен ышқыныс пен ыңыранысын молынан жайып, артынан ергендер мен ендігі еретіндерге жұғымсыздық жайлаған дүниенің бетін айқара тіліп-тіліп тастауға жаны құмар болып тұратыны түсініксіз. Одан әріде… әріде қалқайғаны сағым, жер баса тұрып ауа жұтқаны елес есебінде көмескілене бермекші. Ендеше бүйткен тірлігіңнен не қайыр…

Қайырсыз дүниенің қақпасынан сығалағалы Ізтай да өзінің адами ауаннан асып кете алмағанын жақсы біледі. Құдай аяқты жаратқаннан кейін жүру керек болды жүрді, ауызды бергеннен әріде жеу керек болғанын ұғына әйтеуір ұртты қимылдата бірдеңелерді шайнады – өлместің қамын жасады. Басқалар сияқты үлкен қалада оқу оқып, ақырында үйленгенін қайтерсің! Бір айырмашылығы: өзгелер ұлан-асыр той жасағанда Сәбила екеуі ың-шыңсыз екеуара жалдаған пәтер бөлмесінде бір шиша шампанды бөліп ішіп, ертеңгі күнді ерлі-зайыптылар есебінде қарсы алды. Болған-біткені осы ғана.

Тоқта, тоқта! Аптықпа, Ізеке!

Төсектен тұрмас бұрын Сәбиланың бұдан қысылғандай көрпе шетіне жүзін жасыра:

— Барымыз осы ғана ма?.. — дегенін қалайша ұмытпақшы.

— Қанағатқа жүгінейік, — деді еркек араға сәл үзіліс сала.

Әңгіме осымен кілт үзіліп тынды. Жауапқа тойынбаған Сәбила оны өздігінен індетпесе, селқостықтың аужайына жармасқан Ізтай болса-болмаса әрі қарай жалғастыруға құлықсыз-тын. Сөйтіп ырғаң тірліктің ит-ыржыңы шабаланудан ада жағдайда байсал реңін сақтап қалды.

Ғажабы да сонда, жиырма жылдай отасқанда ерлі-зайыптылар бір мәрте шыж-быжға барыспаған екен. Оған, бәлкім, тіл мен жаққа сүйенбегендері себеп, әйтеуір қазан-аяқтың сылдырын көршілерінің қабырға сыртынан ешқашанда естімегендері аян. Олармен аралас-құраластықтары да жоқ еді. Сатыда, аулада кездесе қалғанда бас изесіп қана өте шығатын. Осындай бас изесу үстінде жүз жылып, қабақ жадырағанын тағы есіне түсіре алмайды, бет терісі дір етпеген сұрғылт рең сол бояуынан жаңылмастан әрі асып кете баратын. Бұл үлкенге де, балаға да бағытталған қалып-тын.

Ізтайдың бір кітаптан оқығаны жадында: «Егер ерлі-зайыптылардың бір-біріне айтар әңгімелері таусылса ендігі жерде бірге тұруы міндетті емес, олар айырылысуға тиісті» деп жазылған-ды онда. Бірақ, тегінде жазушылар да қателеседі-ау сірә да, әйтпесе Сәбила екеуі жиырма жылдай тұрды ғой бір шаңырақ астында сөзден қаймақ ажыратып, одан май шайқамастан. Ел қатарлы жұмыс істеді, жұртпен бірге көрді көретіндерін. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тірлік кешті. Жан жайлылығынан да шығар, осыншама жылдар ішінде шикіөкпе аңсап әлек те болған емес. Кешкісін баспаналарына оралғанда біреуі диванға қисая теледидарға үңілсе, екіншісі асүйде ыдыстарын сыңғырлатып тіске басар әзірлеп жүреді. Бәрі тәмәмдалып, екеуден-екеу бір бөлмеде шошайғанда тағы отырады бір өзеннің екі жағалауындай екідай күйде. Сонсын тұяқ серіппей ұйықтайды, оянғандарында қайтадан жұмысқа кетулері керек.

