АППАҚ  СҮЮ

хикаят

Серік Асылбекұлына

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ. Аппақ сүю
Автор М.ТӘЖ-МҰРАТ

         Бүгін де жұмысқа недәуір кешігіп келдім.

         Бас редактор қызметкерлер жапырлап отырған үлкен офис бөлменің қақ ортасында, буы бұрқырап кіріп жатқан мені күтіп, өп-өтірік қасапшыдай түнеріп тұр. Қазір бастайды бір әңгімені. Ойлағанымша болмады: «Не болды?!» деді.

— Екі де бір болды.

— Не?

— Автобус…

— Слушай, Ербол Әмірен деген атың бар. Мына жас қызметкерлерге көрсеткен өнегең осы ма?!

Бір жылы туған сәбәкі, жұрттың көзінше бір тұқыртып алмақ. Мен де қитықтым.

— Е, сен, таңғы бесте тұрасың, әрлі-берлі жүресің, азанғы дене қимылдарын жасайсың. Сосын кофе ішесің… жолыңа екі сағат… Е… майт, кешіріңіз…

— Сен өзі қалай-қалай сөйлесесің бастығыңмен?! Жастар отыр дедім ғой.

— Кешіріңіз. Абайсызда шығып кетті аузымнан…

— Ал?

— Не ал?!

— Неге кешіктің деймін.

— Айттым ғой жаңа. Музакадемияның жанында әлгі… жиырма бірінші… не сынды, не майы таусылды… Содан кісі лық толы басқа автобусқа ауыстық. Қас қылғандай әне бір қара бала да тақымдап қоймады…

— Қайдағы қара бала?

— Африкалық дегенім ғой. Автобустың бұрышына жапсырып тастады (қалай жапсырып тастағанын көрсеттім).

— Оу, қазақтың мен деген журналисі, қашанғы балдармен жағаласып жүресің автобуста? Ауың атқа тиетін уақыт болды емес пе?!

— Басеке, сол айтып тұрған жағыңызға бармай-ақ қояйықшы. Шатырхан Бәйтереков деген атыңыз бар. Мында жас қызметкерлер отыр… Содан, е, әлгі сайтандай сап ете қалған негр мені автобустың қабырғасына жаныштап тастады. Қанардай қара. Жып-жылтыр. Татырандай. Екі көзі тура балықкөз етіп құйған жұмыртқа, тасырайып, бірдеңе дейді. Мен де оған тесірейе қарап, енді болмаса «Негр, негр, жылан жегір!» деп айқайлап жіберуге шақ тұрмын. Не керек өзіне?! Ал ол болса: «Айтыңызшы, «Мен және менің диктофоным» дейтін мақаланы жазған сіз бе?» деп былдырақтап қоймайды. «Иә, мен, иттің баласы! Мен!».

Осы жерге келгенде бір мәнді кідіріс жасап, басредке таңданысты көзбен қараймын.

— Құдайым-ау, сонда мені түу сонау Африкадағылар да білетін болғаны ма?!.

Диктофон әңгімесінің дәлірегі былай.

Ептеп қиялилау бастығым, — өзінің бұты шидей, басы шақшадай, ал сол шақшадай қауашағының іші толған албырт идея, — биыл жазда бір журналистік зерттеуге тапсырма берді: теміржол вокзалына барып, ондағы көзтаса өмірді ішінен зерттеп, жазып әкелуім керек. Болашақ мақаланың аты да дайын.

— «Екеуге арналған жаңбыр», — деді кабинетін ерсілі-қарсылы кезіп кеп бір сәт тоқтай қалып. Сәл бөгеліп, басын шайқады. – Жо-жоқ, Джефф Роуланд бұл жерге келмейді екен. Ә, таптым! «Екеуге арналған вокзал». Иә, дәл солай! Тек астына «Мен және менің диктофоным» деп қосымша жазып қоямыз. Болашақ мақаланың бас кейіпкерлері де солар болады. Оқырман да бірден түсіне қояды! – Дүрдік еріндерін жымқырып, сол қолының сұқ саусағымен ауаны бауырлай тілді. «Үкім шығарылды, шағымдануға жатпайды».

Иә, содан… Мен тәулік бойы еліміздің бас теміржол стансасының сүттей ұйыған семьясының мүшесі болатын уақыт ретінде Конституция күнін таңдағанымыз… мейрам күні ерекше қорғауға алынатын стратегиялық нысандағы бос салпақпай жүрісімді дәлелдеу үшін аңыз құрастырғанымыз… ол үшін маған Арманқалаға жазғы демалысқа келіп, енді туған Астанаемес қаласына қайтатын билет таба алмай сандалып қалған туристің образы таңдалғаны… әлгі аңызға орай туристің арқақапшығына өзім тұратын жалданба пәтердің иесі орыс кемпірдің көмегімен «жолға» керек оны-мұныны жиып, мойныма фотоаппарат асынып, редакциядағылар тауып әкеп берген, көкірегіне I LOVE ARMANKALA деп айқыртып жазылған футболканы киіп алып зерттеу нысанына жөнелгенім… ондағы перрон алаңына ысылдап кеп ентігін басып жатқан сан түрлі пойыздар… олардан ақтарылып түсіп жатқан есепсіз адамдар… вокзал алаңындағы «Шортандыға… бір адам! Бозқарағанға… бір адам!» деп жақ жаппай қақсаған «бомбила» таксистер… түнгі вокзалдың «сыбырлақ» кассаларының бармақ басты, көз қысты тірлігі… бекет қалтарыстарында елу пайызға дейінгі шегеріммен сатылып жатқан ұрлықы қалтафон саудасы… қылмыстық кодексіміздің 271-ші бабының 2-ші бөлігін көпе-көрінеу аяқ асты етіп, «түнгі көбелектердің» емін-еркін қалықтап ұшып жатқандары… күту залында заттарын ұрлатып алып зар қағып қалған байғұс жолаушылар… мереке күні қырағылықты ерекше күшейткен вокзал полициясының тоқ соғатын құралы бар бір жігітті қуып жүріп ұстағандары, онысының джоули қуаты электрлі қару қуатынан кем болғасын босатып қоя бергендері… «аңыз» бойынша тырнағымды сойдитыңқырап, жақ жүнімді үрпитіңкіреп, күту залындағы отырғышта жолқапшығымды жастанып мызғып кеткен мені де КПЗ-ға әкете жаздағандары… осының бәрін терең мағыналы сөздерсіз, көргенімді көргендей ғып жазып әкелгенімде кірпияз бастығым ойламаған жерден көңілденіп қалған. Маған қаратып, «қазақтың мен деген журналисісің» деп тұрғаны да – қаланың оқырман қауымы былай тұрсын, африкалықтардың арасында да кең көлемді жаңғырық туғызған сол бір шатпағымның шапағатты әсері. Соның алдында, тағы да сол тақырып тапқыш бастықтың нұсқауымен қалада пеш салатындар жайында жазғанымды жұрт дәл бұлай жапырыла оқымаған еді. Ол бір отқа төзімді тас қалап, пеш соғатындар мұрындарынан шаншылып жататын қысқа қарайғы науқан уақыт еді. Әйтеуір фотограф екеуіміз қаланың шет жағынан біреуін тауып алып, кейіпкер болуға қоярда қоймай жүріп әрең көндіргеніміз есімде. Неге екенін, «ПЕШШІ-нің ісі» деп тағы да тақырыбын басред қойған сол материалым (иә, дәл солай, әлгі лақап атымен белгілі жырынды қылмыскерді құрықтаған кездегідей, үлкен әріптермен көрнекі етіп бергізді) жалпының аузында жүрмесе де, аты да, заты да өткен ғасырдың сексенінші жылдары түсірілген танымал киносюжеттен жиендік жолымен алынған кейінгі ұрлықы вокзал-мақалама қарағанда өзіме көбірек ұнап қалған еді. Себебі қызуы бет шарпыған пештің көмейіне үнсіз қадала қарап отырғанымда кенеттен кейінгі кезде өзімді вокзалда тұрып келе жатқандай сезінетін сырты бүтін, ішім түтін күйім есіме оралып қамырыққанмын. Қай үйдің болсын өмірінің тиянағы түбінен байланатын пештен – қара қазан, сары баладан алыстап кеткенім беймезгіл мазалап, іші-бауырым біртүрлі жидіп кеткендей болып еді…

Не керек, содан бері бастығым «Айрықша тапсырма», «Журналист мамандығын өзгертті» сияқты журналға бедел әперетін оқылымды тақырыптарды милары тозбаған жігерлі жас журналистерге бермей, бозқылаң тартқан маған жүктейтін әдет тапты. Осы жолы да жұмысқа кешіккенім үшін шәгбір ұра келіп кабинетіне бастады. «Маған жүр, екеуіміз сөз сөйлесейік». Оқыс тапсырма берерде өстіп жіби қалатыны бар-ды.

Білгендей-ақ ойлаппын. Сөз шіркін ескектеп, толқып, көмейден сеңдей бұзылып шығып жатыр. Арман қаласының беткеұстар басылымында еңбек етудің кімге болсын (әрине, маған) бақыт екенін нығырта сезіндіре келіп айтқаны мынау болды: таяу күндері қалаға үлкен аяз келеді, тарихи суық түседі, ауа райын болжаушылардың мәліметіне қарағанда климаттық мөлшерден көп, өте көп қар жауады; ал, өзіңізге белгілі, қаламыздағы көше мен тротуар қар тазалайтын жұмысшылардың санынан көп болмаса аз емес; маусымына сыртқа тасып шығарылатын қардың мөлшері миллион текше!; әгәрәки сол миллион текше толтырылған вагондар құрамын тізіп қойса ұзындығы экватордың ұзындығындай тізбек шығар еді; қысқасы, сізге редакциялық тапсырма – екі-үш күн қаламды күрекке айырбастай тұрасыз, яғни қар тазалаушылар арасында жұмыс істеп келесіз; әдетінше жұмысымды жеңілдетіп, тақырыбына шейін ойластырып қойған – «Ұмытылмас үш күн» (ол күндердің ұмытылмайтынын бұл шіркін қайдан біліп отыр десейші, бәлкім, үш күн түгіл бір күнді безбендей алмай жүрген мен ұмытып кететін шығармын). Тамаша емес пе?! Осы жерге келгенде әдеттегідей орнынан тұрып кетіп, кабинетін ерсілі-қарсылы кезе бастады. «Жылдам жиналып бара қал. Керемет идеяны біреулер қағып әкетіп жүрер».

Шамалы пауза. Көзбен қойған сұрағымды оқып тұрғандай: О-о, қарлы қыс! Ақтарылып жатқан тап-таза, шыңылтыр ауа… Қалықтап кеп қонып жатқан ақ қанат көбелектер… Мақта сияқты, үп-үлпілдек. Алақаныңа салсаң, баяу ескен желмен ырғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, саусылдап, сыбырлап кетеді. Күректердің шыңылы, олар қақтығысып қалғанда ұшып жататын ұшқын-зарядтар… Айнала техниканың неше атасы – шнекті-роторлы қартазалағыштар… автогрейдерлер… жиырма бірінші ғасырдың төресі – хутер, омакс, шампион, әсіресе американдық эмтыдыны айтсайшы! Әп-сәтте жылан жалағандай тазаланып қалатын бэкьярд, фронтьярд, драйвэй алаңдар… Осының бәрін жұлынтұтамды қауып, буынға түсіріп жаз, құтыртып тұрып безендіріп береміз нөмірге!..

Поу, не депті-ау. Әңгіменің басында өнегелі сөзге түскендей көрініп еді, бірақ не десе де жаратылыс шіркін жібере ме… Осы жерде басыммен ойлап көрсем, еліккенге желігетіндей тіпті де орным жоқ сияқты. Бұл мында, жылы офисте аузына салса еріп кететін бұзаудың етін жеп, Саягүл дайындап әкеп берген ыстық какаоны ұрттап қойып, жақсы көретін Роуландын тыңдап, кезекті сандырақ идеяларын ойластырып отырады екен де, мен – сыпыртқы ұстаған «кот Василий», қайдағы бір мақала үшін ала таңнан қара кешке дейін жілік майым үзіліп, керзі етігімнің қонышы қомпылдап қар күреп жүреді екем. Тапқан екен ақымақты. Бірақ, іштей ой безбеніне сала келіп, әдебиеттің Әуезовы мен Әбулақабы болатыны сияқты, журналистиканың да «әлеулейі» болуы керек шығар дедім де, келістім. Үнсіз келістім. «Ерлік жасайтын жастан да, қар күрейтін шақтан да кетіп қалдық қой» деп айта алмадым. Төмен ұшатын үйрекпіз ғой біз. Ал бұлар болса кіжінген «Кіші атам» емес пе, жынына тисең, өздері айтатындай, шыққан жеріңе қайыра тығып жіберуі кәдік. Онда өмірдің өрін көздеп, Арман қаласына келгендегі асқаралы бүткіл мақсатым сағым көтергендей ғайып болмақ.

х       х        х

Шиборбай бастығымның айтқаны аумай келді: ертесіне бір түнде Жаңа жыл алдында сәнденіп жатқан қаланы толарсақтан қар басып қалды. Көшелерді алақаншық борасын ұятсыздықпен жігерлене кезді. Яндекстің хабарлауынша, бұл күні тәулігіне он төрт сантиметр шық-шылам түсіп, секундына жиырма метр жылдамдықпен күшті жел соққан. Жергілікті радионың жағын сауып тұратын журналистері бұл мәліметті «бүкіл метеохабарламалар тарихында дәл осы күн бойынша жауын-шашын мөлшері жағынан рекорд жасалды» деп жіберді. Синоптиктер болса тынбай жауған қар дүйсенбі күні таңертеңгілікте ғана толастауы мүмкін деп хабарлады. «Арманқала-Тазалық» жауапкершілігі шамалы серіктестігіне хабарласқанымда ондағылар қалыңдығы норматив бойынша жеті сантиметр қар қабатын жинауға қарастырылған уақыт бір аптаны құрайтынын, жеделдеткенде үш-төрт күн кететінін айтты. Одан асып түскен әр сантиметр қарды тасып әкету үшін және бір күн керек екен. Төтеннен келген осы табиғат қолайсыздығымен ымырасыз күрес сол түні, қар жауа бастаған шақта-ақ басталып кетіпті. Бұл іске қаланың коммуналдық кәсіпорындарының бүкіл күші жұмылдырылған. Техника алдымен қозғалысы көп орталық көшелер мен алаңдардың қарын аршуға кіріскен. Әрине, бәрі керемет деп айтуға болмайды: қар үздіксіз жауып тұр, ал техника мен адам күші жетіспейді, сол себепті көлік бөгелістері пайда болып, жайшылықта машиналары алтын аққан өзендей ағылып жататын көшелердің дағдылы қозғалысы бұзылған. Әсіресе жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция сияқты арнаулы қызмет көліктері қарға малтығып кәріп боп қалды. Қыстық аяқкиімін киіп үлгермеген автокөліктер асфальт жолда кенет шырқ үйіріліп, аяқтары бастарына келе жаздап жатыр. Ауа райын болжаушылардың ақпараты дәл шығып, солтүстіктен сұғына енген циклондар шық-шыламның соңын ылғалды қарға айналдырып жіберетін болса, жағдай одан сайын қиындай түспек. Ал қардың қалыңдығы жиырма сантиметрге жеткен жағдайда табиғат апаты жарияланады екен. «Келетін болсаңыз тезірек қамданыңыз» деді осыларды хабарлап болғаннан кейін телефон сымының арғы ұшындағы коммуналдық кәсіпорынның өкілі. Көмейінде «қызық әлі алда» дегендей бір күлкіл қалды.

