көрнекі сурет.

43-пәтер

әңгіме

Нұрбек НҰРЖАН. 43-пәтер
Фото: Нұрбек Нұржан. Фейсбуктағы парақшасынан алынды.

Кемпір өзіне терезеден сүйсіне бақылап тұрған үшінші қабаттағы көршісін байқамастан ауладағы жабайы қара мысықтың жон арқасын әжімді саусақтарымен сипап тұр. Ал үшінші қабаттың балконынан бақылап тұрған мектеп оқушысы Айзада жабық балкон терезесіндегі көрініске қарап алыс ауылдағы өз әжесін сағынып тұрған еді. Аула ішіндегі кәрі ағаштардың сары жапырақтары еденде шашылып жатқан кір киімдердей кезекті жиналатын шағын күтіп жатыр. Алайда бүгін аула сыпырылмайтынын ешкім білмейтін еді, өйткені аула сыпырушысы түнімен арақ ішіп, әлі оянбаған да. Жалғыз аяқ жолмен өтіп бара жатқан бірең-сараң адамдар ғана көзге ұрынады. Ал жол үстіндегі автокөліктер сарқырап аққан өзендей толастар емес. Кемпір, қара мысықты аймалап, сипалауын жалғастыра берді. Үшінші қабаттағы Айзаданың үстіндегі балкон терезесінен кемпір немересінің ашық та тәтті даусы естілді: «әже, шәй ішеміз», кемпір жоғарыға қарап басын изеді де, жабайы мысықты қолына алып дамафон есігіне 43 санын терді. Тағы да сол дауыс «ашылды ма» деді, кемпір «иә» деп темір есікті өзіне тартты.

Олар бүгін таңғы шәйді ұзақ ішті. Күн бұлтты. Бүгін жапырақтар да әдеттегіден көп саудырап түсіп жатыр. Ас бөлмесі алакөлеңке. Ұлы, немересі және кемпір үшеуі шәй суып қалғанына қарамастан дастархан басында үнсіз отыра берді. Тек кішкене қыз «рахат» кәмпитінің қағазына жағылған шокалад майын жалап отыр. Оны мыжып қант салғыштың қасына домалата салды. Ал ол жерде бір уыс тәтті қағаздары үйіліп қалған еді. Әкесі әдеттегідей қызының көп тәтті жегені үшін ала көзімен бір қарап, ұрсайын деп еді, бата алмады. Себебі шешесі немересін қорғаштай кетуге күндегідей дәл қазір даяр емес екенін баласы бірдеңеге мазаланған жүзінен байқап қалды. Шешесінен көзін алып дәліздегі орындық үстінде пыр пыр етіп ұйықтап жатқан кір қожалақ мысыққа қарады, жиіркеніп қалды, әйтседе анасының ұлы не ойлағанын білгендей жалынышты көзқарасын көріп ештеңе демеді. Бірақ, шешесіне қарап басқа әңгіменің ұшын шығарып қойды, – ертең, таңертең міндетті түрде дәрігер қабылдауына барамыз. Өткендегідей бармаймын деп қырсықпассың деп ойлаймын… – деді, кемпір иығында тұрған орамал ұшынан қаттырақ бір тартып қойды да басын изеді.

Сол сәтте астыңғы қабатта Айзада ұйықтап жатқан ағасының бөлмесін тазалап, жинастырып жатқан болатын. Ағасына «тұрыңыз, сабақтан қаласыз» десе де Бәкірдің тұруға құлқы болмады. Бір-екі рет оң көзін жәй ашып терезеге қарап еді, күн бұзылып тұрғанын көріп, ұйықтауға сылтау тапқандай үзіліп қалған тәтті түсін жалғастыруға тырысты. Алайда миын қанша күштегенмен түсін жалғастыру былай тұрсын, ұйықтай алмады. Қарындасы, балкон терезесінен күзді бақылап аз тұрды да терезе жақтауындағы шаңды сулықпен сүрте бастады. Ұзын кірпігінің үстінен қарайған бірдеңе көзді ашып жұмғанша көрінгендей болды да жоқ болып кетті. Артынан «дүрс» ете қалған ауыр дыбыс шықты. Ойында ештеңе жоқ, терезені ашып қараса жерде жатқан қарайған бейне. Ойына «үстіңгі қабаттағы кір жайғыштан сырғып түскен кір киімдер шығар» дегендей ой келіп еді бірақ, «киімдер сонша салмақпен құламайтын шығар» деп тағы да бір пікір қарсы келді. Анықтап қараса қол, аяғы бар кәдімгі адам. Айзада қорыққаннан көзі шарасынан шығып, қатты шыңғырып жіберді, өз даусынан өзі шошып кеткен ол ағасының бөлмесіне қарай жүгірді. Қарындасының шыңғырған даусын естіген Бәкір «өрмекші ме, тарақан ба көрген болар» деп бейқам жата берген-ді. Бөлме есігіне жүгіріп келген қарындасының түріне қарап Бәкір алдыңғы ойының қате екенін түсінді. Қарындасы бозара қарап «аға, үстіңгі балконнан біреу құлап кетті» деді. Бәкір «не?» деп аз кем түсіне алмай, іш киімшең орнынан атып тұрып жүгіріп барып балкон терезесінен қарады. Расында да бір адам бейнесі қараңдайды. Нақты кім екенін танып болмайсың. «Не де болса аулаға шығуым керек» деді ол өзіне. Тез есін жиып, шалбар, көйлегін киіп далаға зыта жөнеліп еді Айзада «аға, мен де шығайын ба?» дегені сол еді, Бәкір «үйде бол, қорқасың» деді бұйырып.

