Шығыс Қазақстандық депутаттар. 2017 жыл.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты қазақ тіліне немқұрайды қарайды. Бұл туралы өңірдегі «Жас алаш» тілшісі хабарлайды.

Облыстық мәслихаттың deputate.gov.kz сайтына кіріп, қай депутаттың қайда қабылдайтынын қарағанымызда қазақ тіліне деген құрметтің аяқ асты болып жатқанын көрдік.

Мәселен, бұрын Семей медицина университетінің ректоры қызметін атқарған мәлсихат депутаты Рахыпбеков Төлебай Қосиябекұлының қызметіне көз салайық: «АҚ «Астана Қаласының медициналықуниверситет» директоорлар кеңесінің төрағасы» деп көрсетілген. Дұрысы – «Астана қаласының медициналық университеті» директорлар кеңесінің төрағасы» болып жазылса керек. (Мұны, қате десе, өздері жариялаған нұсқадағы қосылып кеткен сөздерді ажыратып, «Қаласының» сөзіндегі бас әріпті кішірейтіп алсын-авт.)

««ӨК ТМК» АҚ президенты (солай жазылған — авт.) қызметін атқаратын депутат Мамутова Әсем Тілекқызының қабылдау мекенжайына көз салайық: «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы
Өскемен қаласы,
Қ. Қайсенова көшесі (Дұрысы – Қайсенов көшесі).
Дәл осы қате нұсқа автоматты түрде көшіріліп, Ольга Рыпакованың, Зарина Қамасованың, тіпті, ШҚО мәслихатының хатшысы Владимир Головатюктің де «бақшасына» түсіп кеткенін жекелеп ашып тексергенде байқадық.

«Нұр отан» партиясы атынан сайланған тағы бір мәслихат депутаты «Зайсан құрылыс» ЖШС директоры Нұрасыл Болатбек Икепұлының

«Қабылдау орыны және уақыты: Зайсан қаласы, Жангелдин көшесі, 133, «Зайсан» құрылыс компаниясы »ЖШС кеңсесі — сәрсенбі, сенбі айының 9.00-ден 12.00-ге дейін» екенін ойша шамалап қана түсінген болдық. Бірақ, сәрсенбі мен сенбінің зайсандық депутат үшін аптаның емес, айдың күндеріне қалай жататынын түсіне алмадық.

№ 33 Зырьян сайлау округі бойынша облыстық мәлихатқа өткен «нұротандық» Ержан Ақтанұлы («Восток-АгроХолдинг» ЖШС бас директоры) нағыз «сенімді адам» екен. Қарайық:

Қабылдау орыны және уақыты: Зыряновск қ, Бочарникова көшесі, 18/1, «Шығыс-Найман» ЖШС кеңсесі — дүйсенбі әр айдың бірінші онкүндігінде 9.00-18.00 сағат аралығында (жеке). Сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін үзіліс жасаңыз.
Бейсенбі сайын әр айдың екінші онкүндігінде сағат 9.00-18.00 (сенімді адам).
Сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін үзіліс жасаңыз».
Құрметті сайлаушы, естідіңіз бе? «Үзіліс жасаңыз».

Ал, №29 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихат депутаты Тасболат Битеновтің ұлты «орыс» екенін көргенде өз көзімізге өзіміз сенбедік. Абай ауданының орталығы Қарауылда тұратын қазақ депутаттың ай-күннің аманында «орысқа» айналып кеткені қызық. «Ұлты: орыс» деп көрсетілгенін Тасболат Қажымұханбетұлының өзі байқаса қандай күйде болар екен?..

Аудандық, қалалық емес, «Нұр Отанның» атынан білдей облыстық мәслихатқа өткен депутаттар туралы мәліметтің сиқы осындай. Билік партиясы екендіктерін айтып, кеудесін кере мақтанатын «нұротандық» депутаттар сайтта өріп жүрген өздеріне қатысты қателіктер туралы не дейтінін өздеріне қалдырдық.

Фото: deputate.gov.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.