Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан зейнетақы саласында түбегейлі реформа жүргізіп, жинақтаушы зейнетақы жүйесін ендірген еді. Халықтың зейнетақы қорына аударатын жарнасы инвестициялық табысқа айналып, оған зауыт-фабрика, инфрақұрылым салынады деген уәделер көкке ұшып, зейнетақы жүйесі құлдырауды бастан өткерді. Шетелде іске асқан жинақтаушы зейнетақы реформасы Қазақстанда неге сәтсіздікке ұрынды? Кезінде Қазақстан жинақтаушы зейнетақы қорлары қауымдастығын басқарған сарапшы Айдар ӘЛІБАЕВ бізге мұның себептерін тізіп берді. Сондай-ақ ол елдегі әлеуметтік ахуал, банк нарығындағы астыртын ойындар, үкімет отставкасы мен ықтимал президент сайлауын да сөз етті.

  Қажыгелдин сеңді орнынан қозғады

– Айдар Байдәулетұлы, осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесін қабылдаған еді. Осы 20 жыл ішінде еліміздің жинақтаушы жүйесі түрлі қилы кезеңді бастан өткерді. Таяуда осыған қатысты «Курсив» басылымына сұхбат берген Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко «1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу өзінің дұрыстығын дәлелдеді» депті. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе? Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қабылдау дұрыс қадам болды ма?

– Мұның дұрыс-бұрыстығы жөнінде сөз қозғамас бұрын, бұл мәжбүрлі шара болғанын айтып өткен жөн. Г.Марченко сұхбатында «сол тұста ортақ зейнетақы жүйесі қарызға белшеден батып, 10-11 ай бойы зейнетақы төленбеді» депті. Расында да, ауыр ахуал қалыптасты. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуді бізге Дүниежүзілік банк ұсынды. Бұл жекешелендіру тәрізді халықты кедей-кепшікке айналдырудың жолы еді. Сол тұста мұны түсінбесем де, қазір соған көзім жетті. Дегенмен, жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің механизмі мен идеясының өзі жақсы,  ақылға қонымды. Яғни мемлекет бойында күш-қуаты бар, еңбекке жарамды адамды жас кезінен бастап қарттық шағы туралы ойлауға мәжбүрлейді, екінші жағынан, мемлекет өз мойнындағы жүктен құтылады. Бұл – бір. Екіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің идеологтары адамдардың зейнетке жиған қаржысы құр бекер жатпайды, мемлекет пен экономика мүддесіне жұмыс істейді, фабрика-зауыт, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысына жұмсалады деген салмақты уәж келтіретін.  Яғни ақша жобаларға жұмсалып, пайда әкеледі, есесіне жұмыс орындары ашылып, мемлекетке салық төленеді деп кесіп-пішілді. Осылайша бұдан түскен табыс жинақтаушы зейнетақы қорларына, мемлекет пен қорлардың акционерлеріне түседі, бәрі шалқып-шылқып өмір сүреді делінді.

    Шын мәнінде жинақтаушы жүйені оп-оңай қабылдай салған жоқ, халық бұған өре түрегелді, қатты қарсыласты. Тіпті Қарағандыда шахтерлерге түсіндіру жұмыстарымен барғанда, олар «жалақымыздың 10 пайызын қолды қылмақсыңдар»  деп бізге бояу шашқан. Ол тұста ашық қоғам орнаған, шахтерлер өз мүддесін қорғап, пікір айтудан жасқанбайтын, қоғамның кәдімгідей қозғаушы күші еді. Оның үстіне ол тоталитарлық-коммунистік жүйенің шекпенінен жаңа шыққан кез еді, жұрттың бәрі зейнетақы төлеу – мемлекеттің мойнындағы міндет, зейнет жасына жетсең болды – мемлекет зейнетақымен қамтамасыз етеді деген түсініктен әлі арылмаған. Ал енді сондай жағдайда коммунистік жүйенің ең үлкен әлеуметтік жетістігін жеке қолға өткізіп жіберуді халық мүлде түсінбеді. Десек те, көп кедергіге қарамастан, жинақтаушы жүйе ақыры ендірілді. Бүгінде зейнетақының бұл жүйесі біздің арқамызда ендірілді деп кеудесін соғып жүргендер көп. Бірақ түптің түбінде бұл олардың еңбегі емес. Бұл реформаны іске асырған және сеңді орнынан қозғаған – сол кездегі үкімет жетекшісі Әкежан Қажыгелдин. Оның орнында Терещенко немесе жауапкершілікті мойнына алудан қорқатын Сағынтаев немесе Мәсімов болса, ешқандай зейнетақы реформасы іске аспайтын еді деп 100 пайыз сеніммен айта аламын. Өйткені бұл премьер-министрлер – салмақты шешім қабылдай алмайтын, жауапкершілікті мойнына алмайтын селқос тұлғалар. Ал Қажыгелдин жауапкершілікті мойнына ала алды.  Г.Марченко өз сұхбатында «премьер бүкіл министрліктер мен Ұлттық банкті құжатқа қол қоюға мәжбүр етті» депті.