Бірақ біз қазақпыз ғой. Айтқанды айтқан күйінде орындап шығатындай мен қай бір елгезек журналиспін және бізде айтқанды айтқан бойда орындай қоятын қай бір бюрократ емес мекеме бар дейсің: тиісті орындармен қағаздасып жүріп, тілімді бұрап сөйлесіп жүріп көше тазалаушылар бригадасында жұмыс істеуге рұқсат алғанымша тағы бір-екі күн өтіп кетті. Мәулетқағаз қолға тиген күннің ертеңіне жаңа жұмыс орныма бет алғанымда қар толарсақтан асып, тілерсекке жақындап қалған еді.

 

Таңсәрі. Айналамда уілдеген желден басқа ешкім жоқ, тұмсығымды жасанды теріден тігілген жарғақ тонның жағасына тереңірек тығып алып, бір өзім қараңғы көшемен безіп келемін. Кемі жерге жарық түспей тұрып жетіп алуым керек – тазалықшылар солай деген. Бірақ есер жел етегімді жұлқылап, адымымды аштыратын емес – біресе темірдей боп бет қариды, біресе сұрапыл күшпен арқадан итереді. Бірер мәрте екі үйдің аралығындағы өтелек жерден қысылып шығып, ызғарлана соққан ұшырма табан жолымнан бір бүйір әудем жерге дедектетіп апарып тастады. Арманқаланың түнгі ұшырма желі даладағыдан да күшті болады, ал саршұнақ аязы күндізгіден он градустай суық келеді деуші еді, рас екен. Желдің күштілігі сонша, жаңа жауған ақ ұлпа қарды құйындай ұйтқытып, мидай араластырып, алдыңнан алапат боран орнатады, оң жағыңа шығып алып бұрқап соғады, сол қолыңнан жаяу борасын болып келеді, ара-тұра төбеңнен тажал боп ойнайды. Сонда табан жолыңдағы қарды қалай деп сипаттарыңды білмей дал боласың: аяқ басқан сайын сықырлайтын қасат қар ма, жапалақтап жауатын көпсік қар ма, асты жылбысқаланып жататын томыртқа қар ма, әлде қапалақтап жауатын мамық қар ма, айырып болмайды. «Қалықтап кеп қонған ақ қанат көбелектер. Мақта сияқты, үп-үлпілдек. Алақаныңа салсаң, баяу ескен желмен ырғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, саусылдап, сыбырлап кетеді…» — беу, бір кісі жылы офисте осы бір ауыз сөзбен шағын романдық оқиғаны бергендей болып еді, сондағы сымға тартқан күмістей әп-әдемі естілген сөздер бораны жын атқан түнгі көшеде қыздырманың қызылы болды да қалды.

Тас пен темір бүркенген қала ұйқыдан енді оянып жатыр. Арманқала, шапшаң шаһарланып келе жатса да, шынтуайтында әліге дейін облыс орталығынан қарымы аспай тұрған шағын шәр ғой, әсіресе ескі бөлігі тұтасқа жуық атам заманғы жер үй және бір типтес төрт-бес қабат тұрғынжайлардан тұрады. Жер үйдегілер тіршілік белгісін бере бастаған: түндіктері түтетіліп, түтінмен ашылып қалыпты. Керісінше, өзім тұратын теміржол бекеті маңынан орталыққа жеткенімше көпқабатты үйлердің ауласының мас тракторшының жолындай ирек тісті аласа қабырғаларының аржағында күрекпен, сыпыртқымен қаруланып алып қараңдап жүрген бірен-саран аула тазалаушылардан және шортанқармақтарын асынып, өзеннен мұзойық ойып, кіленкөр шатырға кіріп отырып қармақ тастауға асыққан бірер балыққұмарлардан өңге жол бойы тірі тышқан кезікпеді. Балықшылар асығыс: оларды Көсіл өзені мұзының аязға шыдамай, бірде күрс етіп қақ айырылып, күтір-күтір жарылғаны, біресе айнаның әйнегіндей шатырлай сөгілген дабысы, — өздерінің осы бір аз сәттік бақыты, — бейне көлдің қызғыш құсының келте қайырған әсем әуеніндей алға дедектетіп сүйреп барады.

Қала ішін ұзақ айналсоқтаған боранмен алысып әлденеше жер жүргеннен кейін ақ қырау тұтып, шыққа малынған елтірі тон, елтірі жағалар, астарына синтепон тыққан майкрофайбер сулық киімдер ұшыраса бастады. Кісі қарасы көбейді. Межелі жерге – қаланың мәдениеттеніп қалған орталық бөлігіне жақындаппын. Бұл кезде түн етегі толық түріліп болған еді.

х       х        х

Орталық – бұрынғы горкомхоз, қазіргі «Тазалық» кәсіпорнындағылар маған «барасыз» деп сілтеп жіберген басты алаң, яғни қалалық әкімдіктің маңы. Менің редакциялық тапсырмамен жүргенімді білгеннен кейін қар тазалаушылардың бірі бригадирді шақырып әкелді. Біргәдір — дембелше келген орта бойлы, кең иықты қыз бала ығыспай келіп, еркектерше қол беріп амандасты. Міне, қызық, қайысқан еркекті қыз басқарып жүр! Және қандай қыз десейші, диірменнің тасындай ойнап тұрғаны өз алдына, ал енді алақаны бар ғой, алақаны, айдау қара жолдай жап-жалпақ. Мұның сырын кейіннен білдім ғой.

Көктен салаң етіп түсе қалған көмекші Нұргүлді аса қуанта қоймаған сияқты. Бірақ әйел затына тән сезімталдықпен онысын қымтап ұстап, өздері супервайзер деп қоқырайтатын завхозға мені Концерт-сарайдың төлеқабатындағы әбзелханаға апарып арнаулы киім беруді тапсырды. Үлкен қалаларда қыста коммуналдық қызметкерлер термоішкиім киеді деп естуші едім, мұнда ондай жоқ екен. Астары жасанды мамықпен сырылған, арзанқол көкшіл матадан тігілген сулық күрте-шалбар. Өзін бұрын талыстай біреу киім еткенге ұқсайды. Әйтеуір екі өңірін айқастырып салып қапсырғанымда бір емес, екі бешпетті қабат киіп алғандай болдым. Сыртынан жол жұмысшысының жарқырауық таспалары бар жеңсіз сары жейдешесін киіп, шонданайдың үстін ала жіңішке қайыс белдікпен бір тартқанымда дәл белін буған сыпырғыш болдым да қалдым. Айнаға қарасам, қойшылардың ит-құс үркіту үшін қора шетіне орнатып қоятын қарақшысынан аумаймын.

Арада бірер минут өткенде осы қалқиған қалпыммен Айдан түскен адам құсап табиғаттың кеңістігіне аттап шықтым.

Кеше өзімді осылай қарай бағыттағандар бригадада жұмыс таңғы бесте басталады деп еді, рас екен. Арада өткен екі сағатта жиырма екі адам жабылып жүріп бірнеше КамАЗ-ды қарға тиеп жіберген.

Ай, қанша айтқанмен біздің бастықтың білмейтіні жердің астында ғой, «қаламызда тротуар жол жұмысшысынан да көп» дегені қолмен қойғандай дәл шықты. Ат төбеліндей адамға тақау төңіректегі табиғаттың ауданынан бір емес, бірнеше атшаптырым болатын жер бөлініпті. Бригада таңның атысынан күннің батысына дейін әкімдік алдындағы алаңды, Концерт-сарайдың алдын, Қабай мен Ақтылы көшелерінің аралықтарын, оған қоса Өкейханов, 1986 жыл көшелерін, Салтанат даңғылын, Қабай мен Променаде аралығын және Мирченко мен Байгелдинов көшелерін – барлығы жүз де он төрт мың шаршы метр жердің қарын күреп, шығарып үлгеруі керек екен. Үш қартиегіш трактордың, төрт қартасығыш жүк мәшинесінің көмегімен. Басред айтқан шнекті-моторлы қартасымалдағыштарды, автогрейдерлерді, жиырма бірінші ғасырдың төресі Huter, Omax, Champion, американдық MTD-ны мен әлденеге бұл жерден көре алмадым. Мұндағылар «Тазалықтың» пиаршы мамандары жаза беретін, қандай да бір сірескен қар, көкбет мұзыңның көбесін сөгіп алып жол жиегіне күреп тастайтын, жазда көше бойының көгін өзі суарып, өзі сыпыратын, тіпті шөбін қырқып алатын «Джетбрумды», су шашып көше сыпыратын, қыста табанжол тазалайтын «Бошунг Пониді», қар түгіл тас тастасаң да қарш-қарш шайнап қылғып қоюға дайын «Унимог-400»-ді, бір сағатта он КамАЗ қарды су ғып шығаратын «Қар айдаһарының» атын естігені болмаса, көрмеген. Мұнда негізінен қар жинаудың жеңіл және орта техника қатысатын механикаландырылған тәсіліне, сосын қолмен жинау әдісіне жүгінеді екен. Маған түсіндіріп айтқаны, бұл – екі жүз алпыс бес қарапайым техника және жолшының кәдімгі қалақ күрегі. Басқаша айтқанда, баяғы жарықтық қалақ-күректің беделі күшінде. Бригада осы скребок-қырғышпен қаржалдағыш автогрейдерді де алмастырады, жол жиегіндігі қарды күреп алып жал қып үйеді, техниканың бөлек-салақ жерлері сыймайтын қуыс-қалтарыстарды тазалап шығады. Ізінше оны қос қалақты аспалы қаржинағыш – «лаповик» жинап әкетіп, жүгін өзі аударатын жақтаулы мәшиненің шанағына көтеріп апарып тастайды және аударыстырып үйеді. Автомат қалақтан артық-ауыс түсіп қалған қарды жолшылар лаповиктің шөмішіне салып тұрады. Осы тәсілмен қары алынған жерге арнаулы машина құм мен тұз қосылған реагент шашады.

Болған-біткені осы. Төменде, супервайзер берген күректі қолыма алып тұрып бойында басып қалатын кнопкасы жоқ па екен деп айналдырып қарай берген жазған басым сыртқа шыққасын барған бетте «Енеден туа өнерленіп кеткен ешкім жоқ шығар» деп, құдайдан сәт тілеп жұмысқа кірісіп кеткенмін. Алайда арада жарты сағат өткенде қар тазалау жөніндегі білімім тым үстірт, тым шектеулі екендігін масқаралықпен үнсіз мойындауыма тура келді.

Қар жинаудың оңай-оспақ шаруа емес екенін сырттай білгеніммен, оның да өзіндік ғылыми бабы бар деп кім ойлаған. Мысалы, қалыңдығы он сантиметрден асатын қарды коммуналдық шөткелер жол жиегіне сыпырып апарып жал қып үйіп кетіп отырады. Солай етсе қартиегіш техниканың күреп алуына ыңғайлы. Осы реттен келгенде бүгінгідей он төрт сантиметр болып түскен қалың қар қайта оны қолмен жинайтындар үшін тиімді болып шықты. Себебі, мөлшер бұдан аздау болса жолшылар әр он-он бес метр сайын күрекпен, атжал шығарып кетіп отыруы керек. Адам жүретін жерлерден, қуыс-қалтарыстардан ысырып әкелген қар да әлгі жалға үйіледі. Үшінші қол жұмысы, жоғарыда айтып кеткенімдей, қартасымалдағыштан сыпырылып қалған қарды шөміш астауға салу. Сонымен бірге қаржинағыш техника асфальттың, тақтатас пен құйматастардың кедір-бұдырынан ала алмай тастап кеткен қырбық қар да қолмен жиналады. Сондықтан қарды дәл жауып тұрған кезінде, яғни көксоқтаға айнала қоймаған көбік күйінде де жинайды екен. Екі жұмыс, есесіне жеңіл. Әйтпесе қандай ұлпа қар болсын жата берсе жарты сағатта қатып, шыңылтыр көк мұзға айналмақ.

Қар жинау – тәсіл қолданбасаң нақ шаршататын жұмыс. Жастайынан ауылда ауыр жұмысқа араласып, тесікөкпе боп қалған, әрі қолдары да, аяқтары да жас мұндағылар қар қалың жауғанда көбінесе өздері ырғытпа дейтін тәсілге салады екен. Ол дегенім, арнаулы екі күректі біріктіріп байлап, ысырып әкелген қарыңды күресіннің ұшпасына шығару. Ол үшін кәнігі жолшылар жұмбаздалып жатқан жентекті текше түрінде шамалап қиып алады да, одан әрі қолмен көтеріп мықшыңдап жатпастан, күректі келдегінен ұстап тұрып қалағының астынан жақсылап тұрып бір тебеді. Сонда көбіктей жеңіл, табыттай ауыр қар біржарым-екі метр жоғарыға, жартастың шоқысындай боп үйіліп жатқан атжалдың қыр басына ырғып барып түседі. Арқа-жон, бел-омыртқа дегенің жұмысқа қатыспайды да. Ең бастысы желге қарсы күремей, қардың атжалын желдің ық жағынан шығарып отырсаң болғаны, өйтпесең баяу желпіген желдің өзі-ақ жаңа ғана тазалап алған жеріңді адамыңмен, теміріңмен қоса жеңілтек қармен ұйтқытып көміп салады.

Күрегімді қолға алып, бірден қар атаулыға ата жауымды көргендей тәураттық жансебілдікпен ұмтылған мен бригададағы жігіттер әлгі тәсілдерді көрсетіп түсіндіргенше белім талып, қара терге түсіп үлгердім. Ауылда күніге қара жұмыс істемегеніммен ауланың қарын бір кісідей күреп өсіп едім. Қазіргі түрік лицейлерінде оқитын кейбір балалар сияқты қар күреп жатқан әкесінің жанынан жайбарақат өте шығу яки орыстар сияқты әке-шешесіне тамаққа жалданып қол қайырын беру біздің заманымызда атымен болмайтын. Әке-шеше бізге несібемізді ауланың қарын күремесек те беретін. Мәлік фанер күрекпен бір жағынан, Марат екінші жағынан тиіседі, оларға мықшыңдап мен де қосылам, сөйтіп үшеуіміз жабылып жүріп әп-сәтте қандай қалың қарыңның да ойран-ботқасын шығаратынбыз. Ал мына қалалық жанталас күрестің ауқымы да, қарқыны да ауылдағы аула тазалаудан әлденеше төтен. Соған сай жігіттер де бұл іске әбден ысылып, машықтанып алған. Жігіттер ғана демейінші, себебі мен тап болған бригадада Нұргүлден басқа да бірнеше қыз бар екен. Бригадирмен салыстырғанда қолдарының қуаты әлдеқайда аз шынашақтай ғана оларды жел ұшырып әкете жаздайды, есесіне біргәдік қыз жұмысты жапырып жібереді. Ол барған жерде қар қалып қойды болмайды. Өзінде перінің күші бар шығар, мәшиненің астаушасын темекі шеккендей уақытта бір өзі жайғап тастайды. Апыр-ай, дедім күрегіме сүйеніп тұрып, біздің бастық доғал сантехниктерше жұртқа жұмыс істеуді үйрете бергенше, мына қарғадай қара қыз сықылды жұмысқа бөгет жасамауды үйренсеші…

Тұтас алғанда, бірер сағат таза ауада жұмыс істегеннен кейін өзімді жақсы сезіндім. Бастапқыдағы «алда-жалда саусағымды үсітіп алсам журналистік мамандығыма крест қоя беруге болады» деген ойдан арылып үлгердім. Мана завхоз берген керзі етікті шұлғаусыз жалаңқат кигім келмей, өзімнің полиуритан табанды етігіммен қалып едім, соның қысқа қонышынан қар құйылып шамалы мазамды қашырғаны болмаса, ақ қар, көк мұз үстіндегі еселі еңбекке елеулі үлесімді қосып, нәтижесінде сағат тілі он бірден өте қосағаның орнындағы қосайым күрегін тастап түскі үзіліс жариялағанға дейін бір-бірімізге дем беріп жүріп ойдай қарды тиеп үлгердік. Біздің қол алтын ғой.

