Қыркүйектің 27-сі күні Жамбылға президент Нұрсұлтан Назарбаев келеді деп күтілуде. Әдетте, әкімдер «президент келеді екен» деген хабар жетісімен-ақ, үлкен кісінің табаны тиетін, көзі көретін жердің барлығын әктетіп-сөктетіп, жайнатып қоятын. Бір сөзбен айтқанда, президентті жақсылап күтіп жіберу үшін басқа жұмыстарының барлығын жиыстырып қойып, жолына қарап тас-түйін дайын отыратын. Алайда, «президент келе жатыр» деп Әулиеатаның әкімі әбіржіп жүрген жоқ.

Қайта Мырзахметов сексеннің сеңгіріне шыққан анасы Сәбиляны Меккеге үш мәрте арқалап апармаса да, Таразға алдырып, кеше жексенбінің кешінде облыс орталығындағы сырты сәулетті, іші дәулетті «Арай плазада» туған-туысының басын қосқан шағын той жасап беріп, перзенттік борыштарының бірін өтеді.

Әгәрәки, әкім анасының тойына шақырамын десе, келуге құштар шенді-шекпенділер көп екені анық. Бірақ, бұл тойға шақырылған қонақтардың ұзын-ырғасы 120 шақты ғана болыпты. Дені туған-туыс, құда-жегжат, ағайындары. Барлығы дерлік Түркістан облысынан келген. Той төрінен жамбылдық азаматтар, жергілікті шенді-шекпенділердің де бірде-біріне орын тимеген. Әрине, анадан ардақты, қадірлі, қамқор, мейірбан, жанашыр жан бар ма? Сондықтан, сексеннің сеңгіріне шыққан Сәбиля әжейге әкім баласы қандай құрмет көрсетсе де жарасады емес пе? Құптарлығы, әжейдің тойында таудай торт пісіріп, шет елден әйгілі әншілерді шақыру секілді шашылып-төгілетін ысырапшылдыққа жол берілмепті.

Бұлай болатыны бір жағынан жуырда Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың той жасаудағы ысырапшылдыққа қатысты Twitter парақшасында: «Үйлену және басқа да тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу туралы БАҚ-та жүріп жатқан пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа белшеден батпай, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысу қажет», — деп жазғанына байланысты болса керек.

Міне, Мырзахметов анасына той жасап беру арқылы бір жағы Тоқаевтың той туралы осы ұсынысына өзгелерден бұрын үн қосқандай. Дегенмен, көрші облыстағы ағайын-туысқандарын Шымкентте емес, Тараздың төріне жинап, дүрілдетіп той өткізгені бір жағы қызық көрінгені де рас. Шамасы Асқар Исабекұлы осы арқылы құда-жекжат, ағайын-туысқандарға әкімдік қызметті де «жуып» жіберді ғой деймін…

Фото: kaz.nur.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.