Сөйтіп жүргенде қоғам өзгерді, қоғаммен бірге адамдар быж-тыждықтың алаңқайына еніп кетті. Қайда қарама есеңгірей сабылған қара-құрым. Өндірістер жабылып, жұмыс қысқарған. Жұмыс қысқарған соң тіршілікке сеп болар жалақының тамырына балта шабылғаны болса-болмаса белгілі жағдаят. Салдарынан кім нені ұстауды білмей сандалса, өздерінше ептілік танытқандары үзіп-жұлып жеп қалуға тырысқан заман туған. Сол екі арада тағы бір топ қара көрсетті. Соңғылары жағаға шығып қалған балықтай әуелгіде әжептәуір шоршығандарымен, артынша алқыныстарын сыраханаларда немесе бұрыш-бұрыштағы өздері сайлап алған орындарда басуға ыңғай тапты. Араларында Ізтай да қараң-құраң жүрген.

Несін жасырады, талай жыл нәпақасын айырған жұмысы жабылғанда ол онша қапалана қоймаған, «мындан болмаса андан» дегенді желеу ете біраз айналшықтап қалған. Ал, уақыт өте «екі қолға бір күрек» бұйырмағанда әбден абдырады. Бұрынғы қайқаңдығы далада қалып, енді тізерлеуге тура келген тұстарды басынан өткерді. Намыстанды. Әйткенмен, шарасы жоқтығын түсініп өрлікті былай ысыра, көнпістікті мойындауға өзін-өзі мәжбүрледі. Ал, одан да түк шықпағанда «бұрыштағыларға» қосылып тынды. Рахат бір өмір. Ештеңені ойлап бастарын қатырмайды. Жоқты-барды жиыстырып ішеді-ай келіп, сонсын саясат соғады. Бұл төңіректегінің бәрі ақылды, бәрі білгіш. Оларға салсаң төрт құбыланы түрлендіріп қоюға бар. Тек, өкінішке орай, осыншама білім мен ақылды бағалаушылар табылмағаны қиын. Жоғарыда отырғандардың барлығы аяқ астынан әріні көрмейтін көрсоқырлар кілең. Көрмегеннен кейін тірлікті өзгертуге құлық танытпайды. Міне саған ақиқат!

Өз ақиқатымен жүргенде әйел алдындағы қадірі кетті ме, күндердің күнінде Сәбилаға тіл біте:

— Отағасы, — деді әдетінде жоқ әңгімеге желі тарта, — мынауың не жүріс? Бір мезгіл есіңді жинасаңшы. Жалғыз сен емес шығарсың заманның қыспағына тап келген. Қазір елдің бәрі не істерлерін білмей сандалып кеткен. Тек, сандалдым деп салын суға кетіргендер аз да, тығырықтан жол табамын деп жанталасқандар көп. Ендеше аздың артынан шұрқырамай, көппен бірге неге дүрмекке қосылмасқа? Ақылға жүгінсеңші…

Отасқан жиырмашақты жыл ішінде жиырма минут ашылып сөйлеспеген әйелі көлгірсіп тұрғандай көрінді. Сондықтан оның сөзін елеусіз қалдырды. Тек, төргі бөлмедегі өзі жатып жүрген сықырлауық диванға беттегенде қосағына ажырая бір қарады. Болған-біткені сол ғана.

Түні бойы ұйықтай алса-шы. Бірі кіріп, бірі шығып сапырылысқан не бір ойлар миын шағып, таң қылаң бергенше мазасын қашырып біткені. Оқуын аяқтаған соң басқа қалаға қоныс аударғаны туған топырақтан алшақтатып қана қоймады, сол топырақтағы ағайыннан да бездіріп тынғаны анық. Бұл іздемегенсін олар да барыс-келіс желісін үзіп тастағандай. Бұдан былайғы тұста алыста жатқанның амандығын ғана көңілдеріне тоқ санағанға ұқсайды.

Өз жұртымен сөйткенде қайын жұртпен араласып қайбір оңдырғандай, олар да бір қалтарыста қалған, бары мен жоғы белгісіз болып. Ердің ығына жығылған Сәбила да жатбауыр атанғанын білсе де білмеген болумен күнін кешкелі біршама жылдың жүзі. Міне, саған ақиқат, міне қаны тамшылаған шындық. Осы шындықтың үстінде шалықтаған жандай шалқақтаған Ізтайдың ендігі жатысы осы…

