Украинадағы ашаршылық құрбандарына орнатылған мемориалдағы ескерткіш
Украинадағы ашаршылық құрбандарына орнатылған мемориалдағы ескерткіш

АҚШ сенаты 1988 жылғы Америка комиссиясының Украинадағы 1930 жылдардың басында совет билігі ұйымдастырған жаппай ашаршылық — Голодоморды геноцид деп тану туралы қорытындысын мойындайтын қарар қабылдады. Қарарда Иосиф Сталин мен оның билігі 1932-1933 жылдары Украинада жаппай аштық ұйымдастырып, украин халқына қарсы геноцид жасағаны айтылады. Сенаттағы дауыс беру қорытындысы мен қарар мәтіні сенаттың ресми сайтында жарияланды.

Осылайша Украинадағы Совет өкіметі жасаған ашаршылық халықаралық дәрежеде «украин халқына қарсы жасалған геноцид» болып мойындалды. Ал біз ше? Біз басымыздан өткерген нәубетті айтпас бұрын, Украина билігі мен халқы ашаршылықты халықаралық дәрежеде геноцид деп мойындауға арналған резолюция дайындатуға қалай жетті? Осыған аз-кем тоқталып өтсек.

«Әлі-ақ алдымыздан жамырап ақ атады» демекші, украин халқы геноцид туралы резолюцияға дейін ұзақ жол жүрді: екі ірі саяси өзгерісті бастан кешірді. «Түрлі түсті майдан» толқуларынан соң билікке келген бұрынғы президент Виктор Ющенконың тұсында жоғарғы рада ашаршылыққа «Голодомор» атауын беріп, оны украин халқына жасалған геноцид деп тану жөнінде арнайы заң қабылдады. Кейін елде тағы саяси төңкеріс болып, майдандатқан ел әділ сайлаумен Петр Порошенконы президент етті. Порошенко билігі Батыс және АҚШ-пен байланысты тереңдете отырып, АҚШ сенатының  сыртқы істер жөніндегі комитетінің жоғарыдағы резолюциясын қабылдатуға қол жеткізді. Бұдан түйетін ой біреу ғана: отарлаушы елдің ұлтқа, халыққа жасаған қасақана қиянатын әшкерелеп, оны әлемге мойындатып, ата-баба алдындағы азаматтық борышты өтеп, ұлттың тарихи санасын сілкінтіп, рухын жаңғырту үшін терең әрі масштабты ірі саяси өзгерістер һәм биліктегі буынның алмасуы аса қажет нәрсе. Мұны біз Украина мысалынан айта аламыз.

Ал Қазақстанда ашаршылыққа арналған ескерткіштер қана бар. Бірі – Астанада, бірі – Алматыда. Оның өзі қоғам, уақыт талабынан іске асты. Украинадағы «голодомордан» асып түскен делінетін қазақ даласындағы ашаршылыққа қазақ халқына жасалған геноцид деп өзіміз мойындап, заң қабылдаудың ауылы әлі тым-тым алыс секілді. Нәубет тақырыбы билік тарапынан қозғалған емес. Кейбір сарапшылар мұның сырын ресми Астананың Ресейдің ықпалынан шыға алмай, Мәскеудің қаһарынан ығып жүретін жалтақтығымен түсіндірсе, енді бір азаматтар ашаршылықты тікелей бір халыққа жасалған геноцид деуге келмейді деп есептейді. Мінекей, миллиондаған қазақты баудай түсіріп, тарихи санамызға терең із қалдырып, зардабын әлі күнге шейін тартып келе жатқан ашаршылыққа қатысты ой-пікіріміздің өзі әр алуан. Ортақ ұстанымға, ортақ бір пікірге ұйысуға да уақыт керектей. Ой-пікір демекші, Украина секілді біз неге аштықты геноцид деп мойындап, өзгелерге мойындата алмай отырмыз деген сауалдар төңірегінде бірнеше адамға хабарласқан едік.

