Биыл Атыраудың көшелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірінде әйелдің жыныс мүшесінің аты бадырайтып жазылған автокөліктер өріп жүр. Естуімізше Армениядан тиімді бағаға әкелініп жатқан көліктер.

Баяғы Совет үкіметі кезінде Ресейдің Алтайдағы мотор зауытынан шығарылатын алты цилиндрлі АМ-01 маркалы дизельдік двигателі болатын. Бір күндері сол двигатель А-01 болып келе бастады. Неге бұлай болды екен десек, оның сыры мынада екен. «Бұндай жазу біздің тілімізде боқауыз болады», — деп, өзбек ағайындар әлгі двигательді алудан бас тартқан екен. Содан орекеңдер двигательдің маркасын А-01 деп өзгертуге мәжбүр болыпты.

Ойлап қарасақ двигательдің маркасы трактордың капотының астында жабық тұрады. Әдейі капотты ашып қарамаса көрінбейді. Соның өзінде, әрі «тфу» десе түкірігі жерге түспей тұрған қызыл партияның кезінде, өзағаңдар тайсалмастан жаңағыдай талап қоя алған екен.

Ал, бізге не жорық. Айдың күнінің аманында көшемізде боқауыз нөмірлі автокөліктерді қаптатып қойдық.

«Атырау» газетінің осы жылдың 14-тамыздағы санында «Арзан көліктің әлегі» атты Армениядан әкелініп жатқан көліктер жөнінде мақала шықты. Бірақ біз әңгіме қылып отырған мәселе жөнінде бір ауыз сөз жоқ.

Сол газеттің облыстық жол полициясына жолдаған ресми хатына «Армениядан әкелініп жатқан автокөліктердің техникалық жағдайында кінарат болмағандықтан елге кіргізбеуге себеп жоқ» деген сыңайда жауап келіпті. Ал, нөмірді бұлар да айналып өткен сыңайлы.

Сегізінші қыркүйек күні «Қазақстан» арнасынан «Мәселе» бағдарламасында елдегі автокөліктер жөнінде біраз жайттар әңгіме болды. Соның ішінде Армениядан әкелініп жатқан көліктер жөнінде де айтылды. Бірақ тағы да нөмірдегі жазуға еш көңіл аударылмады. Сондай өрескелдікті көре тұра көрмегенсуді қалай түсінуге болады?

Бізге жетіп жатқан ақпараттарға байланысты болар, көріп жүргендеріміз де баршылық, өзбектерді іштей қомсынып тұратынымыз бар. Ал, өзағаң бұндайды өз елінде болдырмас еді

Дария асып, тау асып, арзандығына қызығып, басқа елден көлік әкелушілерді түсінуге болар ма еді, қайтер еді? Әйткенмен, оның соңы қып-қызыл шығынға ұрындыратын болып тұр ғой. Оны білмейтін қаншама адам ертеңгі күні сергелдеңге түскелі тұр. Стандартқа сай келмейтін көліктерді елге кіргізбеудің тура жолы жариялы түрде оған тиым салу емес пе? Әлде бұл халықтан мәжбүрлі түрде ақша жырудың жасырын амалы ма?

Р.S.: Құрметті редакция. Осы мақаланы газет бетіне шығара қалсаңыз жоғарыда берілген двигательдің маркасын және фотоларды сол күйінде бермеуіңізді сұраймын. Оларды сөзімнің дәлелі үшін ғана жіберіп отырмын.       

Нығметолла ҚҰРМАШЕВ

Фото: fishki.net

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.