Көрнекі сурет

 

Қойшыбек МҮБАРАК. Сәулетші
Фото: Жазушы Қойшыбек Мүбарак

Сәулетші

Арнаулы сәулет құрлыс мамандығын тауысқан соң Көкшатыр қаласындағы “Сәулет-құрылыс” мекемесінде бас маман болып істегеніме бес-алты жылдай болып қалған. Асып-тасып кетпесем де айтулы мамандардың бірімін. Анда-санда ұзақ демалыстардың бірінде алыстағы ауылыма барғаным болмаса бұл қаладан ұзап шығып көрмегем. “Салт бас, сабау қамшы” осы кезде сыртты көріп, болмаса көрші қалаға барып саяхаттап қайтсаңшы деп ақыл айтатын жұмыстастарымнан күліп қана құтылатынмын. Өзіме де белгісіз үйкүшіктігім бар-ды.

Кезекті еңбек демалысымда ауылға баруға құлқым болмай қарабайыр құжырамда апта бойы жаттым да, жұмысқа келгем. Мені көрген бастығым жерден жеті қоян тапқандай қуанды.

– Пәлі! Сені қайдан табам деп қиналып отыр ем. Байланыс нөміріңнің барлығын өшіріп тастапсың. Аулына кетіп қалған шығар, бүгін-ертең адам жіберем бе деп те отырғам. Құдай айдап өзің келдің міне… – деп мені бас салып қапсыра құшақтады.

– Ал, не болды, басеке?

– Не болғанда сол! Сен үлкен бастық боласың!

– Қойыңыз!

– Өлдә-білдә! Саған өтірік айтып не істеймін…

– Мен бастық болсам, сіз не істейсіз?.. – деп қалжыңдаған болып жатырмын. Қол астындағылардың барлығымен емін-жарқын қалжыңдасып жүретін бастығымның сөзіне онша сене қоймай.

– Бала, мен өз орнымдамын…

– Онда қайда бастық болам?

– Сен тыңда! Анау-мынау емес Бесқарағай қаласының Сәулет-құрылыс мекемесінің білдей директоры! Әуелі дәрежең менен жоғары…

– Не, Бесқарағай бастықсыз қалып па?

– Жоқ бастығы бар…

– Онда?

– Оның жұмысына жоғарғы жақтың көңілі толмай отыр.

– Неге?

– Жұман екеуміз бір курста оқығанбыз. Студен кезінде-ақ, жеңілдің асты, ауырдың үстімен күн кешетін бәтшағар еді… Бір орында отырғанына он жыл. Қалада еш өзгеріс жоқ. Қаусап тұр! Алдыңғы айда орталықтағы жиналысқа сенің «Қала құрылысын жаңартудың жолдары» деген жұмыс жоспарыңды апарғам… Осы қаланы ары қарай көркейтсек деп…

– Оның шикі жерлері көп әлі…

– Пысырасың!

– Бола алмаймын!

– Неге?

– Әуелден бастық болу оңай дүние емес. Сосын бейтаныс жер. Оның үстіне, алдыңғы айда ғана осында келіп кеткен білдей бастығы бар…

– Жоғарғы жақтың шешімі – шешім! Айда ертең! Бүгін автобустың билетін алдырып қоям. Әкімдікпен сөйлестім! Жатын орныңнан бастап бәрін даярлап қойды. Автобустан түсе телефон соқсаң өздері ары қарай алып кетіп жайғастырады…

*   *   *

Бастығымнан тартып, қызметтес қалың қыз-қатындармен қиыса алмай, айнала құшақтасып-қоштасып, буыншақ-түйіншектерімді автобустың жүк салғышына тиеп болып, енді жеңіл сөмкелерімді алып ішке кіре бергенімде арт жағымда тұрған әжейдің:

– Мына жазғандардың бірі көмектесіп жүгімді көтерісіп жібермей ме екен-ей, тәйірі… – деген кейісті үнін естіп еріксіз артқа бұрылдым. Мана мен таксиден түсіп жатқанда әжей осында жанында қомақты сөмкесі бар тұрған-ды. Әлі орнынан қозғалмаған екен.

– Апатай! Айып етпеңіз аңғармай қалыппын… Мен сөйлей жүріп зіл батпан сөмкесінің қайыс бауынан зорға көтеріп көлікке шығардым. Қолындағы билетіне бір қараған апам:

– Осылардың не албастысы бар?! Өлмелі кемпірді автобустың ең артына отырғызып, өлік тасыиын деп жүр ме?! – деп тағы гөй-гөйлей жөнелді. Менің орным кіреберісте, жүргізушінің артында-тын. Ойыма ешнәрсе алмастан:

– Сіз менің орныма отыра беріңіз… Жол алыс шынымен артқы жағынан қиналып қаларсыз…, – деп қолымдағы билетімді ауыстырдым да сөмкесін жанына қойып бердім. Орындықтардың арасымен соңына қарай жүре бергенімде:

– Ой, айналайын! Тәңір жарылқасын сені… Бүгінгі азған заманда да сендей адамдар бар екеніне тәуба! Алдың ашық болсын! Жаратушының мейірі түссін!.. Мә, мына тұмарды берейін саған… – деп оюлы камзолының өңірінен ботаның көзіндей ғана көзтұмарды алып шықты.