Аязды желді артқа тастап, жертөле қабатқа түстім. Мүлік-мүкаммал сақтайтын жапсарлас үлкен бөлмеде, жігіттері қабырғаны бойлай қойылған ұзын ағаш сәкіні жағалай, қыздар жағы қысырақтың үйіріндей үркіп барып серіппелі нағыз диванға жайғасқан қар тазалаушылар күндізгі еселі еңбекті одан әрі жалғастыру үшін қарын тойғызудың қамын жасап, көздерін бір нүктеге қадап алып, тізелеріне қойған түстіктерін сылпытып соғып отыр. Қар шаңқандай әппақ, ал мыналардың беті Мақсоттың етігі сияқты күйелеш-күйелеш болып бырысып қалған. Нашар сабыннан, қарыма желден шыт-шыт жарылып кеткен еріндер, өтпейтін ұстарадан құрысып, әрі жел қағып, аяз сорып тотыққан ісіңкі беттер. Бөлме ішін жұмысшы табына тән кәнігі иіс – темір мен майдың, тер мен шуаштың, аздап әтірдің қосындысы жайлапты.

Барлығы да өзіміздің көгенкөздер – жаңа қалаға аттаныс екпінімен келіп қалған дүмбіл қыр қазағы, адамы біріне-бірі мінгесіп жапырлап отырған күнгейдегі кенттерді тастап келген диқандар, арагідік солтүстіктегі қазақтың жер бетінен құрып, жоғалып бара жатқан түрлері де ұшырасады. Мұны алдарындағы түйіншек-астың мәзірінен де аңғарасың: кейбіреулерінде еттің мәнді-мәнді жерлері етене ағараңдайды, ал енді бір түйіншектерден қуырып алып, келімен кеузеп, уағын бір бөлек, сағын бір бөлек алған бидай мен жүгерінің жеңсік иісі аңқиды. Барлығы да асты ағарғанмен әрі итеріп отыр. Осылардың баршасы қосыла кеп бөлмені сырт дүниеден алабөтен, тек өзіне ғана тән атмосфералық қысымы бар кеңістікке айналдырғандай еді. Жұмысшылар ортасына қалыпты бұл жағдай мен үшін бір мезгілде әрі таныс, әрі мәлімсіз таңсық дүниедей. Бізде тамақ аз желініп, сөз көп сөйленетін, ал мына өзім әлі үйір бола қоймаған жат ортада бәрі керісінше. Байқаймын, осы отырыстарында бұларға менің әппақ қардан көктем іздегендей қылқима зияли түрім де, жауған қармен көктен түсе қалғандай сөзім де түк ұнап отырған жоқ. Қазақ айтатын ақ қар, көк мұзда ерігіп жүрген бұ нағылған адам деп, көздерінің астымен қарап қойып, күнделікті шаруаларымен айналыса береді, — шұрқырап қарсы алмады, бірақ ауырсынған да қабақ жоқ. Менің де дәл осында шаруам шамалы. Менің міндетім – аз сөйлеп, көп тыңдау, естіген әр сөзді ми қорапшама салып қою. Бастығым құлағыма құйып берген жоба бойынша бригададағы боямасыз өмірді көрсету үшін естігенімді естігенімше жазумен шектелмей, сол әңгімелерден туындайтын әсерлерді де беруім керек. Яғни жанды әңгіме-дүкенді сырт көзбен үнсіз куәгер болып бақылап, ұзақ аңдап, терең барлап отырмақ керек. Басредтің «Евгений Носов балыққұмарлар жайлы бір әңгімесінде сөйткен» деп сұқ саусағын шошайтқаны есімде.

Түстіктен кейін бригадаға тынығып алу үшін бір сағаттай уақыт беріледі екен. Сиестада ұйқысы әманда қалтасында жүретін кейбіреулер сәкіге самсоз жантайып, мызғып жатыр, енді біреулер қаужаңдап болып ысырыла отырып, әңгіме көйтуге көшкен. Солтүстікте көп тұрғандықтан шашы түсіп қалған бір жігіт: «Әй, гүжбан қара, зәуімде қардың астынан ішінде миллион доллары бар сөмке шыға келсе не істер едің?!» — деп жанындағы құрдасын қыжыртып, айналасын күлістік аттырады. Енді бір сәт әңгіме желісі қаладағы бүгінгі күннің басты жаңалығы – қардың кесірінен жазым болған әйелдің жайына ойысады. Кейде қар өте қалың жауғанда қалаларда үстіне ылғалды қардың салмағына шыдамаған ағаш құлап, электр желісі түсіп, адамдар да мертігіп жататынын еститінбіз. Арктикалық суық шегіндегі Арманқала ондай шетін оқиғадан аман десең бәрібір жауырды жаба тоқымдау болып шығар еді, сондықтан бригададағы екеудің бірі «Үстіне қарағаш құлап, тіл тартпай кеткен», екіншісі «Жоқ, олай емес, ағаш құлап бара жатып үзіп кеткен электр сымындағы тоққа түсіп өлген» деп бір-біріне жеңістік бермей жатқанын тыңдап отырып, сондай-сондай төтеннің орын алғанына сендім де. Бірақ, әйтеуір, әңгіменің түбі хайыр: анықталғанындай, көшемен келе жатқан курьер әйел үйдің консолінен құлаған сүңгі дәл омырауынан соғып құлатып, содан есінен танып қалған екен.

Аңғарғаным, қалада қыс күндері төбеден сүңгі түсетін, көктайғақта тайып құлап мертігетін оқиғалардың орын алуы жиі. Бұған үй шатырларындағы және жолтабандағы қарды көксоқталанбай тұрып жинап алуы және асты жылитын тротуар төсеп, бишофит дейтін реагент теңіз тұзын шашуы тиіс арнаулы мекемелер, қызметтік міндетіне әлгі мекемелерді қадағалап отыру кіретін шенеуніктер кінәлі екен. Осы соңғы тақырыпқа байланысты әңгіме қыза келе жаңалықты кеше естісе де бүгін естігендей қылып, «сабырмен» жеткізетін біреуі шығып сөйлеп, интернеттен оқығанын әйдік жаңалық ретінде қайта-қайта айтып қоймады: солтүстіктегі бізге көрші елдің астанасында бір әйел үйінің алдындағы қарды коммуналдық қызметтің уақтылы жинап әкетпегеніне ерегісіп, түнде күресіннің үстіне сол тұста елді шулатып жүрген Навольнюк дейтін опппозиционердің аты-жөнін үлкен етіп жасыл бояумен жазып кеткен екен, мына қызықты қараңыз, таңертең тұрса, әлгі күресін зым-зия жоқ дейді.

Осындай-осындай көңілашар әңгімелер. Ал менің құлағым әңгімеде, зейінім өзіме дастарқандас жігітпен арадағы сұхбатта. Журналистиканың тілімен айтқанда фактіні екі жақтан да сауып отырмын. Өзін Бегаз деп таныстырған көршімнен, — сөз ебіне қарағанда өзіміздің «южан» сияқты, — көкпардың атындай ойнақтаған жұғымтал жігіттен ас ішетін бөлмеде де өз үйіндей иелік жасап жүрген біргәдік қыздың жай-жапсарын білмек боп ынта қойған сұрағыма толық қанағаттанарлық дәрежеде жауап алдым. Айтуынша, мұндағы жұмыс ауыр. Қар күреуші қырық мың, ал жүргізушілер алпыс-жетпіс мың көлемінде жалақы алады. Қанша қысып ұстасаң да жетпейді. Өзің байқаған шығарсың,  әсіресе қар талып, бел шыдатпайды. Сонда да бес-алты жылдан бері ешқайда табан аудармастан қар аршып, көше тазалап жүргендер жетеді. Ал Нұргүлдің осы жолда келе жатқанына бақандай он бір жыл. Алдыңғы үш жылда қатардағы жұмысшы болып жүрген оның жарты сағатта бір КамАЗ-ды жалғыз өзі тиегенін, сөйтіп өңгелер оның жанында жігіт болмай жидіп қалатынын байқаған басшылар қызды алдымен мастерге, соңыра бригадирлікке жоғарылатады. Сонда да «бастықпын» деп шіренбейді, қара жұмыстың қандайынан да бас тартпайтын қаражон мықтылығын бағана өзің көрдің. Былтыр болуы керек, республикалық әйелдер конгресіне делегат болып қатысқан «Арманқала-Тазалық» серіктестігінің озат бригадирі Нұргүл Нұрмышева министрдің тап өзінің қолынан алғыс хат алған. Алған да, сыртқа шыққасын көшедегі еңіз де теңіз жаңбырдың астында малшынып тұрып ағыл да тегіл жылаған. Жазатайым қыз болып туылып қалған жанперзентінің осыншама құрметке ие болғанын қайран әкесі көре алмай, арманда кеткенін ойлап…

Бригадирдің үлкен жұмысшы қолдарының сыры енді мәлім болды. Байқаймын, естігенімнен туындап жатқан шамалы әсерлер де бар сияқты. Енді сол әсерлерді күшейту үшін жан-жағымды байқатпай көз қиығыммен барлай бастадым. Алдында байқамаған екенмін, бригададағы нәзік жаратылысты жандар бірыңғай отырмапты. Мәселен, бір бойжеткен өзіне қарсы нәсілмен жұп құра жайғасқан. Егіздей жұптас, қояндай бастас бұл екеу көңіл жарастырып жүрген жұп болмаса нағылсын деп ойлап қойғам. Екеуінің бірін-бірі бригададағы басқа адамдардан артық жақсы көретінін байқау үшін көп ақылдың керегі жоқ еді. Иә, есіме енді түсті, мана жұмыс үстінде осы қызды мына жігіт жұмыстың ауырына апармай, көбінесе көшедегі қоқыс жәшіктерін қотарып алуға қақпайлап жүрді ғой (қар тазалау ғылымында жәшіктегі қоқыстың қарға араласпауы қатты құнтталады). Мына отырыстары, әсіресе шүңкілдесіп отырып бір түйіншектен, түннен қалған уақ-түйекпен түстенуі сол болжамымды бекіте түсті. Құмбыл көршім де ойымды оқып қойғандай: «Бұл екеуі осында танысып, бас қосқан» деп сыбыр ете қалды. Жүретін қызы болар деп отыр едім, жоқ, үйленген екен.

Апыр-ай, ә?! Соғыс кезінде партизан отрядтарында ондай-ондай оқиғалар болған, жұбайлардың некесін командирі «қиған», ал бертінде «бомждар» қоқыс күресіндерінде дүрілдетіп бас құрау тойын жасайды дегенді кітаптан, газеттен оқушы едім, ал сондай уақиға жұмысшылар ортасында да болып жатады деп кім ойлапты.

Кейінгі күндері мен әлгі бойжеткенді бірнеше жағдайда көрдім. Тыста, жұмыс үстінде жел қағып, аяз сорып тотыққан жүзі қоңырқай тартып, коммуналдық кәсіпорынның формалы киімін киген көп жұмысшының бірі болып көрінген оның іште сырт киімін шешіп, қолдарын сілкілеп ауырсына әлсіз дыбыс шығарғанын талай рет бақыладым. Сүйегі жұқа нәзік қолдары қызғылтым түспен тілім-тілім жарылып, мүк түстес таңдақ басып кеткен екен. Әлгі таңдақ жерлер алыстан қарағанда саусақтың томпағындай күмпиіңкіреп, торғыл-торғыл боп көрінеді. Десе де жас бикеш сырт киімін шешіп, жол жұмысшысының дөрекі белгілерін жоғалтысымен, кәнігі иіс жайылған бөлмеде әлде бір жұмбақ құпияға, балиғаға толы өзгеше жастық бітімімен кенет өзгеріп сала беретін. Осы қалпында киіндіріп, бояндырып қойса бейне бір гортензия гүліндей дала сұлуы боп шыға келер еді десем асыра айтқандық болар еді. Сол сияқты жоқты бар етіп ұқсата білетін, қазақтың ақылға да, мінезге де бай алтын саусақты келіншектеріне теңесем де сөзім әсіре марапатшылдыққа ұқсап кетер-ді. Тіпті десе қалайда кісінің бетіне иман боп шығып тұратын көркемниет бәкиза көңіл де қыздың жаратылысын толық бере алмайтындай. Қимылындағы тілмен суреттеп жеткізу қиын алабөтен бір нәзіктіктен, қозғалыстағы дәлдіктен, нұрлы келбетінен, риясыз жылы жымиысынан тамыр тартып, қысқасы, әйел затының бүкіл табиғатынан есіп тұрар туабітті қылықтылығы да бұл жерде қоңылтақсиды. Мисс-нәзіктік? Жоқ, ол да келмейді.

Қыздан кәдімгі шырышы бұзылмаған табиғаттың буы аңқитын еді. Мен бригадада өткізген үш күнде аузынан несие сөз шықпады, сөйтсе-дағы жұмыстастарының жүзінен мейірім шуағы төгілген қыз баланың әр сөзіндегі саналы салмақты байқамауы мүмкін емес еді. Содан ба екен, мен бойжеткеннің күлсары шашын, дәл сол түстес қас-қабағын бірден сала қарыс масағын көтере алмай, желмен теңселіп тұратын дала алқабының бидайына ұқсаттым. Күлгін-сары шашты, көкшілдеу тұнжыр көзді оны бұрынғының қазағы «бидай өңді» деп әліптер еді. Көз демекші, қыздың көз жанары өзі жинап жүрген ақша қар сияқты тап-таза. Қарашығында әр түспен құбылып, тереңінде бірнеше жұлдыз дірілсіз тұнып қалған тәрізді. Осынау аялы тұнжыр көз бірдеңе болса лезде мөлтілдеп жасқа тола қалатындай. Өңге адамға кейде боталап, кейде жалтақтап қарайтын жалтаң да бейкүнә көздер есіктен күйеуі көрінген сәтте жаңа ұшталған найзадай жалтылдап, қою сары ұзын кірпіктердің астынан тереңде жасырынған жұлдыздар түріліп шығып, жанарынан жанарына тасынып төгіліп кететінін әлденеше байқадым. Бәлкім ішін ерітіп, бірақ жарына айта алмай жүрген жалын атқан ынтызарлық, әлде маңдайынан елжірете сипайтын үлкендердің алақаны мен ықыласына кенеліп үлгермеген жанның қорған іздеген, жұбауратар адам іздеген жүрегінің қағысы. Бетінен нұр болып төгіліп тұр дегенім де сол – әйел затының еркекке басқа ештеңені ойламастан жанының барша жомарттығымен түгел берілетін сенімі, ер-азаматының жанында өзін толық хауіпсіз сезінетін сезімі ме екен?! Жас келіншек түскі үзілісте ойдым-ойдым таңдаққа толып кеткен қожыраш қолдарын ауырсына сілкілеп алып шым-шым суға батырып, ұзақ тұрып, сосын бірғауым уақыт қоспамаймен сылап отырғанында күйеуінің екеуара түйіншегін шешіп қойып, бірақ асқа қолын созбастан жан жарының жүзіне үнсіз де ұзақ үңілетіні және әлдене бір өкініш, күйік табы бетіне толқып шығып отырып қарағыштай беретіні ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген әдеттегі сыйластығынан да бөтенірек бір сырды аңғартқандай еді.