Өз қасіретімізді өзіміз айта алмай отырмыз

АҚШ ашаршылықты геноцид деп таныды

Смағұл Елубаев, жазушы:

Өткен ғасырдың ашаршылық жылдарындағы халқының санымен салыстырғанда азғана жұрты қырылған Украинаның өзі саяси белсенділігінің арқасында әлемді мойындатып отыр. Осыдан үш жылдай бұрын Вашингтонда Украинадағы ашаршылыққа байланысты мұражай ашылған болатын. Ал АҚШ сенатының  сыртқы істер жөніндегі комитеті қабылдаған резолюция Совет Одағының құрамында болған кіші халықтарға қарсы Кремльдің жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеуде ең зор қадам болды деп есептеймін. Бұл тұрғыдан келгенде біз кеш қалдық. Өз қасіретімізді өзіміз айта алмай, әлемге де айта алмай, халықаралық дәрежеде мойындата алмай отырмыз. Тым құрығанда біздің тарихшылар АҚШ сенатына хат түсіргенде олар оны қарайтын еді, мұндай болмас еді.

Мәселенің екінші жағы бар. Ол – біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз. Бұл да бізді алаңдатады. Ашаршылық тақырыбының көтерілгенін көршіміз құптайды. Оны мен өз басымнан кешкенмін. «Ақ боз үй» романын (ашаршылық туралы трилогия – ред.) 90-жылдары Мәскеудегі «Молодая гвардия» журналына жібергенімде ол кітапты үн-түнсіз баспай тастады. Сол саясатынан Мәскеу әлі тайынбай, кезінде Сталин жасаған зорлық-зомбылықты мойындағысы келмей отыр. Ал, шындығында, біз 1921-22 жылдардағы ашаршылықтан 1 миллион 700 мың халқымыздан айырылдық. Мұны сол уақытта Мұхтар Әуезов Алаш жиналыстарының бірінде айтқан. Одан кейінгі зұлмат – 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде 2 миллион 400 мың адам қырылғанын тарихшылар есептеп шығарғаны мәлім. Сталин бастаған большевиктер қазақ халқына қарсы ашық геноцид жасады. Мұны біз әлемге мойындатуымыз керек. Алдымен Кремльдің өзіне мойындатуымыз шарт.

Ол шешімді Қазақстанның өзі мойындамайды

АҚШ ашаршылықты геноцид деп таныды

Талас Омарбеков, тарихшы:

Украинадағы саясатты АҚШ-тың қолдауы түсінікті. Еуропа пен АҚШ бірігіп ол елді НАТО-ға қабылдамақшы болып жатыр. Ресейге қарсы пайдаланып және отыр. Бірақ АҚШ сенаты комитет ұсынған шешімді қабылдаған күннің өзінде ол не береді? Ештеңе бермейді. Ол шешімді Ресейді қойып, Қазақстанның өзі мойындамайды. Сондықтан оның ешқандай мәні-маңызы жоқ деп ойлаймын. АҚШ сенаты резолюция қабылдады екен деп тақияны аспанға атып, қуанудың реті шамалы. Тіпті АҚШ Қазақстандағы ашаршылықты «голодомор» деп мойындап, құжат қабылдаса да, одан бізге келіп-кетер еш нәрсе жоқ. Бұл – үлкен саясат. Сол үшін Америка Украинадағы аштықты геноцид деп мойындаған екен, біз де талпынайық деген ой түк бермейді. Әрине, ұлттық тұрғыдан қарағанда геноцид деуге болады. Бірақ бізде ғана емес, орыстар, Кавказ халықтары, украин және басқа елдерде де ашаршылық болды, қырылды. Меніңше, ашаршылыққа осындай кең масштабта қарауымыз керек деп ойлаймын.

Ашаршылықты Совет өкіметінің қазақ халқына қарсы жасаған геноцид деп айтып, арнайы мәртебе бере алмаймыз. Себебі ашаршылық зардабын, жоғарыда айтқанымыздай, өзге халықтар да тартты. Ал аштық – Совет өкіметінің Сталин бастаған басшыларының надан, білімсіз саясатының ауыр зарбады. Бұдан ұлттық астар іздеуге болмайды. Өйткені коммунистер о бастан ұлтты мойындамаған.

