Алматы облысында 6 миллион теңгенің қаруы табылды

280

Алматы облысында тұрғындар 150-ге жуық қаруды ерікті түрде тапсырды. Бұл туралы Талдықорғандағы «Жас Алаш» тілшісі Алматы облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нақтырақ айтқанда, бұл қарулар тәртіп сақшыларына облыс аумағында ұйымдастырылған акция аясында тапсырылып отыр. Сәуір айының басынан  тұрғындардан қаруларды қабылдау-тапсыру және сатып алуды бақылайтын 20 комиссия жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде өз мәресіне жеткен игі шарада  әртүрлі қарудың 147 бірлігі тапсырылған.

— Қаруды өз еркімен тапсырғандар үшін жалпы сомасы 6 миллион теңге өтемақы төленді. Өткізілген қарудың көбі — тегіс ұңғымалы аңшы мылтығы. Дегенмен, арасында сирек кездесетін көне түрлері де бар. Бұл акция жайлы ақпарат  өңірлік және аудандық БАҚ-та үнемі жарияланды. Қазіргі таңда полицейлер осы шараны бұдан әрі жалғастыру үшін қосымша 5 миллион теңге қаржы бөлуге сұраныс жолдады, – дейді Алматы облысы ІІД Баспасөз қызметі.     

Бұл бастамаға қызығушылық танытқандар көп. Соның ішінде, Талдықорған мен Сарқан қалалары тұрғындарының белсенділігін айрықша атап өткен жөн. Олар осы уақыт аралығында ерікті түрде 50-ге жуық мылтық тапсырған. Әсіресе, облыс орталығының бір тұрғыны әр қаруы 200 мың теңгеге бағаланған 4 қару өткізді.

«Сонымен қатар, бұл акциядан тыс лицензия — рұқсат беру жүйесінің желісі бойынша қару иелерін тексеру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы 832 қару иесі әртүрлі заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды. Оларға 20 009 600 теңгеге айыппұл салынды» – деп атап өтті құзырлы ведомство өкілдері.

Айта кетейік, биыл өңірде 79 адам қаруды заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Сонымен бірге, тәркіленген қарулары қайта балқытуға жөнелтілген.

Фото: patrul.kz

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.