 

Ертеңіне…

Ертеңіне ертемен бір шаруаларым болып алдымен редакцияға соқтым. Денемді әрең игеремін, сонда да болса мұндағылар қолыма тіпті су құюға жарамай қалған сияқты. Енді ше, мен дегенің кешеден бастап аузымен құс тістеп тұрған қар тазалаушымын ғой, ал бұлар болса шалбарларын тоздырып, сөзбен уақыт оздырып, арасында компьютерге телміріп, көз нұрларын сарқып, аяз бір қатты, жан тәттімен отырған офистің бақа-шаяндары. Офис те офис болмай қалған. Ғажап емес пе, талай жыл бауыр басқан әріптестерім де, олар мекендеген өзіме үйреншікті орын да бір күнде мен үшін итшілеген тірліктің үрейлі мимырты жайлаған әсіре таза, сонысымен сұрықсыз да сұрқай, көңілсіз жерге айналған. Интайтлмент – сендерге журналист болып жер басып жүргендерің үшін ғана ақша төлейді. Ер болсаңдар бір күн көшеге шығып қар күреп, далада жүріп ширығып келіңдерші. Таласып байқаңдар менімен, мырзалар, әгәрәки басқа дәлел-дәйектерің бар болса, тек ар-намысқа тиісе көрмеңдер. Солай. Өзіме тозақтың төрінен қайтқан адамдай қарап, хал-жағдай сұрап жатқан қалам қатырандарына «Пайдет» деп жүре жауап қатып, тылсым патшалықтың жұмбақ өкілі секілді жандарынан зу етіп өте шықтым да, жебей басып, профессор Мариоттидің «қорқынышты идеялар» кабинетінің есігін аштым.

Ентігімді басып алып, құдды соғыста алғы шептен оралған штаб офицері сияқты бастығыма «майдандағы» жағдайды баяндап отырмын. «Алды-әкетті», «қашты-қуды» ештеңе жоқ, бәрі де қалыптағы жағдай, үйреншікті қыс, былтырғыдай үйме қар, бірақ сөз арасында бригададағы үйленген екеудің жайын айта қойғаным сол еді, басекең алдындағы қағаздан басын дереу жұлып алғаны. Жұлып алдысы несі, тап сол жерде бөркін аспанға атты. Басталды сосын мысықтың тышқанмен ойыны. Үйбай-ау, мақалаңның кілтін тауыпсың ғой! Мұндай текті ситуацияға дәйім керек ситуациялық фактінің дәл үстінен түсіпсің ғой. Әдетінше орнынан ұшып түрегелді. Дүрдік еріндерін жымқырып, ноталарды бөлген әншідей ауаны саусағымен түртті. «Махаббат тарихы! Драматургиялық константа!». А бірақ сен мұнымен шектелме. Қар күрейтіндер бригадасы ер-азаматтары бар, қыз-келіншектері бар, қысқасы гендерлік саясат әбден құнтталған орта екендігіне де назар жық. Сонымен бірге басқа уақытта, өзге жағдайда бірін-бірі кездестіре алмауы әбден мүмкін жастар еңбек ұжымында ұшырасып, үйленіп, отау құрып кетіп жатқандары Арманқаланың арқасы екендігін де жол арасы сездіре кетуді ұмытпағайсың. Міне, қайда жатыр арманқалалықтардың этимологиясы! Осының бәрін бір ысып, бір суып, толқымай оқу мүмкін болмайтындай етіп жазу керек. Ы-ым… Жазғанда былай… Бәлкім, білерсің, әдетте шығармадағы оқиға арқауына сүйіспеншілік желісін қосу кейіпкер характерін әрі шынайы, әрі тез сомдауға жағдай жасайды. Себебі, махаббат ситуациясы әркез әлеуметтік жағдаймен шарттасып келеді, онда жеке тұлға мен ол өмір сүріп жатқан тіршілік ортасының аса маңызды мәселелері көтеріледі. Кісінің жан дүниесі неқадар бай болған сайын махаббат сезімі де оған өзінің соқадар күшті, анық, айқын таңбасын басып отырмақ. Қалай болғанда да жазушы… тойыс, журналист адам жанының қуат-күші мен жомарттығын бірдей бойына жиған «ғашықтық дертін» суреттеудің сәтті мүмкіндігін уыстан шығарып алмауы керек. Иә, иә, дәл осылай… мүмкіндікті қалт жібермеу…

Беу де! Бірақ қашанғыдай малтасын езіңкіреп кеткені болмаса, сөз жобасы негізінен дұрыс сияқты. «Адам – зоополитикон» деп Аристотель шал да айтып кетті емес пе?!

 

Бригадаға келсем, жігіттер мен қыздар түстік асқа отырып жатыр екен. Бүгін бөлмеміз ерекше көңілділікпен көңірсіп тұр. Оның себебі, Концерт-сарайдың тышқан сасыған жертөле бөлмесіне аяқ астынан береке дарып, май сасыған. Көкинә есепті қуықтай бөлмеде, темір пештегі қара қазанда шымыр-шымыр қайнап, былқып ет пісіп жатыр. Бүгін Аллаға жақындығыңды білдірер күн – Құрбан айт басталды. Осыған орай «Арманқала-Тазалық» жауапкершілігі күшті серіктестігінің қолына береке бергір басшысы Оспанұлы бір мал шалып, етін бригадаларға таратып бергізген. Қазанда бүлк-бүлк қайнап жатқан сол құрбандық тамағы.

Мұсылмандық ишарасын жасап, ортақ қазаннан үлестірілген ортақ асымызды ішіп әлденіп алғанннан кейін жеке көзқарастарымның жиынтығын былай жиып тастап, тыныс уақытын пайдаланып, бастықтың тапсырмасын орындауға, яғни бригададағы «махаббат ситуациясының» егжей-тегжейін жайлап зерттеуге кірістім. Ойық судан балық аулағандай үңіліп, жадығат іздеймін баяғы. Әлдене сылтаумен күйеу жігіттің жанына жайғасып алдым. Дәл осы сәтте тілші құқымен көп нәрсені тықақтап сұрай беруге қақылымын, бірақ біз деген ең алдымен халықтың көзінде жүрген адамбыз ғой, не жазсақ та жұрт шындық көріп қабылдайды, сондықтан ақиқатқа қылдай қиянат жасамау туралы өзіндік қағидаммен бәрін де біліп алмақ үшін кейіпкеріме оны-мұныны әңгімелеген болып отырып, қаршығадай жұтынып, діттеген нәрсеме оспақтап жақындап келемін. Жігіттің аты Жасай, келіншегінің есімі Гүлбадан екен. Екеуінің үйлену тарихынан мандытып ештеме айта қоймады, ұққаным – Жасай Қызылжар жақтың тумасы, келіншегі мезгілсіз дүние салып, екі баламен қалған. Үлкені ұл, он екі жаста, кішісі қыз, ол он жасар, екеуін де арқасымен көтеріп, аузымен тістеп жалғыз өзі өсіріп-жетілдірген. Сөйтіп жүргенде бригадада Гүлбаданды кездестірген. Оңтүстіктегі Астанаемес қаласына қанаттас қалада туып-өскен ол осыдан төрт-бес жыл бұрын халықты жұмыспен жарылқап жатқан Арманқалаға келіп, бірқатар уақыт тиіп-қашты қызмет істеп жүреді де, осыдан екі жыл бұрын қыс тоғыз ай айналсоқтайтын қаладағы ең тұрақты жұмыс орнының бірі – қар тазалаушылар бригадасына кіреді. Негізінде бригадир Нұргүл ұжымында тәртіп тізгінін қатып ұстайтын темірдей басшы. Бойдағы, бойдақ емесі аралас біреулер екі-екіден жұптасқандай болса «Бұл жер сендерге Санта-Барбара емес!» деп айдап шығады. Сондықтан қыз-жігіт болып ұзақ жүре де алмадық, оның үстіне ер адамға әйелсіз тұрмыс қиын тиеді екен. Бірақ менің жасымда қызды өлкеден үміт етудің өзі біртүрлі еді. Абырой болғанда мәселе аяқ астынан шешілді. Гүлбаданды үй-ішіме таныстыруға Қызылжарға әкелген күннің ертесіне шешем байғұс басына орамал салып, «Ал, келін, қадамың құтты болсын!» деп батасын да беріп жібергені. Сөйтіп екеуміз аяқ астынан ерлі-зайыпты болып шыға келдік. Ақ желек жамылған қалыңдық, сызылған күйеу жігіт болып тұрудың жөні жоқ, бастысы, мешітке барып неке қидырдық. Кішігірім тойды бригадада жасадық. Еш өкінбеймін, Гүлбадан ене күтетін, ата күтетін ақ келін, өзінен тумаса да балаларыма еміреніп тұратын мейірбан ана болып шықты. Ер-азаматқа осыдан артық не керек?! Ең бастысы, екеуіміз қосылғаннан кейін өзімізді Арманқалаға біржола орныққандай сезіндік.

Жасай осыдан артық әңгімеге баспады. Қысқа да екпінді сөйлемдермен жалпы жағдайды бедерлеп берді де, сөз бітті дегендей кейіп танытты. Мен болсам оның көп сөзге жоқ ауырлау мінез-құлқының астарында жылдар бойы кеуде көмбесінде тұншығып, көміліп келген адами қымбат қасиеттер жатқанын, бәлкім тысқа шер болып, сыр болып ақтарылмағаннан кейін әлгі кеудеде  бүрленген сел-сел сезімге селкеу түсіп, шорланып, өшуге де айналуы бек мүмкін екендігін әлдене түйсігіммен сездім. Бірақ қалай қозғауға болады шала бықсып жатқан сол қоламтаны?! Ішкі долығына, кеуде сандығына қалайша жол табарсың?

Ұзамай Жаратушы оның да ретін келтірді.

х       х        х

Тағы бір таң атты. Үшінші күн қарлы асфальттың тақырында іш пысуға қалдым.

Дәлірегі, ол күні іш пысуға мұрша да болған жоқ. Жалқау жаралған басым жаңа жұмыс орныма әдеттегідей таң әбден атқанда әупірімдеп жетсем, бригадам орнында ұшты-күйді жоқ. Супервайзер: «Күллісі Мирченко мен Шенеханның қиылысында жүр, сол жерден табасыз» деді қысқа ғана. Не бәле болып қалды деп етігімнің тақасы қисайып далаңдап жетсем, айтса айтқандай, жаңадан тапқан күректестерім әлгі жерде құдды алғаш қар көрген Африканың қаралары сияқты дүрлігіп тұр екен. Ішінде көшеден өтіп бара жатқан әуесқой жұрт бар, одан қалды әншейінде мың салса бір баспайтын үйкүшік тобанаяқтар бар алашұбар біраз ынсаният та осында. Мирченкодағы тұрғын үй орамының ауласынан Шенеге дәл шығар ауызда иілген жақ секілді бір арка болушы еді. Сол екі ортаның ық жағындағы жартақ алаңқайда жел үйіріп әкелген қар тау-тау үйіліп жатушы еді. Негізінде аула ішіне, үйлердің көшеге шығар жағының (біздің бастық айта беретін бэкьярд, фронтьярд осы екен) қарын тазалау тиісті кәсіпорынның ғана жұмысы емес. Бұл істе тұрғындар да қол ұшын беруі керек. Бірақ оған Мирченкодағыдай барлықтан, байлықтан дым бүркіп тұрған шахристан мекендеушілерінің, демек қаланың әлпештерінің ебі қайда, зауқы қайда! Себебі олар бұл маңмен жүрмейді де ғой. Әлгі үйіндімен байланысты төтен жағдайды да күнде таңертең аула сыпырушының жетекшілігімен «саяси жиналысқа» жиналатын осы маңайдағы әйелдер көріп, дереу тиісті жерге хабарлаған. Әдетте аяқ астынан көру қабілеттерінен айрылып қалатын әкімқаралар бұл жолы шұғыл қимылдап, төтенше оқиға орнына өз өкілдерін аттандырған. Әншейінде аулаларға өлсе де аттап баспайтын тәртіп сақшылары да көліктерімен пайда бола кеткен.

Жартақ алаңқайдың қақ ортасында кішігірім төбешіктей болып қар күресіні жатыр. Соның томыртқалана қабыршықтанған бетіне әлде ерігіп жүрген, әлде қарды әкетпегендеріне ерегескен біреу шетелде қашып жүрген қаржыгердің аты-жөнін айқыртып тұрып жазып кетіпті. Кәдімгі тасқа басылатын әріптермен үп-үлкен етіп және жасыл бояумен «мен мұндалатып» түсірген. Мен жеткенде таңсыққой жұрттың және осы маңайда қар тазалап жүргендердің «қардағы құпия таңбаны» оқу рәсімі аяқталыңқырап қалған екен. Соңынан келген мен жабырлап тұрған жұрттың шетіне, Жасай мен Гүлбаданның жанына тұра қалғанмын. Балық үлескендей у-ду боп жатқан ешкім жоқ, бәрі де демдерін іштеріне тартып тына қалған күйі әліпбиіміздің бас әрпімен басталып, барлығы жеті қаріпті қамтыған қорқынышты жазуға қадала қарап қалған. Ауыздан шыққан жарты сөз дереу айналаңа мәлім боп қалатындай ұйыған тыныштық, үрейлі тыныштық. Секундтар тырс-тырс тамып тұр. Оның үстіне жел Жасайлар жақтан еді, Гүлбаданның күйеуін жеңінен тартқыштап, «Не деп жазылған?» деп сыбырлай сұрағаны құлағыма ап-анық жетті. Мына тосын уақиғаның әсерімен денем жылы киім ішінде дүркіреп тұрса да, сомадай келіншектің соқырға таяқ ұстатқандай жалғыз ауыз сөзді күйеуінен сұрағаны маған әрі ерсі, әрі таң көрінді. Әуестік жеңіп, енді келіншектің жүзіне көз қиығыммен назар жықтым. Нені көрдің дейсіз ғой?! Құдая тоба, нағашы әжемді көргендей болдым. Иә, иә, иен далада көшіп-қонып жүріп мектеп көрмей, әріп танымай өткен марқұм әжем он төрт перзенттен әлдеқалай шетінемей аман қалған бір түйір Сергейі қаладағы оқуында жүріп жолдаған көкшіл конвертті хаттың орауын жазып, ақ қағаздың бетіне көк сиямен шимайланып түскен, өзі үшін беймәлім әріптердің жұмбағына сүйсіне, бүкіл жан-тәнімен тылсымының тереңіне бойлағысы келгендей күнұзақ үңіле қарап отырушы еді. Мынау сол, дәл сол кейіп!