Есік алдында Бәкір аңырайып тұрып қалды. Не алдыға жылжи, не артқа шегіне алар емес. Не де болса тәуекелге барып қозғалды-ау әйтеуір. Жақындап барып, адамға көз салды. Арқасы көтеріліп түсіп жатыр, демек демалып жатыр «өлмеген екен» деп ойлады. Жан жағы кішігірім бақша іші. Айналасында сары жапырақтар мен қоқыс құтылары шашылып жатыр. Бәкір ары қарай не істерін білмей қалбалақтап қалды. Жедел жәрдемге «103» ті теріп қоңырау шалу үшін қалтасына қолын салып телефонын іздей беріп еді қырсыққанда үйге қалдырып кетіпті. Үйге барып қайту ол үшін көп уақыт көрінді. Бірінші қабатта тұратын көршісі Настя деген әйелдің үйіне жүгіріп барды. Ойы сол арқылы жедел жәрдемге қоңырау шалу еді. Ағаш есігін жылдам тоқылдата бастады, бұны күтіп тұрғандай-ақ келіні Маргарита есікті ашты. Қолында телефон, жүзі боп боз, жедел жәрдеммен сөйлесіп тұрғаны белгілі еді. Бәкір сыртқа шыға беріп еді, Маргарита да онымен бірге ілесе шықты. Сұлап жатқан адамды көре салысымен, – сен не істедің, не істедің, сорлы кемпір? – деп жылап жіберді. Бәкір сонда ғана барып жерде құлап жатқан адамның үстіндегі көршісі Адиба екенін түсінді. Есікті жұлқи ашып, ентіге шыққан Руслан шешесін көрді де басына түскен осынау зіл батпан қайғыдан мең зең болып құлап қалмас үшін суға батып бара жатқан адамдай ауаны қармана беріп Бәкірдің иығынан тас боп ұстап алды. Бәкір де қолын тоса беріп арқасынан сүйеп тұрды. Руслан басын көтере алмай жылай берді. Қайталайтыны бір ауыз сөз «қалай ғана дәтің барды, апа, қалай ғана?». Аз кем аялдап болып өз өзіне келген Руслан анасын барып көтере беріп еді жүзіндегі қан, жараны көрді де беті қайтып қалды. Оның үстіне Маргарита, – керегі жоқ, Руслан, жедел жәрдемді шақырып қойдым. Тағы артық қыламыз деп, тыртық қып жүрсек. Тиіспей-ақ қояйық, бәрібір қолымыздан келер ештеме жоқ, – деді. Бәкір студент болғанына қарамастан өзін өте ересек адамдарша ұстайтын еді. Жедел жәрдем кешіккен сайын оның да мазасы қаша бастады. «Жаңа ғана демалып тұрған кемпір, аяқ асты өліп қалса қайтпек. Дәрігерлер үлгермей қалса ше…» деген сияқты ойларымен арпалысып тұрғанда тағы бір көршісі Тілеужан шықты. Кемпірді көрді де, мұндай жағдайды күнде көріп жүрген адамдай былқ етпеді. Бәкірге қарап, – тірі ме? – деді. Бәкір, – иә, жаңа қарағанымда демалып жатқан, – деді. Руслан басын ұстап ұзақ отырды да, телефонмен тумаларына хабарласып шақыра бастады. Ал Маргарита болса темекі үстіне темекісін бұрқыраты берді. Бір орында тұра алмай, ары бері жүрумен болды. Тілеужан сол қолына оң қолын байлап міз бақпай тұр. Бәкір болса кемпірдің бұлай секіріп кетуіне не себепші болғанын түсіне алмай дал. Төртінші қабаттың балконына қайта қайта көз салып қарап еді, киім ілгіш жіптерінің екеуі үзілген де, үшеуі сау тұр екен. Ал кемпірдің жұмыр басы дәл темір шарбақтың үстіне түскен, басы қайрылып, темірге сүйкеліп тұр. Настя әйелдің жазда гүл өсіретін әдеті, сол гүлдерді қоршап қоятын майда темірлері болатын дәл соған қарнымен түсіпті. Темірдің жартысы жерден опырылып қалған, қалғаны майысып қарын астында жатыр. Бас жағындағы сап сары жапырақтар үстінде қан тамшылары көрінеді. Мынандай бақытсыз жайға қарап тұрып көзі шаршаған Бәкір жанарын аспанға қадап еді, күн әлі ашыла қоймапты. Аулаға Русланның туысқаны Ремзи келді. Ол өзін өте салмақты ұстады. Тіпті үлкен апасының осындай күйге душар болғанына еш қайғырмайтын да секілді. Тек бұндай жағдайға душар болғаны бұл кемпірдің өз кесірі екенін айтып, сонымен қатар өзін және Русланды ақтап жатқандай көрінді. Көңіл күйіміз алай дүлей болып тұрғанда Тілеужанның қалыңдығы терезеден бізге қарап, – жедел жәрдем үйдің артына келіп тұр, сонда шықсаңдаршы – деді. Бәкір жүгіріп барып ғимараттың артына шықты. Екі дәрігер көліктен шығып келе жатыр екен, Бәкірді көре салысымен, – науқас қай қабатта? – деді. Бәкір қышымаған басын қасып, – қандай науқас? Е-е-е науқас емес, ол, ім… жүріңіздер, – деп еді, көліктегі орыс, – мен ғимараттың арғы бетіне қалай өте аламын, тіке жүрсем сол жағымда жол бар ма – деді. Бәкір, – ол жақта жол жоқ, тек артқа бұрылып екінші қиылыстан ғана келе аласыз, – деді. Орыс терең ухілеп алды да, – жақсы, деп жүріп кете берді. Руслан қасына қараса қасындағы екі медик әлдеқашан кетіп қалыпты. Жүгіріп барып келесі аулаға шықты. Көрші қолаңдар қаптап кетіпті. Екі медбике көтеріп ары аударып, бері аударып қарады да, қалай жатыр солай қайтадан қоя салды. Ер дәрігерге Бәкір жақындап барып , – тірі ме екен? – деп сұрады. Дәрігер қысық көзін оған қадап, – жоға, өліп қалған, – деді. Бәкір аң-таң болып, – қалайша жаңа ғана демалып жатқан еді ғой, – деді. Анау иығын көтеріп қойды, басқа ештеңе демеді. Алайда екінші әйел дәрігер кемпірдің басымен оңбай құлағанын, сол сәтінде-ақ жан тәсілім еткенін айтты. Бірақ, Бәкір оларға кемпірдің бұл келгенде тыныс алып жатқанын дәлелдеп баққысы келді, артынан бәрі тым кеш екенін түсінді. Кемпірдің өлгеніне кештеу әрекеттенген өзін кінәлідей сезінді. Қолынан ештеңе келмегеніне ыза болды. Ал, медиктер полиция шақырып, соларға керекті есептемелерін дайындай бастады. Әйел медбике қолына қалам мен қағаз алып, мүрде жайындағы ақпараттарды жаза бастады. Руслан есеңгіреп тұрғандықтан кемпірдің жиені Ремзи барлық сұрақтарға өзі жауап беруіне тура келді. Медбике, – Есімі, тегі кім? – деді.

