Құрылғанына биыл 20 жыл толатын Түркістан облыстық «Қазақ хандығы» қоры Түркістанда Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атындағы мешіт-кесененің құрылысын салу жөнінде бастама көтерді. Мұны қордың президенті Камалидин ДУЛАТОВ «Жас алаш» газетінің тілшісіне айтты.

Аталған ұйымның мұрындық болуымен бұған дейін Қазақ хандарының шежіресі жасалып, өңірлерде Тұңғыш президент саябақтары салынған, Ұлт көшбасшысына ескерткіш орнатылыпты.

Назарбаевқа Түркістаннан кесене салуды ұсынды

— 27 жылда біз Тәуелсіздіктің тұғырын қаладық.Осының бәрінде Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Түркістан облысының құрылуы да Елбасының көргендігін байқатты. Енді Түркістанда «Ұлт көшбасшысы атындағы мешіт-кесене» салу жөнінде бастама көтеріп отырмыз.  Бұл  қонақ үйлері, дүкендері, басқа да нысандары бар кешен болуы тиіс. Түркістан бүкіл түркі халықтарының рухани ордасына айналуы тиіс. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллиард АҚШ доллары қажет екен. Оған бюджеттен бір тиын да шығарудың қажеті жоқ. Ақшадан проблема болмайды деп ойлаймын. Оны Қазақстанның ең бай деген он кәсіпкері бөлсе  жетіп жатыр,-деген К.Дулатов бір-екі миллиардердің, атап айтқанда  Болат Өтемұратовтың, Дінмұхаммед Ыдырысовтың аты-жөнін атады. Бұл іске үлесімді қосамын деген бауырлас түркі тілдес мемлекеттерден ниет білдірушілер табылып жатса да құба-құп.

К.Дулатов осыдан он жыл бұрын Түркістаннан пантеон-мешіт салу идеясын ұсынған екен. Алайда ол кейін Астанадан салына бастаған.

— Мен Ұлт көшбасшысына ұзақ өмір тілеймін, алайда мына жарық дүниеде ешкім де мәңгілік емес. Түркістан Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін қасиетті мекен,-деген қор жетекшісі Ислам КАРИМОВТЫҢ өзбек үшін қасиетті мекен-Самарқанға жерленгенін алға тартты.

-Бұл Назарбаевқа қойылған ең басты ескерткішке айналады. Түркі елдерінен көптеген адамдар Түркістанға Елбасының кесенесіне тәу ету үшін келетін болады,-дейді қор жетекшісі.

Идея айтылды, оған кім қандай пікір қосады?

Фотолар azattyq.org, akorda.kz алынды. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.