Аязбен бірге көкмұзданған шенеуніктердің біреуі, — сірә, шоң шенеунік, — анадайда тұрған машиниске иек қақты. «Жүргіз». Мотор ешкі көрген итше ыр-р ете қалды. Сымбылбаймен дем алып тұрған жұрт дір-р ете қалды. Арада сүт пісірім уақыт өткенде біздің төрт КамАЗ-дың біреуі жартақ алаңқайдың қарын қала сыртына, су қоймасына қарай әкетіп бара жатты. Алдына патрульдік машина түсті, соңында шенеуніктер мінген көлік. Құрметті эскорт. Қарлы, зәрлі суық қыстың астында тұрғандардың біреуі теріс айнала беріп «Мыналар отстой ғой, әй?!» деп күңк ете қалды.

Қайтар жолда аяқ астынан соққан мәнсапшыл жел шашы ерте сұйылған оппозицияшыл жігіттің бас киімін ала қашты. Қарлы көшеде допша дөңгеленген жаман бөрікті божбан қара құрдасы борсалаңдап қуып жүріп әрең ұстап, арбиған қолдарымен иесіне әкеліп бергенше Арманқаланың бозбауыр аспаны астында Көксілдің көк мұзындай көкшеңдеген ноқтаға толық көк қарбыз басты қызықтап қарап тұрдық. Көңіліміз шамалы көтеріліп қалды.

Қар бүгін де толастамады. Арманқалада қар ұзақ айналсоқтайтынына сырдескі әуежайдағылар бірер рейсті кейінге қалдырғанды қойып, әуе қақпасын уақытша жапты. Мектептер төменгі сынып оқушыларын үйлеріне қайтара бастады. Ал қар сағат сайын үдей жауып тұр. Тобықты қойып, тілерсектен асып, тізені төңіректеді. Ресми мәлімделген он төрт сантиметр әлдеқашан тарих еншісіне өткен. Жанымдағы серігімнен осының жайын сұрағанымда оның айтқаны: бақылаушылар қардың қалыңдығын шығарғанда жаңа жауған күйінде емес, арнаулы ыдыста су қылып ерітіп барып өлшейді екен. «Естімеген елде көп».

Сол сияқты қар жинаудың да әрі азап, әрі ғажап жұмыс екенін кім білген. Бір қимылды жүз рет қайталап жасау былай тұрсын, он рет қайталау мен үшін тозақы нәрсе еді, бір кезде университеттегі тәп-тәуір қызметімді де тоқсан минут бойы кешегі айтқаныңды бүгін қайталап, қалшылдап тұрудан жалығып тастап кетіп ем, ал бір қалыпты медитациядан өткендей мына жұмыстан кешелі бері денем бейне бұлаға түскендей балбырап, мамыражай қалыпқа ендім. Десем де жұмыс орныма оралып, қар күреп жүргенімде таңертеңгі көргендерім күнұзаққа миымның бір бұрышына кіріп алып, кетпей қойды. Ауладағы күресін …жасыл бояулы жазу… Бір жерден көрген сияқтымын соны. «Көрдім бе?», әлде «естідім бе?». Ағындап жатқан ой нөпірі кенет соңғы сөзге соғылып барып іркіле қалды. Қаусырып, қаумалап әкеп, шыжымдап санама, ой тезіне жақындатты. Көргем… жоқ естігем… Бұрнағы күні… Жоқ, күні кеше. Сол естігеніме қабаттаса, қаттаса кинолентаның кадрындай сырғыған Гүлбадан қыздың әжемеге ұқсаған кейпі… Бұл енді анық көргенім… Бала шақта, бүгінде картада аты жоқ, жұрт астындағы қазына-байлығы біткесін керексіз келсаптай тастап кеткен түкпірдің түбегіндегі поселкіде… және бүгін, тап мана көріп, екі жерде, әр уақыт мөлшерінде куә болғам. Ербекет-ау, сонда қалай, екі көріністің арасын бір ғасыр, ғасыр болғанда да сана жаппай ағарған, сауатсыздықтың аты өшкен тұтас жүз жыл бөліп жатқан жоқ па?!

     Жаныма терезе таптырмаған ойлардың құшағында бейсмент қабатқа, яғни төменге түстікке үзілуге түстім. Бригада баяғысынше көздерін бір нүктеге қадап алып, несібелерін ризықтап отыр. Тек кешегідей астан желік байлап алып жамырап әңгімеге кеткен жоқ, әлденеге бір-біріне тура қарай алмай, қыбыжықтап, жүздерін төмен сала береді. Түсінікті жағдай ғой. Заманымыздың судыр ауыз жентілмені — Сударь Ахмет мында жалаулатып айтып қоймаған жаңалығын үске шыққасын бықсытқан. Оны енді Мәңкүр-Нәңкүрді шақырып әкеп, сұрақтың астына қойсаң да мойнына сала алмайсың. Бірақ маған керегі ол емес, мені қызықтырғаны басқа – Гүлбадан. Бүгін елік қыздың көкшіл тұнжыр көздерінде жұлдыздар жарқырамайды, бүгін ол кешегідей «Жаңа Жасан жарты мәшине қар тиеді» деп мақтанбайды, тіпті жарылып кеткен қолдарын сылауға да зауқы соқпай үнсіз қатып отыр. Бидай өңдес жұқа қабақтары қияқтана қаязи қалған, жүзін іштейгі алай-түлей кереғар толқыныстар толқынымен қажыр боп түйілген шешімтал шырпыныс торлаған. Осы күйінде ол маған өзін көп ішінде бір жалғыз сезінетіндей, тіпті өзінің өзгелерден басқашарақ екендігіне өлердей ұялатындай болып көрінді. Не десе де қазіргі ортасы ол іштей өмір сүріп жатқан басқа әлемнің ажырағысыз бір бөлшегі болудан аулақ, алыс еді. Ол сол әлемінен арғы бетке, яғни мына әлемге үркектеп, үргедек жүріспен, әлдеқалай шалынысып қалмау үшін жан-жағын әбден байқастап, бірақ бойындағы батылсыздық сезімінен ақы-тақи арыла алмаған күйі ақырын ғана қадам басып келе жатқан қорғансыз, жатырқампаз жанды сезіндіретін. Әйтеуір өзін қоршаған орта мен оның арасын бір керте, тіпті шыңырау бөліп тұрғаны айдан анық-ты. Ол кертені, әлгі шыңырау құзды қазған не нәрсе, бәлкім әлгі орта, яғни біз оқыған, ал ол оқымаған кітаптар, қағаз әлемі шығар… Иә, бірін ойға алсаң, екіншісі еске түседі. Кеше таңертең супервайзер ұсынған жұмыс уақытын есептеу журналына Гүлбаданнан кейін қол қойғаным ойыма орала кетті. Сонда менің тұп-тура алдымда тұрып, журналға қиқалақтатып түсірген, біреуі шортан қармақтың басындай үлкен әріптерге көзім еріксіз түсіп кетіп шамалы таңырқап қалып едім-ау. Сонда қалай, қол қоя біледі, бірақ оқи алмайтыны ма?! Міне, қызық.

         Кешегідей жайлап басып Жасанның жанына жайғасып, енді мәселенің осы жағынан келіп орағыта сұрақ қоя бастадым. Қалайда үйірілгенді үйірсектейтін қазақ емес пе, оның үстіне сөзі аз, қауқары көп еркектердің сезімтал келетін әдетімен бүгін таңертең менің бірдеңені сезіп қалғанымды байқады ма, әйтеуір бұл жолы Жасай кешегідей сырғақсымай, ашылып сөйлесті. Гүлбаданның өмір тауариғын өзінің машығында тақ-тұқ, бірақ дәлме-дәл сөздермен баяндап берді.

Айтуынша, келіншегінің шешесі Астанаемес қаласының маңына қыз кезінде оңтүстіктегі қоңсы елден келіпті. Қазіргіше қоқырайтқанда, гастербайтер. Бізде бозда ойнап, білгенін істеп жүргендермен едел-жедел танысқаннан кейін көзсіз көбелектей отқа шарпылып, ықтиярсыз жүкті болып қалып жатқандар аз ба, Гүлбаданның шешесі де от басып қойып, опасыздық құрбанына айналған солардың біреуі. Бір түні, бір сәткі сезіммен көп ойналған ойыншықтай жұлмаланып қалған. Ар жағы белгілі емес пе, тоғыз ай, тоғыз күн салып, дүниеге енді ғана көз ашқан шарананы өзі тұратын жатақхана маңындағы бір үйдің есігінің алдына жөргегіне орап қойып кеткен. Ол үйдің иелері – ерлі-зайыптыларда бала жоқ екендігін сірә білген. Себебі, кейін анықталғандай, әлгі екеуі де сол оңтүстіктегі көрші елден кеп жалдамба жұмыспен айналысып жүргендер болып шыққан ғой. Бір перзентке зар екеуі бейкүнә жылбысқаны сөзге келместен бауырларына басады, перзентханадағы тіркеу қағазы арқылы шешесінің сәбиге Гүлбадан деген ат бергенін анықтайды. Әлгі қағазда баланың шешесінің де («анасының» деуге аузым бармай отыр) аты-жөні жазылған екен, бірақ Гүлбаданды соңыра мектепке бермек болып нақты шешесін іздестіргенде мұнда да, келген жерінде де ондай ныспылы адам болмай шығады. Шешенің неге шеше болмағаны, неліктен мұздай бесік таянбағаны бізге танымсыз. Бәлкім бір себептері бар шығар. Әйтеуір «Айка» фильмінен бір өзгешелігі – аналық сезімі оянбай қалған. Есесіне сәбиді асырап алған ерлі-зайыптылар құдайына қараған жандар боп шығады, селбесіп-ұшқасып жүріп құйттай Гүлбаданға жетім деген тажалдай суық сөзді естіртпей жетілдіреді. Тағдыры осылай басталған бейшараның адамшылық менмендігін әлгі сөз біржола жер етіп, таптап кетпеуін шыр-пыр бола қадағалайды. Бірақ Гүлбадан есейгесін оның өздерінен тумағанын, туған шешесі бар екенін оған білгізген. Сонда көп сөйлемейтін қаршадай қыздың көз жасы мөлтілдеп отырып айтқаны: «Мама, папа, өскесін мен сендерді төбеме қойып бағамын! Тек мектепке барып оқиыншы!» болыпты. Себебі, деді Жасай,  Гүлбаданды асырап алған екеудің азаматтығы, тіпті оралман дейтін мәртебесі жоқ екен, ал біздің елдің заңы бойынша ондай адамның балалары оқуға жіберілмейді. Сөйтіп Гүлбадан мектепке бара алмай қалады. Үйде сауат ашуға жағдай жоқ, әке-шеше күні бойы жалданба жұмыста. Ақыры не керек, бала он-он бірге келген шамада таза өзіміздің тілде көрсететін жалғыз телеарнаның араласуымен облыс орталығындағы арнайы балалар үйіне алынып, сонда қара таниды. Қара таниды дегенде де, әліпті таяқ деп біліп шығады, яғни қол ғана қоя алады, бірақ жүргізіп оқып, жаза білмейді. О-от, қызық! Кейбір елдерде толық оқымағандар кездеседі, балалар үйлерінде он беске келгенше партаға отырмаған балалар бар дегенді естіп сенбеуші едік, сондай жағдай санасы әбден ағарған біздің елдің де басында бар деп кім ойлаған. Бұдан соң жауған жаңбырдай сұрақ та таусылды.

Кәсібім әкеп орналастырып кеткен сәкіде ой шырмауына оранып отырмын. Осы бізде Love story – Махаббат хикаясы деген атпен қилы-қилы кино – мелодрамалар, заманауи еркек стиліндегі музыкалық драмалар түсіріліп жатады ғой. «Армандардың қаласы», «Арман қаласына көктем кеш келеді», «Арманқала – іңкәрлігім менің», «Мезгілсіз махаббат» секілді фильмдерде ішінде жасы бар, жасамысы бар адамдар ойда жоқта бірін-бірі кездестіріп, көңіл жарастырады. Көбісінің оқиғасы ойдан шығарылған, өмірде төркіні жоқ, сол себепті көп жағдайда сендірмей де жатады. Мысалы, ұшақ салонында кездейсоқ танысқан екі әйелдің эмоциямен құдағай болу бәтуасы бойынша үйленген түрік жігіті мен қазақ қызының сүйіспеншілік тарихы. Сонан соң әлгі кинолардағы кейіпкерлердің арасында жұмысшылар жоқ – ыңғай дәрігер, кәсіпкер, құрылысшы, сәулетші, тағы да басқа мамандықтардың иелері болып келеді. Шалбарына қыр түсіп көрмеген еңбекшілдер өмірін көпке таныс күйкі тірлік көретін тәрізді. Ал мына мен естіген, көзіммен көрген махаббат хиқаясы, егер кино қылып түсірсе, қолдан қинап ұйымдастырылмаған, нағыз шынайы түсірілім болып шығар еді. Гүлбаданның күлсары шашы, көгілжім көзі «Осы мен кіммін?!» деп тұрғандай-ақ, дегенмен, оның жан жарын ыстық сезіммен үнсіз ғана сүйетін ұяң мінез дала аруы екендігіне кім шәк келтіре алар. Мен сол жерде әңгелектей ғана сары қыздың түбінде әке-шешесін де, тумай туысқан балаларын да өзінен тарар нәсіл-нәсібіндей өбектеп, өзі айтатындай төбесіне қойып бағатынына бек сендім. Сауатсыздарды шетінен ноқатек, қараңғы адамдар деп кім айтты. Мәселен мен екі күн бойы Гүлбадандай ойлы, жылы көзді қыз баланы мектеп көрмеген деп ойладым ба?! Дүниеде ақ қағазға түскен қара ноқатқа шейін бәрін өлшеп-пішіп қоймаса бастары ауыратын білгіштерге айтқызсаңыз, қара танымайтын сауатсыз жандар күнделікті өмірде дәрменсіз келеді екен. Олар үшін өзі іздеген көшесін, мекенжайды табу, не мейрамхананың ас мәзірімен танысу жатқан сары уайым көрінеді. Басқалар үшін әдеттегідей үйреншікті іс мұндайларға үлкен сын, содан да олар қорғаншақ, үргедек, үркек. Және бойларындағы қуаты кәделі іске емес, сауатсыздығын жұрттан жасырып ұстауға жұмсалып жататыны бар. Бір сөзбен айтқанда, ғылым бабынан келгенде сауатсыздық кісіні рухани кембағалдыққа апарып соқтырады.