– Адиба Арсенова.

– Жасы нешеде?

– Жетпіс үште.

– Денсаулығы?

– Нашар, імм… қысқасы жынды, он жылдан бері…

– Жынды деген анықтама қағазы бар ма?

– Әрине бар, – деді Ремзи Русланға қарап. Руслан ұйқыдан тұрғандай «а?» деп бір қарады да «а-а иә-иә анықтама қағазы бар, үйде» деді.

– Рұқсат болса, көрсетесіз бе?, – деді дәрігер.

Жақсы, қазір, – деп Руслан үйіне кетті. Сәлден соң Руслан құжаттарды алып келіп медбикеге тапсырды. Медбике қағаздарды бір шолып шықты да, оқиға сағат дәл қаншада және қанша минутта болды? – деді Русланға қарап. Руслан не айтарын білмей, «шынымды айтсам, мен сағат қарамаған едім» деді, телефонындағы сағатына сол сәтте қарап: « дәл қазір 8 ден 43 минут кетіпті» деді. Маргарита темекісінің түтінін жоғары үрледі де джинсыйының тар қалтасындағы телефонына қарап, мен сіздерге қоңырау шалғанымда уақыт 8 ден 11 минут кеткен болатын. Медбике күдіктене қарап:

– Сіздер бізге дәл оқиға болған уақытта шақырттыңыздар ма, әлде сәл кештеу ме?

