Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ «Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты» қызметінен босап қалғаны жасы алпыстан асқан облыс әкімдерін де бір ойландырып тастағаны анық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ күздің әрбір таңы атқан сайын «Бүгін кім болып, қайда барып қалар екенмін?» деп алаңдап оянатынына шүбә жоқ. Білдей Президент әкімшілігін басқарған Әділбек құрдастары «аттан ауып» қалған соң, «өгізге  туған күн бұзауға да туатынын» білмей отыр дейсіз бе?! Өте жақсы біліп отыр.

Екі әріптесіне қарағанда Шығыс өңірдің басшысы Даниал Кенжетайұлы бәріне де қолын бір сілтеп, «Жығылсаң, нардан жығыл» дегендей президент болуға бел байлапты. Шошып, немесе таңырқап қалдыңыз ба?! Жо, жоқ, Сіз ойлағандай мемлекет басқаратын президент емес. Жай ғана… фестиваль президенті. Анығырақ айтқанда, 18-20 қыркүйек күндері облыс орталығы Өскеменде Голливуд жұлдыздарының қатысуымен халықаралық кинофестиваль өтеді. Жергілікті «Алтай-ньюс» сайтының хабарлағанындай, фестивальдің ұйымдастырушысы облыс әкімдігі болса, президенті Даниал Ахметовтің өзі.

Қазір корпорацияның президенті, федерацияның президенті, қордың президенті, ананың президенті, мынаның президенті дегендер көп қой. Ал, кинофестиваль президенті деген жоқ. Оның өзінде бар болса, бұл «лауазым» облыс әкімдерінің ішінде Ахметовке ғана бұйырған екен. Ал, оның салмағы қаншалықты дейсіз бе? Жыл басында Шығыс Қазақстан облысының бірқатар жерлерін аралап, (айтпақшы,  бір актрисасы мешітке барғанда бір имамның «көзін  арбап», әлеуметтік желіде елді шулатқаны есімізде-авт) кино түсіруге келіп кеткен Голливуд жұлдыздары сол туындысын ел назарына  ұсынбақ. Облыс басшылығы екі күн  ішінде бұрын-соңды болмаған әлемдік мәдени шара өткізетінін айтып отыр.  Демек, бәрі  ойдағыдай тамаша өткен  соң Голливуд актерлары фестивальден алған әсерін әңгімелегенде «Біздің президентіміз, яғни, фестиваль президенті Даниал Ахметовтің өзі ерекше ықылас танытып,  жақсы күтті» демей ме?! Ал, бұл дегеніңіз үлкен абырой емес пе?!

Сондықтан, мақаламыздың тақырыбына  қарап, «Мұнысы несі?» демеңіз. Ахметов бар-жоғы екі күн болса да қайда президент болу керектігін жақсы біледі.

Одан кейін барып Әділбек құрдасы сияқты «Құдай-ау, қайда  сол жылдар, қызметі қызық, мол жылдар» деп Абай өлеңін өз түсінігінде жаңғыртып жатса, тағы да ешкімнің айыбы жоқ.

Фото: ruseu.org

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.