Басында мен де солай ойлағам. Мына өзім көріп, еріксіз куә болып отырған Жасай мен Гүлбадан хикаясының да көңілді күпті ететін жерлері аз еместей көрінген. Өмірдің ащы таяғы тиген қос мұңлық тағдырдың ретті кездейсоғымен жолығысып, бас құраған екен. Ал одан әрі не күтіп тұр бұларды?! Шабысы, жылдамдығы әр түрлі қос атты өмір дейтін басы қатты арбаға зорлықпен парлап жеккендей осынау тірлік неге апарып соқтыруы мүмкін, оны болжап біліп отырған бұл екеуі бар ма. Әсіресе «Мынау бәйшешек емес, бұл – аспаннан жауған тамшы» десе, соған аққұла сенбегенімен, кәдімгідей мән бере қарайтын Гүлбадан өзінен әжептәуір үлкен, талай құқайды көрген, ең бастысы оқыған-тоқығаны бар Жасаймен ұзаққа үй болып кете ала ма, болмаса өзін бақытты сезіне алар ма?! Кейін опыныс тауып жүрсе ше…

Осындай-осындай күдікті ойлар. Пендеміз ғой. Кейінірек неміс авторы Бернхард Шлинктің оқиғасы өмірден алынған «Кітап оқушы» дейтін хикаятымен танысқан соң ғана әлгі сөздердің шындығына күмәндана бастадым. Бүгінде әлем әдебиетінің шедеврі болып саналатын, тіпті осы атпен фильм етіп түсірілген әлгі хикаятта Ханна дейтін әйелдің өмір тарихы баяндалады. Балалық шағы бірінші жиһан соғысына тұспа-тұс келген ол тұрмыс қиыншылығымен мектепке бара алмай қалады. Өзінің сауатсыздығын мойындауды өзі қызмет еткен нацистік әскери тұтқындар лагеріндегі қадағалаушылық қызметін мойындаудан бетер қорлық деп тапқан бас кейіпкердің ой өрісін кейінгі сыншылар өте тар, шектеулі деп біраз жерге апарып тастаған. Тар ауқымда қалып қойған дүниетаным, көнгіштік, нанғыштық,  жер басып, күн көрудің жетегіндегі доғал түйсік ақыры Ханнаны әскери қылмыс жолына түсіріп, жарға жығып тынған себептің нақ өзі деп түсіндіреді әлгі сыншылар. Оның себебі мораль, адамгершілік асыл қасиеттер адамның бойына біліммен, сауатпен ғана сіңірілмек, бұдан шығатын қорытынды – сауатсыз адамға ахлақ, адамгершілік дегенің барынша жат, ендеше көрсоқыр надан не нәрсеге де шімірікпей барады. Былай қарағанда дұрыс сияқты, бірақ байқағанға осында формальды қисынның да салқыны жоқ емес: шындап келгенде әлгі адамжегіш әскери қылмыскерлердің қатарында, дәлірегі тұтқындар лагерінде қызмет еткендердің сапында университеттік жоғары білімі барлар да болды ғой. Оларды сауатсыздықтарынан ғана иманнан жұрдай айрылып, адамжегіш болды деп кім айта алады. Сонан соң әлгі кітаптың өзінің өнбойында керауыз сыншылар алға тартқан айыптармен кереғар ойлар да кездесіп отырады. Ең бастысы, «Кітап оқушының» авторы бас кейіпкерінің мысалында сауатсыз жандардың мінез-құлқына барынша егжей-тегжейлі талдау жасаған: айтуынша, мектеп көрмегендер мектеп көргендерге қарағанда әлдеқайда тәртіпті, мұқият, еңбекқор екен, жауапкершілік жүгін де сауаттылардан жіті сезінеді, жек көрсе тұла бойымен омырылып жек көреді, сүйсе тұтас тұрқымен құлап сүйеді. Олардың ойы сәбидей аңғал, сонымен бірге дәл сондай таза. Махаббаты ақша қардай ақ ұлпа махаббат. Мәдениет жағынан ақсаса ақсайтын шығар, есесіне айналасына ерекше қайырымды, басыңды бұлт алған күні қасыңнан табылады, қайғыда риясыз ортақтасып, қуанышыңды бөлісе біледі. Олар сондай-ақ күншілдіксіз сирек достықтын иелері. Ал осының өзі олардың маңдайына жазмыш болып жазылса ше. Менің маңдайыма оқуды, сол негізде ой ойлауды, санамен сарғайып жазу жазуды, мораль уағыздауды жазып қойғаны сияқты, бұл адамдардың да ризығы басқа нәрседен болар. Айталық, көшенің қарын күреу олар үшін ризық шығар. Оқу оқымай-ақ бақытты болып жүру де әу баста бұйырылған болар. Бақыттың кілті оқуда ғана ма екен. Осы біз ұлылармен ұғынысамыз деп жүріп, өмір сүруді өмірдің өзінен үйренудің орнына оны кітаптан ғана оқып және кітапты тым көп оқып қойып, оқығанымызды өңдеп, көз қарықтырып жазумен ол қажет еткеннен де артық ауаланып кеткен жоқпыз ба?! Сауатсыз пайғамбарымызға Жәбірейіл ғ.с.с. арқылы көкірегіне түсінік салынғанын білсек те білмегендей болып жүрген жоқпыз ба?! «Оқуға сенген ұмытшақ, жазуға сенген жаңылшақ». Тегінде жазу өнерін о баста есте сақтау қабілеті нашар жұрттар ойлап тапқан сияқты. Ал сонымен бірге жер бетінде бес жүз том британ энциклопедиясын миында еркін сақтай алатын халықтар болған. Соның бірі де бірегейі – қазақ. Ал енді бір кездері миллион жолды жадында шашау шығармай ұстаған осы жұрттың бүгінгі ұрпағы бір шумақ өлеңді есінде әрең сақтайды. Солардың ішінде сана әбден ағарып болған біздің заманымызда бір адамды да сүйе алмай өмірден кетіп жататындары аз емес, есесіне өмір дейтін ұстазсыз мектептен тағылым үйренген, оқымаса да оқығанға бергісіз, сонысымен бір адам тұрғай тұтас халықты сүйіп өткендер де бар. Солардың жан дүниесі кембағал деуге қалай ауыз барады?! Сауатсыздық орасан кемшілік болса Гүлбадан танымайтын үлкен қалаға соқа басы кеп, жұмыс тауып, жақсы жігіт кездестіріп, тұрмыс құруға өз бойынан жеткілікті ерік, жігер, қайрат таба алар ма еді. Жоқ, бұлай ету оқуы да, тоқуы да балиғаға толған, кәмелетке жеткен адамның ғана тірлігі. Ендеше Гүлбадан бізден емес, біз одан ұялыс табуымыз керек. Егер ол шынымен де кембағал жартыкеш болса, қаршадай қыз басымен ыңды-зыңды алып шаһарда өзіне  орын таба алмас еді. Одан әлдеқайда әлеуетті, оқыған-тоқығаны көптердің өзі отбасының күрделі мәселелеріне, өмірдегі қиыншылықтарға бас ауыртқысы келмей, ең оңайына жүгіріп – есікті тарс ұрып кетіп қалып жатқандарын айтпағанда, кеше қарасуық-қатқақ 90-шы жылдардың басында қиыншылықтан, жауапкершіліктен қашып, екі қолдарын төбелеріне қойып, үй-іштерінен безіп кеткен жоқ па. Менің өзімнің де басымда сондай жағдай болған – қоғамнан, үйден тұра қашып, сөйтіп қаша алатынымнан бойым жеңілейіп, уаз да шеккенмін. Сонда үй-ішімді, оларға қоса өзімді де бұл қашыстың уақытша, мәжбүрлі қашыс екеніне сендіріп, жақауратқанмын. Бірақ осының өзі салдары ауыр, соңы зілді теріс қылық еді: ешкімге зияным да жоқ, ешкімге пайдам да жоқ «Жалғыз кептердің ұясына» тығылу бір емес, екінші, үшінші рет қайталанып, соңы болжап болмайтын қиындыққа душар етуі де мүмкін-ді. Бірақ құдай сақтады, түбі хайыр.

         Осыны кеше Гүлбаданның әдетте қолдарына көп қалам ала бермейтін жасы үлкен адамдардың қолтаңбасына келіңкірейтін айбақ-сайбақ жазу қалыбының дөрекілеу, сонысымен өзінше ұнасымды, ерекше бір ажарынан да аңғарғанмын. Ендеше мен әуелгі ойымнан қайттым. Гүлбадан сауатсыз болса сауатсыз шығар, бірақ онда неге мына жарық дүниеден бақыт табамын деген кішкентай ғана үміт ұшқыны болмауы тиіс? Біле білсе әрқандай адам бұл дүние тіршілігіне сондай бір үлбіреген үмітпен, бақытты болу үмітімен келіп, сол үміттің жетегімен тіршілік сәулесіне тастай қатып жабысып айырылмайды ғой. Гүлбаданның сондай үміті мен өзім қарын табаныммен басып тұрған осы қаламен байланысты болған. Осында суыған сезімдері де қайта оянған. Бұған оның әбден хақы бар. Үлкен істер жасау үшін адымды аршынды алу тіпті де міндет емес, сол сияқты өмірде адамдар жырақтан табысып, жылғада айырылысып жатады, дәл сол секілді жылғада табысатындары және ұзаққа, ғұмырларына кететіндей біржола табысатындары да бар.

         Бригадада жұмысқа таң алагеуімде түскендер әдетте кешіне басқалардан ертерек қайтады. Жасай мен Гүлбадан да сол лектің қатарында. Ымырт үйіріле екеуі келіп, менімен қоштасып кетті. Өмірімнің барлық саласына сәттілік тілеген күйі өздерін қала іргесіндегі ауылға, жалданба пәтерлеріне әкететін кертомпақ автобусқа беттеді. Қорбиған жұмыс киімін тастап, ыңғайлы өз киімін киіп алған келіншек ұзын бойлы ашаң күйеуінің жанында енесіне ерген қоңыраулы құлындай құлдыраңдап, жүгіре басып барады. «Ақ ботам, ал енді, қош аман. Күтіп тұр әнеки қосағаң. Күтіп тұр жанұяң босағаң. Жар болсын өзіңе Жасаған»… Бара ғой, қар астындағы Қарша қыз. Алла қаласа, Жасай екеуіңнің балаларың да осы арада ер жетіп, Арманқаламен бірге өсіп, өрістеріңді ұзартар, біріңді ата, біріңді әже атандырып, еріндеріңді жібітер. Иә, қыс бізге тәніңді дамылдатып, тазарып алу үшін берілген. Оны ұядай жылы жерде, құшағы от нәзік жыныстымен, күзге қарай саған жаңадан ұрпақ сыйлап, өміріңді жалғастыратын қосағыңмен бірге өткізбек керек.

         Ал мен бригададағы соңғы сағаттарымды өткеру үшін қар басқан асфальт үстінде қала бердім. Мұнда әскердегі сияқты, тәртіп барлығына бірдей.

х         х        х

         Бүгін таңертеңнен Арманқалада ауа райы бұл жерге неге келгенін ұмытып қалған алжыған кемпір сияқты шатаса бастады. Түнімен алақаншық боран әдетінше қала ішін ұзақ айналумен болды. Әлдебір күш табылып,  — кейін белгілі болғандай Скандинавия жақтан келген қарсы циклон, —  салбыраңқы тұнжыр аспанды ашып, көтеріп әкеткенше ұлыды да тұрды. Таң алдында кейін шегініп, пышақ кескендей тынши қалды. Қақ төбеден тынымсыз жауып турған жапалақ қар да табиғатқа азхаб айта уілдеген жел-серігінен айырылғаннан кейін шашақты тақиясын желекке алмастырған жас келіндей жетімсіреді. Таң құланиектене көкжиектен келіншектің қасабасындай жартыкештеніп күн көрінді.  Көрінді дегенім сөздің реті енді, әйтпесе мұнарытып, қызылқұлақтана әрең шықты. Амал ойлап шықты. Жаймашуақтанғандай, жазымсырағандай болғанмен қабағы мұнарыта түсіп, жерге жақындап келіп салбырай ілініп қалған тұнжыр аспанымен табысқаны сол еді, екеуі қосыла құбылжыды. Бір сәт жер-көк жымдаса тұтасып, бозғылтым, сұрғұлтым түстермен құбылған қорғасындай ауыр ауа тұнып қалды. Осылайша күн арқан бойы көтерілгенше қала іші тыным тауып, тіпті күн сәулесі қысты итеріп шығаратындай бейілденіп еді. «Баренц теңізі тұсында оңтүстікке шұғыл бұрылып келді» деп сипатталған бұл солтүстік пассат демде қала үстіне нағыз ақ түтек, — тағы да сол метеоболжаушылар тілімен айтқанда, күші секундына жиырма метр құрайтын барий шүңгілін орнатты. Айналадағы құрылыс және күні-түні тынбай жүріп жататын бітпейтін де таусылмайтын үй салу құтырынған желдің ойнағына тіпті жақсы болды: есірік жел қолына саяси ерік әбден тигесін қабырғалары қалқиып тұрған корпустардың қолат-қойнауына ұры тазыдай сып беріп сүңгіп, үңірейген есік-терезе саңылауларында емін-еркін қаңғалақтады, атанақ-шегеннің, тақтатас, құйматас, шынытастардың неше атасы астылы-үстілі қаланып тұрған тақтай дерелердің жықпыл-жықпылымен қысыр жыландай ысқырына жүйткіді, тақтай, ағаш шыңғалар тізілген қаттамаларға барып соқтығып, тас тырналады, ағаш қайзады, аспалы кранның өнеші сорайған сырығының тас төбесіне шығып ап аш қасқырдай ұлыды – не керек, жан-жақтан қилы дауыс, түрлі мақам, алуан дыбыс ал кеп дауыс салады. Қиын бұрылысты иірімдерімен әкеліп, талмау шырқау жеріне жеткізіп, миыңнан өткізіп жіберердей жындысүрей өлең. Қысқы сұрқай сұрғұлт кеңістікке сіңіп, жұтылып кетуге шақ тұрған қала лезде көзге көрінбейтін әлдебір алып тұрбаға айналып, әлгі құбырдың ішінде сан сапалақ құбыжықтар бір мезгілде біресе жылап, біресе ыңырсып, бірде күңіреніп, бірде сыңсып, біресе мөңіреп, сақ-сақ күліп, тіпті арасында қаңғыр-күңгір қоңырау шалып та алады, — әлде бұл өзімнің құлақ жарғағым ба шыңылдаған. Айырып болмайды. Ескектеп соққан жел төбеден құйылып жатқан ақ жармаларды орай да борай бұрқасынға айналдыруға дәрмені жетпеген ықтасындау жерлерде өзімен бірге еліктіре баурап, ауаландыра әкетіп жатты. Содан жарты сағат бұрын сыпыртқымен сыпырып алғандай қап-қара жолақ боп жатқан асфальт жол түбіт шәлісін жамылып, жырақ-жуық қарлармен қойындасып үлгерместен, күректердің үстінен қайыра ауаға ұшып, көгілжім бозғылт сағым оранып алып, жол аршып жатқандардың жігерін әбден құм қылды. Зор күшпен бағындырылған, ауыздықталған қарды шанаққа жеткізе алмай ұшырып алып жатқан ызалы машинистер… Екі ортада абдырап,  әрекетсіз қалып қойған  жұрт денелері дүркіреп тоңа бастады, мұндайда бірінші болып аяқ, сосын – пардон – құйрық сыр береді екен. Қас қарайып, ымырт әлдеқашан үйірілген, бірақ әппақ қардың әсерімен айнала едәуір жарықтанып тұр. Төбе әппақ, жер әппақ, дүн-дүние әппақ… Әп-пақ!

