Қазақстанның киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік мекемелер басшылары қазақстандық интернет қолданушылардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге ара-тұра кіре алмай қалатынына биліктің қатысы барын жоққа шығарды.

Алматыда өткен ақпараттық қауіпсіздік және кибер қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл әдістеріне арналған баспасөз конференциясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Мемлекеттік техникалық қызмет» мекемесінің директоры Ержан Біржановтан Азаттық тілшісі «Қазақстан аумағында кешкі уақытта қолданушылардың кейбір әлеуметтік желілерге кіруі не себепті қиындап кетеді? деп сұрады. Біржанов тілшіге «Бұл мәселенің бізге еш қатысы жоқ. Ол байланыс операторларына байланысты» деп жауап берді.

Ал Ақпараттық қауіпсіздік ұлттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары Жанат Жақыпов Азаттық тілшісінің сұрағына аталған интернет ресурстарына кіру қиындығы «кейбір қолданушыларда ғана болатынын» айтты.

«Бізге кейбір интернет ресурстарының уақытша ашылмай қалатыны туралы шағымданып жатады, бірақ оның өзі көбінде байланыс операторларындағы, я ресурстың өзіндегі іркілістен болады» деді Жақыпов. Оның сөзінше, азаматтардың интернет қызметіне жаппай шағымданған кезі болған емес. «Ақпарат және коммуникация миинстрлігіне жазудың қажеті жоқ, қызмет көрсетіп отырғандардың өзіне жүгінген оңай» деді Жанат Жақыпов.

Қазақстанда кешкі уақытта Facebook, YouTube, Instagram және Telegram-ға кіру көбінесе шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі Астананы сынайтын Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде үндеу жасайтын кезде ашылмай қалады.

2017 жылы сәуірде Әблязов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) жалпыазаматтық қозғалысын құрғанын жариялаған. Ол қозғалыс «Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформалар жүргізуді» мақсат ететінін мәлімдеген. Ал биыл 13 наурызда Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Сот ұйымның қандай да бір ақпараттық материалдарын кез-келген жолмен таратуды заңға қайшы деп жариялаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.