– Жоқ, біз оқиға қалай болды солай шақырдық. Айырмашылық болса бір минутта ғана болар. Медбике қағазға қарап;

– Олай болса, мен 8 ден 10 кеткенде оқиға болды деп жазып қоямын, – деді.

Бәкірдің қасына Адиба марқұмның құрдасы Людмила кемпір келді де, – қорықпа балам, – деп маңдайының шет жағына бірдеңе жақты, селт ете қалған Бәкір қараса кемпірдің қолында бейтаныс шөп, – басың айналмайды, қайта жақсы боп қаласың, мінеки иіскей ғой,– деп мұрнына тақады, шеке тұсы ашығанымен қоса, мұрны шәйдай ашылып, тіпті көзінен жас та шығып кетті. Медбике ақпараттарды толықтырып жатқанда, бипылдатып полиция да келіп қалды. Бірі қызық көріп, бірі жаны ашып, бірісі өтіп бара жатып қарап тұрған топ арасын жарып екі полиция аулаға қарай енді. Басындағы бес жұлдызы бар шапкасын маңдайынан жоғары көтеріп қойып өзін таныстырды, сосын оқиға желісі қалай болғанын сұрады. Өліктің айналасын бір барлап шықты. Үйдің иесі кім екенін сұрап топ ішіне қарады, «мен» деп Руслан бір қадам жақындады. Тергеуші оған қарап, – Оқиға қалай болды, бәрін анық та қанық айтып берсеңіз – деді. Руслан, – білмеймін, – деп сөзін бастады, сосын жалғастырып, – көлігімнің қосалқы бөлшектері қойылған қобдишаны жертөледен алып келген бетім еді, қызым балалар бөлмесінде ойыншығымен ойнап отырған, әйелім таң азанмен жұмысқа біз тұрмай жатып кетіп қалған еді. Сонымен, қобдишаларымды қойып, ваннаға май болған қолымды жууға кірдім. Ол кезде шешемнің не істеп отырғанын көргенім жоқ. Бірақ залда отырғанын жертөлеге шықпастан бұрын көрген болатынмын. Ол сонда даладан алып келген жабайы мысығымен ойнап отырған. Сосын мен ваннадан қолымды жуып шықтым, қызымның бөлмесіне кіріп маңдайынан бір иіскедім де балабақшаға баратынымызды, киіну керектігін айтып, мен де жатын бөлмеге барып киімдерімді ауыстыра бастадым. Шешемнің анда-санда үйден айтпай шығып кететін әдеті болатын, әдетінен бұрын ауруы десем дұрыс болатын шығар. Сол үшін біз келгенге дейін үйде бола тұруын, ешқайда шықпауын айту үшін залға кірдім, ешкім көрінбеді, тек қара мысық қана балкон терезесінің жиегінде отыр еді. Әдетте ашық қалдырмайтын балкон терезесі сол сәтте ашық тұрды. Аса қатты мән бере қоймадым, ваннада, я дәретханада шығар деп ойладым. Сол тұста жабық ванна есігінің жарық қосқышы төмен қарап тұр, яғни ваннада жарық жоқ, демек шешем де онда емес деген сөз. Мен мазасыздана бастадым, – Кешіріңіз сөзіңізді бөлгеніме, – деді тергеуші, – сол кезде уақыт нақты қанша болғанын білесіз бе? – жоқ, – деді, Руслан сөзін жалғастырып, – өкінішке орай мен сағатқа қарамаған едім, бірақ күнде қызымды балабақшаға 8 ден 20 минут кеткенде алып шығатынмын. Сонда, шамамен 8 ден … асқан болу керек. Ванна есігін онда жоқ екенін білсем де ашып көрдім, білгенімдей-ақ жоқ еді. Сосын, үй есігін ашып кіреберісті, баспалдақты қарадым. Мен жертөлеге түсіп келгенше далаға шығып үлгерген бе деп те ойладым. Мүмкін есік алдында отырған шығар деп асхана терезесінен қарауға беттедім. Ойлағанымдай-ақ есік алдында екен, бірақ отырған жоқ сұлап жатыр екен. Жүрегім аузыма түсіп, қысымым көтеріліп кетті. Бірақ, балконнан құлай қояды-ау деп ойлаған жоқ едім. Жүгіріп барып аулаға шықтым. Қалғаны, көріп тұрғаныңыздай… – деп сөзін аяқтады Руслан. Тергеуші қасын шытып , – мхм, түсінікті, ғафу етсеңіз үйіңізді қарап шығайық, – деді. Руслан, – иә, әрине жүріңіз, – деп баспалдақпен жоғары көтеріліп кетті…

