Өзбекстанда құқық қорғаушы, жергілікті билік орындарындағы сыбайлас жемқорлық туралы мәлімдеген Мухаммадкодир Отахонов «жала жапты» деген айыппен бір жылға сотталды. Азаттықтың Өзбек қызметінің 10 қыркүйекте сот өкіліне сілтеме жасап хабарлауынша, Адам құқықтарын қорғау тәуелсіз ұйымының 51 жастағы белсендісі Отахоновқа үкімді Әндіжан облысының Мархамат аудандық соты 31 шілдеде шығарған.

«Мухаммадкодир Отахонов өзін қорғаушы ретінде көрсетіп, Мархамат аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі М. Шоматовқа қарсы түрлі жала жабатын хат жазған. Ол Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 139-бабы («Жала жабу») бойынша айыпты деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір ол жазасын Ангрен қаласындағы жалпы қоныстану мекемесінде өтеп жатыр» – деп хабарлады сот өкілі.

Мухаммадкодир Отахонов осыған дейін екі рет сотталған. 2005 жылы Әндіжан оқиғасы бойынша бес жылға сотталып, 2013 жылы алаяқтық ісі бойынша қамауға алынған.

«Эзгулик» құқық қорғау ұйымының Әндіжан облыстық бөлімшесінің жетекішісі Мусажон Бабаджановтың айтуынша, Мухаммадкодир Отахонов сыбайлас жемқорлық ісі бойынша президент әкімшілігі, бас прокуратура және басқа да мемлекеттік органдарға бірнеше рет хат жазған. Отахонов сотталған соң, оның шағымында келтірілген фактілер дәлелденіп, Мархамат аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылған.

Сот өкілінің сөзінше, Отахонов сот үкімі бойынша жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс. Оның адвокаттары жоғарғы сот инстанцияларына үкімге қатысты шағым түсірмеген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.