Ол жастықтан басын қақшаң еткізіп көтеріп алды. Құлағы шыңылдап ала жөнелді: «Мынауың не жүріс? Бір мезгіл есіңді жинасаңшы. Жалғыз сен емес шығарсың, заманның қыспағына тап келген. …Ақылға жүгінсеңші»… Жиырма жылдай шәй деспеген әйелінің сөзін қара! Оның да табалайын дегені ме? Табаласын. Кім табаламаған, кім ақыл айтуға бейімделмеген заман мынау! Біле-білгенге, анасының жатырынан жаңа шыққан шақалақ та адамзатқа жөн сілтеуге құмар болып туады. Тек, алғашында оны айтарға тілі жетпейді. Тілі жетпегесін ащы іңгәға салмақ салады. Сөйтіп назасын өткізіп тынады. Ал, Ізтай несін бұлдамақ?

«Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді».

Жаны ышқынды. Мынау не қылған сөз? Қай түкпірден тауық балапанындай шиқылдап шықты? Білсе бұйырмасын. Алайда, жаны бар сілтеме. Иә-иә, жақсыдан өзінен кейінгіге жаман әсер қалмауға тиісті. Ендеше…

Әйелі жұмысқа кеткенде бір жапырақ қағаз алып оған: «Сәбила, кешір мені. Бұдан артыққа төзе алмаймын. Кеттім! Өтінемін, іздеме. Тірі болсам күндердің күнінде оралармын, өлсем сұрауым жоқ», — деп жазды да, оны ас үйдегі стол үстіне қойды. Сонсын, оны-мұны киімдерін қол сөмкеге салып, үйден шыға жөнелді.

Содан беріде де бес-алты жылдың жүзі өтіп кетіпті-ау…

***

Июы мен қиюы жетерлік, шырғалаңы одан да асқан тірліктің өз шарты, өз тәртібі болатынына осы араға кіріккенде молынан қанықты. Мұнда адам әлсіздік танытуға тиісті емес екен. Біреуге шамасы жетпейтінін білген күнде құйрығын ішіне тыққан қандендей қыңсылап кері қашуға еркі жоқ, азуын ақсита шабалануға ғана мүдделі. Мейлі, өктемдікке жүгінген найсап әлдеқайда күшті болсын — намысты таптатпау керек, тістесіп өлген ләзім. Сонда ғана абыройыңа нұқсан келмейді. Басқаша жағдайда сен де бір, иесі жоқ бұралқы ит те бір.

Әй, бірақ… бұралқы иттен бұлардың несі артық? Ертеңгісін бұратылып үйшіктерінен шығады, содан қас қарайғанша ас-су іздеп бұрыш-бұрышты тіміскілеп кетеді. Жөндемді бірдеңе іліктірсе жақсы, іліктірмесе өз сорын өзінен көреді, жолы болған біреудің қолына телміру басым. Ол жомарттық танытса Құдайының бергені, танытпаса тісінің суын сору нәсіп.

Әркімнің қорыр меншікті аумағы бар. Оған басқа тірі жанды кіргізбейді. Әгәрәки, иелігіндегі жәшігіне әлдекім көз алартса, немесе қол сұғар болса жолында арам қатуға дайын. Бұл еркектерді былай қойғанда әйелдерге де тән қылық. Қоқыс алаңдарынан әредік шаң-шұң естіліп жататыны сондықтан.

Әйел демекші… Мына ортада қауымдық құрылыстың кейбір қағидалары сақталғанымен оның мән-мағынасы мүлдем өзгеріп кеткен. Мысалға ерлі-зайыптыларды алсаң – сүйіспеншілік салтанат жайғаннан үйленбеген, тек өлместің қамына жүгіне жұп құрған. Бүгінгі нары ертең сүрініп кетсе, немесе ықтиярлығынан айырылып қалса төмен етекті сұраусыз, әп-сәтте басқа біреудің қолжаулығына айналып шыға келеді. Бұл бұлжымас заңдылық. Бағынбасқа ешкімнің амалы жоқ. Иә, бағыныштылықтың ноқтасы басқа түскен жағдайда оны сыпыру мүмкіндігі жойылатынын әркімнің білгені жөн. Біледі де. Жертөле паналағыштардың өз тағдырларына өкпе-наз айта алмайтындары соның салдарынан.

