Алматыда театр экс-қызметкерлері басшыдан "қысым көргенін" мәлімдеді

74


Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының жұмыстан шыққан бұрынғы он шақты қызметкері Алматыда Қазақстандағы адам құқығы бюросының кеңсесінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Театрдың бұрынғы қызметкерлері Амангелді Мамырбеков пен Ғалия Батырхан 2017 жылы Берік Жүсіпов театрға директор болып келген соң ұжым қызметкерлеріне басшылық тарапынан түрлі «қысым, қоқан-лоқы жасалғанын» айтып, жұмыстан «өз еркімен» шығуға мәжбүр болғандарын мәлімдеді. Жұмыстан шыққандар арасында шығармашылық адамдары, басқа да позицияда жұмыс істеген адамдар бар.

Бұрынғы қызметкерлердің айтуынша, жаңа басшы келген бір жыл ішінде сексенге тарта адам жұмыстан шыққан.

Бұрынғы қызметкерлер театр басшылығының қызметіне байланысты еңбек инспекциясы, прокуратура, мәдениет басқармасы және «Нұр Отан» партиясына шағымданғанын, бірақ әзірге олар шара қолданбағанын айтады.

Жиынға қатысқан адвокаттар Айман Омарова мен Жанаргүл Боқаева театрдың бұрынғы қызметкерлері айтқан шағымдар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен прокуратураның тексеруін сұрады.

Театр директоры Берік Жүсіпов Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлескенінде өзіне қатысты мәлімдемелерге бүгін жауап бере алмайтынын айтты. Директордың шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары Азамат Ақан 80-нен астам адамның жұмыстан шыққанын растады, бірақ бұрынғы қызметкерлердің » басшылық қысым жасады» дегенін терістеді. Оның сөзінше, экс-қызметкерлер «жұмыс көлемі бұрынғы басшы кезіндегімен салыстырғанда көбейгендіктен» және «жалақыны азсынып» жұмыстан шыққан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.