Ашаршылықты геноцид деп тануға моральдық, заңдық тұрғыдан дайын емеспіз

АҚШ ашаршылықты геноцид деп таныды

Қалила Омаров, кинодокументалист:

– АҚШ сенатының сыртқы істер комитетінің Украинадағы ашаршылық туралы резолюция қабылдауы дұрыс. Америка Украина мен Ресей арасындағы қайшылықты мәселелерге араласып жүргендіктен, олар үшін бұл маңызды нәрсе. 1991 жылы ашаршылыққа арналған «Нәубет» деректі фильмін жасаған кезде біз аштықтың қазақ халқына қарсы жасалған геноцид екенін тарихшылардың аузымен айтқыздық. Онда халықаралық адам құқы пактілерін негізге алдық. Мәселенки, сондай халықаралық заң-құқық нормаларында «егер қандай да бір халықтың қырылуына алып келетін жағдай қолдан арнайы жасалса, онда ол да геноцидке теңестіріледі» делінген. Ал Қазақстанда ұзақ созбалаңнан соң әрең дегенде бірді-екілі ескерткіш орнатылды. Ашаршылықты 1937-38 жылдардағы ашаршылыққа апарып кіргізіп жіберді.  Аштықтың мемлекет берген арнайы мәртебесі де жоқ. Мұның бәрінің артында өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ совет қайраткерлерінің өзара билікке таласы жатыр деп ойлаймын. Ол тартыс сол тұстағы баспасөзде сайрап жатыр. Сөйтіп, талас-тартыс еш нәтиже бермеген соң, сырттан адам келсін дегенде Мәскеу Голощекинді жіберді. Енді Голощекин жалғыз өзі қазақтың тең жартысын қырып салмайды ғой, партияның сол кездегі әртүрлі қызметінде шолақ белсенді қазақтар отырды. Егер ашаршылықты геноцид деп тану мәселесі көтерілсе, мұрағаттың бәрі ашылып, Украинадағыдай тарихи жаңару жүруі шарт. Сөйтіп, сол кездегі әрбір тарихи тұлға таразыға түсіп, ашаршылықтың анық беті ашылмаса, басқа жол жоқ. Қазір ҰҚК-дегі ашаршылыққа қатысты көптеген құжаттар жоғалуда. Яғни ашаршылыққа қатысы бар адамдардың ұрпақтары мұрағаттарды тазалап жатыр. Ал тарихшылар мен біз секілді кинодокументалистерге де ҰҚК мұрағаттарды жауып тастады. Біз ашаршылықты геноцид деп тануға моральдық, заңдық тұрғыдан дайын емеспіз.

              Қалайда саяси баға берілуі керек

АҚШ ашаршылықты геноцид деп таныды

Валерий Михайлов, жазушы, «Ғаламат жұт шежіресі» деректі романының авторы:

– Кез келген адам өз халқының тарихын білуге міндетті. Өзіне дейін не болғанын, кімдер өткенін, олар қалай өмір сүріп, не үшін күрескенін білмеген адамның болашағы қашанда бұлыңғыр. Өткенді білмей, бүгінді тани алмайсың. Бүгінді танымай, болашаққа бағдар жасай алмайсың. Әр адам өзі үшін ізденіп, оқып, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бүгінгі қоғамның ашаршылықтың зардабын, қасіретін, ауқымын сезінуіне, түйсінуіне келсек, меніңше, қазіргі қоғам ол нәубетті толық таныған жоқ. Оны танып, түсінуден, сезінуден әлі алыс. Өйткені қазіргі қоғамның жалпы даму векторы деградацияда: азаматтық деградация, рухани деградация, мәдени деградация. Бұл тақырыпқа баса мән беріліп, жан-жақты зерттелуі керек-ақ. 26 жылдың ішінде тарих институттары мен тарихшылар осы тақырыпта терең зерттелген, деректері мол бір ғылыми кітап шығармағанына, шынымды айтсам, таңғаламын. Естеліктер жинағы, кейбір деректер жинағы сияқты бірлі-жарым кітаптар шықты. Бірақ ғылыми тұрғыда зерттелген, сол заманды жан-жақты аша отырып ғылыми ой-елегінен өткізген, сараптаған аналитикалық кітап шықпады.

Ашаршылыққа саяси баға жан-жақты әрі терең аналитикалық ғылыми зерттеулерге негізделіп, соған сүйене отырып берілетін шығар. Екіншіден, әдеби-публицистикалық тұрғыдан бұл тақырып зерттеліп жазылуы керек. Бірақ қалайда саяси баға берілуі керек. Әрі ол объективті болуы шарт.

Дайындаған  Өміржан Әбдіхалық

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.