Өкпе-назды кім айтқандай? Қосын ішінде өзін-өзі басшы сайлап алып былайғыларға қоқаңдаған Кеща ма, болмаса Кещаның нақсүйері атанып басқаларға мұрын шүйіре қарайтын Маня қатын ба? Әлде жарытып пайдалы іс атқармағанымен бірді-бірге соғып жүретін жылпос Жұман – Жума бауыр ма? Бұлардың барлығы «табақ босатарлар» ғана, ал айран-асыр дүниеден кем туғандарды өгіздей өрге сүйреп шығарарлар әлі жаратылмаған, жаратылған күнде көткеншектіктің көлеңкесінде ес жимаған бір уақыт кеңістігі көңіл алдарқатуда. Соған алданған Кеща байғұс күшке жарығанмен ақылдан кемшіндігінен қадамын жаза алмаса, Жума бауыр жылпостығымен кім-кімнен де басым екенін, осы басымдығы арқылы заманмен үндесіп кеткенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Екшер болсаң шындық осы. Ал, шындықты жасырам деп борбайлама, ойда-жоқта омақасуың әбден мүмкін!

Ізтай тақтайларды қатарлай қаттап жасап алған түкпірдегі сәкіден тұра бере айналасына көз тоқтатқан шағында осылай бір ой қайырып алды. Ақылдылығынан емес, әрине, ақылы асса мына жерге тап келмес еді ғой, жәй бір шаңытпа көтергенінен. Е-е, бүйтпесең пенде болармысың. Пенде болғаннан кейін үміт қапталында күдік жүретіні әу бастан ақиқат дүние. Ендеше, айналаңа құлақ түріп қойғанның еш әбестігі жоқ. Түрді. Қаракөлеңкеде бәрі дұрыс сияқты. Күдікке бастар шырт еткен бөтен дыбыс білінбейді. Кей-кейде шиқылдап маза бермейтін тышқан екеш тышқандар да кезбе мысықтардан тығылғандай осы сәтте індеріне кіріп дамыл тапқан. Тек болар-болмас бір ызың құлаққа үздіксіз жетіп жығылады. Тұрбалардан аққан су сылдыры сығырдаң тірлікке сыбызғылыған сыбыр жаяды.

Кенет… Шығар ауыз жақтан жеткен: «Облава!»*деген жағымсыз хабар жертөле ішін кезіп ала жөнелді. Оған қоса әлдекімнің: «Менты!»* деген шыңғырысы айналаны әп-сәтте дүрліктіріп жіберді. Сол-ақ екен күнұзынғы құлаққа ұрған танадай тыныштық келтесінен қиылып, әр-әр тұстан бой көрсеткен сұлбалар тығылар тесік іздегендей бұрыш-бұрышты сағалай қараң қақты.

Әйткенмен, сайланып келгендер қойсын ба, қас пен көздің арасында түкпір-түкпірдегілерді жинап, дәлізге қаз-қатар тізді де тастады. Кілең шикі асықтай шымыр пәлелер. Қиқаңдасаң қолдарындағы резеңке сойылдарымен қайқайта соғып жібереді. Өлдім десең қарамайды. Керісінше, «өмірем қап!» дегендей ыржиып тұрады. Оларға ермек керек сияқты.

— Ал, арамтамақтар мен салбөкселер, жағдайларың қалай? Жылы жерде жылмиып жүріп жатырсыңдар ма? Жүріңдер, жүріңдер. Бізге сендердің амандықтарың керек. Әгәрәки, тырайып қалсаңдар жоғарғы жаққа есеп беріп әуре боламыз ғой. Сондайынан сақтасын!

Жарбиған бойына қарамастан қабақтай қарын біте домалаңдаған майор шеткері тұрған кезбенің жанына тақалып, резеңке сойылымен ананың кеудесінен нұқыды.

— Тілің байланып қалғаннан сау ма өзіңнің, неге үндемейсің? Әлде мен ойымды жеткізе алмай тұрмын ба, ә?

— Ол не дегеніңіз… Сіздікі жөн! Біз сізге бағынамыз…

— Бағынсаң айта қойшы, кеше кешкі он бірлер шамасында қайда болдың?

— Мен кеше ешқайда шыққан жоқпын, азамат бастық. Оны мына тұрғандардың барлығы растайды. Азамат бастық, мен ауырып!..

Сөзін айтып үлгергенше дәл иықтан тиген соққыдан тізерлей берді.

— Азамат бастық…

— Жап ауызыңды, найсап!