– Иә, бірақ Марченко премьердің аты-жөнін атамаған…

– Иә, ал мен оның аты-жөнін ашық айта аламын.  Зейнетақы реформасына кедергілер көп болғанына қарамастан, оны қабылдатқызып, іске асыруда ерен еңбек сіңірген – Қажыгелдин.

Зейнетақы жүйесі Қазақстанда неге құлдырады?

 – Ал енді 20 жыл өткеннен кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесі тиімділігін дәлелдеді ме?

Жоқ. 1998 жылы зейнетақы жүйесі қазіргідей күй кешетінін білсем… бұл әрі-беріден кейін халыққа қанаты бар тұлпар жасап шығарамыз деп айтып алып, орнына есек жасап шығаратын генетикалық тәжірибемен пара-пар дүние. Неге дейсіз ғой. Біріншіден, бастапқыда бәрі жақсы болғанымен, артынша алғашқы дефолттар болды. Бүгінде бұл дефолттар зейнетақы ақшасын жымқырудың астыртын әрекеті екеніне көз жетті. Кейін бұл дефолттар көбейді, зейнетақы қорларына дефолттардың алдын алуға көмектесіп, бақылауы тиіс мемлекеттік органдар – бас прокуратура, сол тұстағы қаржы қадағалау агенттігі, қаржы полициясы әрекетсіз отырды. Былайша айтқанда, зейнетақы қорларынан ақша ұрлана бастады, бірақ онымен ешкімнің ісі болмады. Екіншіден, жекеменшік зейнетақы қорларын бірыңғай ұлттық зейнетақы қорына біріктіріп жіберді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ең үлкен кемшілігі мен осал тұсы бұл. Сол тұста оларды біріктіруге қарсы шыққан едім, бірақ жалғыздың үні шықпастың керін тарттым. Айтпақшы, «Курсивке» берген сұхбатында Марченко жекеменшік зейнетақы қорларын бірыңғай ұлттық зейнетақы қорына біріктіруге қарсы болғанын тәптіштепті, солайы солай шығар, дегенмен ол үн-түнсіз отырды, Қ.Келімбетов пен зейнетақы қорларын біріктіруге мүдделі өзге күштерге қарсы шықпады. Меніңше, жекеменшік зейнетақы қорларын бір қорға біріктірудегі мақсат та қымқырылған ақшаның ізін жасыру болған сияқты. Енді жекеменшік зейнетақы қорлары ақшаны қандай күдікті қағаздарға салды, қандай дефолттарға ұрынғанын қазір кім тергеп-тексеріп жатады?! Мұның ақ-қарасын ажыратып, ізін табу қиынға айналды. Бірақ ашамын деген ниет болса, қаржы қымқырғандарды әлі де анықтауға болады, ақшаның ізі құмға сіңіп кеткен жоқ.

     

Айдар Әлібаев: Қазақстанда бірде-бір реформа іске аспайды
Г.Марченко демалыста  фото nonrepeat16.rssing.com сайтынан

