Көрнекі сурет

Қыркүйектің 12-сі күні Атырау облыстық перинаталдық орталығында 25 жастағы Марта Баймұханова көз жұмды. Ол жүктіліктің 38 аптасында болған. Аталған орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаевтың мәліметі бойынша, марқұм онда сағат 8:55-те өте ауыр, клиникалық өлім  жағдайында түседі. Бір сағат ішінде оның жүрегі үш  рет тоқтап, сағат 10:10-да қайтыс болғаны тіркелген. Ақ халаттылар қанша тырысса да әйелдің өмірін құтқарып қала алмаған.

Өкінішке қарай, мұнайлы өңірде бұрын-соңды да мұндай өкінішті жағдайлар орын алған еді. Алайда, дәл осы жолы қайғылы оқиғаның жай-жапсары бірнеше тәулік бойына құпия ұсталды. Белгілі болғандай, көз жұмған келіншек салифилік бағытты ұстанған. Бір деректер бойынша, оның намазхан күйеуі «скорыйдағы» ер адамды «әйелімнің әуретті жерін қарайды»  деп кіргізбей бір сағат үйде отырған, соның салдарынан, әйелі комаға түсіп кеткен.

— Ондай жағдай болған жоқ. Жедел жәрдемдегі әйел адам болды. Тек Марта үйдегі кішкентай балаларды ойлап әрі ертең керек-жарағын жинақтап, алып барайын деген оймен бармайтынын айтып, қолхат жазып берді. Ешкімге ешқандай талап-арызым жоқ, — деп қысқа қайырды марқұмның күйеуі Бектас «Жас алаш» тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, бейресми дерек көзі М.Баймұқанованың мәйітін мәйітханаға беруде де жамағат тарапынан қарсылық болғанын жеткізеді. Бүгін оның денесі жер қойнына тапсырылды.

P.S. Осы мәселеге орай, бүгін сағат 16.00-де Аймақтық коммуникация орталығы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жедел медициналық көмек станциясы басшыларының қатысуымен брифинг өткізбек. Онда анықталған жайларды «Жас алаш» тілшісі қосымша хабарлайтын болады.

Фото: YK-news.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.