– Апатай, рахмет… менікі үлкенге деген құрметім ғана… оған бола мұндай сыйлық ала алмаймын… – деп азар да-безер болып едім, кемпір енді түсін суытып.

– Тәйт ары… ! Бұны сыйлық деп кім айтты саған… Бабаң Қосшығұлдан, Атаң Айымбетке одан саған қалған мұра! Есің ауып жүріп Қосөзектегі өңгірге қалдырып кеткенсің, – деп зірк ете қалғаны. Ұлы атам Айымбек бақсыны, арғы бабам Қосшығұл әулиені айтқанда, балалық шағым өткен Қосөзекті, сондағы су бойында жүріп жаңбыр жауғанда барып паналайтын үңгірді айтқанына өзім аң-таң болдым. Ауылдан кеткеніме ұзақ болған-ды. Таныс туыс-тумалардың бірі болып, тани алмай ұятқа қалдым-ау дегенді ойлағанда шекемнен суық тер бұрқ ете қалды. Кемпір мұны бірден сезсе керек. Тұмарды менің мойныма тағып жатып:

– Қысылма балам… Мені тани алмайсың… Мені танитын соңғы адам жарықтық Айымбет бақсы еді… әкең Басқар да танымайды мені, – деді де орнына гүріс етіп отыра кетті.

Мен ешнәрсенің байыбына бара алмай мойнымдағы тұмарды алақаныма басып арт жаққа қарай жылжыдым. Тұмарды алақаныма салып қанша қарасамда өзімде мұндай тұмар болғанын есіме ала алмай қойдым.

Әжейден ауыстырған билеттегі орынға барып жайғасып отырып, сайын даланы кесіп жатқан асфальттің екі жағына кезек қарап отырып қалғып кетіппін.

– Кешіріңіз сіз менің орынмда отырсыз!.. – деп иығымнан түртіп оятқан қызға абдырай қарап:

– Бесқарағайға жетіп қойдық па? – дей беріппін.

Жоқ, әлі жол ортаға жеткен жоқсыздар… Біз Тастыдан мініп жатырмыз. Мынау менің орным! – деп аққұба әдемі қыз сәл кейстікпен менің орнымнан тұрғанымды тағатсыздана күтіп тұр.

– Бұл алдағы әжейдің орны. Менің орным әсілі алдында еді. Мана әжеймен ауысқам. Менде де осы орыны жазылған билет бар қарындас!.. – менің тұрғым келмеді. Көзінің қиығымен жақтырмай қараған қыз теріс бұрылды да алдағы жүргізушіге барып менің үстімнен шағымданып жатты. Алпамсадай қара қожбан жүргізуші қорбаңдай басып менің жаныма келіп:

– Ей, жарымес! Сенің сөмкеңе бір орын, өзіңе бір орын керек пе?! Айда тұр өз орныңа бар! – деп иығымнан бүре ұстады да лақша сүйреп алдағы манағы кемпір отырған орынға әкеліп дік еткізіп тастай салды да, ары қарай өз орнына кетті. Манағы зіл батпан сөмкені әзер жерге түсіріп амалсыз орындыққа отырып жатып терезе жақта отырған кісіден:

– Ағатай, мана мына орынға отырған апа түсіп қалды ма? – деп едім, ожырая қараған ол:

– Бауырым есің дұрыс па? Қандай кемпір? Осында сөмкеңді әкеліп қойып өз-өзіңе күбірлеп арт жаққа кетіп қалдың…

– Бұл менің сөмкем емес… апаныкі!

– Кімдікі екенінде менің не шаруам! Осында сен әкеліп қойғансың… – деді де басын ары бұрып терезеден сыртқа қарады да отырды. Жанымдағы жолаушыдан қайыр болмағасын арт жақта отырған әйелден:

– Апай мында отырған апаны көрмедіңіз бе? – деп ем көзі бағжаң ете түсіп:

– Жоқ! Жоқ! Бұнда ешкім болған жоқ… Тек өзіңнің сөмкең ғана тұрды, – деп быжалақ қақты.

Ары қарай басқалардан сұрағанға бата алмадым. Кемпірдің түрін есіме түсіргім келіп қанша әлектенсем де есіме түсер емес. Тек оюлы жасыл камзолы ғана көз алдымда. Түс ауа жолға шыққан автобус сары далада қараңғылық құшағына жүйткіген қалпы еніп бара жатты. Өз ойыммен әлек болып отырып тағы көзім ілініп кетіпті.