Тағы бір  айта кететін нәрсе – зейнетақы жүйесінде екінші деңгейлі банктердің рөлі басым болды. Тіпті ақыр аяғында жекеменшік зейнетақы қорларына банктер иелік кетті. Артында ірі банктер мен ірі өнеркәсіп-қаржы топтары тұрған ірі зейнетақы қорлары әкімшілік ресурс пен ақшаның арқасында кішігірім зейнетақы қорларын жұтып алды. Қарапайым тілмен айтқанда, зейнетақы жүйесінің нарығында астыртын сөз байласып әрекет ететін ірі ойыншылардың монополиясы орнады. Кезінде зейнетақы жүйесінің тәжірибесін зерттеу үшін Чилиге барғанымызда, «банктерді зейнетақы жүйесіне жолатпаңдар, тіпті банк қызметкерлерін жұмысқа алмаңдар» деген ақыл-кеңес естідік. Неге? Өйткені олардың психологиясы бөлек, олар кез келген жолмен ақша табуды көксейді. Ал зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді әлеуметтік мақсат көздейді. Зейнетақы жүйесі ең алдымен пайда табу емес, ақшаны сақтап қалуға мүдделі. Ал бізде болса мұнай бағасы аспандап тұрғанда ресейлік мұнай компанияларының қағаздарын сатып алып, артынша оңбай ұтылып, ақшаның орнын сипап қалды. Мұның бәрі пайда табудың соңында кеткен банк акционерлерінің тірлігі еді.

    Десек те, зейнетақы жүйесінің ең басты кемшілігі және оны құрдымға кетірген бірден-бір себеп – ақшаны инвестициялаудың тетіктері атымен жоқ. Бүгінде зейнетақы ақшасын ұлттық экономика мүддесі үшін жұмсайық деген тірі жан жоқ. Қазір зейнетақы қаржысының жартысынан астамы мемлекеттік құнды қағаздарға салынған. Бұл – экономиканы тиімсіз басқарудың нәтижесінде пайда болған бюджет саңылауын жабатын қағаздар. Демек, зейнетақы қорындағы 9 триллион теңгеден астам ақшаның жартысы мемлекеттің азаматтар алдындағы ішкі қарызына салынды деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, зейнетақы қорындағы қаржы есебінен банктерге көмектесу деген тіпті ақылға қонбайтын дүние. Жақында зейнетақы қорының 200 миллиард теңгесі тағы да банктерге берілетіні хабарланды. Әрі-беріден соң банктер – экономиканы аяқтан тік тұрғызбайтын, халық пен мемлекетті теспей сорып пайда табатын арамтамақ жүйе. Сондықтан оларға ақша беру қылмыспен пара-пар. Өйткені банктер халықтың ақшасын төмен пайызбен алып, ертеңгі күні соны халықтың өзіне үлкен пайызбен несиеге бермек.

Зейнетақы қорында шоғырланған халық қаржысын басқаратын Ұлттық банк оны Занзибар тәрізді мемлекеттер мен әлемдегі жекеменшік компаниялардың қағаздарына инвестициялап жатыр. Былайша айтқанда, халықтың жиған-терген ақшасын бүкіл әлемнің түкпір-түкпіріне салып жүрміз. Жұрттың тапқан-таянған азғантай жалақысынан жырып беріп, зейнетақы қорына аударып жатса, ол ақшаның қызығын өзге мемлекеттер көріп отыр. Бұл барып тұрған ақымақтық пен салақтық.

     Қызығы, бұл процестерге еш әсер ете алмаймыз. Сондықтан зейнетақы қорына аударылатын 10 пайыздық жарнаны өз басым халықтың қосымша салығы деп қарастырамын. Жұрт бұл ақшаны төлеуге мәжбүр, есесіне мемлекет оны өз әмиянындай көріп, ойына келген жеріне жұмсап, рақатын көріп жүр.

– Бірыңғай ұлттық жинақтаушы зейнетақы қорын құрғанда мемлекет зейнетақы қорындағы ақшаға қол жеткізіп, оны оңды-солды жұмсайтын мақсат көздемеді ме?

– Иә, қорларды біріктірудің бір себебі – осы.  Әрі ұлттық бірыңғай зейнетақы қорын құруға мүдделі адамдар болды.

– Кімдер?

– Атын атап, түсін түстемеймін. Бірақ бұл адамдар бірнеше мақсат көздеді. Ақыр соңында президентті көндіріп, 15 жыл бойы жұмыс істеген жинақтаушы зейнетақы жүйесін қор қылып, 10 мыңнан астам адамды жұмыссыз қалдырып дегендеріне жетті. Нәтижесінде зейнетақы қорлары таратылғандықтан, бұл онсыз да жарымжан күй кешкен қор нарығына үлкен соққы болып тиді. Мұндай жағдайда өз мүддесін қорғауы тиіс жекеменшік зейнетақы қорларының акционерлері, қаржы нарығын қадағалаушылар, оның ішінде Марченко үнсіз отырды.