Екінші соққыдан мүлдем бүгіліп қалды. Бірақ, оған мән берген ешкім жоқ, домалаңдаған бастық ыржиған қалпында кезекті кезбеге қарай жылыстап кетті.

— Бәлкім сен білерсің, әлгінде мен құлақтандырған уақытта қайда болғаныңды?

— Мен… мен… әрине, сіз қайда болды десеңіз…

Сол екі арада бұларға етене таныс учаскелік инспектор құлағына әлдене деп сыбырлаған еді, домалаңдаған жан алдындағысын тастай сала сорайып тұрған Кещаға қарай ығысты.

— Бәрекелді! Іздеп жүргеніміз мұнда екен ғой! Әй, сен неге дыбыс салмайсың, ә? Үндемесем бәрінен құтылып кетемін деп үміттенемісің?! Жо-о-оқ, ешқашан да құтыла алмайсың. Үкіметтің құрығы, полицияның қолы ұзын. Жердің тесігіне кіріп кетсең желкеңнен сүйреп шығарамыз! Білдің бе! Кәне, айт, кеше кешкілік қайда бардың?

— Кешіріңіз, түсінбедім… — деді Кеща ештеңенің байыбына бармастан кібіртіктей.

— Мынау не сандырақтап тұр? Кешіріңізі несі?! Жасарын жасап алып, енді кешірім сұрауын қара! О, найсап!

Оның қолындағы резеңке сойылмен қоса ысқырынған бірнеше соққы қатар тигенде соқталдай жан өкіре құлады. Қолдарымен басын сауғалаудан басқаға амалы қалмаған байғұс аунақшып жатып шыр-шыр етті:

— Ұрмаңдаршы! Мен бәрін мойындаймын! Не айтсаңдар да орындаймын! Тек ұрмаңдаршы!? Құлдарың болайын…

Мынаны естігенде домалаңдаған полицей кілт кідіріп, айналасындағылардан Кещаны тұрғызуды өтінді. Анау қалтақтай бой түзегенде сұрақтарды жаудырды:

— Сен кеше кешкілік, турасын айтсам, сағат он бірлер мұғдарында Кочегарка көшесінің жиырмасыншы үйі маңында бір әйелді кездестіріп, оның қолындағы сөмкесін ала қаштың ғой, солай ма?

— …

— Мен сенен сұрап тұрмын ғой, солай ма?!

Сойыл көтеріле бергенде Кеща барқ етті:

— Иә, иә, солай… ала қаштым.

— Сумкада оны-мұны бұйымдар,  жүз жиырма мың теңге ақша болды, рас қой?

— Болды, болды.

— Заттар мен ақшаны алдың да, сумканы екі көше өткесін қоқыс жәшігіне тастай салдың, солай ма?

— Тастадым, тастадым…

— Ал, енді сол ақша қайда?

— Ақша ма?..

Кеща сәл мүдірген еді полицей жол нұсқап жіберді:

— Сен оны әжетіңе жараттың. Өзің сияқты қаңғыбастарға арақ, тамақ алып бердің, дұрыс па? Қалғанын бір жерге тығып тастағансың. Рас қой?

— Иә… Бәрі шындық. Тыққан жерімді қазір есіме түсірейін…

— Болды. Алып жүріңдер! Ал, сендер… – істің мәнісін түсінбегендерге бұрылды, — Сендер ертеңнен бастап мына жерден көздеріңді құртыңдар. Енді жертөлелер кезбелерге пана бола алмайды. Қараларыңды батырыңдар! Өзім тексеремін!

Олар асығыс шығып кеткенде жертөлеге өлі тыныштық орнаған-ды.

***

«Ана дүниедегі тозағың, шын болса егер, осындай-ақ болар», — деді Ізтай сонадайдан сығырайып тұрған шамның өлеусіреген жарығымен сәкісіне қарай жылыстап бара жатып.

Осылай ой түйген сәтінде жүрегі шым ете түсті. Жан-дүниесін әлдеқандай бір түйсік жайлап, денесінің еріктен тыс қалтырап қоя бергені осы шамада. Мына сілкініс бұрын ешқашан сезінбеген өзгеше дүмпу болатын. Сондықтан жайшылықтағы бей-жайлықтан адалап, жан иесін бітіп болмас иірімдерге жетелеп әкеткені сөзсіз.

