Көрнекі сурет

Жанар және Моника

әңгіме

Ерболат БАЯТ. Жанар және Моника
Автор Е.БАЯТ

Жанар түн ішінде жаман түс көріп, бастығырылып оянды. Қара терге малшынып, жүрегі атқақтап соғып жатыр екен. Тура өңіндегідей мұны прокурор тарамыс, арық қолдарымен қылқындырып жатыр. Бір көзі жоқ екен дейді. Мойын тамырлары білеуленіп, бір көзі ақиып, күрек тісі сояудай болып алған.  Бұл «Ағатай! Ағатай, не жазығым бар еді?!» — деп айқайлап жатыр. Бірақ қырылдап даусы шықпайды. Енді өлдім-ау дегенде оянып кетіп, есеңгіреген қалпы өзіне өзі келе алмай жатқаны осы. Ол баяғыда апасынан көргенін істеп, сол жақ иығына үш рет «Суф!» үшкірген болды. Сонда да көңілі тыншымай,  сықырлауық төсегінде аунақшып ұзақ жатып, таң алдында қайтадан ұйықтап кеткен. Тәтті ұйқы. Бірақ «китайский» қызыл сағаттың шырылы бұған «тұр-тұрлап» қоймады.

Жанар таңғы алты жарымда сонда болуы керек. Жазғытұры болғандықтан дала әлдеқашан жарыққа малынып тұр екен. «Оразамды сонда ашармын», деп ойлаған ол асығыс жүріп киініп, сіңілісі Тәттігүлдің қасында жатқан кішкентай ұлының бетінен ақырын сүйді де далаға шыққан. Иір-шиыр тар көшені кесіп өтіп, аласа үйлердің арасымен жүріп, қаладағы ең үлкен көшелердің бірінен такси ұстап, Әл Фараби даңғылының өр басындағы билла қалашығына кетіп бара жатқанын енді білген. Еріксіз есіне прокурор түскен. Жүрегі дір еткендей болған. Жанар екі күнде бір рет осылай қатынайды. Прокурордың үйіне. Биік дуалмен айналасы тегіс қоршалған, айналасы ат шаптырым үш қабатты зәулім вилланың кіре беріс қара қақпасы мелшиіп үнемі үнсіз тұрады. Тек анда-сонда ғана қымбат шетелдік автокөліктерге айқара ашылып, қайта жабылады. Бұл дарбазаның қоңыраулы түймесін басқанда, қаусырма есіктің тесігінен  еңгезердей ұлты кавказдық күзетшінің қоңқақ мұрыны, алақандай ала көзі  көрінеді.

– Это, ты Джанар? –деп, сұрайтын әдеті. Келген сайын осылай.  Бірақ Жанар ештеме деп тіл қатпай, иығындағы былғары сөмкесін оң иығына іле салып, сырты әппақ мрамормен қапталған салтанатты сарайға қарай асығып кетіп бара жататын еді. Бүгін де солай.  Жанар үлкен есікті ақырын ашып, кіре берістегі кең холлға ене бергені сол еді, анау түкпірдегі жуынатын бөлмеден жартылай жалаңаш шығып келе жатқан прокурорды көріп қалған. Бір үлкен түкті сүлгіні белін орай байлап, енді екіншісімен басын, мойынын сүртіп келе жатқан прокурор да әу басында қызды аңдамаған. Жанардың көзі прокурордың арық, ұзын саусақтарына түскен. Түндегі түсі сап етіп ойына оралғаны сол еді, қаққан қазықтай болып сілейіп тұрып қалған. Жаңа көргендей тіл-ауызсыз мелшиіп тұрған күтуші келіншекті енді байқаған ол «мынау жынды ма» дегендей одырая бір қарап алып, өте берген. Жапақтап бетіне қараған көзін тез тайдырып әкеткен Жанар сасқалақтап қалып, әнтек басын изеген. Амандасқан ишарасы.