– Жеттік інім Бесқарағайға! Мен шығып кетейін… Сен мұнда жар төсегіңде жатқандай ұйықтай беретін секілдісің…

Жанымдағы кісі мені оятып сыртқа шықты. Таң атып күн арқан бойы көтеріліп кеткен екен. Автобуста жалғыз мен қалыппын. Орнымнан тұрып өз сөмкелерімді алып, әжейдің сөмкесін не істеймін деп тұрғанда жүргізуші келіп:

– Жарқыным, не істеп тұрсың. Жүк салғыштағы буыншақтарыңды түсіріп қойдым. Түссеңші енді… – деп әжейдің сөмкесін көтерді де сырттағы менің жүктерімнің жанына әкеліп қойды.

– Мына сөмке… – дей беріп едім:

– Інім, басты қатырма! Бұл сөмкені автобусқа сен алып шыққансың. Ешқандай кемпірдікі емес! – деді де автобустың есігін жауып ары қарай кетіп қалды.

Не істерімді білмей аңтарылып тұрғанда анадайда тұрған екі жас жігіт жаныма келіп:

– Есет Басқарұлы боларсыз? – деді.

– Иә менмін!

– Қош келдіңіз!

– Рахмет!

– Сізді арнайы күтіп алуға келіп тұрмыз бас-еке!.. жолдан арып, шаршамадыңыз ба? Ат-көлік аман-есен жеттіңіз бе? – жасы үлкендеуі құтқуырлап амандық сұрай жөнелді.

– Амандық… – дедім мен қысқа ғана.

– Мен – бірінші орынбасар Мәкен Жақсыбайұлы, ал, мына жігіт бөлім бастығы Дастан… Бірден мекемеге барайық… сосын бұрынғы бастығымыздың орналастыруы бойынша сізді орналастырармыз… – деп дайын тұрған көліктерінің артына менің жүктерімді сала бастады. Екеуі ыңқылдап әзер көтеріп кемпірдің көк сөмкесінде салды. Оларға сөмке туралы ешнәрсе айтпадым.

Мекеме автобекеттен қашық емес екен. Әп-сәтте-ақ жетіп алдық. Бір қаланың барлық сәулет-құрлысын реттейтін мекеме деуге келмейтіндей мыжырайған ескі үш қабатты ғимараттың алдына жете, көлікті іштен шұрқырай шыққан қалың адам қаумалап алды. Айтарға болмаса абдырап қалдым. Тұтқаға қол соза бергенім сол еді сырттан әлде кім менен бұрын есікті ашып, тағы біреулері жерге қызыл кілем жайып қолтығымнан ала жөнелді.

– Құдай-ау! Уыздай жас бала ғой мынау!

– Тиіш! Жас болса да бас болып келіп отыр!

– Дәу де болса бір дөкейдің баласы, болмаса жамағайыны шығар.

– Нең бар дедім ғой…

– Жәй айтқаным да! Неге сонша тарылдың! Жүкеңнен не жамандық көріп ең сонша?

– Жұманнан жамандық та, жақсылық та көрмедім…

– Онда?

– Тозған қаланы реттейтін осындай бір адам керек!

– Мынау ма?

– Иә, жасаған жұмысын көрдің бе?

– Жоқ!

– Көкшатырдың құрлыс мекемесінің бастығы Жұманның бірге оқыған курстасы… Осындай жас мамандардың арқасында ең сәулетті қала жасап шықты… Сенің Жұманың қырық жылдың алдындағы ескі ғимаратта әлі отыр…

– Көреміз!

– Көресің, әрине!

– Жүкең де оңай шағылатын жаңғақ емес!

– Жоғартыннан келген бұйрыққа Жұманның амалы жоқ.

– Әңгіме бұйрықта емес!

– Сонда не айтпақшысың?

– Жүкеңнің де бір амалы бар шығар…

– Не сенімен ақылдасып па еді?

– Жоқ, бағана Көкшатырдағы курстасымен телефонда айғайласып жатты.

– Айқайласа берсін…

– «Сенің боқ мұрның екі күнге қалмай қайта қашады… қашпаса әкемнен тумай кетейін» деп қасам ішіп жатты.

– Жылы креслосын қимай отыр ғой… кеще.

– Өзіме жамандығы жоқ болғасын… дәм-тұздас болдық… жақтағаным ғой…

– Иә сендейлерді білемін ғой… ертең осы баланың-ақ тілеушісі болып артынан жүгіресің

– Өмір сүру керек… бала-шаға бағу…

– Жұман бағып беріп жүр еді…

– Сонда да енді…

– Ана майбасың заттарын алып кетті ме?

– Жоқ. Қарсыдағы кабинетке қойып қойды

– Неге?

– Екі күннен соң орныма қайта отырам деп сеніп отыр…

– Не істемек ойы бар?

– Білмеймін…

– Арамдық жасамасын…

– Олай ете қоймас…

– …

Артымдағы күбірлеп ұрсысып келе жатқан екеуіне бұрылып қарайын дедім де ыңғайсыздандым. Үшінші қабатқа көтеріліп түкпірдегі үлкен жарма есікке жеткенше сөздері таусылмады.

