Үй

(әңгіме)

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР. Үй
Жазушы Қанат Әбілқайыр. Фото: Abai.kz

Таң азанда түсініксіз айғай-шудан шошып ояндым. Ояна салып аңғарғаным – көк түтін. Көк түтіннің ішінде, аңыраған анамның бауырында келеді екенмін, дедектеп… Шырылдаған балалардың даусынан құлақ тұнады. Сұп-сұр болып, қолына күрегін көлденеңдете ұстап алған әкем бізге қарай ешкімді жақындатпауға тырысады. Сонда да айнала қоршаған әскер шебі қолдарындағы резеңке таяқтарымен жасқап, мал қайырғандай иіріп айдап отырып, бізді көшенің арғы бетіне ысырып тастады. Сол-ақ екен, сай-салада дайын тұрған трәктірлер гүр-гүр етіп оталды да, лап қойды. Көзді ашып жұмғанша-ақ, қаланың іргесіндегі өзен жағасына салынған соқпатам үйлер шаңға бөгіп, жермен-жексен болды.

Әкем өткен жылдары ала жаздай арпалысып жүріп, осы үйді әупірімдеп жүріп, әрең салып еді. Бала да болсам, тас тасып, лай жасап, қолғабыс етіп едім-ау. Енді, міне, маңдай терімізбен қалқайтқан сол үйіміз жоқ!

Шешемнің жасы жүзін жуып жатыр. Маңдайына қан қатқан әкем көз алдымда шөгіп, аласарып барады.

***

Баспанасыз қалдық. Сөйтіп Бірінші Алматы жақтағы пойыз жолдың бойында тұратын шешемнің інісінің үйіне көшіп бардық.

Әкем арақты біржола қойды. Баяғыдай шешемді шашына сүйреп, шырылдатып ұрмайтын болған.  Басына әппақ тақия киіп, мешіттен шықпайды. Қауғадай етіп, сақал да қойды. Тек сүннет киім киеді.

Айына бір рет үш күнге Құдай жолына кетеді. Жылына бір мәрте қырық күндігін өтейді. Қырық күн бойы ел аралап, үй бетін көрмей дін уағыздайды. Ол кісі бұрынғыдай бізге қарауды қойды, үйге соқыр тиын әкелмейді. Әкем діндар болып кеткеннен кейін, анам білек сыбанып жұмысқа шықты.

Маған да міндет табылды. Күн ұзаққа шешемнің інісінің баласын қараймын. Оны ойнатамын. Ұйықтатамын.

Бір күні есік алдындағы пойыз жолдың маңында ініммен бірге ойнап жүр едім. Жерді сілкілеп, күндегідей пойыз зу етіп өте шықты. Дәл қасымда інім тұрған сияқты еді. Қарасам, жоқ! Сөйтсем, ол жүгіріп барып, пойыздың астына қойып кеткен екен. Арындап келген пойыз шынашақтай бала сүйегінің мылжа-мылжасын шығарып жіберіпті.

Інісі ашумен өлтіріп қоя ма деп, шешем сол күні мені әкемнің туыстарының үйіне апарып тастады.

***

Арада көп уақыт өтпей әкем мен шешем ажырасты. Сотта әкем шешемнің мешіт маңына жігіттермен келіп, мазақ етіп, маза бермейтінін айтты. Шешем әкемнің бұрын ойнап-күлген әйелдерін бір-бірлеп тізіп шықты.

Сот менен «кіммен тұрғың келеді?» деп сұрады. Шешеме барайын десем, інісінен қорқып, әкеммен қалатынымды айттым. Әкем маған бірнеше сүре жаттатты да, медресеге апарып тастады. Сол медреседе оқып жүріп, мектеп бітірдім.

Әкем үй-жайы, бала-шағасы бар, дін ұстанатын әйелмен үйленді. Бір қызды болды.

Шешем де қаңғып жүрген бір өзбекпен тұрмыс құрып еді, бір ұл тапқаннан кейін ол күйеуі Өзбекстанға кетіп қалды.

Мен медреседе оқығаныммен, дін жолына түсіп кетпедім. Достарымнан қалмай, әскерге бардым. Әскерден келген соң, жұмысқа тұрып, шешемді қолыма алдым. Осылай жігіт болып, інім мен анама баскөз болайын деп шештім.

Үкімет анама жалғызбасты ана болғаны үшін жер берді. Жұмысым да, айлығым да жақсы болғасын несие алдым. Енді, үй салмақшымыз.

Шешем «құрылысқа ыңғайың жоқ» деп, өзімнен бірер жас үлкен бір жігітті қуықтай ғана жалдамалы пәтерімізге кіргізіп алды. Қазір ол жігіт – шешемнің күйеуі. Сол шешемнің күйеуі, шешем, өзбек інім және мен төртеуміз бір отбасы болып бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз.

Түнде ғана ыңайсыз. Шешем мен шешемнің күйеуі төсекке жатарда бірсұмдық күйді басымнан кешемін. Сонда да жағдайымыз жаман емес. Алла қаласа, аз уақытта өз үйіміз болады.

Менде бір ғана тілек бар. Енді таң азанда түсініксіз айғай-шудан шошып оянбасам болғаны…

05.09.2018 жыл

Қанат Әбілқайыр 

Фото: karelia.ru

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.