Қарашаның 5-іне қараған түні Түркістан облысы Шардара ауданындағы Шардара-Абай тас жолында екі көлік соқтығысып, бес адам қаза тапты. Бұл туралы Азаттыққа облыстық полиция департаментінен хабарлады.

Оқиға шамамен түнгі сағат 01:00 шамасында болған. «МАЗ» жүк көлігі жолға оқыстан шығып кеткен жылқыны қағып, қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, Lexus көлігіне соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы кезінде Lexus көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы қайтыс болды. Қайтыс болғандардың үшеуі — Өзбекстан азаматы. Тағы бір жолаушы ауыр жараланып аудандық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді. Ол – Ресей азаматы» делінген хабарламада.

Жол апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) бойынша іс қозғалған. «МАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі, Қызылорда облысының тұрғыны қамауға алынған. Оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.