Екінші тергеуші темір шарбақтың айналасында темекісін сораптап ұзақ айналсоқтап жүрді. Бір еңкейеді, бір тұрады, біресе басын жоғары көтеріп балконға қарайды. Сосын, куәгерлерге келіп көрген-білгендерін бұқпай айтуын сұрады. Маргарита, нешінші темекісін шегіп болғаны белгісіз тұқылын қоқыс жәшігіне тастап милиция қасына келді. Мұрнынан аққан суын беторамалының бір ұшымен сүртіп, екінші ұшын кеуіп қалған жанарындағы көз жасына басып милицияға болған оқиға жайындағы көрген білгенін айта бастады, – біз отбасымызбен таңғы асымызды асықпай ішіп болған шағымыз еді. Настя енем, жұмысқа бармастан бұрын терезе алдында тұрған құмырадағы гүлдерге су құюды ұмытпауымды ескертті. Мен кейде ұмытып кететін әдетім бар болатын. Бірақ бүгін ұмытып кетпегеніме қатты өкінем… Сөйтіп, графинге су алып терезе алдындағы гүлдерге су құя бастадым. Құйып келе жатып, көзімнің алдында бірдеңе «гүрс» ете қалды. Қарасам, адам екен. Қолымдағы графинім еденге өзіммен бірге құлап түсті. Енем келіп мені сүйей берді. Бетіме су бүркіп, «шыр-пыр» болып жатты. Өз өзіме келген соң ұшып тұрып телефон тұтқасын көтеріп жедел жәрдемге қоңырау шала баста…, – дей беріп еді, тергеуші сөзін бөліп, – кешіріңіз, Маргарита ханым сөзіңізді бөлгеніме, сіз сенімдісіз бе, оқиға болғаннан кейін сіз бір минуттан соң хабар бергеніңізге, себебі талып қалған уақытыңызды сіз нақты білмейсіз ғой, – деді милиция қолындағы медбике қалдырып кеткен қағазға көзін салып. Маргарита сасып қалды, – Жоқ, мен талып қалған жоқпын, тек қорыққанымнан есеңгіреп қалдым. Сол бір минуттың ар жақ, бер жағында қоңырау соқтым – деді Маргарита енесіне қарап қойып. Милиция қасын көтеріп, – мхм түсінікті, енеңіз мұнда ма? Шақыра аласыз ба? – деді. – Осында, тек енем күдікшіл адам, әрнәрсеге бір күмәнмен қарайды. Десе де жүрегі түкті, батыл жан. Қазір шақырамын, – деп Маргарита толықтау келген, қызыл халат киген енесіне қолын бұлғап шақыра бастады. Енесі сумоға қатысатын спортшылар құсап аяңдап, асықпай келе жатты. Милиция қасына келген соң, көкшілдеу сәулесіз қарашығымен келініне бір қарап, милицияға бір қарап, – сізді тыңдап тұрмын мырза! – деді. Тергеуші қолындағы папкасын жауып, Маргаритаға ізетпен қарап, – кешірерсіз, ханым бізді жеке қалдырсаңыз, – деді. Маргарита кеткен соң тергеуші Настя кемпірді сұраққа ала бастады, – оқиға болғанда сіз не істеп жатыр едіңіз? – деді. Настя кемпір кірпік қақпастан баяндай бастады, – отбасымызбен таңғы ас ішіп болған соң, ұлым жұмысқа асығыс кетті. Келінім дастарханды жинап болғанша, мен креслода отырып «Правда» газетін оқып отырғанмын. Сосын келініме гүлдерге су құюды ұмытпауын ескерттім. Қазіргі келіндер Ай қарап, Күн қарап жүретіні белгісіз, бүгін бір нәрсе айтсаң, ертең есінен шығып кетеді. Содан, келінім су құйып жатқанда жер сілкінгендей немесе үйдің бір қабырғасы құлағандай дыбыс болды. Ал келінім терезе алдында қазықтай қатып қапты, сәл тұрды да есінен танып құлап түсті. Қасына келе жатып, терезе алдында біреудің немесе бірдеңенің құлап кеткенін ойша шамалап үлгердім. Мойнымды созып қарасам ойлағанымдай-ақ біреу сұлап жатыр. Бұлай балконнан кім құлап кетуі мүмкін деп ойлығанымша көз алдыма үстімдегі көршілерімнің түгел сұлбасы жүгіріп шықты, бірақ Адиба кемпірді мұндайға барады-ау деп ойламаған едім, – деді Настя кемпір мәйітке көзінің шетімен бір қарап қойып. Тергеуші келесі сұрағын қойды, – марқұмның осылай өз-өзіне бұрын соңды қол салғанын немесе отбасында жан-жал, ұрыс-керіс болғанын байқап па едіңіз? – деді милиция дүдәмалданып. Настя кемпір көзін жерге қадап ойланып тұрды да сөзін бастады, – Адиба марқұммен көрші болғанымызға қырық жылдан астам уақыт болды. Осыншама уақыт аралығында еқашан өз-өзіне қол жұмсағанын көрген емеспін я естіген емеспін. Дегенмен, бірнеше жыл бұрын шалы өмірден өтіп, аяқ астынан осындай күйге душар болды. Бірақ, сонда да бұның ұлы екеуінің арасында салқындық барын алыстан қарап-ақ білуге болады. Мен баласын бұндай қатігезідікке барады деп кінәлай алмаймын, – деді де Настя кемпір балконға бір қарап қойды, – десе де Адиба марқұм өзін өзі балконнан лақтырып, өз өзіне қол жұмсайды деу, мен үшін мүмкін емес дүние. Сәл есі ауысқанымен ол ондайға бармайды, мен оны өте жақсы танимын ғой. Есі ауысқанына қарамастан өз болмысынан еш таймаған адам; өте мейірімді, нәзік, ауладағы бала-шаға былай тұрсын, жан-жануарларға қамқорлық көрсетіп жүретін. Бұл жерде айдан анық бір гәп бар… – деп сөзін аяқтады Настя кемпір. Милиция ұқыпты түрде тыңдап, түртетінін қағазға түртіп алды.

