Мәдениет және спорт министрлігі Құрманғазы САҒЫРБАЙҰЛЫНЫҢ «200 жылдығын» қате тойлап жатса, атақты музыканттың 195 жылдығы Ресейдегі Алтынжар ауылында аталып өтті.

Ресейде Құрманғазының 195 жылдығы аталып өтті (видео)
Ортада Сергей Морозов

30 қыркүйек күні Астраханның Володар ауданына қарасты Алтынжар елді мекенінде «Жолдастық» қауымдастығы айтулы шара ұйымдастырды. Салтанатты жиынға Астрахан губернаторының міндетін атқарушы Сергей МОРОЗОВ, аймақтық парламент спикері Игорь МАРТЫНОВТАР қатысты. Көпшілік күйшінің басына барып құран оқыған. Ол тойға Атрыау қаласынан да барғандар бар.

-Құрманғазының дүниеге келген жылын жаңсақ көрсету – оған жасалған қиянат деп білемін. Кезінде композитор Ахмет ЖҰБАНОВТЫҢ жазған бір дерегімен қабылданып кетіп тұр ғой. Бірақ, одан беріде Мақсот ЖОЛЖАНОВ бар, еліміздің Ғылым академиясының білдей ғалымдары бар, қолдары қойылып, дәлелденген құжаттар сақтаулы.

Ресейде Құрманғазының 195 жылдығы аталып өтті (видео)

Оның шәкірті, күйші Ерғали ЕСЖАНОВТЫҢ, жас күнінде көзін көрген Ыбыр ДОСАЕВ айтқандарын естігенмін. 1958 жылы Құрманғазының кесенесі ашылғанда Ыбыр ақсақал «Құрманғазыны жерлеуге 18 жасымда қатыстым» деген еді. Астрахандағы мовзолейінің қақ маңдайында да осы сан жазулы тұр. 175 жылдығына Елбасының өзі келіп қатысқан. Оны қойып, кешегі аптада Астраханда Құрманғазының туғанына 195 жыл толуын атап өтті. Сонда тұратын қазақтардың «Жолдастық» қауымдастығы бұл іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды, — деп «аяқ астынан жік шықтыға» наразылығын білдірді белгілі өлкетанушы Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.

Атыраулықтар да Астрахандағы қандастардан қалмақ емес. Алайда олар мәдениет министрлігі ұсынған қате дата бойынша біраз шаруаларды атқармақ екен. Құрманғазының туған жылын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ ғана емес Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ та білмесе керек. Өңірдегі Жас Алаш тілшісіне облыс әкімдігінің баспасөз қызметі алдағы өтетін шаралар туралы хабарлады.

«22-24 қазанда Атырауда Құрманғазының ұлы мұрасын насихаттау мақсатында халықаралық оркестрлердің шеруі өтеді. Бұдан басқа, жыл бойы кітаптар көрмесі, оқу орындарында ақпараттық сағаттар және ұлы күйшіні еске алуға арналған басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға екі мыңдай адам қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен Астрахан облысының Алтынжар ауылында Құрманғазы атындағы мұражайды күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мекеменің жағдайы қанағаттанарлықсыз болды, соған байланысты осы кешенге кіретін барлық ғимараттарды күрделі жөндеу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта мұражай, әкімшілік ғимарат пен қонақ үйде жұмыс жүргізілуде, жұмысты ағымдағы жылдың қазан айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр. Қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 16 наурыздағы № 73 бұйрығымен бекітілген 2018 жылы өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізілген».

Ресейде Құрманғазының 195 жылдығы аталып өтті (видео)
Ресейде өткен Құрманғазының 195 жылдық тойынан фото

 Облыс әкімдігінің ресми жауабына сүйенсек мәдениет министрлігі 2017 жылы Құрманғазы тойына қамданған екен. Сонда бір жылдың ішінде тұтас министрліктің мамандары күйшінің 1823 жылы туғандығын біле алмаған ба? Министр Мұхамедиұлының өзі Құрманғазы атындағы консерваторияны аяқтады емес пе. Және тарих ғылымдарының кандидаты.

Сондай-ақ, Атыраудағы облыстық өлкетану мұражайының өкілдері де Құрманғазының 1818 жылы туды дегенді айтпайды.

-Құрманғазы Сағырбайұлының дүниеге келген жылы туралы жазылған құжаттар музейде сақтаулы. Бірақ, олар ғылыми айналымға енген жоқ, сол себепті, көшірмесін ұсына алмаймыз. Жақын арада ұлы күйші жайында кітапты жарыққа шығармақпыз. Оның ішінде, Құрманғазының Құран Кәрімді жанында ұстағаны, қолының тізесіне дейін жететіндей ұзын болғаны жөнінде, басқа да бұрын-соңды беймәлім болып келген қызықты деректерді ұсынбақпыз. Оған күйшінің туған жылы ретінде қолымызда бар тарихи мәліметтерге сүйеніп, 1823 жыл деп жазатын болармыз, — дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида ХАРИПОВА.

Ресейде Құрманғазының 195 жылдығы аталып өтті (видео)

Осы жерде біз ескермей, тіпті, елемей де отырған бір жайдың шеті қылтияды. Күй атасы Құрманғазы – Қазақстанның ғана емес, Ресейдің Астрахан аумағындағы қандастарымызға да ортақ тұлға. Ресейдегі қандастарымыз 195 жылдығын өткізсе, біз 200 жыл деп дабырлатып жатырмыз. Енді қазақстандық делегация күйші жатқан Алтынжар ауылына 200 жылдық деп жетіп барса, Сергей Морозов бастаған Астрахан басшылары арада бес жыл қалай өтіп кеткен деп таңқалып отырмаса болғаны.

Айтпақшы, Ресей Федерациясындағы даңқты композитордың 195 жылды туралы отандық inform.kz және ресейлік ast-news.ru сайт басылымдары хабарлаған болатын.

Фотолар: ast-news.ru

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.