…Қандай шайтанның еліктіргенін білмейді, әйтеуір құдай қосқан қосағына соңғы сәлемдемесін жазып сыртқа шыққанында бір ғана мақсатқа жүгінген-ді: мына үйден, кейбіреулер өзін танитын мына қаладан неғұрлым тезірек жырақтап кетсе, солғұрлым жаны тыныштық табатындай көрінген. Сонсын бөгелмеді, жеделдете теміржол бекетіне жетіп, жүруге шақ тұрған бір поезға билет алмастан, жолсеріктермен келісті де отыра салды. Ал, ұйықтап тұрғанында бұрын көрмек түгілі атын естімеген үлкендеу станцияда тұрғандарын аңғарды. «Несі бар, — деді әріде өзіне-өзі басу айта, — жоғалу керек екен жоғалады да. Соның басы осы бекеттен басталса несі мін»…

Перронға табаны тигенде жаттық сезім салқындығы санасын желпіп өткенімен алған бетінен қайтпады, жүрек жалғап алу үшін келімді-кетімді поездарға тамақ, сусын тасып сатып жүрген қол арба сүйреткендерге беттеді. Ішіне ел қонғанда сонадайдан көрінген дүкенге көңілі ауды. Ақыры жанына да, қолайына да жаққан тірлігіне демеу тапты.

Бұдан арғы жерде мына аймақ үш жылдық ғұмырына арқау болғаны белгілі. Бекет басын паналаған топқа кіріккеннен кейін есі кірерлі-шығарлы жүргенінде әлдекімдер жұмысқа жалдап, қиянда мал бақтырған еді. Тек, қожайынның шаруашылығы тарқағанда ғана көз таныс жерге аман-есен оралғаны құт.

Содан ырду-дырду қайта басталсын. Мал бақтырғандар Құдайға қараған біреулер екен, итжемеге лақтырып тастай салмай, малшы атанған екі-үш жанның қолдарына әжептәуір ақша ұстатып кеткен, әлгіні тауысқанша гөй-гөйлетті дерсің. Былайша айтқанда «сырдың суы сирақтарынан келмей» біраз тайраңдады. Ал, қаражат біткенде барлы-жоқты тінтініске қайтадан көшті.

Сөйтіп жүргенде полицейлер соңдарынан шырақ алып түсті. Ауа тарылды. Еркін тыныс алмағансын жағдай қиындап, басқа бір аймаққа кетуге мәжбүр болды. Мына қалаға осылайша тап келген.

Қаңғыбастарға бәрібір. Үй іздемейді, күй талғамайды, құлайтын жерге құлай кетеді, сұлайтын жерде сұлап жатып алады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Тек, қоқыс аумағы аман тұрсын. Алатынын содан алады, табатынын содан табады. Адамдар да қызық, әжетке жарамайтынды тастаса бір жөн ғой. Жоқ, қолдарына іліккенді лақтыра салады. Әсіресе, темір-терсектер үлкен нәпақа. Оны арнаулы жерге өткізсе шала байып шыға келеді. Тіпті, кей-кейде ақша табылатынын қайтерсің. Ескі-құсқы киімдер қалтасын ақтарғанда бір жарылқап тастайды. Жақында Ізтай үлкен олжаға кенелді. Әмиян тауып алды. Ішінен шыққан қырық мыңдай теңге мен үлкен тасты алтын жүзік ойын әлем-тәпірік еткені жасырын емес. Оларды қолына ұстай тұрып аңсары үйіне оралуға ауған. Жуынып-шайынып, дұрыстау киім киініп барса, содан мына алтын жүзікті сыйласа Сәбила теріс айналмас, қанша айтқанмен құдай қосқан қосағы ғой, әбестігін кешірер деп үміттенген.

Алайда… Біраздан бері жанын мазалап жүрген сырқаты мен қайда қалғаны белгісіз, құжатының жоқтығы есіне түскенде ойынан тез айнып, бәз-баяғы қалпын сақтауға ұйғарды. «Жоқ, — деді содан әріде тістене, — мен ешкімнің алдында кішіреймек емеспін: қолыммен істегенімді мойыныммен көтеремін!» Көтеріп жүргені де сөзсіз. Мына жарқанаттай жарбиып отырысы соның айғағы.

