Биыл елімізде күнкөрісі төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілген болатын.

Осыған байланысты қазынадан 28,9 миллиард теңге, оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен – 18,4 миллиард теңге және жергілікті бюджеттен – 10,6 миллиард теңге қарастырылды. Бәлкім, демографиялық дүмпудің ерекшелігінен болар, атаулы әлеуметтік көмектің 75 пайызын еліміздің оңтүстігінде орналасқан облыс тұрғындары алады екен. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысының еншісінде – 34,8 пайыз, Жамбыл облысында – 11,7, Алматы облысы – 10,7, Қызылорда – 7 және Шымкент қаласында – 9,7 пайыз. Және алушылардың 66 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.

Сондықтан ауыл тұрғындарының тіршілігінде бұл көмектің алар орны өте зор. Рас, соңғы 5 жыл ішінде орта есеппен алғанда халықтың нақты ақшалай кірістер деңгейі жан басына шаққанда айына 1,4-ке өсіп отыр. Дегенмен, күнкөріс деңгейінен төмен кірісі бар адамдардың үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, әлі де жеткілікті деңгейде төмендей қойған жоқ.

Бұл әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі енген тоғыз айдың ішінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Бірақ, бұл бағдарламаға қатысушыларда дайын көмекті ала бергеннен гөрі өздері де әрекет етіп, кәсіпкерлікпен шұғылдануға деген құлшыныстары болмай тұр. Мысалыға, 2550 мүгедек жан кәсіпкерлік саласы бойынша білімдерін жетілдіргенімен соның 15 ғана жұмысқа тұрыпты. Бұлар тағы әлеуметтік қызметкерлердің қолдауымен әрең дегенде жұмысқа іліккен. Осыдан кейін мүгедек жандардың өз бетімен екі қолға бір күрек табуы өте қиын екені анық байқайсыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын президент жолдауынан кейін газет пен телеарналарда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алып жатқан кәсіпорын-мекемелер туралы ақпараттар қаптап кеткен болатын. Міне, сол бастаманың екпіні көп ұзамай-ақ басылып қалғаны енді белгілі болып тұр.

Атаулы әлеуметтік көмекті алуда отбасы мүшелерінің табысын есептеудің методикасы о бастан айқай-шу туғызып келеді. Әсіресе, ауылда тұратын ағайындардың табысын есептеуде асыра сілтеушілік орын алуда. Жеке шаруашылығынан орып алған шөп, жинап алған басқа да өнімдерін көбінесе өздері тұтынады. Оны сатып, белшесінен пайдаға батып отырғандар некен-саяқ. Бірақ, осының кесірінен көптеген тұрмысы төмен отбасылар бұл көмектен қағылуда.

Мысалыға, жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыстар отбасының жиынтық табысында ескеріледі және өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің бекітілген нормативтері негізінде есептеледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова тіпті, ауылшаруашылығы өнімдерінің өзіндік бағасы 2005 жылдан бері жаңармағанын айтады. Бұрын қорадағы төрт тауықты да табыстың қатарына қосатын. Сол методика 13 жылдан бері әлі жалғасып келеді, мүлдем өзгермеген.

Апта басында Парламент мәжілісінде «Атаулы әлеуметтік көмекті іске асыру барысы туралы» тақырыбында өткен үкімет сағатында депутаттар отбасының табысын есептеуде қандай жаңашылдықтар болып жатқанын қызу талқылады. Өкінішке орай, ауылшаруашылығы министрлігінің өкілі Сәуле Молдабаева тікелей қойылған бұл сұраққа «Қарастырып жатырмыз…» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Мәжілісті жүргізіп жатқан вице-спикер Гүлмира Исимбаева мен депутат Байділда Жылқышиев бұл мәселені қаншама қадалып сұраса да ауылшаруашылығы министрлігінің өкілі «қарастырып жатырмыз» деген сөзінен танбады.

Әрине, министрлер атаулы әлеуметтік көмекті алмайды. Ол түгілі министрдің өкілі де бұл көмектен дәметпейтіні белгілі. Бұл тұрмысы төмен жандардың несібесі ғой. Сондықтан ауылдағы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын Астананың төрінде отырған лауазымды тұлғалар қайдан түсінсін? Осыдан кейін жұрттың алаңдаушылығын туғызған өзекті мәселеге ең болмағанда қағаз жүзінде дайындалып келмеген шенеуніктер іс жүзіне келгенде белсенділік танытады деп айта аласың ба?

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.