Алматыда қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2018 жылы маусымның 23-інде «полиция күш қолданып, мәжбүрлеп ұстап, конституциялық құқықтарымды таптады» деп Алмалы аудандық ішкі істер департаментінің үстінен шағымданған 77 жастағы зейнеткер Ибадулла Бәйтеректің арызын қарай бастады.  

Шағымданушы зейнеткердің айтуынша, арнаулы жасақ пен полиция адамдарды жаппай ұстап жатқан күні сол маңнан өтіп бара жатып, жағдайды сырттай бақылап тұрған.   

— Ешбір жанжал болмайтын бейбіт шеру ғой деп ойладым. Тағы бір ойыма түскені – менің де оқуға түскен немелерім бар. Стипендия, жатақхана жетпейді деп ойлап тұр едім, сарт еткізді де, екі жағымнан екі полиция ұстап, «жүр» деді. Мен «жүрмеймін, 2-топтағы мүгедекпін» дедім. Тыңдаған жоқ. Аяқ-қолымды жерге тигізбей, қолымды қайырды да, машинаға лақтырып жіберді. Базарға апаратын қой сияқты, — дейді ол. 

Видео: Зейнеткер Ибадулла Бәйтеректі полицияның ұстауға тырысқан сәті 1:16-1:20 минуттарда. 

Сот отырысы қыркүйектің 11-інде таңғы 10.30-ға белгіленген еді. Бірақ алдын ала адвокат жалдамаған зейнеткер сот уақытынан бұрын судьяға кіріп, мемлекеттен қорғаушы беруін сұрап, өтініш жазған. Түске таяу Ибадулла Бәйтерек судьямен жеке кездесіп, «адвокаттың іске дайындалуы керек екен» деп, істің кейінге қалдырылғанын жеткізді. Сот отырысының нақты қашан болатыны белгісіз. 

Қарияның өкілі, құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, Ибадулла Бәйтеректің құқықтары бірнеше рет бұзылған. 

— Полиция өздерін таныстырмай, ұстау себебін айтпай, мәжбүрлеп бөлімшеге алып кеткен. Заңда күдіктіні 3 сағат қана ұстауға болады делінеді. Зейнеткерді 5 сағаттан артық ұстаған. Саусақ таңбаларын заңсыз алып, суретке түсірген, — дейді ол. 

Құқық қорғаушының айтуынша, зейнеткер — жаппай ұстаудан кейін «полиция заңсыз әрекет етті» деп арыз жазған алғашқы азамат.   

Маусымның 23-і күні Астана, Алматы және Шымкентте полиция көшеге шыққан ондаған адамды ұстады. Ұсталғандар ешқандай талап қоймаған, олардың қолында плакат я басқа да заттар болмаған. Полиция Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ қозғалысы митингілер өтеді деп белгілеген орындарда ұсталған адамдарды көлікке күштеп салып, алып кетті. Ұсталғандардың кейбіріне әкімшілік хаттама толтырып, сол күні кешке сотқа тартылды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.