Қиюы қашқан қоңыр есік қақырай ашылғанда ат шаптырым аумақты алып жатқан кең залдың төрінде абажадай үлкен үстел көрінді. Үстелді арғы бетінде теріс қарап тұрған арқалығы биік кресло мен есіктен кіре шиқылай бұрылды да, көзіне жарықтан қорғайтын қоңырқай көзілдірік киген қарны қабақтай шикіл сары нарау орнынан тұрды.

Манадан артымнан шұбап келе жатқандар кең залдың бір бұрышында ғана қалды.

– Сәлеметсіз! – деп жанына келгенде барып бұның өткен айда Көкшатырға келіп кеткен осы мекеменің бастығы Жұман екенін әзер таныдым. Бетінің алжа-алжасы шығып тозып кетіпті.

– Қош келдің! Жас пері! – даусы жарқаштанып әлде неден үрейленгендей дірілдеп тұр.

– Қош көрдік!

– Сені асыға күтіп отыр ем.

– Рахмет, аға!

– Іске сәт! Тозығы жетіп тұрған мына дүниені өзіңе тапсырам енді… жоғардағылардың сенімін ақтарсың…

– Сіздердің көмектеріңізбен! – өзімше ілтипат танытып жатырмын…

– Е, бала біздің көмекке зәру бола қоймассың…

– Мен өзім сұранған жоқпын мұнда… – жасы үлкен адамның алдында өзімше қысылып ақтала бастадым.

– Білем… білем… Орның міне! Қызметкелерің әне! – деп іштегілерге нарау көз салды да, әйнегі сынып сыртын шаң басқан терезеден сыртқа көз салып:

– Сенің гүлдей жайнататын қалаң мынау, –  деп қолын сыртқа қарай сермеді. Сосын үстелдің шетінде тұрған ағаш орындыққа отырып жатып: – Осындағы жағдайыңның барлығын қарастырып қойдық. Қала әкімі орталыққа жиналысқа кеткен. Арнайы тағайындауы екі күннен соң болады. Әзірге тек өзіңе арналған сәулетті сарай дайын… жігіттер апарып тастайды… әкім келгесін бірден іске кірісесің, – деп өп-өтірік кеңкілдеп күлді де, үстелдің үстінде жатқан қағазды маған қарай ысырды.

– Рахмет! – деп қағазды қолыма алып барып қайта қайтардым.

– Мен салт бас адаммын. Мынадай даңғарадай үйдің керегі жоқ. Бір бөлмелі жатақхана болса да жетеді.

– Мына қаусаған қаланы қайта жасап шығуың үшін алдымен өзің дұрыс жерде тұруың керек.

– Сонда да маған қолайсыз!

– Айттым болды… Бұл осыдан он жыл бұрын салынған… Қаламыздың ең атақты көпесінің үйі. Біраз уақыттан бері иен тұр. Қаланың сырты болғанымен астыңда мекеменің көлігі бар… сонда тұрасың! – Жұман бірден шегеледі.

– Жүке сіз айтып отырған үй… – деп манағы менің соңымда сөйлеп келе жатқан адам алдыға ұмсынып еді:

– Бәкей! Қыстырылма! Нең бар?! – деп зекіп тастады.

– Сонда да… – деп күмілжіп қалған оған:

– Мен әлі екі күн осында бастықпын. Бұл бала әкім келіп тағайындаған соң ғана бастық болады сендерге… Артық сөзді доғарыңдар… Сосын сен екеуің мына жігітті апарып орналастырып тастаңдар…

– Жүке!..

– Доғар!

– Менің үйімде-ақ болсын!

– Тоқтат енді! – Жұманның ащы даусынан сынық терезе шылдыр ете қалды. Манағы алдымнан күтіп алған екі жігіт бастап астыңғы қабатқа түстік. Екі жігітің жасырағы:

– Аға мен сол жаққа бармай-ақ қойсам қайтеді? – деді өзінше маған естіртпей сыбырлай.

– Жүкеңе өзің жауап берсең бармай-ақ қой.

– Сіз айтпасаңыз ол кісі қайдан біледі.

– Менің басым екеу емес…

– …

– Жігіттер не күбір-сыбыр? Кеттік! – дедім өзімнің бастық мансабымды алғаш пайдаланып, өзімше үнімді қатайтып. Менен мұны күтпесе керек екеуі де абдырап қалды.

Асығыс-үсігіс машинаға отырысты. Мен келіп отырғанда екеуі бір-біріне қарап күрсіністі де жүріп кеттік.

*    *    *

Қаладан шығып тауға қарай сұғына біраз жүрген соң қаптаған қалың сәулетті сарайлар басталды. Қала тозып тұрғанымен мына маң жайнап тұр. Шеткері биіктеу дөңестің үстіне салынған екі қабатты үйдің сыртқы қақпасына келіп машина тұмсығын тіреген екеуі көліктің жүк салғышынан менің заттарымды түсіріп ішке қарай тартты. Мен кемпірден қалған көк сөмкені мықшия әзер көтеріп арттарынан еріп келем. Мені ішке кіргізген екеуі асығыс-үсігіс кері қайтты.