– Жинақтаушы зейнетақы жүйесін ендірерде бұл Қазақстан жағдайында жұмыс істемейді, іске аспайды дегенді болжауға болды ма?

Болжауға болды. Алайда таяқтың екі ұшы бар. Ол 1998 жылы ендірілгенін естен шығармайық. Ол тұстағы реформалардың бәрі Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынды. Қазір Қазақстанда бірде-бір реформа іске аспайды дегенді сеніммен айта аламын. Өйткені билік басындағы адамдар сол орында барынша ұзақ қалып, ақша жеуге ғана мүдделі екенін беске білеміз. Алайда 20 жыл бұрын романтизм, үміт пен сенімнің жетегінде жүрдік. Өз басым мемлекетте ақша жоқ кезде халықтың қаржысына зауыт-фабрика тұрғызып, ақыр аяғында одан пайда көреміз дегенге риясыз сендім. Бұл, расында да, керемет идея еді. Алайда жөргегінде тұншықтырылып, тиімсіз, кәсіби білігі жоқ билік зейнетақы жүйесін өз әмиянына айналдырады деген ой үш ұйықтаса түске кірген емес.

Билік халық сенімінен біржолата айырылды

– Қазір зейнетақы жарнасын төлеп жүрген жас буын зейнетке шыққанда сол ақшаға күн көре ала ма? Жиған-терген ақша инфляция және 3-4 жыл сайын болатын девальвация есебінен құнсызданып жатыр ғой. Қордың инвестициялық табысы да мәз емес.

Жұрт зейнетақы қорына қанша ақша аударса, кейін сол соманы алатыны анық. Зейнетке болашақта шығатын жас буын түгіл, зейнетке әлі шықпаған менің зейнетақы салымдарымды долларға шағып есептесек, осы күнге дейін бірнеше есе құнсызданыпты. Қазір зейнетақы қорында жатқан салымға 1998 жылы үй сатып алуға болатын болса, қазір оған көлік те келмейді. Сондықтан жас буын болсын, басқа болсын зейнетке шыққанда теңгемен жинаған ақшасын алады.

       Әлбетте, зейнетақы қорының ішкі ахуалы ауыр, мәселесі шаш етектен, ресми түрде қорда жатыр деп мәлімделген сома шын мәнінде онда жоқ екені анық. Десек те, инвестиция, табыс пен зейнетке шығатын азаматтарға төленетін төлем арасындағы балансты ұстап тұруға ақшасы жеткілікті деп сенемін.

– Бұл балансты белгілі бір кезге дейін ұстап тұра алар. Бірақ бәрібір жас буын зейнетке шыққанда жиған-тергені құнсызданып, тиынға айналып жатса, мұның арты әлеуметтік жарылысқа әкеп соқтырмай ма?

– 10-20 жылдан кейін не болатынын болжап білу қиын. Дегенмен мемлекеттің өнеркәсіп, әлеуметтік, экономикалық салада қазір жүргізіп жатқан саясаты айтарлықтай сенім ұялатпайды. Осы бетімен кете берсе, зейнетақы қоры дефолтқа ұрынады не болмаса онда ақша қалмайды, яки қор ары қарай жұмыс істеуге дәрменсіздігін хабарлайды деген ықтималдық бар. Өнеркәсібі мен өндірісі жоқ, экономикасы құлдырауға ұшыраған, шағын және орта бизнесі жоқ, табиғи ресурсты сатудан түскен ақшаны сырттан тамақ пен тауар алуға жұмсайтын ел қалай алға баспақ? Бүгінгі ахуал қатты алаңдатады. Өз басым жағымды, бетбұрысты өзгерістерді қалаймын. Оның үстіне халықтың интеллектуалдық әлеуеті, мемлекеттің даму деңгейі мен әйтеуір өлместің күйін кешкен инфрақұрылым, табиғи ресурстар мен үлкен аумақта қоныстанған аз халық тәрізді факторлар әлі де мүлт кеткен жерімізді түгендеп, өзгерістер жасап, ахуалды жақсартуға болатынын айғақтайды. Бәсеке, ашықтық, демократиялық саяси жүйеге қарай ойыссақ, 15-20 жыл ішінде мемлекетті дұрыс даму жолына қойып, ахуалды түзете аламыз.

