Өкімет ұсақталып кеткен шаруаларды қайтадан кооперативтерге біріктірудің насихаттап жатқан кезде Шымкенттің іргесінде жатқан Сайрам ауданы Қасымбек датқа ауылының тұрғындары кооперативке бірігеміз деп жерлерінен айырылғанын айтып дабыл қақты. Айтуларынша бұған дейін талай құзырлы органдарға, әкімдікке арыздар жазған. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ.«Жас алаш» тілшілерін ауылға арнайы шақырған арызданушылар былай дейді:

«Бомба» түскен ауыл Метисбай САЙРАМБАЕВ:

Менің азан шақырып қойған атым Мтсбай. Мен осы совхозда МТС  құрылған кезде дүниеге келген екенмін. Жасым алпыстан асты. Бір кездері бірнеше ауылды біріктірген «Қайнарбұлақ» совхозы тоқсаныншы жылдары  жетіге бөлінді. Көмешбұлақта (Қасымбек датқа ауылының сол кездегі атауы) «Достық» кооперативі құрылып, бәріміз соған мүше болып, тәп-тәуір тірліктер атқарып жатқанбыз.  Хали Сарманов деген азамат келіп, алдымен ағайын, туыстарымен бөлініп кетті.  Кейін халыққа тегін пісте май таратып, біразын тағы өзіне қаратты. Соңында ауыл халқы түгелдей дерлік  «Қайнар Астыққа» өтті.

Хали Сармановтың өзі осы ауылда туып өскенімен иелігінде ешқандай жері болмаған. Совхоз тараған кезде әкесінің үлесіне 4 гектардай жер тиген екен. Соған қарамастан халық оған сенім артты. Ал сенім артқан Сарманов тек қиратумен болды. Бір емес екі қырман бұзылды. Одан кейін машина ауласы (машдвор) деген болатын. Үлкен ғимараты бар еді. Ішінде ауыл шаруашылығының барлық техникалары жөнделетін. Токарлық, дәнекерлеуші, аккумулятор жөндейтін аппараттары бар еді. Ұстахана, дүкен… Құдайдан да, дүкеннің киесінен қорықпағандар бәрін құртты. «Стройдвор» деген болды. Тақтай шығаратын еді, ол да жоқ болды. Бұдан кейін фермаға барып тиісті, ішінде 260 сиыры бар еді. Малды алды, фермаға қазір ешкімді жолатпайды. Тон шығаратын цех та жұмыс істеп тұрған, тоқсаныншы жылдары әр тонды солтүстік облыстарға апарып 10-12 қойға айырбастағанбыз. Оның да орнын сипап қалдық. Ферманың қасында жем турайтын цех болды…Бүгінде бәрі жоқ. Орындары бомба түскендей ойрандалып жатыр.

Сапарбек ДАТҚАЕВ:

— Мына тұрған гастроном, бір кездер осы ауылдағы халықтың игілігіне жұмыс істеп тұрған әжептәуір қызмет көрсету мекемесі еді. Қазіргі тұрысы мынау. Ал анау тұрған қойма жекеменшікке сатылған соң, аман қалды. Әйтпесе қасындағы екі қойма сияқты ол да бұзылып кетер еді. Сарманов халыққа көп уәде берді. МТС-ті бұзар кезде бір жағына тойхана, бір жағын парк істеймін деген. Парк салмақ түгілі осы ауылға бір тал еккен жоқ. Совхоздың кеңсесін «Қайнар Астыққа» берген кезде Х.Сарманов сол жерден балабақша ашамын деген. Әлі күнге ашылған жоқ. Кеңсе айналасы қоршалып, қаңырап тұр. Осы ауылда нөлден бастап балабақша ашып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар бар. Сарманов дайын ғимаратпен де тірлік істей алмады.  

«Бомба» түскен ауыл
Ескі гастроном

Арызданушылар тілшілерді ауыл ішіндегі бұрынғы универмагқа алып барды. Айтуларынша  бір кездері басқа мекемеге қараған дүкен бертінде «Қайнар Астықтың» қарамағына өткен. Ғимараттың қазіргі тұрысы соғыстан кейінгі жағдайды елестетеді.

— Бір кездері совхоздың моншасын бұздырар кезде ауылдың ақсақалдары қарсы болып, аман алып қалып еді.  Қазір сол моншаны арамыздағы іскер жігіттер алып, жұмыс істетіп жатыр. Универмагтың қасындағы бұрынғы кітап дүкенін кооперативтен кәсіпкерлер сатып алып, қазір жақсы дүкен ашқан.  Сарманов осыншама ғимаратты тым құрыса қолынан іс келетін азаматтарға бергенде қаңырап тұрмас еді ғой,-дейді арызданушылар.

Қазір ауыл халқын қинайтын басты мәселе жерге қатысты. Совхоз бөлінген кезде пайға берілген жер қазір басқа біреудің меншігіне өтіп кеткен.