Руслан тергеушіні үйіне алып кіргенде, дәл табалдырықта қара мысық күтіп тұрған-тын. Ұсқынсыздау мысыққа тергеуші қарап жүзін тыжырайта: – мынау сіздердің мысықтарыңыз ба? – деді. Руслан мысыққа , – брис-брис, – деп қуып жатып, – жоқ бұл апамның алып келген мысығы ғой, кейде көшедегі мысық-күшіктерді үйге алып келетін. Мен алып келген бойда қайта апарып тастайтынмын. Келіңіз, кіріңіз қаласаңыз аяқ киіміңізді шешпесеңізде болады. – Жарайды, – деп тергеуші үйдің кіреберісіне кірді. – Маған балконды көрсетесіз бе? – деді. – Әрине, мұнда жүріңіз,– деп Руслан залдан жоғары балконға ертіп барды. Тергеуші залдағы ескі аспа шамға көзін бір салды. Аспа шамның үстіндегі қабырғалар сарғайып кетіпті. Үй қарапайым екен. Бәрі ескі тек теледидар ғана жаңа екені көрініп тұр. Балконға қарап еді еденінде мүшекке салынған көкөністер, пияз қабыршықтары, төңкерілген пластмасса шелек, бос каробкалар шашылып жатыр және кішкентай баланың велосипеді тұр. Едендегі шаң үстінде мысықтың аяқ іздері сосын кемпірдің жалаң аяқ іздері оның үстінде ер адамның жалпақ іздері жатыр. Кемпірдің іздеріне қарап бұл жерде бірнәрсемен көп әуре болғаны көрініп тұр. Ашық терезеден бірнеше сарғайған жапырақтар балкон еденіне түсіп үлгеріпті. Тергеуші басын шығарып жерге қарады. Аула іші құжынаған адам, әріптесі куәгерлерден есептеме алып жатыр. Тергеуші мәйіттің қалай құлағанын көз алдына елестетіп біраз тұрды. Балконнан шығып тұрған киім ілгіштерге қарады. Бес жіптің екеуі үзілген екен, бергісі сәл орта жағынан екіге айрылған, одан кейінгісі оң жақ түбінен қопарылыпты. Қалған үшеуінің ортасына үлкен салмақтың түскенін босаңқырап тұрғандығынан байқауға болады. Майор Русланға қарап, – рұқсат етсеңіз басқа бөлмелерді қарап шықсақ, – деді. – Әрине жүріңіз, – деп Руслан жатын бөлмесіне алып барды, бәрі тиянақты жиналған көрпе жастықтар, орын-орнында тұрған жиһаздар. Қарапайым отбасы екені көрініп тұр. Бір сәтке тергеушіге бұл үйде қылмыс жасалуы мүмкін еместей көрінді. Балалар бөлмесі де жинақы, тек қыздың ойыншықтары оң жақ бұрышта шашылып жатыр. Кіреберістегі шкаф үстінде қара май іздері көрінеді. Ваннадағы қол жуғыштың бір апта шамасында жуылмағаны кір боп кеткен тұтқасынан белгілі. Оның үстіне өртенген күйік исі шығады. Тергеуші Русланға қарап, – ваннадан күйік исі шығып тұр ғой, – деді күдіктене. Руслан саспастан, – біз дәретхана сасымауы үшін сіріңке жағамыз, – деді. Тергеуші дәретхана сөзін ести сала өзін дәрет қысып тұрғанын аңғарды. – Мырза, рұқсат болса дәретке… – дей беріп еді, Руслан түсіне қойып сыпайы түрде, – әрине, әрине, – деп есікті сыртынан жаба салды. Тергеуші шыққан соң Руслан асханаға қарай жол бастады. Дастарханда жуылмаған бірнеше кесе мен қасықтар тұр. Нан қоқымдары мен лимон қалдықтары салафан ішіне тасталыныпты. Тергеуші терезеге жақындап еді есік алдындағы халық көбеймесе азаймаған сыңайлы. Балдағына сүйеніп Людмила кемпір жылап тұр. Қасында Бәкір үшінші қабаттағы асхана терезесінен қарап тұрған қарындасына қолын қайта-қайта сілтейді; «былай тұр, қарама» деген ишарамен. Тергеуші өзіне қолын сілтеп тұр екен деп терезеден басын шығарып Бәкірге, – әй, бала не болды? -деді. Бәкір төртінші қабаттан бұған қарап тұрған милицияны көріп сасып қалды, – жәй, сізге емес, – деді қызарақтап. Тергеуші түсінбегендей түр танытты да, басын көтеріп қайта залға қарай жүре жөнелді. Ол көз алдына оқиға көрінісін өзінше елесете бастады; «Кемпір Руслан айтқандай мысықты алдына алып ойнап отыр. Русланның сөзіне сенсек кемпір еш залдан шыққан жоқ. Сосын кемпір тұрып балконға шығады соңынан мысық еріп келеді. Мүмкін пияз, картоп алайын деген шығар, жоқ, таңғы асты жаңа ғана ішіп болса, оларды алатындай да себеп жоқ. Кемпірдің балконда ұзақ аялдап жүріп алғанына не себеп, аяғына оратылып мысықта ізін басып жүр. Мына төңкерілген шелекке аяғын қойып терезе жақтауына шықты делік. Шыққан соң жіп үстіне секіруі логикаға сәйкес келетін емес, бірақ ол жынды ғой, яғни секіруі мүмкін. Бірақ жіп үстінде құлау үшін емес, құламау үшін жармасқан сияқты, сол себепті екі жіп аяғына түскен салмақтан үзіліп кеткен шығар. Сосын етбетімен құлап барып, басын темір шарбаққа ұрып алады» – деп майор өзінше жорамалдап балконға қарап біраз тұрды. Мазасы кеткен Руслан ары-бері не істерін білмей далбақтап жүріп қалды. Майор балкондағы оқиғаны көз алдына елестетіп болған соң, көзін Алатауға қадады, одан берірек Көк-Төбенің телебағанына зер салды. Көзін қала ғимараттарынан аударып, ауладағы емен жаңғақтарына қадады. Ойын жинақтап болған соң, Русланға төменге қарай түсейік деген белгі берді.

