Ресейден шығарылған капитал көлемі үш есе ұлғайды

49


Ресейде биылғы жылдың сегіз айында елден шығарылған капитал көлемі 26 миллиард доллардан асты. Ресей Орталық банкінің мәліметінше, бұл сома былтырғы жылдың алғашқы сегіз айындағы көрсеткіштен үш есе көп. Ол кезде Ресейден әкетілген капитал көлемі тоғыз миллиард доллардан асқан еді.

Ресей қаржы министрлігі осыған байланысты бір айда үшінші рет нарықта федералдық займ облигацияларын орналастыру бойынша аукцион өткізуді кейінге қалдырды. Министрліктің хабарлауынша, мұндай шешім қабылдауға «қолайсыз жағдаят» себеп болған.

6 қыркүйекте экономикалық даму министрі Максим Орешкин бұл жағдай Ресейдің мемлекеттік облигацияларына шетелден түсетін ұсыныстың күрт төмендеуінен туындағанын айтқан.

Тамыздың соңында қаржы министрлігі жалпы сомасы 13 миллиард рубльдің мемлекеттік облигациясын орналастырған еді. Алайда, бір апта өткен соң ведомство «қаржы нарығында күрт құбылмалы жағдай қалыптасқанын» мәлімдеп, аукционды өтпей қалды деп жариялаған.

АҚШ тамызда Ресейге қарсы бірнеше салада санкция енгізетінін, оның ішінде Ресейдің мемлекеттік қарызына қатысты операцияларға тыйым салатынын жариялаған соң рубль бағасы құлдырап, Ресейден капитал шығарыла бастаған.

Сәуірде миллиардер Олег Дерипаска мен ресейлік басқа да бизнесмендер АҚШ санкциясына іліккен соң федералдық займ облигацияларының құны 12 пайызға құлдыраған. «Райффайзенбанктің» 11 қыркүйекте жариялаған шолуына қарағанда, бұл бағалы қағаздар құнсызданған соң ресейлік банктер федералдық займ облигацияларын «зиянды актив» ретінде баланстарынан шығара бастаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.