Көрнекі сурет

Атырау аймағында еңбек етіп жатқан гастербайтерлердің анау-мынау жағдайларда «ауызбастырық» беріп, күн көретіні жасырын емес. Сондықтан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары мен көші-қон қызметінің аға инспекторының Өзбекстан азаматтарынан жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінуі жаңалық емес.

Белгілі болғандай, органда қызмет ететін подполковник пен полиция майоры биылғы мамыр-тамыз айларында шетелдік еңбек күшіне жұмыс істеуге рұқсатты тез әрі кедергісіз алып бергені үшін қолдарын «майлап» келген. Олар алды делініп отырған параның жалпы көлемі 213 мың теңгені құрайды. Тексеру кезінде шетелдіктерге тиесілі 80 төлқұжат пен 600 мың теңге тәркіленген, қазір олардың қайдан шыққаны мен қылмыстық іске қатысының бар-жоғы анықталуда. Осыған байланысты Астанада өткен брифингте аталған агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарова шенділердің кінәларын мойындағаны себепті тұтқындалмағанын, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүріп жатқанын мәлімдеді.

Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы 6 қыркүйек күні бір емес, екі бірдей кәсіпкерден пара алады. Салықтық берешегінің бары жайлы хабарламаны жарияламау, жеке кәсіпкерлік нысанының жұмысын заңсыз тоқтату, шағын бизнеске «қамқорлық» көрсету сынды «қызметтер» бір кәсіпкер үшін 60 мың теңгеге, екіншісі үшін 10 мың теңгеге түседі. Осы екі оқиғаның арасында бар-жоғы он минут қана өтіпті. Аталған мекемеде бұрынғы жылдары да осындай айыптауларға іліккен қызметкерлердің болғанын ескерсек, мұны да тосыннан болған таңғаларлық жәйт деп айту қиын.

Десек те, биыл «бармақ басты, көз қыстымен» қолға түскен басшылардың қатары көбейіп келеді. Өткен тамыз айында Мақат аудандық соты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері осы жылдың басында ұстаған Мақат ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Мүсепов пен аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Құралбек Адамбаевқа қатысты үкім шығарған болатын. Оларға құрылыс мердігерінен 500 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған-ды. Әкімнің орынбасары жеті жылға бас бостандығынан айырылып, құрылыс бөлімінің бастығына параның жетпіс есе көлемінде, яғни 35 миллион теңге айыппұл тағайындалған. Бірдей айыптауға іліксе де сыбайласынан гөрі ауырлау жазаға кесілген Мүсeпов апелляциялық шағым бергенмен, үкім өзгеріссіз қалған.

Фото: tengrinews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.