Бәкірді баласынды ма бұдан ешкім ештеңе сұрай қоймады. Аула іші азан-қазан. Әркім кемпір жайында өз білгенін, өз көргенін айтып жатыр. Жиені Ремзи кемпірдің есерсоқ әрекеттерін баяндап, бұған апасының өзінен басқа ешкім кінәлі еместігін айтумен болды. Ол әңгімесін жалғастырып: «Апам ит, мысықтар жол ортасындағы көліктерге жүгіріп бара жатқанын көрсе, «бар, бар ажалың жақын…» деп айтатын. Теледидардағы қайғылы жәйттерге шімірікпестен «түбінде бәрі өледі» деп мысығын сипап отыра беретін. Қай жерде жүрседе өлімінің жақын қалғанын сездірген екен ғой, марқұм. Есі ауысқанынан ғой. Соңғы кездері түн ішінде, кейде таң азанмен қаладағы, тіпті басқа қалалардағы туысқандарына кетіп қалуды шығаратын болды. Біз естігенде аңырайып қалатынбыз. Білмейміз, емделетін шығар деп едік, емделетіндей нышан байқамадық. Дәрігерге апарсақ, қашып кетіп қалатын. Бізге өкпелеп, – сендер менен құтылғыларың келеді, – дейтін. Ол қайдан білсін біздің оған жанымыз ашып, қайта емделіп кетуін қалайтынымызды. Не десек те, ажал ғой, қайтеміз енді…» – деп Ремзи сөзін аяқтады.

