Биыл Алматы облысы көлеңкесін шәкірт баспауы тиіс ұстаздар қауымына айрықша құрмет көрсетті. Нақтырақ айтқанда, «Жылдың үздік мұғалімі»  Жамбылдық бастауыш сынып мұғалімі Алма МАХАНОВАҒА өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Салтанатты жиын Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті.

Осы ретте облыс әкімі ұстаздар еңбегінің ұшан-теңіз екенін, абзал жандар еңбегінің әрдайым еленіп-ескерілуі керек екенін айта келіп:

— Алматы облысының білім беру мекемелерінің интеллектуалдық әлеуеті зор. Бізде 35 мың педагог балаларға білім беруде. Олар қазақстандық педагогикалық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи әдістерді, инновациялық әзірленімдерді оқыту процесіне ұтымды енгізе бастады. Атқарылған жұмыстың сапасы оқушыларымыздың жеткен жетістіктерімен, мұғалімдердің кәсіби біліктілігімен айшықталуда, –  деді Амандық Баталов.

Сонымен қатар, облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу керектігін, бұл үшін арнайы жұмыстар жасалып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, бұрындары облыстың республика бойынша балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуда ең төменгі көрсеткіште тұрғанын, ал қазір бұл бағыттағы жағдайдың мүлдем басқа нәтиже көрсеткенін мәлім етті.

Алматы облысында жылдың үздік мұғалімі көлік мінді

Тек өткен жылдың өзінде облыста 118 балабақша ашылды, оның 117-сі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жеке инвестицияға тұрғызылған.  Бүгінгі күні облыста 1026 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 433-і жеке инвестиция есебінен салынған. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі өткен жылы 95 % болған еді, биылғы жылдың соңына дейін 98 %-ке жеткізу көзделген. Осыдан төрт жыл ғана бұрын бұл көрсеткіш 62 % ғана құрап, еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш саналған болатын. Дер кезінде қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту бағытындағы жұмысты жолға қойдық, — деді А. Баталов.

Айта кетейік, жиын соңында бірқатар педагогтарға «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерін, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылды. Сонымен қатар, «Жыл мұғалімі — 2018» байқауының республикалық кезеңінде жүлдегер атанғандар мен облыс әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде номинациялар бойынша ұйымдастырылатын конкурстың жеңімпаздарын марапаттады.

І дәрежелі диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты «Үздік ауыл мектебі» аталымы бойынша жүлдегер атанған Қарасай ауданы Жамбыл атындағы орта мектепке берілді. Дәл осындай диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты «Үздік кәсіби білім беру мекемесі» ретінде Талдықорған политехникалық колледжіне табысталды. Сондай-ақ «Үздік балабақша», «Үздік сынып жетекшісі» номинацияларының жеңімпаздарына да марапаттар ұсынылды. Ал Талдықорғандағы М. Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 24 «Экономика және бизнес» лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, мектеп ұжымы 22 млн. 627 мың 200 теңгенің сертификатына ие болды.

Фотолар автордікі. 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.