Францияда қарашаның 4-күні бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына жүз толуына орай еске алу рәсімі басталады. Шара бір аптаға созылады. Оған әлемнің 80 елінің басшылары қатысады деп жоспарланған.

Франция президенті Эммануэль Макрон жүз мыңдаған адам қаза тапқан бұрынғы шайқас алаңдарында арнайы рәсімдер өткізеді. Олардың арасында Верден және Сомма қалалары да бар. Жүз жыл бұрын британ әскерімен бірге Германия империясына қарсы ірі шайқастар дәл осы аумақта өткен. Бұл жерге Макронмен бірге Ұлыбритания премьер-министр Тереза Мэй де барады.

Еске алу шарасына АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин де қатысады деп хабарланған. АҚШ ресми органдары еске алу рәсімі барысында екі ел басшыларының қысқа кездесу болуы мүмкін дейді.

Соңғы рәсім 11 қарашада Париждегі Триумф Аркасында өтеді. Оған Дональд Трамп, Владимир Путин, Германия канцлері Ангела Меркель қатысады деп хабарланған.

Франция билігі қалада қауіпсіздік шаралары күшейетінін айтады. Бірінші дүниежүзілік соғыс негізінен Франция мен Бельгия аумағында болған. Соғыста шамамен 16 миллион адам қаза тапқан деп айтылады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.