Советтік кезеңде жүзі кәртең көрінетін қыз-келіншектерге қатысты «Артынан қарасаң пионер, алдынан қарасаң пенсионер» деген сайқымазақ мақал болушы еді. ҚХКП-ның (Қазақстан халықтық-коммунистік партиясы) Шығыстағы филиалы да тап солай: сыртынан қарасаң президент Назарбаевтың саясатын шынайы қолдаушы сияқты, ал ішіне  үңілсең… мүлде басқа нәрсені көресің.

Оның нақты дәлелін ҚХКП ШҚО филиалының 29 қазанда комсомолдың 100 жылдығын атап өту жөнінде «бастама» көтергенінен көруге болады. Тіпті, соған қазірден қамдану мақсатында партия өкілдері дөңгелек үстел өткізіп үлгеріпті. Бұл туралы «Жас алаш» тілшісі жергілікті altaynews.kz сайтына сілтеме жасай отырып, хабарлайды.

Комсомолдың «ғасырлық тойына» дайындық жайына орай бас қосқан жиында коммунистердің екінші хатшысы саналатын Сергей Михеевтің сөзінен ел тәуелсіздігін мойындағысы келмейтін, бұрынғы кеңестік дәуірді аңсайтын шовинистік көзқарастың иісі мүңкиді.

— Бұл ұйым кезінде елдің дамуына зор үлес қосқан (Комсомолды айтады — авт.) Біздің партия Совет одағы идеологиясын жалғастырушы болғандықтан, комсомол ұйымына қатысты жақсылықтарды еске алмақ. Сондай-ақ қазіргі жастар саясатын жетілдіру үшін ол ұйымнан қажет тұстарды алуды ұсынбақпыз, — дейді С. Михеев.

Шығыста шығатын кейбір басылымдардың ара-тұра елеусіз жерінен комсомолдың 100 жылдығын атап өтуді меңзейтін жылт етпе ақпараттарға да орын берілгенін көзіміз шалғаны бар еді. Михеевтің ҚХКП-ны «кеңес одағы идеологиясын жалғастырушы» екендігін ашық айтуы жергілікті атқарушы биліктің арасында оның «ұсынысын» қолдаушылар бар ма деген ойға жетелейді. Қоғамдық ұйымдардың, партия филиалдарын жұмысын қадағалайтын ШҚО ішкі саясат бөлімінің басшысы Нелли Краснобаеваның Қазақстанның тәуелсіздігіне көлеңке түсіретін «комсомол тойын» қаншалықты құптайтынын қазан айының соңы көрсетер. Ал президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған жайларды жүзеге асыруға жауапты облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Әсем НҮСІПОВАның да мұны естімей қалуы мүмкін емес.

Кабинетінің төріне тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Назарбаевтың (билік басындағы «Нұротан» партиясының төрағасы) портретін қойып, бергі жағындағы дөңгелек үстелде кеңестік дәуірдің «керек тұстарын» түгендеп отырған коммунистік партия өкілі Сергей Михеевтің миындағы «мерейтойға» «нұротандықтар»  қалай қарар екен?

Фото: altaynews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.