Ізтай күрсінді. Шарасыздықты мойындағанынан, әрине. Бұрындары қиюы қашқан дүниені елемеуге тырысатын. Бәрінің реті өз уақытында келеді, сонсын қиюластырып аламын деп түйетін. Сөйтсе, кетеуі кеткенді қайтадан берік бітістіру мүмкін емес екен-ау. Тырыс, тырыспа ол енді ойнақылығын сақтап қалатыны өкінішті…

Мына жертөлеге де жайдан-жай орналасқан жоқ. Коммуналдық шаруашылық жетекшісімен бір мәмлеге келе, қыс күндері ішкі, сыртқы тазалықты сақтауға уәде ете отырып жатынжәй есебінде пайдалануға мүмкіндік алды. Сөздерінде тұратындарына көз жеткізе әуелі ішкі қуыс-қуысты қоқыстан тазартса, қар мен боранда үй ауласын қардан аршып әбден сенімге кірді. Бас-аяғы жеті-сегіз адам. Басқа кезбелерді жолатпауға тырысады.

Иә, өмір осылай өтіп барады. Бір қабырғасы әктелсе екінші қабырғасын жаңбыр шая сылағын құлатып жатқан бір тірлік. Оның қашан ретке келетіні де беймәлім. Әй, келмес-ау, келмес…

Ізтай бір жері шаншып кеткендей тыжырынды.

Соны күтіп тұрғандай Жұман бауыр келе қалсын.

— Шал, не, жағдайың болмай отыр ма? – деп сұрады ол жанына қатарласа жайғасып жатып.

— Қазір кімнің жағдайы жетісіп тұр дейсің, көнеміз де.

— Оу, шал, мынауың не? Уақытынан бұрын жалпаңнан түсуге ыңғайланғаның ба? Қой ондайыңды! Біз әлі боққарындарға көрсетеміз кімнің кім екенін! Солай емес пе?

— Қайдам…

— Оған күмәнданба. Ал, қазір… — Жанын қарманды, — Әй, мынау қайда түсіп қалған, ә? Осындайға сақтап жүрген бірдеңелер еді…

Орнынан атып тұрып ол жер, бұл жерлерін әбден сипаланды. Қолына ештеңе ілінбегенде ызалана шырт түкірді.

— Қап-ай, ә!..

— Не боп қалды, Жума бауыр?

— Сені бір жадыратайын деп едім.

— Қайтып?

— Ана қатынды бауырыңда ойнатып. Е-е, иесіз қалған қаншықтың сауабын алсақ несі айып? Кеща енді жоқ. Бәрібір басқаның тақымында кетеді. Ендеше не тұрыс?.. – өз-өзінен әбігерленуін жалғастырды, — И-и, шығасыға бұйырған да… Тоқта, тоқтай қал! Шал, сенде тығынды бірдеңелер жоқ па? Құдай ақы алдамаймын, қайтарамын…

Ізтай күлді.

— Қарғанба, бауырым, қайтарма да. Ал, иіс-қоңысқа десең, ауызыңның салымы бар екен, аздаған тығынды табылады. Жақында жоқ жерден бір әмиян тапқанмын. Ондағыны қурап қалған әкемнің басына қоямын ба, қуанышымызға жаратайық!

Ол ескі бөстектің шетін қайыра бере қапталындағы тігісін сәл босата, ішінен бір уыс ақша алып шықты да, одан санап екі мыңын Жуманың қолына ұстата салды.

— Бүгін бір ішінейікші, бауырым!

Мынаны көргенде көзі атыздай болған Жұман бір орында қатты да қалды.

***

Уақыт өткен сайын отырыс қыза түсті. Жұман әкелген спиртке су қосып дайындалған шишалардың кезектісі босағанда онсыз да тамаққа жарымағандардың бірі отырған орнында ыңырана қисаяды. Оны кейінге ысырып тастайтын тағы Жума. Кещадан ғана қаймығатын сабазың енді атқа қонып алған. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бергісі жоқ. Сөйтіп жүріп Маняға қырындап қоятынын қайтерсің. Иығына жиі қол артып, танауымен мойын тұстан иіс шалуға құмар-ақ.

Мына қылыққа әйелзаты да кет әрі емес сияқты. Әлде арақтың буы, әлде нақсүйерінен күдерін үзген, әйтеуір еркек жанасқанда қылымси күліп, ойнақы қылығымен ананың бел тұсын сипалап қалуға тырысады.