Жұман айтқандай біраз уақыттан бері адам тұрмаған иен үйге ұқсамайды. Ішінде шаңның қылауы да жоқ жаңа ғана әлде бір епті қолдың тазалауынан өткендей. Бөлмелерді аралап көрдім. Салулы төсек-орын, жиылған ыдыс-аяқ. Тіптен үстел үстінде тұрған кристал ыдыстағы жемістің өзінің иісі мұрынды жарады.

Өзіме ыңғайлы-ау деген екінші қабаттағы кең бөлмеге кіріп киім-кешектерімді жайғастырдым да, әлде бір қызығушылықпен астында қалған көк сөмкеге келіп сыдыртпасын ағыттым. Біреудің дүниесін рұқсатсыз ашып жатқанымды біліп әлде біреу көріп қалмасын дегендей жалтақтап жан-жағыма қарап қоям. Сөмкені ашқанымда сусылдаған шағидан тігілген көк түсті ұйқы киімі жағасын сыртқа қаратып бүктеліп жатыр екен. Халатты алғанымда астында мен көрмеген әлде бір қоңырқай сарғыш металдан аттың басының мүсіні. Бұл не дүние деп аң-таң болып сөмкеден шығарғанымда астынан сырты сарғайып тозған киіз кітап шықты.

Кітаптың бетін ашып қалып селк ете түстім. Бірінші бетінде осы өзім отырған сарайдың суреті тұр. Қолыма кітапты ала сала сыртқа атып шығып суретпен салыстыра бастадым. Суретте тек жаңа ғана мен орналасқан бөлменің жанында бір терезе артық тұр. Ал үйде жоқ. Қайта ішке кірдім де жаңағы бөлмеге кіріп самалдықтағы есікпен суреттегі терезенің орнына барып анықтап қарадым. Бұрын шынымен терезе болған екен. Қанша жымын білдірмей жапқанымен орны білініп тұр. Самалдықтағы мені көріп маңайдағы көршілердің барлығы дерлік үйдерінің алдына шығып мен жаққа таңырқай қарасып тұр. Енді екінші бетті аштым. Үйдің кіре қалғанындағы үлкен залдың суреті. Төр жақтағы баспалдақтың түсінде тұрған кең диванның үстінде жүрелей бүк түсіп әлде бір әйел адам жатыр. Жүрегім дір ете түсті. Кітапты жалма-жан жаба қойдым да аяғымды санап басып астыға қарай түстім. Диванның үстінде ешнәрсе жоқ екенін көргенде барып жүрегім орнына түскендей болды. Баспалдақтан түсіп диванға келдім. Диванның үстінде жаңағы қыздың сұлбасы жатқан жерде қою қара дақ тұрып қалыпты.

Осы кезде әлде қайдан бір сүйектен өтетін салқын жел шыға қалды. Есікті жаппақ болып таяй бергенім сол еді, манадан бері шайдай ашық болып жарқырап тұрған аспанды қою қара тұман басып, боран ұйтқып соға жөнелді де, есік тарс етіп жабылып қалды. Есік жабылысымен үйдің ішінде бірден қараңғылық орнады. Босағада тұрған айырып-қосқышты басып шырақ жақтым. Жағып барып қайта өшіре салдым. Диванның үстінде суреттегі әйел адам бүк түсіп жатыр. Қайта жақтым… Құлағымның түбінен бір нәрсе су етіп өте шыққандай болды… Тынсым тарылып басым айнала бастағандай. Ақырын қабырғаға сүйене бастадым. Осы кезде құлағыма әлде бір таныс үн келді. “Аттың басын орнына апарып іл!.. апарып іл!.. көк халатты үстіңе жамыл!.. жамыл балам!..”. Бұл кімнің даусы деп есіме түсіре алмай жатып барып кенеттен ойыма кешегі көк сөмкелі кемпір түсті. Иә соның үні. Орнымнан қозғалып қол созым жерде жатқан халатқа жете алар емеспін… Жер бауырлай жылжып енді таяй бергенімде әлде бір жойқын күш кері қарай жұлқып лақтырып жібереді. Бұның қанша қайталанғаны есімде жоқ. Ақыры әл-дәрменім құрып, қабырғаға арқамды сүйей сілейіп отырдым да қалдым. Ойыма бір нәрселерді алайын десем ештеме жоқ, өмірді мына дүниені енді көріп отырғандаймын. Тамағым кептеліп тынысым тарылып барады. Алақаныммен тамағымнан сипамақ болып қолымды көтере бергенде мойнымда тағылып тұрған әлде бір дүниеге қолым тиіп барып денем дүр етіп құлағым шулап кетті. Кешегі кемпірдің берген тұмары. Үйдің іші толы шулаған, шыңғырған, адам даусы. Соның ішінде екі әйелдің даусы тіптен құлақ тұндырады. Бажылдап әлде неге таласып, әлде неге келіспей, өліспей-беріспейтін жан дауыстары. Бірақ бірде бір сөздерін ұға алар емеспін.