– Демек, Г.Марченконың «зейнетке тезірек шығып, бақуатты тұрмыс кешу үшін зейнетақы қорына неғұрлым көбірек жарна аудару керек» деген тұжырымымен келіспейсіз ғой?

– Әрине, келіспеймін. Себебі халықтың зейнетақы жүйесіне сенімі жоқ. Зейнетақы жүйесінің күл-паршасын шығарып, жекеменшік қорларды бір қорға біріктіргенде жұрттың сенімі жоғалды. Халық енді өтіріктің жетегінде кетпейді. Мәселен, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев былтырғы қыркүйекте теңге құнсызданғанда, «сарапшылар, экономистер мен журналистер девальвация туралы алыпқашпа әңгіме тарататындықтан, теңге құнсызданды. Бірақ байбалам салудың қажеті жоқ, ақшаны теңгеде сақтаңдар» деп  айды аспанға бір-ақ шығарған. Сөйтіп, Ақышевке сеніп ақшасын теңгеде сақтағандардың салымдары доллармен есептегенде 15-20 пайызға құнсызданды. Ал енді осы адам Ақышевке қайта сене ме? Сенбейді. Сол сияқты Марченконың «зейнетақы қорына неғұрлым көбірек ақша аударыңдар» деген сөзіне де ешкім иланбайды. Зейнетақы қоры инвестициялық табысты былай қойғанда, ақшаны оңды-солды жұмсайтынын көріп-білген жұртқа ерік берсе, зейнетақы қорына ерікті түрде көбірек жарна аудару түгіл, қазіргі 10 пайыздық жарнаның өзін бермес еді. Әйтеуір, заңнан аттап баса алмайды, заң міндеттеген соң ғана соған мойынсұнып отыр. Ал зейнетақы қорына жиған ақшасын қазір алуға мүмкіндік берсінші, жұрттың 99 пайызы ақшасын сол мезетте талап әкетер еді. Себебі, біріншіден, зейнетақы қорына сенім жоқ. Екіншіден, халық ақшаға мұқтаж. Жақында басылымдардың бірінен Статистика комитетінің ресми мәліметінен алынған ақпарат негізінде түзілген кестені көріп қалдым. Оған сенсек, халықтың 70-80 пайызының жан басына шаққандағы табысы 80 мың теңгеден аз. Мұндай ақшаға қайтіп күнелтпек? Сондықтан ерік берсе, жұрт зейнетақы салымын табан астында әкетеді. Ұлттық бірыңғай зейнетақы қорына құр қарап отырған жоқ,  қулыққа басып, халыққа ақшасын бірден бермеудің түрлі қитұрқы амалын ойлап тапты. Егер бұрын зейнетақы қоры жылына әуелі 300 миллион, сосын – 500, артынша 700 миллион теңге берсе, қазір ай сайын төлейтін төлемақыны шектеді. Халық ақшасын барынша ұзағырақ сақтап, аз-маздан ғана берудің жолы бұл. Осы ретте басқа мәселенің басы қылтияды. Зейнетақы қорында небәрі 5 миллион теңге жинаған адамға 50-70 мың теңгеден беріліп тұрады десек, онда ол адам жиған-тергенін 20 жылдан кейін ғана ала алады деген сөз. Бұл ұлттық бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жағдайы мәз емес екенін айғақтайды.

– Қазіргі саяси жүйеде зейнетақы жүйесін құтқарып қалудың жолы бар ма?

– Билікке қазіргі ұлттық бірыңғай зейнетақы қоры өте тиімді. Қорды ақша қарпып отыратын астауға айналдырды. Жоғарыда айтып өткенімдей, зейнетақы қорының халыққа жиған-тергенін қайтаратын шамасы бар. Бірақ онда нақты қанша ақша бар екені белгісіз. Десек те, қазіргі саяси жүйеде жақсы, бетбұрысты өзгерістер жасалмайды. Өзгеріс болған күннің өзінде, ол теріс бағыттағы, кері шегіндіретін өзгеріс болмақ.