«Бомба» түскен ауыл
Универмагтың қазіргі жағдайы

Альфия ӘБУОВА:

Менің осы кооперативтің мүшесі болғаныма 15 жыл өтті. Келісім бойынша кооператив үлесімдегі жерге егілген өнімнен 10 пайыз дивидент беріп тұруы тиіс. Дивидентті бірде береді, бірде бермейді. Қарсы сөйлегендерге, ары-бері арызданғандарға бермейді. Қысқасы жартысы алады, жартысы алмайды. Ақыр аяғында бөлінеміз деген әңгімелер шықты. Сарманов жиналыста «бөлінсеңдер үлестеріңді беремін» деген. Кейін жерге егіс егіп қойғанмын деді. Ақыр аяғында «жерлеріңді кооперативке өткізіп берсеңдер, жақсы бау-бақша егетін суармалы жер беремін» деді, кейін оны қойып,  «ауылға кіре берістегі суармалы жерден тұрғын үй салатын 10 сотық учаске беремін» деді. Оған да келістік. Бірақ бермеді.

Жерге қатысты мәселемен біраздан бері айналысып, құзырлы органдарға арызданып жүрген Оңласын МӘДІБЕКОВ былай дейді:

«Бомба» түскен ауыл

Халықтың жері алғашқыда «Достық» кооперативінде болған. Сарманов түрлі жолдармен үлестегі жерді «Қайнар Астыққа» өткізіп алды. Кейін «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» тас жолы салынып жатқан кезде бір себептермен «Қайнар Астық» өкіметтен алған өтемақысын қайтадан қазынаға қайтаруы тиіс болыпты. Осы кезде шаруашылықтың жері аукционға түседі де, оны Сармановтың туған қарындасының атына тіркелген «Нұркөл» деген фирма сатып алады. Яғни, дәлі қазіргі уақытта жер «Нұркөлдің» меншігінде. Ауылға кіре беріс жерде кооператив мүшелеріне тиесілі суармалы және жайылым жерлер бар еді. Қазір сол жерді біреулер алып, мал соятын цех, жылыжай салып алған. Олардың жерді қалай алып қойғаны түсініксіз.

Енді құжаттарға үңіліп көрейік. Арызданушыларға облыстық жер инспекциясының берген хатына қарағанда, «Достық», «Берекелді», «Сарқұл баба» өндірістік кооперативтерінің пай үлестік жерлері (3752 гектар) «Қайнар-Астық» кооперативіне 48 жылға пайдалануға берілген. Бұл жөнінде 2005 жылы Сайрам ауданы әкімдігінің қаулысы шыққан. 2011 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының түсуіне байланысты кооператив жері мемлекет мұқтаждығы үшін алынады. Кейін ол дау-дамайға айналып, сот болғанға ұқсайды. Алғашқы сот істі кооперативтің пайдасына шешіп, Сармановтың басқаруындағы «Қайнар Астық» 61 миллион, «Қайнар Эко Продукт» 66 миллион теңге өтемақы алады. Бірақ кейінгі соттар істі «Қазавтожолдың» пайдасына шешіліп, екі кооперативтен 127 миллион теңге өндіру міндеттеледі. 2013 жылы сот актілерін орындау департаменті борышкерлер «Қайнар Астықтың» меншігінде 64 жер телімі, «Қайнар Эко продукта» 14 жер телімі барын анықтап, «Қайнар Астықтың» жерін 43 миллоион теңгеге, «Қайнар Эко Продуктің» жерін 29 миллион теңгеге бағалайды. Аукционда жердің бәрін «Нұркөл» шаруашылығы голландық тәсіл бойынша бар-жоғы 34 миллион теңгеге сатып алған…Бұл жерде кімнің қандай пайда тапқанын түсіну қиын емес сияқты.

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Хали Сармановтың өзімен хабарласқан едік: 

-Арызданып жүрген азаматтардың өндірістік кооперативке қатысы жоқ. Оларды ұйымдастырып, маған айдап салып жүрген адамдар бар.  Олар менімен соттасып, сотта  36 рет ұтылған. Егер менің кінәм болса, 36 соттың біреуінде ұтылуым керек еді. Олар бөлінемін деп арыз да берген емес. Берейін десе құжаттары жоқ. «Достық» деген кооператив болған. Біз оның заңды мұрагері емеспіз. Бәрі бәлеқорлық. Мақсаттары менің абыройымды түсіру, басқа ештеңе де емес.  

Ауылдағы ғимараттарды мен кооперативтен емес, ауданның арнайы қорынан алғанмын. Оған үлескерлердің қатысы жоқ. Бұл жөнінде арызданушылар Бас прокуратурадан, Үкіметтен жауап алған. Сендер Бас прокуратурадан мықты емес шығарсыңдар.

-Кооперативтің жері «Нұркөлдің» меншігіне қалай өтіп кетті?