         Азынаған желге кеудемді желпітіп, жол шетінде күрегіме сүйеніп тұрмын. Иіссіз аязды ауа ақтарылып келіп өкпенің небір қуыстарын тауып толтыра салады, анда-санда кеуде кере бір демалып қойсаң жетіп жатыр. Тіпті демалмай-ақ қой, тек жұтына бер. Апыр-ай, бұлай да гәйіптенуге болады деп кім ойлаған. Офисте әлдене жетпегендей қоңылтақсып, көз жанарыма үнемі кеппеген көз жасындай болып әлдебір ылғал іркіліп тұрушы еді, сөйтсем маған жетпей жүргені осы, бейне бір анамнан қайта туғандай қылар мына күй екен ғой. Қар көз алдымда жоғалып жатыр, ал менің жаным онымен бірге тазарып барады. Әлі есімде, бригадада өткізген уақытымды күн артынан күн қуалай, бір ғана ой ағымына бөге отырып көңіл таразысынан өткізе бастағанымда ылғи да әлгі көп ойдан біреуі бөлініп шығып, мый қыртысымда өз бетімен кететінін аңғарушы едім. Жай лақпайды, көп кешікпей нәтижесін  көсе-көлденең алдыма тарта қояды. Үйреншікті шаруасы ғой адамның мый қызметінің – кісінің санасында кез келген мезгілде пайда бола салатын лек-лек ойдың,  не өзіңе мәлім ортада, қалыпты жағдайда, саған сырттан келіп килікпейтін, өз ішіңнен өсіп, өріліп шығашақ күтпеген, оқыс ахуалды қабылдап, түйсінуге мүмкіндік берер ортада туатын көп ойдың бірі еді ол. Сол ой… ия, сол ой бүгін кеш күнде көріп жүрген күнді бүгін көргендей танып, қуанғаннан ұзақ та суық ессіз қараңғылықтың көрпесін түре жеткен жып-жылы ағын өзінің үнемді демімен денеме дендеп, бойды кеулеп, тамырдағы қанқозғалысын тездеткендей болды. Қыстыгүні  әлдене бір ыстық нәрсе шарпып өткендей болған мен кенет осыған дейін өзім біліп, түйсініп келгеннің бәрін жақыннан, әлдеқайда жақыннан дәлірек, нақтырақ танып, түйсінгендей болдым. Әлгі таным, әлгі түйсіну өзінің логикалық жалғасына — өмірді түсіндіруге бола ма деген сұрауға әкеп тіреді. Сұрақ мені тосыннан, қапияда тарпа бас салғанын мойындауым керек. Сол сәт санамда және бір ой жылт етіп ұшқын тастап барып өше қалған: міне, мен тап қазір өзім басып тұрған, жаяу борасын жүгірген жерді, қара жерді алғаш ашқандай болып тұрмын, себебі ол осыдан үш күн ілгері, яғни бұрыннан көріп жүрген жерімнен басқа жер, басқа асфальт. Бұрынғы түсініктерімнен соңғы түсінуім, яғни соңыраңқы танылым басқашарақ болды дегенім де содан шығар және неге екені мәлімсіз, осы жерде соңғы сезінулерім алдыңғыларға қарағанда бір кермек дәммен әрім татитындай.  Ия, менің өмір деп бір түспен жайнатып салып, не сүмірейтіп тастап жүрген нәрсем шындығында суретшінің көзі ғана ажырата алатын мың сан, жоқ, миллион сан сәулелермен және бояулармен боялған күрделі, тым күрделі дүние екен.

 

         Жабысқақ ойдан арылмақ боп күрегімді қайыра қолға алып жұмысыма кірісіп ем, алайда әлдене сыр қол ірке тоқтатып, манағы ойдың үйіріне қайтып әкеп қамады. Айналаға, тұрақсыз ұшқалақ қармен екілене айқасып жатқан қорбақы киімді, қожыраш жүзді жаңа жұмыстастарыма еріксіз көз салуыма мәжбүрледі. Білгіш бастығым кеше редакцияда «еңбек ұжымы» дейтін бір тіркесті нығырта айтып қалып еді. Қатырылған қалып сияқты сол сөз нағыз еңбекшілдердің ортасына түскен кезіңде сыртқы көтеріңкі, лепті реңкінен арылып, барынша табиғи қалпымен «онысы ғой енді рас» дегізерлік екен. Мен бұл ортаны өз көзіммен көріп, өз қолыммен ұстадым ғой. Иық тірестіріп, күрек тиістіріп бірге жұмыс жасадық. Олай болса бастығым айта беретін көргенімнен  туған әсерлерімді ортаға салуға әбден хақылымын. Соның ішінде басқаша етіп жеткізуге де әддім бар. Қаз-қалпында, еш монтажсыз, біз, қалам қатырандары қажетті-қажетсіз қолдана беретін көтеріңкі леп, жылтырақ алдау қоспай айтсам, төрт тараптан келген бұл адамдарды осы орынға әкеп орайластырған ең алдымен еңбек. Әдетте лагерьлерде, әскери бөлімшелерде ұшырасатындай қолдасқан ортақ еңбек алаңы олардың басын біріктірген және өңге ұжымдардан өзгешерек мығым етіп топтастырып берген. Себебі мұнда не жасалса да, не ойластырылса да әдеттегідей жоғарыдан қарап тұратын бастықтардың араласуынсыз жасалады. Кешегі ұлы соғыста қанқасап майданның тағдырын штабтарда отырған жоғары шенді қолбасшылар емес, алғы шепте ұрыс тізгінін қолдарына алған кіші командирлер шешіп бергені сықылды күректі қару еткен мына қарқасап майданның тағдырын да Нұргүл басқаратын қарапайым қаһармандар ешкімнен ақыл-көмек сұрамай өздерінше шешіп жатыр. Бұл бір өзгеше деңгей. Ауылдың адамдары үшін қалаға келіп, текеметтің түріндей тұйықталып қалу қандай ауыр. Адам баласы бір-бірімізденбіз. Сөйтсе де өзіме шағын бригада ұжымы осы ұғымның кішірейткен суреті сияқты нағыз қазақтар өмір сүріп жатқан және ел адамының бейнесін, ой-өрісін сипаттаған орта болып көрінді. Олар қайырымды, өмірге құштар және өздерінше бақытты жандар. Басыңа іс түссе, қол ұшын беруге әрқашан даяр. Осылар зәуімде қарыз ақша берсе де тығыздап сұрамайтынына кепілмін. Және де жаңа жерге әр тараптан келгендердің бірін-бірі қара тартып, ес көретін әдетімен ұжымдасуынан бұрын да ауылдағы әдетпен отбасыларымен бірге тығыз араласып кеткен айналайын қазағымыз, бәріміз түбінде барып ат байлайтын алтын баған – ел адамдары олар. Мынаны қараңызшы, топтасып қар күрегендері де асар, үнемі еске салғандай ғой. Айтқызбай-ақ жұмысқа қаздай тізіліп шыға қалатындары, Нұргүлдің «Обедке үзілейік» даусы шыға сала құрал-саймандарын тастамай қаздай тізіліп келе қалатындары ұзақ қыстан кейінгі алғашқы, көктемнің қуанышын сыйлайтын ұжымдық жұмыс – асардың дәл өзі емес пе. Сол үме кезінде үй иесі әйелді тамақ істеу үшін алдымен қайтаратындары сияқты бригададағы қыз-келіншектерді кезегімен ас үй жаққа ертерек жіберетіндері, бірін-бірі зілсіз қағытып, қалжыңдаса қылжақтасып, аязды аспан астында буы бұрқырай қарқылдаса жүріп қай жұмысыңның да әп-сәтте пошақ-пошағын шығарып тастайтындары…

Әрбердесін менің өзімнің де бригадаға келгелі белгісіз бір табандылықпен жоқ іздеген адамдай жан-жағыма елегізи қарап, жер мен көктен, аяғымның астынан түртінектеп, иіскелеп бірдеңелерді іздей беретінім де журналистік әккістігімнен емес, өшуге айналған, бірақ әліге дейін шалақозданып жатқан атамзаманғы ұжымдық жұмыстың шақыртқы туы болып шықпаса неғылсын. Бірақ әлгі пішімсіз доғал түйсіктер қанша жерден қанмен келсе де жүрегімді аса толқытпайтын, кәсіби кәнігі әуесқойлығымды қоздыратын да қоятын: ұжымдаса еңбек ету қайтсе де мен үшін қол жетпес, алыста қалған ертегідей бір бұлдыр дүние-тін және соның өзі менің басымда, не менің тұсымда емес, маған дейінгі әлдебіреудің заманында болып өткендей әсер беретін. Шындап келгенде сол түйсік-сезінулерді әдейі іздемеген де екем, шақырмаған да екем, — олар менің көзіме еріксіз түскен нәрселерге үн қосқандай боп өздері пайда бола кететін. Араға уақыт салып безбендеп көрсем, әлгі сезімдердің қай-қайсысы да тәтті елестей алыстан орағытқан естелік көріністер ғана. Ауыл қазағы қанша жерден жаныма жақын тартылып тұрса да, тап осы жерге ғайыптан тайып тап болғандай, өң мен түстің арпасындай түсініксіз бір күйде жүретінмін. Бірде басред нөмір жоспарлау кезінде қашанғысындай кезекті идеяларының бірімен ауаланып отырып маған субурбандану мәселесін зерттеуді – ауылдарға барып тұрып жатқан қалалықтар жайында жазуды тапсырды. Жиналыстан кейін өзіне оңаша кірдім. Сахнада тұрып ауылым, ауылым деп қақсап қоймайтын, бірақ ауылына жылына бір барғанында таңертең келіп кешке қашып кететін эстрада әншілерін жуырда сынап жазғанымды есіне салдым. Хош дейік, елге арагідік бара қалғанымда әлгі әншілерден көбірек кідіретін шығармын, осының өзі  аталған тақырыпқа бірдеңе жазуыма ақтаушы бола алады. Ал ауылдағы қалалықтарға келсек, ауылдан шыққан менің кіндік кесіп, кір жуған жеріме ат басын біржола бұрмай тұрып әлгі оралман қалалықтарды көпірте мақтап жазуым ақ жіпті көк жіппен көктегендей әр-сәрі болып шықпай ма?! Оқырман «Ей, Ербол, әуелім өзің ауылыңа қайтып алсай» демей ме?!

Өзімді өзімнен өңге ешкім түсінбейді деп жүруші ем, жоқ, бастық бұл жолы жарады, уәжіме құлақ қойып, тапсырмасын қайтып алды. Тәрізді алыста қалған туған жері оған да держава болып жарытпаған сияқты ғой.

         Жоқ, бұл жер менің асарым емес. Сонымен бірге бригададағы қазақтар да өздерінің бұл жұмыс орнын тап асардың өзі деп тани бермейтінін талай байқағам. Оның үстіне бригададағы жан біткен қалаға асарлап келген десек тағы да қателесеміз. Бұл жерге балта-сүймен, балға-шеге дегенің жүрмейді. Бұл жерде адамды машина, көктемір алмастырған. Рахат, шаршамайсың. Бірақ сондай көңілсіз. Асардағы құмарлық, еңбек шабыты мұнда кемшін. Бірімен-бірі жарысқан, бірінен-бірі асырып салған жақсы мағынадағы бәсеке де сезілмейді. Жұмыста жан жоқ. Сегіз-он сағатты өйтіп-бүйтіп өткеріп қайтасың. Көбісі-ақ жанарыңды жаулаған даңғазалы үлкен қалаға «Жан баққанға бір жұмыс табылар» деген үміттің жетегінде келгендер. Ендеше үлкен қалада  оларды бір-бірімен тағдыр түйістірген, тағдыр туыстырған. Осылайша қиыннан қиыстырып жолықтырған Жаратушының сонымен бірге басқа де ойлары болған сияқты. Не десе де бұлар жаңа жерге «Аляскадағы алтынның» шетін көргендей қопаңдап, ақыры үдере көшіп келген» десек өмірдің бетін шөмішпен қалқығандай бір тірлік болар еді. Арғы төркіндерінде, денесінде аз да болса намысы бар әр қазақ бұл адам айтқысыз қиыншылыққа, ұшқан құстың қанаты қататын зымыстанға қалайда шыдауы керек, бір қиыншылықтың бір игілігі бар, соңынан елге де, маған да жақсы болады деген қарапайым да ел үшін аса қажет бір түсінік жатты ма деймін. Садаға болайын бұл сөздің арғы төрінде бір емес, бірнеше себеп жатуы да мүмкін. Айталық, адамдар жаңа орынға солтүстік жағымызды біраз қымтап алайық, жатбауыр тартып кеткен өлкеге қазақтың иісін келтірейік, өз үйінде табалдырық көзіне шығарып тастаған айналайын ана тілімізге жан бітірейік деп, он жаста балиғ болып қалған, жылдам өсіп келе жатқан қаланың ажарына ажар қоса түсейік, менің бір ақын ағам жазғандай «келгендер шаттанатын, кеткендер сағынатын» сартегеш шаһарға айналдырайық, елді шапшаң қалаландырудың, қалалық ұлтқа айналдырудың ұлы аттанысына үн қосайық… деп келуі де мүмкін ғой. Ауыл қазағының табиғи болмысы өзгеріп отыруды қажетсіне бермейді, десе де оларды да түптен келгенде қамшының сабындай ғұмырым босқа өтпеуі керек, қалай болғанда да біреудің кәдесіне жарасам дейтін кәделі ой, көркем ниет шарбыдай шырмап жатпасына кім кепіл. Сонан соң там соғу, ымырат тұрғызу, үй салу ізгі ғамал ғой.  Дүниедегі ең бекзат өнер – адамдарды бақытты ете алатын өнер десек, құрылысшының, жолшының кәсібі өзінен өзі сол санатқа кіреді. Осы жағынан келгенде Арманқаланы қардан ада етуші ерен еңбеккерлердің қарапайым ғана тірліктері сол өмірдің өзі сияқты күрделі өмір соқпақтарына айналмақ. Жан-жақтан жамырап келіп қосылған бұлақ-жылға, жылаңкөз тұма, жалғыз аяқ соқпақтарға айналмақ. Күтпеген бұрылыстарға айналмақ. Өмір қандай күрделі. Төрт түстік бірдей тоғысқан жерде болмай қалмайтын әртүрлі мінез-құлық, неше түрлі түсінік, қилы-қилы тағдыр. Сол тағдыр иелерінің жан дүниесі әлгі өздері келген  түстіктерде, күнгейде яки теріскейде қалып кеткен деп айта алмайсың, жоқ, дәлірегі – олардың жаны өзге жерге, туған үй, туған ошақ деп аталатын нақты, затты орынға байлаулы. Сырт қарағанда қар тазалайтындардың ортасы бұрқ-сарқ қайнаған ұжымдық өмірмен, бригада өмірімен біте қайнасып жатқан тәрізді, дегенмен барлап байқасаң әлгі ортаны адамдардың барлығына бірдей ортақ әлем деп те айту қиын. Әншейін өмір жағдаяттары әлгі жатақ орыннан әркімге өз орнын, өз бұрышын белгілеп берген.Адамды қайткенде де тұрмыс билейді, пенде шіркін қалай болғанда да заманға күйлейді. Кісінің өмірі әманда тұрмыс жағдайына, жоқшылыққа, таршылыққа байлаулы. Кім болса да азанда ұйқыдан бүгін қайдан, қалай қарын тойғызамын деген азапты оймен оянады. Бізді осылайша рақымсыз тұрмыс тырнақты аңша тырмыстырып қойған. Мұндай жағдайда кісінің өмір тақыретін белгілі бір арнамен бағыттай алмайсың. Халықтың барлығына бірдей «Жоқ, сен бабаңның сүйегімен киеленген атақонысыңнан ғана игіліктен, жусанды қырдан ақтылы қой өргіз, жердің ғана тамырын бас» деп қалай үкім етерсің. Мемлекеттің жүйесін ұйымдастыруға болады, қаланың тіршілігін ұйымдастыруға болады, бірақ адамның өмірін ұйымдастырам деп арам тер болудың қажеті шамалы. Шындап келгенде саяси, патриоттық, демографиялық, тіпті қала салу мәселелерінің бүкілін қоса алғандағы мәселелерден кісінің жеке, пенделік мәселесі қашан да жоғары қойылмақ. Балық судың тұнығын, адам жердің шүйгінін іздейді. Қазіргі жінтікті заманның қағидаты – қай жерде тұрсаң, қай жерден нәпақаңды айырсаң, сол жер саған отан, саған өтен. Супержүйелер заманының циркуляция заңы. Тіпті ерлі-зайыптылардың екі қалада тұрып, жұмыс істеуі де бүгін таң емес. Көбінесе алдағыны ойлап, қым-қуыт тіршілік базарынан адаспасқа жол іздеген адам оған да барады.  