Сырт киімін шешіп, үлкен залға қарай өткенде кең, жарық залдың еденіне төселген аса қымбат түкті кілемнің үстінде арбайып, аяқтарын созып жатқан қожайынның итін көреді. Бүгін де солай болды. Басы бір құшақ, аяқтары сала құлаш ала шұбар ағылшынның пойнтері марғау ғана басын көтеріп, қайтадан ұзынынан түсіп жатып қалған. Адамға соқтықпайды. Тек прокурор қожайынына әредік ерекелеп қоятыны бар. Бірақ сонда да Жанар қатты сескеніп, алыстан айналып өткісі келіп тұратын. Бірақ олай болмайды. Жанардың осы зәулім сарайдағы негізгі шаруасының бірі осы пойнтерді және прокурордың қызы Жанелияның кіп-кішкентай сабалақ жүнді скай-терьерін күніне бес рет тамақтандыру. Екі иттің қашан, қай уақытта, қандай тамақ жейтінін прокурордың өзі немесе сылқым келіншегі қадағалайды. Арнайы    ас мәзірі бар. Ол күнделікті құнтталып қағазға жазылып, Жанардың қолына  берілетін. Осыдан төрт ай бұрын осында жұмысқа қабылданғанда прокурор қатты ескерткен. Прокурордың шегір, сидаң келіншегі де құптаған.

– Саған өте жауапты болу керек! – деген сызылып тұрып. Орыс тілінде.   Оның айтуынша, бұл иттердің тұқымы өте қымбат тұрады. Астан болып ауырып немесе өліп қалса мұның құнын төлеуге Жанардың шашы да жетпейді екен. Кей кездері осы қаладан табылмаған сүйікті тағамдарын арнайы тапсырыспен шетелден алдырады. Оған алғаш рет Жанелияның  сүйікті скай-терьері «Мониканың» туған күнін тойлағанда куә болды. Ол ол ма, туған күн «иесі» шақырылған қонақтармен бірге бір үстелдің басында отырды. Жанелияның қасында. Бір күн бұрын Жанелия «Мониканы» алтын жалатылған ваннада иісі бұрқыраған қымбат сабындармен жуып, тазартып, феньмен құрғатып, ұйысқақ жүндерін Жанарға таратып, мойнына алтын қарғыбау тағып әспенсітіп әкеп отырғызған. Мониканың туған күніне Жанелияның үш құрбысы және анасының екі сырлас келіншектері шақырылыпты. «Хапибөз» айтылған соң Жанелияның мамасы туған күннің мәнісін түсіндірген. Оның айтуынша Жанелия «Моникасын» бәрінен жақсы көреді екен, жан дегенде жалғыз қыздары Жанелия үшін оны да құрметтеу болады екен…

«Туған күн» кешінде Жанелияның құрбылары Мониканы қызықтаса, мамасының сылқым сырластары бай келіншектің әр түрлі ең асыл қымбат тастармен көмкерілген әшекей-мүшекейін тамашалап мәз болысты. Олар өз ара орысша, әредік ағылшынша сөйлесіп отырды. Туған күнінде кіржиіп отырған түйме көз, сабалақ жүнді Мониканы тамақтандыру Жанарға жүктелген. Дәл сол күні Жанардың жалғыз ұлы Нұрланның туған күні болатын. Бірақ Жанар ол туралы ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Тек қана үйіне тез кетуді ойлап отырған болатын. Түн қараңғысында шақыртқан таксимен қала шетіндегі өзінің екі бөлмелі құжырасына кетіп бара жатқанда ағыл-тегіл жылғаны есінде. Үйіне келсе, жалғыз бөлмеде ұлы әлдеқашан ұйықтап қалыпты. Ол анасынан торт пен ойыншық күтіп жатқан болатын…

Мұздай киінген прокурор екінші қабаттан түсіп, қасынан өте бергенде қымбат әтірдің иісі бұрқ еткен. Кері бұрылып келіп қолына бір жапырақ қағаз ұстатқан. Ол не екені Жанарға бесенеден белгілі. Ол – Акбара мен Мониканың ас мәсірі. Жанар қожайынның Акбарасының көзіне қараған. Қазандай басын алдыңғы аяқтарының үстіне салып мөлиіп жатқан ала шұбар иттің көзінен аянышты мұң көргендей болған. Бұл әлгі қағазды еденге тастай салып, мына тымырсық, суық, үрейлі сарайдан безе жөнелгісі келіп тұр еді. Жанелия мен мамасы ұйқыда екені белгілі. Екінші қабаттан кәнігі аспаз-күтуші Роза тәтені көрген. Үшінші қабаттың әнеу түкпірінен шәуілдеп үрген «Мониканың» дауысы естілген. Жанар еріксіз сатыға қарай сүлесоқ беттегенін өзі де сезген жоқ еді. Өйткен ол бүгін Мониканы таза ауада қыдыртуға тиіс болатын.

Фото: kakhacker.ru

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.