-Жер прокуртураның шешімі бойынша аукционға түскен. Халықтан ұят болмасын деп, «Нұркөл» фирмасына сатып алғаным рас. Прокуратура да, үкімет те, бәрі біледі. Бәрі заңды. Облыстық жер инспекциясы мені кезінде сотқа берген. Ұтылып қалды. Жерді сақтап қалып, дивидент беріп жатқан мен ғана,-деген Сарманов ауылға кіре берістегі жерлердің де заңды берілгенін алға тартты. Оның айтуынша, кезінде ауыл ақсақалдарының өтініші бойынша жерлерді кооперативке өткізгенін, қолына келгенше жұмыс істеп, ауылды көтергенін, соңғы алты жылдың көлемінде кооперативтің төрағалығынан кеткенін мәлім етіп,

-Мен сендер ойлағандай жаман адам емеспін.  Барлық мәселеге объективті түрде қараңыздар,- деді. Қажет болса бәрін құжат жүзінде дәлелдей алатынын да алға тартты.

Сайрам ауданды әкімінң орынбасары Бахадыр Олжаевпен де хабарласып, мән-жайды сұрағанбыз.

-Арыз бойынша  аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездескен.    

Бүгін бесте тағы да жиналамыз. Хали Сармановтың өзі келемін деген. Заң бойынша енді барлық мәселені сот арқылы шешу қажет. Шаруашылық банкрот болған, жерлер қарыз үшін аукционда сатылып кеткен. Қазір осының заңдылығы анықталып жатыр.

Облыстық жер инспекциясының қызметкерлері басшысымен бірге келіп кетті. Қазір барлық құжаттар дайындалуда. Егер мәселе өзара келісіммен шешілсе, жақсы, шешілмесе, сотқа жүгінетін болады,-деді әкім орынбасары. Ауылға кіреберістегі кооператив мүшелеріне тиесілі суармалы, жайылым жерлерді алып, мал соятын кәсіпорын ашқан «Қайып ата» кооперативі екен. «Қайып атаның» бұл жерді қалай алғанынан ауданы әкімдігі хабарсыз болып шықты.

-Барлық мәселе алдағы уақытта анықталатын болады,-деді әкім орынбасары.

«Бомба» түскен ауыл
Кооперативтің кеңсесі

Біз мәселеге біржақты қарамай, екі жақтың да пікірін бердік. Қандай қорытынды шығару оқырманның өз еншісінде. Дегенмен арызданушылар Сармановтың кейбір сөздерімен келіспейтіндігін білдірді.

-36 рет соттасып жеңілді деген бос сөз. Былтыр телеарналарға арызданғаннан кейін Сарманов бізді сотқа беріп, моралдық өтемақы талап еткен. Кейін талап арызынан өзі бас тартқан. Басқа сот болған емес,-деді Оңласын Мәдібеков. Ал Сапарбек Датқаев 20 жыл бойы  совхозда істеп, ол тараған кезде 12 гектар жер үлес алғанын, жердің бәрін уақтында «госактімен» бірге кооперативке өткізгенін, кейінен дивидент сұрап, арыздана берген соң үлесінің із-түссіз жоғалып кеткенін алға тартты. Ал, Оңласын Мәдібеков кооперативте  1,8 гектар жер үлесім бар дейді.  Арызданушылар бұл іске облыстағы, аудандағы құзырлы орган басшыларының да қатысы барын айтып отыр. Кооператив мүшелеріне тиесілі жерді алып, ол жерден ғимарат салған азаматтардың артында ауданның бұрынғы прокуроры тұр деген сөздің қаншалықты рас-өтірік екендігі алда анықталуы тиіс деп ойлаймыз.

Жалпы заң бойынша пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылуы тиіс. Алақандай ауылда қаншама жер, қаншама ғимарат қаңырап  бос тұр. Бос жерді мемлекетке қайтарып, кәсіпкерлерге беру не ауыл әкімін, не аудан әкімін қызықтырмаған сияқты. Сонда жиырма жыл бойы әкімдер мен құзырлы органдар қайда қараған? Аудан әкімі орынбасары пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтарумен облыстық жер инспекциясы айналысатынын айтып ақталды. Ал Марат Әлібеков басшылық ететін облыстық жер инспекциясының бұл іске былтыр кірісіп, сотқа талап арыз бергені, бірақ ұтылып қалғаны жоғарыда айтылды. Бұл М.Әлібековтың әрекетсіздігі ме әлде әлсіздігі ме?

P.S. Кооперативке біріккен шаруаның  көретін күні осы болса, дүние-мүлік тістегенің аузында, ұстағанның қолында кете берсе, ұжым құру кімге тиімді? Елдің үлесін еселеп жеп, бақай есеппен жұмыс істейтін пысықайларға ма? Әлде осындай берекесіздікте шаруашылықтың ескі ғимараттарын туыстарының атына жекешелендіріп алатын жергілікті әкімдерге ме?  Арызданушылар Қасымбек датқа ауылындағы жерге қатысты дауды облыс әкімі жеке бақылауына алса, аяқсыз қалдырмаса дейді.

Фотолар автордікі. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.