Қолымды тұмардан босатпаған күйі ақырындап халатқа қарай жылжи бастадым. Не болса да осы тұмарда бір қасиеттің барлығына әбден сендім. Халатқа қолым жете жандәрмен үстіме жамылып алдым. Енді манадан шырқыраған дауыстарды анық естіп екі құлағымды басып отыра кеттім.  Әлде бір зұлматтың құрсауында қалған қалың адамның шыбын жанының шырқырауы.

– Бас! Басты орнына іл! – манағы үн тағы шықты.

Басты орнынан әзер қозғадым. Кеуде тұсыма дейін көтеріп барып оны қайда ілу керектігін білмей аңтарылып біраз тұрдым да есіме киіз кітап түсіп анадайда жатқан кітапты қолыма алдым. Кітаптың бетінен ішкі бояулары ағып барады екен. Беттерін ақтарыстырып жүріп, әзер дегенде екінші қабатқа көтерілгендегі кіші залдың кіре берісінде екенін көрдім. Басты құшақтаған қалпы тәлтіректеп үстіге қарай көтеріле бастадым.

Басты құшақтаған қалпы өлдім-талдым дегенде үстіңгі қабатқа шығып кіші залға қарай бұрыла бергенде ақсұры киімді, дударланған қара шашы бетін жапқан бір әйел бажылдап тап берді. Жүрегім ауызымнан атып шығып кете жаздап барып шалқамнан түстім. Құшағымнан шығып кеткен бас баспалдақты тарсылдата бірінші қабатқа қарай домалап кетті. Шалқамнан түскен менің үстіме төніп қу сүйек болып қалған саусақтарын тамағыма қарай созып келе жатқанда тыпырлауға шамам келмей, көзімді тарс жұмып, үрейленгеннен бар дауысыммен бажылдап жатырмын. Әйелдің ышқына бақырған даусына тағы бір сондай дауыс келіп қосылды. Қас қағым сәтте көз алдымнан бар әлем айналып бір өтіп, енді «өлдім-ау» деген ой ғана санама келіп орнап тұрып қалды. Мұздай суық лебі бетімді қарып, тамағыма қатты бір дүние тие беріп еді, артынша шар ете қалған дауыспен әлде не менен алыс еденге гүрс ете түскендей болды. Жалма-жан көзімді ашып қалғанымда тура менің үстімдегідей көк халаты бар әлде бір әйел заты маған төніп келе жатқан сұлбамен арып-таласып, алысып-жұлысып жатыр екен. Мен еңбектей қашып сатыға жеттім де, төмен қарай домалай жөнелдім.

Баспалдақтың түбінде жатқан бастың үстінен домалай өтіп шыға беріске қарай ұмтыла беріп шорт тоқтап, еріксіз шалқалай бердім. Есік қып-қызыл шоқ болып лаулап жанып жатыр екен. Маңайына жуығанды өзіне тартып жалмап алардай. Амалсыз басты құшақтап үстіге қарай қайта ұмтылдым. Үстідегілер әлі жұлысып жатыр екен. Қураған қу сүйектер бір-біріне шарт-шұрт соғылып, жаңқаштанып ұшып жатыр. Менің басты алып келе жатқанымды көріп манағы сұлба көк қалаттыны тастай салып маған ұмтылды. Мен шегіншектей беріп артқа қарай тағы жығылдым. Бас тағы домалап төменге кетті. Көк халатты оны маған жеткізбей ұстап қалып ары қарай арпалыса жөнелді. Мен сүріне-қабына бірінші қабатқа жеткенімде манағы шыға беріс есіктегі жалын залдың ортасынан асып қалыпты. Әне-міне баспалдаққа да жеткендей. Басты ала сала тағы жоғары қарай ұштым. Арпалысып жатқан екеуінің жанынан өтіп басты енді іле берем дегенде сұр киімді сұлбаның қолына аяғым ілініп кетті. Ол мені лақша үйірген қалпы баспалдаққа қарай тағы лақтырып жіберді. Бас ілінбеген қалпы сол жерде қалды. Қабырғаға соғылып барып баспалдақпен төмен қарай домалай жөнелгенімде жалынның баспалдақтың түбіне жетіп қалғанын көріп, жан дәрмен жақтаудағы темір торды ұстай алып өзімді әзер тоқтаттым да, төрт аяқтап үстіге қарай ұмтылдым. Бұл жолы көк халатты қарсыласын астына басып жұмарлап жатыр екен. Атылған қалпы басты қолыма алдым да маңдайшалықта тұрған ілгішке іліп үлгердім. Жер қақырып айырғандай әлде не гүрс ете түсті де, құлақ тұндыра шыңғырған әйел даусы шыңылдаған қалпы ауада ұзаққа дейін тұрып қалды. Екі тіземді тірей алмай еденге гүрс етіп жүрелеп отыра кеттім. Орнымнан тұруға дәрменім жетер емес. Жер бауырлап сүйретіліп отырып манағы өзімнің жүктерімді қойған жатын бөлмеге әзер жеттім. Салулы тұрған дайын төсекке шығуға шамам келмеді. Төсектің жанына жете екбеттеген қалпы басымды сол жағыма қарай қисайта сұлық жатып қалдым. Есім кіресіл-шығасылы. Талығып барып ұйықтап кетіппін.