      Халықта неге сенім жоқ? Алысқа бармай-ақ, президенттің өзі айтқан «7-20-25» бағдарламасын мысалға алайық. Әуелі жұмыс істеп жүрген, тұрақты табысы бар азаматтар ғана оған қол жеткізе алады деген шектеу қойылды. Содан кейін несие сомасы 25 миллион теңгеден аспауы керек деген шектеу шықты. Бұл – ресми шектеулер ғана, банкке барғанда басқа да кедергілерге тап болатының анық. Сөйтіп, шын мәнінде баспанаға мұқтаж жұрт үшін бұл бағдарлама қолжетімсіз болып қалды. Мұндайда халық сенімі туралы сөз қозғаудың өзі артық.

– Президент сәуір айында көрсеткіштері нашар деп сөккен үш банктің екеуі лицензияларынан айырылды. Банктер ісіне араласып, баға беру – президент атқаратын міндет емес. Олай болса, Н.Назарбаев сынаған банктердің бүгінгідей кеп құшуы кездейсоқтық па?

Үш банк туралы айтқанда президент «ол банктердің менеджменті нашар, несиені шектен тыс көп алды» деген дәйектерді келтірді. Бұл, біріншіден, онша сенім ұялатпайтын деректер. Тап бір оқып жаттап алғандай көрінді. Соған қарағанда осы банктерді құртуға мүдделі белгілі бір топтар аузына сондай сөз салып бергендей. Бұл банктерді бәсекелес деуге келмейді, дегенмен мақсат – осы институттарды жоюдың арқасында олардың нарықтағы орнын алу. Былайша айтқанда, банк нарығында беті шымылдықпен бүркеулі астыртын ойындар жүріп жатқандай. Енді, міне, Qazaq banki мен Эксимбанктің жаназасы шығарылды. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев мұның себебін түсіндіргенде, «бұл банктерде нашар несие тым көп, ақша жеткіліксіз» дегендей себептерді тізді. Бірақ мұндай проблемалар барлық банкте бар. Алайда, қызығы, бір банктердің басына бұлт үйіріледі де, екінші банктер емен-жарқын жұмыс істей береді. Айталық, ұлттық бірыңғай зейнетақы қорынан бөлінетін 200 миллиард теңгені қай банктер иеленбек? Сол баяғы төрт банк, енді сол банктердің артында кімдер тұрғанын қараңыз. Осыдан-ақ Qazaq banki мен Эксимбанк не себепті лицензиядан айырылғаны түсінікті. Олар ақша, әкімшілік ресурсы жеткіліксіз болғандықтан ұтылды. Қысқасы, банк жүйесінің монополизациясы жүріп жатыр. Шағын банктер жабылып, олардың орнын ірі банктер басуда. Бұл процесс ары қарай да жалғаса бермек. Ірі банктердің жемтігіне айналатын банктердің тізімі Qazaq banki мен Эксимбанкпен шектелмейтіні түсінікті.

– Банк нарығындағы бұл жағдай билік транзитіне дайындық емес пе?

– Әбден мүмкін. Дегенмен қолымызда көп ақпарат жоқ. Транзит кезеңіне дайындықты бастап кеткен әртүрлі топтар қаржылық, ақпараттық, интеллектуалдық, өнеркәсіп ресурстарын қолдарына шоғырландырып жатыр. Сондықтан банк жүйесіндегі бұл ахуал да сол дайындықтың нышаны.

  Үкімет отставкасы пісіп-жетілді

 – Жаңа саяси науқан басталды. Олай болса, үкімет отставкаға кете ме? Алдағы уақытта мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтіп қалуы мүмкін бе?

– Үкіметтің осы күнге дейін жіберген қателіктерін ескерсек, үкіметтің отставкасы әлдеқашан пісіп-жетілді. Алысқа бармай-ақ, жұрт сынап жүрген ішкі істер министрлігін алайық. Министр Қасымов бұл қызметте біраз отырып қалды. Министрліктегі жағдайды бақылауынан шығарып алды. Атырау облыстық ішкі істер департаменті жетекшілігінің казино дауына шатылуы, Алматы ішкі істер департаментіндегі ахуал, ұрлық-қарлық, қылмыстың көбеюі – осының бәрі ішкі істер министрлігінің басына басқа адам келуі керектігін, ал министрліктің өзін реформалау қажет екенін көрсетеді.

