Сот Жұмаевтың судьяны ауыстыру талабын қабылдамады

37


Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Тelegram-чаттағы хабарламалары үшін сотталып жатқан Ақтау тұрғыны Абловас Жұмаев сотқа сенімсіздік білдіріп, ауыстыруды талап етті. Ақтау қалалық сотының төрағасы Марет Ковраева судьяны ауыстыруға негіз жоқ деп санайды.

Қыркүйектің 12-сі күні Ақтау қалалық сотында экстремистік деп танылған ҚДТ-ны қолдап, әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды деп айыпталған Абловас Жұмаев судья істі тек айыптау мақсатында жүргізіп отыр деп санайтынын айтып, сотты ауыстыруды сұрады. Жұмаев сот процесін шілденің 31-інен бері жүргізіп жатқан судья Аралбай Нағашыбаевты ауыстыру туралы талабын осымен екінші мәрте қойып отыр. 

— Менің конституциялық құқымды бұзып отырған сотқа мүлде сенбеймін. Сот процессі басталғаннан бері филолог, психолог мамандар қатысатын сараптама жасауды талап етіп өзім де, адвокаттар да бірнеше мәрте өтініш жасадық. Судья қабылдамады. Ол неден қорқады, филологиялық зерттеулер болса мені ақталып кетеді дей ме? — деді Абловас Жұмаев.

Ол бұған қоса судья Аралбай Нағашыбаев өзінің 14 тамызда сот ғимаратында бола тұра «өзін әкелмеді» деп мәлімдеп, сотқа келген бақылаушылар мен шетелдік журналистерге жалған хабарлама жасады деп санайтынын айтты.

— Судья Аралбай Нағашыбаев мені соттауға мүдделі. Өткен аптада маған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері келіп, кінәмді мойындауды, айғақ ретінде қолданып жатқан үнпарақтарды көшеден тауып алдым деп растауды, бәрі судьямен келісіп қойылғанын айтты, — деп мәлімдеді Абловас Жұмаев.

Оның сөзін адвокат Жанар Сүндетқалиева қолдады. Ол сотта ашық, сапалы аударма жоқтығынан екінші адвокат Максим Невеселовтың құқығы бұзылып отырғанын айтты.

— Сотталушының да конституциялық құқы бұзылып отыр. Судья менің талабыма «қайда барсаң онда бар» деп жауап берді. Қолға берілген аудио жазбалардың жартысы бос, — деді адвокат сот төрағасына.

Сотталушы мен адвокаттар өтінішін қараған Ақтау қалалық сотының төрағасы Марет Ковраева судьяны ауыстыруға «дәлел жоқтығын» айтып, қанағаттандырмады.

Судья Аралбай Нағашыбаев сот процесін ары қарай жалғастырды. Сотта куә ретінде Жұмаевты ұстауға қатысқан жергілікті кәсіпкер Жалғас Ұзақбаевтан жауап берді. Ол сотқа дейінгі тергеудегі құжатқа қол қоймағанын, ондағы қол өзінікі емесін айтты. Түстен кейінгі сот процесінде Абловас Жұмаевтың Тelegram-чаттағы жазбаларына сараптама жасаған сарапшы Дәурен Рабилов Шымкент қаласынан онлайн режимде жауап берді. Ол жауабында «Абловас Жұмаевтың жазбаларында билікті күшпен басып алуға шақыру белгілерін қысқаша анықтағанын» айтты.

Сот процесіне қатысып отырған Азаттық тілшісіне мәжілістің алғашқы күнінен бастап судья фото және видео түсіруге тыйым салған. Ол қажет жазбаларды алуды жазбаша түрде сұрау керегін айтқандықтан, Азаттық тілшісі тамыздың 26-сы күні фото және видеолар көшірмесін сұрап арыз түсірген еді. Судья Аралбай Нағашыбаев бүгінгі сотта бұл жазбалардың берілмейтінін, «адам тағдыры шешіліп жатқандықтан» фото, видеоға түсіруге де рұқсат жоқтығын мәлімдеді. 

Абловас Жұмаев 2018 жылғы мамырдың 11-інде сот шешімімен қамауға алынған. ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке Абловас Жұмаевтан өзге 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2тармағы бойынша (билікті басып алуға шақыру — ред.) қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.

Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.