*   *   *

Қап-қараңғы бір шыңырауға қарай құлап бара жатып селк етіп оянып кеттім. Жоқ, денем тастай қатып қалыпты. Қимылдар емес. Тек іші бауырым ғана солқ ете түскен екен. Төсектің үстінен екі әйел адамның даусы естіліп тұр:

– Әпке-тай, өліп қалдым ба сонда?

– Жоқ, тірі…

– Екі сөтке бойы дым сызбай жатыр ғой…

– Егер өлген болса онда, үйдің ішін үрей басып кетер еді.

– Қалай?

– Адам баласы жердің жаратылысы емес қой…

– Біз де…

– Олар топырақтан жаралған. Ал, біз желден…

– Иә…

– Біз жер мекендегі дәм-тұзымыз таусылғанда ғарыш мекенімізге кетіп қаламыз. Жерде ешнәрсеміз қалмайды.

– Адамдаршы?

– Олардың жаны ғарыш мекенге кеткенімен тәні жерде қалады.

– Жерде қалған тән бәрі бір топыраққа айналады ғой…

– Жер бетіндегі мақұлықтардың барлығы өлген соң топыраққа айналады. Тірісінде бір-бірін сонша қорқытатын жыртқыш аңдардың барлығы өлген соң бойындағы бар жыртқыштығынан, үрей туғызатын айбарлы қасиетінен ада болып топыраққа бірден сіңе алады. Ал адамдар олай емес. Тірлігінде қанша ақкөңіл, мейірімді, шапағатты болғанымен өлген соң үрейлі болады. Содан кейін де кейбіреулері тәнін жерге көміп жасырса, енді біреулері сүйекті өртеп, арнайы шығарып салып барып үрейден құтылады. Адамдар жерге жат болғасын жерді өздеріне ыңғайлап тірлік жасайды. Туыла сала сол тірлікке бейімделгенше дербес өмір сүре алмайды. Сол үшін де олар тұрар үй салады, жүрер көлік жасайды. Болмаса жер бетіндегі мақұлықтарды пайдаланады. Жүгіріп жете алмайтын жеріне жылқыны, көтеріп апара алмайтын жеріне түйені, тоңбас үшін аң-құстың тері-жүнін… Табиғаттың өз дүниесін сол қалпында пайдалана алмайды… Сол үшін де олар от жағып тамақ пісіреді.

– Ал осындағы жатқан мүрделерші? Оларды неге көмбеді?

– Осындағы мүрделер жасырылмаған соң, жаннан ажырағаннан кейінгі амалдары жасалмағасын осы үйді ешкім мекендей алмай жүргені сол. Оларды көметін адам болмады. Адамның қатыгездігі өз өзін аямайтындығында. Жер бетіндегі асыл зат үшін жақындарының жанын қиюға бар. Бағзы заманның баһадүрлерінің тұлпарының басымен төрт тұяғы бұлар үшін ең асыл дүние. Сол төртеуі бірдей тойымсыз біреудің қолына түссе осы жер бетін тұтасымен өзіне сатып ала алады. Осы үйдің иесі өлерінде қара шаңырақтағы ұлына тұлпардың басын, ал, ұзатылып кеткен төрт қызына төрт тұяғын мұраға қалдырған. Осында көшіп келе сала қария қайтыс болып, басты көрген қаныпезерлер үй ішін түгелмен қырып басты алып кеткенде енді қалған төрт тұяқты таба алмай жүр. Осы қаланың әр жеріндегі бекітілген терезесі бар үйлердің барлығында осындай жазықсыз адамдардың мүрдесі бар. Қарақшылар келіп басты алып, үй ішіндегілердің барлығын қырып тастап, соңында қалған кішкене қыздан қалған тұяқтардың қайда екенін сұрап қинай бастағанда атасының ауызынан естіген бір ауыз сөзді ғана айтып бере алған еді.

– Қандай сөз ол?

– Тұлпардың басы мен тұяғын тек аспан түстес көк пердемен жабылған үйде ғана ұстаңдар деген. Соны естігендер қызды да өлтіріп тастап қаладағы көк түсті перделі үйдегілердің барлығын өлтіріп үйін тінтіп келеді…

– Мына жігіттің үстіндегі көк халат бір кездегі осы үйдегі перде емес пе?