Куәгерлер марқұм жайында бар білгенін айтып жатты. Ақырында, Бәкір де оқиғаға қалай куә болғанын, бұқпасыз, боямасыз айтып берді. Милиция марқұмның денесін мәйітханаға алып кетті. Бәрі кемпір өзін-өзі өлтірді деп есептеді. Руслан үйіндегі қара мысықты алып көшеге лақтырып тастады. Ақшам уақытында қара мысық жаяу жүргінші жолында келе жатты. Куәгерлердің бәрінен марқұм жайында сұралды, тек, қара мысық қана тергелмеген еді. Ол кемпір жайында көп білмесе де, соңғы оқиға турасында анық біледі. Ол қайта-қайта кемпірдің ыстық алақаны мен мейірімді құшағын еске ала берді. Сосын оның қалай мерт болғанын қаперінен шығарайын десе де шығара алмай-ақ қойды. Қара мысық көзінде шындық көлбеңдеп тұрып алып, кетпей қойды:

«Шкаф үстінен мен кемпірдің дастархан басында үнсіз, көңілсіз отырған кейіпін көрдім. Бір уақытта Руслан қызына «бөлмеңе бар» деді. Қызының соңынан асбөлменің есігін жауып, шешесіне айқайлай бастады. Мен асбөлменің есігін әлсіз тырнақтарымен тырмалап, кемпірді қорғаштау үшін кіруге тырмысып бақтым. Шешесіне дауыс көтеріп болған соң Руслан, жертөленің кілтін алып үйдің есігін тарс жауып шығып кетті. Кемпір орамалының ұшымен көз жасын сүртіп аз отырды. Моншақ-моншақ тамшылаған көз жасын сүртіп үлгере алатын емес, жүзінен сырғып барып кесе ішінде суып қалған шәйға тамып жатты. Орнынан тұрды да әдетінше көкірекшесін киіп далаға шықпақшы еді, бірақ шкаф үстінен бір жапырақ қағазды байқап қалды. Қағазға қарап алғашқы сөйлемін дауыстап оқыды : «Қарттар үйінің қабылдау бөлімшесіне өтініш…» деді де қалған сөздерді жұтып қойғандай үнсіз оқып шықты. Сосын көкірекшесін қайта іліп, хатты қолынан тастамаған күйі мазасызданып залда ары бері жүрді. Мен оған еркелеп, аяғына оратылсам да, мені байқайтын емес. Сосын, балконда да дәл солай арлы берлі жүрумен болды. Мен оның бір ақымақтық жасайтынын сезіп, аяғына оратылып, кедергі болуға тырыстым. Ол бір ғана сөзді, «мен бәріне масылмын…» деп, қайталай берді. Сосын, мені қолына ұстап сипалап, иіскеп, біраз тұрды. Екі қолтығымнан ұстап терезе алды тақтайына байқап қойды. Бұрышта тұрған пластмасса шелекті еденге төңкере қойып үстіне шықты. Екі қолымен ашық терезенің екі жанынан ұстап, аяғын көтеріп терезе тақтайына басты. Мен қанша мияуласам да, мені тыңдайтын емес. Сосын жерге бір қарады да терең тыныс алды. Алайда, көзі зал қабырғасында ілулі тұрған отбасымен түскен картинаға түсіп кетті. Сол сәт өзінің қателік істеп жатқанын ұққандай болды. Суреттегі шалына қарап, кешірім өтініп жатқандай еді. Соңыра, ойынан айнып қайтадан шелекке түсуге шешім қабылдап аяғын жәймен түсіре берді. Бірақ, жерге көзі түсіп кетіп басы шыр айнала жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша аяғы тайып, балкондағы кір жайғыш жіптердің үстіне түсті. Қолымен жіптен ұстап жармасып, тырмысып жатыр. Аяғы болса, жіптен тайып қайта-қайта түсіп кетеді. Өмір мен өлім арасында күресіп жатқан кемпірдің қолынан өмірдің жібі қапияда үзіліп кетті… Сосын, үйге келген Руслан алғашында түк сезбеді. Апасын ары-бері іздеп балконның ашық терезесінен көрген ол, басын ұстап отырып қалды. Отырған қалпында өзіне таныс хатты еденде жатқан жерінен тауып алды. Апасының не үшін мұндай қадамға барғанын амалсыздан түсінгендей еді. Қорыққаны соншалық ол хатты ванна ішіне өртеп күлін ваннадағы қол жуғышқа ағызып жіберді. Сосын, қызын көрші үйге қалдырып, өзі далаға жүгіріп шықты.

Мен – қара мысықпын, мен – куәгермін. Өмірімде аз да болса, жетерліктей мейірімді сол кемпірден ғана көрдім. Бәрінің бұлай аяқталғаны қандай өкініш…» – деп, мысық жанарында оқиға өз бейнесінде жарқ етті…

Жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтіп бара жатқан қара мысықты көлік қағып кетті… Түк болмағандай, тасыған өзендей көліктер ағуын жалғастыра берді. Түк болмағандай, балкон астындағы аула ішінде бірі өтіп бара жатты, бірі жұмысқа бара жатты, ал енді бірі телефонмен сөйлесіп отырды. Аула ішіндегі кәрі емен 43-пәтердің терезесіне күз аяқталғанша сары жапырақтарын лақтырумен болды.

Фото: n_ata.photosight.ru

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.