Алтынбектің әзілдері

1375

Алтекең әзіл-қалжыңды жақсы көретін. «Алтынбек айтқан екен» деген анекдоттарды дос-жаран, таныстары әлі күнге ауыздарынан тастамай, көпшілік ортада айтып жүреді. Әйтеуір, Алтынбектің жүрген жері қашанда күлкіге, құрдастық ойынға толы болыпты.

 

«Түсіңіз алға…»

Қарағанды қаласында Алтекеңнің ерлі-зайыпты курстас достары тұрады екен. Алтынбектің министр кезі. Және бір курстасымен Қарағанды қаласына барып, әлгі достарының үйіне соғады. Үйіне кірмей тұрып, Алтекең шопырына қызметтік куәлігін беріп:

– Мына үйдің пәленінші қабатына шықсаң, оң жақтағы пәтерде біздің курстас досымыз тұрады. Үйінің қоңырауын бас. Сосын досымыз есікті ашқан кезде мына куәлікті көрсет те: «Сіз ұсталдыңыз, түсіңіз алға» деп айт. Мақұл ма? Не істейтінін көрейік, – депті.

Шопыры  тура Алтекең айтқандай істеген ғой. Сөйтсе, курстас досы жоғары оқу орнында оқытушы болып жұмыс істейді екен,  соның алдында ғана сол оқу орнында кафедра меңгерушісі істі болып, құқық қорғау органының қызметкерлері арнайы кеп ұстап әкетіпті.

Шопыр жігіт куәлікті көрсетіп, «Түсіңіз алға…» дегенде, курстасы «кафедра меңгерушісінің былығы маған да тиген екен-ау» деп, қолын артына қайырған күйі алдына түсіп жүре беріпті. Сол күйі дедектетіп есіктің алдына алып шыққан ғой. Бірақ достарын көрмей, көше жаққа өтіп кетеді. Қонақтар «не істер екен?» деп соңынан қарап тұрғанда, үйден ебіл-дебілі шығып досының әйелі, өздерінің курстасы шығады. Алтынбектерді танып, «бұлар неғып жүр?» дегендей таңырқай қарап, сасып  қалады.

Алтынбектер қолын артына байлап, басын төмен салып кетіп бара жатқан күйеуін көрсетіп күліпті. Сол кезде ғана олар мұның бәрі құрдастық қалжың екенін түсініп, өздері де іштерін баса беріпті.

«Дариғадан құтқарыңызшы»

Бірде Алтынбек Сәрсенбайұлы ертелетіп жұмысқа шықса, көршісі – қала әкімі орынбасарының үйіне «Астана-Зеленстройдың»  автобус толы жұмысшылары және бір телешке ағаш көшеттері кіріп бара жатыпты.  Көршісінің бұл ісіне қарны ашқан министр жұмысқа жете салып жігіттеріне тапсырма беріпті.

Жігіттер дереу қала әкімі орынбасарының қабылдауына қоңырау соғады:

-Сәлеметсіз бе? «Хабар» арнасынан едік. Қала әкімінің орынбасарын қосып жіберсеңіз…

-Не мәселе бойынша?

-Мәселе жоқ. Бірнеше сұрақ қана бар. Біріншісі – қалалық мекеме «Астана-Зеленстройдың» жұмысшылары неге әкім орынбасарының үйінде тегін еңбек етіп жүр? Астана көшесіне егілетін көшеттер неге әкім орынбасарының ауласында тұр? Осы сұрақтарға жауап берсе, тағы да қосымша сұрақтарымыз бар…

Жігіттер осы  сөзді айтып ауыз жұмғанша, Алтекең кабинетінің есігін шалқасынан ашып, қарқылдап күліп шығыпты. Сөйтсе, қала әкімінің орынбасары көршісі – ақпарат министріне дереу қоңырау соғып, «ағатай, Дариғадан бір жолы құтқаршы» деп жалыныпты. Ал бұл сәтте қала әкімі орынбасарының бәйбішесі ауласында жүрген тегін жұмысшыларды қуалап шығарып жатыпты.

«Үш әріптің адамы»

Бір топ достарымен, сосын, бірді-екілі туыстарымен Алтекең үш күн жайлауда жатыпты. Тауға жеткен күні көліктен түсе сала достарын  туыстарымен таныстырып, Алмас есімді  жас жігіттің атын атамай өтіп кетіпті. Мұнысын байқап қалған шымкенттік курстасы «Алтеке, мынау кім?» депті оңашада. Алтынбек «Ақ үй жіберген үш әріптің адамы, маған қосақтап қойды» деп қысқа қайырады. Бұл сөзді естіп алған қызылордалық курстасы әлгі Алмасқа көзін қысып үлгереді.

Содан не керек, жігіттер отыра қалған жерде әдейі саяси әңгіме бастайды екен. Ондай кезде Алмас әлгі шымкенттік курстастың қасынан табыла кетеді. Ал ол болса өр текедей секіріп қашып, үйге жоламайды дейді. Сөйтіп, үш күн демалыстары бітіп, қайтарда көлікке жүктерін тиеп жатқанда «үш әріптің адамы» топ ішінде жүрген әкесіне қарап: «Папа, мына сөмкені салайын ба, салмайын ба?» – деп қалыпты. Бұл сөзді естіген Алтекеңнің курстасы: «Әй, мынау «папа» деді ғой!» – деп «жынданыпты».

«Ұрынуды ұмыттыңдар»  

Оппозиция қатарында жүрген Алтекеңді артынан аңдушылар, жүйкесіне тиюшілер, қорқытқысы келгендер аз болмаған. Бірде Алтынбек көмекшісімен бірге «Алма-Арасан» моншасына барып, парға кіріпті.  Біраз терлеп енді шыққалы жатса, «қызып алған» 5-6 жігіт есікті ашып, «қатын болсаңдар бұл жерден шығып кетіңдер, мұнда тек нағыз жігіттер отырады, пар береміз. Шыдамай қашқан – қатын» дегендей гүрілдепті.  Бұлардың өзіне тиіскісі келіп тұрғанын түсінген Алтекең қайтер екен деп пардан шықпай отырып қалады. Әлгілер болса өлтіріп тұрып пар береді, айқайлап кіріп, күшейіп отырады. Бірақ пардың ыстығы қойсын ба, үндері дереу өшіпті. Сөйтіп, үнсіздікте басталған тартыста әлгілердің алды шыдамай пардан секіріп шыға бастапты. Көп ұзамай соңғысы да қашыпты. Сыртқа шыққан Алтекең әлгілерге: «Жігіттер, сыпыртқымен ұрынуды ұмытып кеттіңдер», – депті.

Фото: forbes.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.