АҚШ Халықаралық қылмыстық сот америкалық әскерилердің Ауғанстанда жасаған әскери қылмысын тергеуді тоқтатпаса, онда сот пен оның қызметкерлеріне санкция салатынын ескертіп, доқ көрсетті. АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон Гаагада орналасқан Халықаралық қылмыстық сотты «есеп бермейді» және АҚШ, Израиль мен басқа да одақтас елдерге «қауіпті» деп атады.

Вашингтонда консервативтік Федералистер қоғамының жиынында сөйлеген Джон Болтон АҚШ әскерилері мен америкалық барлау қызметін Ауғанстанда әскери қылмыс жасады деген күдікпен тергеу «негізсіз және әділетсіз» деп саналатынын мәлімдеді.

«Егер сот бізге, Израильге немесе АҚШ-тың басқа да одақтастарына қатысты тергеу бастаса, біз қол қусырып қарап отырмаймыз» деді Болтон.

АҚШ 2002 жылы Халықаралық қылмыстық сотты құрған Рим жарғысын ратификацияламаған. Оны мақұлдауға сол кездегі президент кіші Джордж Буш қарсы шыққан. Одан кейінгі президент Барак Обама бұл ұйыммен жұмыс істесудің бірнеше қадамын жасаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.