– Иә! Бұның арғы аталары даңсалы бақсы, әулие болған адамдар. Біздің үлкен апамыз Жәми сол кісілермен байланыста болған екен. Осы зұлматты тоқтатып қанша адамның жанын қиған қу баспен құр тұяқтардың құнын жойып тоқтата алатын көк тұмар ғана. Ал ол тұмарды ұстауға тек осы жігіт қана лайық. Сен алғаш осы үйдегі қырғыннан соңғы қанға жығылып қалып бойыңдағы қара күш еселеніп бастың орынан қайта келгенін өзің де білмей көп азап тарттың. Әуелі мен болмағанда мына жігітті өлтіріп осы үйді толығымен өртеп жіберер едің…

– Әпкетай, менің есімде ешнәрсе жоқ. Тек бас орынына келсе тағы сондай қырғын басталады деген үрей ғана қалыпты есімде.

– Бұның бойындағы тұмар мен үстіндегі көк халат қана сенің жойқын күшіңнен сақтап қалды. Әйтпегенде, әуелде-ақ, бұрын да осында келген адамдардай мәйіп болар еді…

– …

Қыздардың әңгімесі таусылар емес. Түсім шығар деп ойладым. Ұйқымнан оянып, үрейлі түсімнен айыққым кеп қанша тырбынсам да онымнан еш өнім болмады.

Бір кезде барып қыздың біреу:

– Таң іргесі сөгілді… енді демалайық… – деп сыбдырсыз тұрып екіншісін ертіп бара жатқанын сездім.

*   *   *

Терезеден түскен күннің ащы сәулесінен қара терге малшынып жатып оянып кеттім. Орнымнан атып тұрдым. Түнде қорқынышты түс көрген шығармын деп астыға түстім де жуынатын бөлмеге кіріп беті қолымды тастай суық суға жуып тұрып түндегі түс емес, өңім екенін ойлағанда тұла бойым қалтырап, екі тізем дірілдеп барып отыра кеттім. Шамасы шай қайнатым отырған соң барып қайта ес жинап кіреберістегі залға келдім. Бәрі аман. Тек ауада бір қоңырсық иіс қалып қалғандай. Кіреберістегі есіктің түбінде жатқан көк сөмкеға келіп көзім бағжаң ете қалды. Сөмкенің жартысы күйіп қалыпты. Жалма-жан есікке ұмытылдым. Ашық тұр екен. Атылып сыртқа шыққанымда үйдің маңайына топырлап жиылып алған қалың адам тым-тырақай қаша жөнелді. Менімен бірге әлде не келе жатыр ма деп жан-жағыма жалтақтап қарадым. Ешнәрсе жоқ. Дөңнен төменге түсіп көше бойлап біраз жүрдім де, өтіп бара жатқан бір көлікті тоқтатып қалалық Сәулет-құрлыс мекемесіне жеткізіп тастауын өтіндім. Бетіме бажырая қараған жүргізуші:

– Өңіңіз қуарып кетіпті. Сізге әуелі емханаға бару керек емес пе? – деп сұрады.

– Жоқ, мені бірден Сәулет-құрлыс мекемесіне жеткіз!.. – дедім мен Жұманның мені мұнда әдейі жібергеніне қаным қарайып.

Зәукіген көлік қаланың ортасын қақ жарып өтіп межелі жерге алып келді.

Мен көліктен түсіп жатқанда есік алдында шылым шегіп тұрған Мәкен мен Дастан мені көре сала жын ұрғандай ішке қарай тапырақтап тұра жүгірді.

Жеткізіп тастаған жүргізушіге рахметімді айтып ішке ендім. Мен ғимарат ортасындағы кең баспалдақпен тарсылдатып көтеріліп бара жатқанымда әр есіктен сығалаған адамдар мен қарай қалсам тарс еткізіп есіктерін жауып ала берді. Ақыры үшінші қабатқада көтеріліп кешегі кабинетке жеттім. Іште даурыға сөйлеп жатқан адамдардың даусын елемей есікті серпе ашып ішке кірдім. Мені көре сала Жұман орнынан көтеріле беріп, бір жағына қарай қисайып құлап бара жатты.

– Бар ұста! Әкетіңдер мына жерден! – Мәкенге қарап ақырып жібердім. Мәкен мен Дастан екеуі бірдей ұмтылып Жұманды құлап жатқан жерінен қолтықтап тұрғызып сыртқа қарай алып ұша жөнелді. Мен биік креслоға келіп дүрс етіп отыра кеттім де, кеудемді керген кек пе, ашу ма, үстел бетіндегілердің барлығып бей берекет лақтыра бастадым. Үстелді қаптаған тері жабындыны жұлып алғанда астындағы бір жапырақ картинаны көріп кілт тоқтадым. Картинада кешегі мен алып келген бас пен жылқының күмістей жарқыраған төрт тұяғының суреті.

Мен орнымнан атып тұрып, қайта отырым да, алдымдағы телефон тұтқасына қол создым.

Фото: look.com.ua

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.