      Экономикалық, қаржылық салаға жауапты министрлікті алайық. Ол да әлжуаз, бос, бойкүйез, инвестиция тартқаны шамалы, дамуы атымен жоқ. Түсініксіз бағдарламалар ойлап тауып, портфель көтеріп жүрген жас министрлері ғана бар министрліктерге айналды. Оның да тізгінін басқа адамдар ұстауы керек. Денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру ісіне жауапты министрліктерді алсақ, олардың да жағдайы мәз емес.Сағадиев білім беру саласын құлдыратып жіберді. Қысқасы, үкіметтің отставкасы баяғыда пісіп-жетілді. Үкіметті түбегейлі ауыстыру керек, министрлік басшыларын ғана емес, олардың орынбасарларын, департамент басшыларын, тіпті облыстық басқарма басшыларын ауыстыру керек. Бірақ бізде бәрін бір адам  шешеді ғой, ол адамның ойында не бар екенін кім білсін?!

Президент сайлауына келсек, оны өткізуге негіз жоқ сияқты. Президентті жаңа сайлау өткізуге не итермелеуі мүмкін? Меніңше, ондай себеп жоқ. Ышқырдағы парламент бас көтеру түгіл, өз бетінше әу демейді, үкімет те толық бақылауда, күштік құрылымдар да қолбала тәрізді. Оның үстіне президенттік мерзімнің бітуіне екі жылы бар әлі. Президент сайлауын ерте өткізуге оның денсаулығы немесе белгілі бір қауіп-қатерлер түрткі болуы мүмкін. Алайда біз бұл мәселеден хабарсызбыз.

– Ал әлеуметтік-экономикалық ахуалдың ушығуы ше?

– Ол ушыға береді. Теңге ары қарай да құнсыздана бермек. Теңге құнсызданса, халық кедейленіп, экономика құлдырап, тауарлар қымбаттай береді деген сөз. Теңгені ұстап тұра алатын бірде-бір себеп жоқ. Қараша айында АҚШ конгресі Ресейге қарсы санкциялардың кезекті легін қабылдайтын болса, көресіні сонда көреміз. Бұл санкциялар Ресейге қатты соққы болып тимек. Себебі мемлекеттің үлесі бар банктер оңбай зардап шекпек, валюталық транзакциялар қолжетімсіз болып қалмақ, АҚШ-тың Ресейге экспорты тоқтамақ. Тіпті Ресейдің мұнай өнеркәсібіне жаңа қондырғыларды жеткізу тоқтайды. Бұл мұнай өндірісі азаяды, мұнай табысы түседі дегенді аңғартады. Ал қазір теңгеге мұнай бағасынан гөрі Ресей рублі көбірек әсер етіп жатқанын есепке алсақ, біздің жағдай да мәз болмайтыны белгілі. Есесіне теңге құнсызданғандықтан, сырттан келетін тауар қымбаттап, халық тұрмысы қиындай бермек. Оның үстіне ақша қат кезде бюджет бүйірін толтыруға ұмтылған билік халық қалтасын қаға бастайды. Салық, айыппұл, акциз, тарифтерді көтереді. Мәселе халық бұған қашанға дейін шыдайды – соған келіп тіреледі. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, елде ресурс жеткілікті. Тіпті мұнай, газ, металл өндіру бойынша шетелдік инвесторлармен жасалған келісімшарттарды жіті зерттеп шықсақ та, басы артық ақша табар едік. Бұл келісімшарттар кезінде әділетсіз бағамен жасалған.

– Ол келісімшарттар жабық, онда не жазылғанын білмейміз ғой.

– Онда не жазылғанын білмейміз, бірақ әділетсіз екенін болжап білуге болады. Айталық, Қашағаннан көл-көсір мұнай өндірілуде. Бірақ Қашағанның арқасында ақшаға кенелдік дегенді естімейміз. Неге? Меніңше, өндірілетін мұнайдың бәрін трансұлттық компаниялар өздері иемденіп отыр. Қашаған құрылысына миллиондар жұмсадық деген желеумен енді өндірілетін мұнайды өздері иеленетіндей келісімшарттар түзіп алуы әбден мүмкін. Олай болса, Қашағанның қызығын 3-5 жылдан кейін ғана көруіміз мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

«Жас Алаш» газеті, 4 қыркүйек

СҰХБАТТЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.