Ақтөбеде 10 қыркүйек күні Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобустағы өрт ісі бойынша сот процесі жалғасты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, бұған дейінгі сотта жәбірленуші ретінде танылған қаза тапқандардың туыстары — Өзбекстанның 11 азаматы өздеріне моральдық және материалдық шығын өндіру туралы талап қойды. Әзірге шығынның мөлшері айтылмады.

Өрттен қаза тапқан 52 адамның 16-сы Ферғана облысының Тошлақ ауылынан. Бұған дейін Ақтөбедегі сотқа Тошлақтан келген 11 адам жәбірленуші ретінде қатысқан. Олар бұған дейінгі сотта процесті өзбек тіліне аударма жасайтын кәсіби аудармашы жоқтығын, Ақтөбеден сотқа қатысудың қиын екенін айтып, сотты Түркістан облысында өткізуді сұраған. Бүгіннен бастап олар сотқа Түркістан облысының Сарыағаш аудандық сотынан бейне байланыс арқылы қатысатын болды.

Жәбірленушілердің адвокаты Садықбекова жарыссөз басталғанға дейін материалдық және моральдық шығын көлемін анықтап, жазбаша талап-арыз түсіретіндерін айтты.

Жәбірленуші Абдуғаппар Хасанчиев автобус өртенгенде Ресейге кетіп бара жатқан інісі Абдумалик Хасанчиев пен оның ұлы Эльмурад Жабборовтың қаза тапқанын айтып, соттан айыпты адамдарды тауып, оларды қатаң жазалауды сұрады.

Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – «Азия транзит сервис» фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылдың 26 қаңтарынан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Оларға «өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзды және «жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзды» деген айып тағылған. Ал «Азия транзит сервис» компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Тергеу дерегінше, фирма құрылтайшысы «заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады» деп айыпталған. Ал механикке «ақауы бар автобусты жолға шығарды» деген айып тағылған.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент — Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.