Бәрін көріп отырған Ізтайды ойда-жоқта түлен түртсін. Өмірінде басқа түгілі туған әйелін қызғанбаған сабазың іштей шамырқанып, қимастық сезімге бой алдырып қойғандай. Маняға үздігіп қарайтынды шығарды. Кәдімгі ауыздығымен алыса суатқа ұмтылған жануардай оқырана ұмтылуға құмар.

Бірақ, жастың аты жас емес пе, Маня қатынның бар пейілі Жұманға қарай ауып кеткені байқалады. Бірді-екілі Ізтайдың өзімсіне сыбырлағанына:

— Сен үшін мен Маня емеспін – Маргарита Викторовнамын, осыны ұмытпағайсың, — деп кәдімгідей ширатылып қалды. Анау-мынауға бой беретін емес. Соған қарағанда мына дастарханды Жұман жайды деп өзін-өзі сендіргенге ұқсайды.

Ізтай намысқа булықты. Не істеп, не қойғанын аңдамастан көптен өтектелмеген шалбарының ышқырына қолын сұғып жіберіп, одан тасы бар жүзікті алып шықты да, оны ана сайқалдың саусағына кигізе салды.

— Бұл менің саған тартқан сыйлығым! — деді сонсын танауы қусырыла, дыбысы үзіле шығып, — Солай!

Маня аң-таң. Біресе Ізтайға, біресе жүзікке қарайды. Бәрін өңінде емес түсінде көріп отырғандай.

— Ертең бір жақсы көйлек алып бермесем болмас, — деп және қосты еркек, — Сен періштесің, олай болса періштедей болып жүруің керек!

Мына сұмдыққа қараңыз, қас пен көздің арасында Маня өзгеріп шыға келіпті, енді Жуманы былай қалдырып Ізтайға қарай ауа салған. Қыңсылай жақындап, кеудесін шіреген анарын ананың бетіне жанастыра үйкелеп, онымен де қоймай бөксесін еркектің жанды тұсына қабыстыра ыңырсып шабынысқа шақырғандай болады. Қатын бүйткенде ер адамға не жорық, Ізтай еріп түсті. Ерігенде де бірте-бірте босап, жерге жылымшылай сіңер ерте көктем қарындай емес, күн күрт жылынғанда ағыл-тегіл тасқынға айналар қызыл судай ақтарылып кетті дерсің.

Әрі-беріден кейін еркек пен әйел мына маңда тосын көз барын, олардың да жылы-жұмсақтан үміттене әлденеге тіміскіленіп жүргендерін ұмытқандай сәкі үстіне ұмар-жұмар құлағанда Ізтай оң жақ бүйірінің ысып қоя бергенін сезінді. Құдды, біреу қып-қызыл жалынды құя салғандай.

— Ой! Маған не болды-ей?.. — деді еркек шала мастығын ұмыта әйел үстінен аударыла беріп.

— Бұл сенің сыбағаң! — Үстінен төне қараған Жұман кекесінді мырс етті, — Кәрі айғырға байтал бұйырмаған! Осыны білмегенің өкінішті-ақ…

Сонсын ештеңеге түсінбеген жағдайда көзі атыздай болған Маняға қолын созды:

— Мұнда енді ақша түгілі қаям да жоқ! Жүр, ешкім ештеңе көрмей тұрғанда мына жерден тез жоғалайық!

Ана екеуі ебіл-дебіл сыртқа беттегенде Ізтай, неге екені белгісіз, өткен-кеткенге ырза қалыпта ыржиды.

— Іздегенің осы болса таптың, Ізтай…

Кімге қапаланып, кімді айыптағанын ұға алмады.

Осылай біршама жатып, өз-өзіне келгендей болған шамада жарасын ауырсына бетін тыржитты:

— Тозақтың қақпасы әркезде ашық екен-ау, ә…

Бүйірден сыналаған өрт бүкіл денені жайлапты. Ізтай күрсінді.

— Кешір мені, Сәбила…

Бұл оның тірілерге бағыттай айтқан соңғы сөзі еді.

—————

Облава* – қаумалап ұстау.

Менты* – полиция өкілдері.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ

Фото: smolensk-i.ru

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.