Осылайша бір заманда мәңгілік мұз басып жатқан тайганың шетінде қауырт бой көтерген жаңа қалаға біреулер жұмыс іздеп, біреулер пәтер көздеп, бәз біреулері пайданы молдау түсіретін мансап қуып, енді бірқатары аштан өліп қалмаудың, күл төгіп, күн көрудің қамымен келеді. Жастар үшін бұл жер – жігіттер тиісетін, қыздар тиетін жер. Біздің кезімізде қыздар оқуға түсе алмай, ұялғаннан қалада қалып коюшы еді, қазіргі қиял басқа – жөндемі жігіт кездестіріп, тездетіп ақ той көйлегін кисем деген адами тілек. Балаларының ертеңін ойлап көшіп келіп жатқандар да аз емес. Солардың ішінде кемтар, кембағал ұрпағын арнайы оқыту мақсаты да бар. Кім ұрпағының балалығын ұрлатып, қызығын тонатқысы келеді дейсің. Қысқасы, бұл — өмір. Әркімнің өз өмірінен, өз отбасынан, өз тағдыр соқпағынан туып жататын тіршілік қажеті. Біздің қалыпты, шартты тілек қажетіміз. Солардан уақыттық шартты байланыстардың алуан бояулы, алуан қыртыс күрделі шытырманы түзіледі. Жынды көбелек дейтін. Құдайшылығын айтайын, мына мен де соның бірімін. Бүгінгі жақсы қызмет – ертеңгі үй-жай деп өтенімді тастап осында жеткендегі мақсатымды жұрттан жасырғанмен құдайдан жасыра алман. Бірақ осының өзі кез-келген қазақтың басында бар қиыншылық. Біздің ішер ас, киер киімнен кейін көп тартқан зарымыз баспана екендігін де дәл солай құдайдан тасалай алмассың. Міне, саған менің қиялилау бастығым өткен жолы өзіме зерттеуді қадағалап тапсырып жіберген этимология! Таудай ет, көлдей сорпаны тастап, жердің шеті қиянға бүгінгі күнді және болашақты ойлап аяқ басу. Бар этимологиясы сол.

         Ал айтшы, олай болмаса, Жасай мен Гүлбаданды ойдан қырға, қырдан ойға сүйреп жүріп, ақыры мына қалаға айдап әкеліп, тағдыр жолдарын түйістірген не күш? Бәлкім ақ ұлпа махаббат дерсіз? Тек қана сол ма екен. Үміт қой оларды табыстырған. Үміт. Үміттілік екеуін осында, үздіксіз өсу, үзіліссіз құрылыс салу үстіндегі алып алаңға қарай жетелеген. Осы бар ғой, Батыстың музыкасын тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Себебі ол тыңдаушыға далбаса болса да үміт сыйлайды, ал адам баласы үмітсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан да Жасай мен Гүлбаданның алғаш бірін-бірі кездестірген сәтін көз алдыма толық елестуге әддім бар. Сірә, әлгі сәт болашаққа бар үмітін байлап, бармақтай бақ тілеп жаңа қалаға келген екеудің көз жанарларында үміттің оты жарқ етіп тұтанып, алдан бақыт құсын күткен айрықша бір сәттер болса керек. Кісі бақытты минуттардан да гөрі алдан тағдыр жұлдызын күткен әлгіндей минуттарда өзін көбірек бақытты сезінетін болуы керек. Адамның жүрегін әуейі етіп, ауаландыратын жалғыз-ақ нәрсе – басқа адамның жүрегі. Десе де бір жүрек екінші жүрекпен көбінесе екі жағдайда – үлкен уәйіммен жалғызсырау, елегізу үстінде, не жоқшылық тақсыретімен қолдау-көмек күткенде табысады деседі. Демек адамдар алдымен алдағы жарық күннен үміт күтіп, мына өмірден таудан сырғанағандай өте шықпау үшін ғашық болысады. Сол үмітпен бірге өмір сүру құштарлықтары да оянады. Сүйе білетін адам — өмір сүре білетін адам дейтін қанатты сөз де осы жағдайға байлаулы. Мен көрген Жасай мен Гүлбаданның еңбек ұжымында жүріп үйленуінің этимологиясы, міне, осы, жолдас бастық. Тек тағдырластықпен, одан туатын үміттілікпен келген бақытты, баянды махаббаттың  шалқыған осы қуанышы қиял патшалығындағы мекенді көздерімен көргенде болатын орындалмаған,  орындала қоюы да неғайбыл арманның күйігімен қабаттаса, қаттаса қойындасып кеткендей.

         Алағат сезім араласқан орындалмаған арман… Күдікке жүкті ақталмаған үміт… Арман орындалар, үміт ақталар әлі, ал үміт сарқылған, арман түгесіліп біткен күннен арғы күндер не болмақ? Пенде шіркін сонда қандай арманмен, қандай үмітпен өмір сүре бермек? Адамда арман таусылмайды ғой дерсіз. Болса болар. Бірақ мен үшін бір  нәрсе айдан анық:  кісі өмірдің тиянағын таба білсе ғана арман түгесілмейді, үміт кесілмейді.

         Өмірдің тиянағы…

х         х        х

         Ерегіспе кеселі бар адамша ырп-ырп соққан желге қасқая қарап, долы боранға күртешемнің өңірін жұлқылатып, ішкі рефлексияларыма берілген күйі жол жиегінде күрегіме сүйеніп әлі тұрмын. Қалың қар орманды жерде ғана қысқы ертегі, ал сайын далада, сайын даланың өтінде тұрған қала үшін ол нағыз зымыстан. Әйтеуір қараңғылық қоюлана ақ түтектен тұмсық көрінбей кетті ғой. Жоғарыда, сәулесі әлгі ақ түтектен бозғылттана өлеусіреген бағандардың фонарлы бастарында, ақпен опаланған ағаштардың сыйдиған бұталарында сансыз ақ қанат көбелектер үйір-үйірімен ұшып жүргендей. Алыста, жоқ, жақында, аяз кенеттен алғаш ұрған желсіз түні-ақ ұстасып үлгерген өзен жақта біресе сатыр-сұтыр жарылған, біресе шатырлай қақ айырылған мұздың мезгілсіз дыбысы, онымен қоса-қабат қашан, қайдан естігенім белгісіз бір әуеннің зуылы келеді құлаққа. «Көсіл ағады, Көсіл ағады, ақынның  жүйрік жырындай. Мені де бір қыз есіне алады, тарқатып өрген бұрымды-ай». Соңғы жолындағы «ай» дейтін қолдан қиыстырылған руннингі болмаса, сезімді әлекке түсіретін ән. Жүректің басына күш салып, езіңкірегендей болған әлдебір кіреуке мұңы, тіпті ұлы қайғысы қайта келместей, белгі берместей боп ұзап бара жатқан жастық шақты көңілге тәтті елес қылып оралтқысы келе ме, қалай. Ия, ол шақта жаңа жауған ақ ұлпа қар ернімізге қонып, лезде еріп кетіп жатушы еді. Шықтан күміс тағынған алтын күзбен дұрыстап қоштаспай жатып, қыс алғаш хабарын беріп, қарашаның аяғында-ақ жердің тоңын қалың түсірмеуімен аялы алғашқы сонар күні көңілінде желігі бар сабақтас құрбыңды ұмар-жұмар қарға аунатып, мойынын жентекке толтырып жіберетін  қайран мектеп күндері… Басын мәңгі қар басып жатқан таудың баурайына басын сүйеген бағирам қалада өмірдің бір белесіндей боп демде өте шыққан бес жылда да ернімізді шайып, онымен бірге көңілдің сатпақ-сатпақ терезесін де жуып жатар-ды сол қар. Бүгінде көрген түс секілді соның бәрі. Қалықтап кеп қонып жатқан қар мақталары қалғып кеткен сол енді тіпті де қайтып оралмайтын сол күндер елесін қапияда түртіп оятып, естеліктердің ақ қағаздай өңсіз, сұрғұлт дақты матасына орап, мый қорапшама қайта салып жатқан сықылды. Аяқ астынан толқып, қозғалысқа келген сүрсана бозғылт боз быламықтын ішіндегі сансыз көп естелік, көп елестің ішінен бір ғана тіркесті бөліп алып, көрініске айналдырып, көз алдыма көлденеңдете қойғаны сол еді, «Қар жауып тұр» деп ірі әріптермен айқын берілген әлгі көрініс, құлағымда зуыл боп тұрған әлгі сөз өткен күннің естелігін дереу нақты да затты деректемеге айналдырып сала берді. Сол сол-ақ екен, алыс өмір елестері мезгілсіз естелік болып оратылып, сүттей ұйыта бастады. Уақыт кенеттен отыз жылға кейін шегінгендей болды.

         Бүгінде тіпті еске алудың өзін қорқынышты етіп көрсетіп, жылаған балаға айтып уандыратын сексенінші жылдардың басы еді ол. Студент шақта жігіттіктің қалай келгенін сезбей де қаласың. Бір семестрде-ақ бойың серейіп, даусың зорайып шыға келеді. Асау сезім, жігіт желік, қыз желікпен алыса бастайсың. Сен ғана емес, басын мәңгі қар басқан ұлан таудың етегінде көсіліп жатқан әлемдік алма бақтарының астанасын сол шақ мекен еткен бүткіл жастардың басында болатын ол кеп. Сондықтан «Қар жауып тұр» дейтін әлгі сөз, жоқ, сөз емес, көрініс, жоқ, көрініс емес, осылай аталатын ән студенттер арасында, соның ішінде әлемдік бақ астанасының тау бауырайына жақынырақ орналасқан студенттер қалашығында, оның ішінде бесінші жатақханада да әлгі жылдары қыс ішінде танымалдылықтың шырқау шегіне барып-барып ілініп тұратын.

         Сол қыс… иә, сол қыс алма бақтарының байтағында ерекше қарлы болды. Тек қана ол емес, басқа өңірлер де қарға мелдектеп қалды. Оны айтасыз, сонау қоңыржай белдеудегі «байлар, борсықтар билеген» Батыстың біраз жері де тізеден омбылады. Соның алдындағы,  содан кейінгі жылдары да әлемнің көп бөлігін мамандар «тарихи қар» дейтін мол, өте мол шық-шыламның басып салуы кәдуескі жағдай еді. Тіпті теріскейде үйлердің терезесінің алдына жел үрлеп әкеп үйіп кеткен қардың қалыңдығы метрден асып, базбір еріккен сотанақтар терезеден шанамен сырғанап түскендерін де оқитынбыз. Осылайша климаттық тосынсыйлармен жағаласа заман көші ілгері ұзап, біреу өліп, біреу қуанып, біреулер ажырасып, енді біреулер алғаш табысып жататын және табысу үшін шұрқыраса қауышып жататын. Соған сәйкес махаббатты ақша қармен, дәлірегі оның жауып тұрған кезіндегі романтикалық сезімдермен шендестірген әңдер де көп шығарылып еді ол жылдары. Бәрін бастаған Нани Брегвадзе болуы керек. «Жауған қар, жауған қар, егер әйел сұраса…» деп келетін грузин әншісінің тәсніп үлгісіндегі лирикалық әнінен кейін-ақ газды су беретін көше автоматтарында он екі қырлы стақандар аман тұра беретін таза моральдық елдің эстрада әлемін ақша қардай ақ ұлпа сүйіспеншілікті әнге қосқан дүниелер жаулап ала бастады. «Пламя» ансамблі айтатын «Қылау қар» әні… Анне Вески шырқайтын «Жаңа жауған қар мерекесі»… Радмила Караклаич нақышына келтіре орындайтын «Қар жауып тұр»… Әлбетте олардың музыкасы да, мәтіндері де бір-біріне ұқсамағанымен, өзіңіз сезіп отырғандай, бәрінің айтары біреу-тін. Алғаш жауған қардан бастау алып алғашқы махаббатқа ұласып жататын сүйіспеншілік мүптәласы ғой. Болашақта бір жүректің ішінде қос жүректің ғұмырынша бейбіт қатар, яғни қаһармандықпен өмір сүруін тілеген ынтызар көңіл. Ол үшін алғашқы қауышқан күннен өмір сарқылғанға дейін әлгі қаһарман екеудің өз қарым-қатынастарын мына жауып тұрған ұлпа қар сияқты мамық та адал етіп құруын сұраған, жоқ, талап еткен менмен көңіл. Мейлі төпеп қар жаусын, мейлі сел-сел жауын жаусын, әйтеуір тыңда да, сында да бірге болуға, қол ұстасып бірге өтуге шақырған көңіл. Бәрімен де өмірдің тек жақсы жақтарына тән жағымды естеліктер байланысты. Әйтсе де сол тұста социалистік лагерьге аты мәлім болған серб кралицасы Радмила Караклаичтың «Қар жауып тұры» ғана бірдеңе-бірдеңесімен тыңдаушысын өзге қиырларға әкетіп, жүрекке тиюімен, көңілге түрлі ой салуымен ерекшеленетін. Бельгиялық шансонье Сальвадор Адамо автомобиль апатынан бақи  кешкен жан жарына арнап шығарғаннан кейін бе екен, әйтеуір осы әнде саздық-тілдік меңзеумен сездірілетін бір ұлы қайғы бар еді. Бір ғана ән, бір ғана саз, бір ғана сөз. Соларда бүкіл өмір тұр. Бұдан артық айта алмаймын. Музыканы сөзбен сипаттау деген бір  сұмдық нәрсе. Музыканы тек тыңдау керек. Қаласаңыз, ғаламтордан табасыз әлгі әнді. Tombe la neige аталатын тұпнұсқасы да, Караклаич айтатын кавер-нұсқасы да сонда.

         Ютубқа Snow falls деген атпен орналастырылған соңғы композиция біздің жастық шағымызда жатақханаларда үлкен винильді күйтабақтан төгіліп жатушы еді. Радмила оның алғашқы екі шумағын орыс тілінде сазды карасөзбен мазмұндап алатын да («Ты не придешь сегодня вечером. Мне кричит мое отчаянье. Но падает снег, невозмутимо кружась. Это шелковое шествие, все в белых слезах. Птица на ветке оплакивает эти чары»), одан әрі «ә» дегеннен қоңырлаған жұмсақ әуезбен сәл ғана шымырлатып бастап, екінші шумақта биік көтеріп, төлтума француз тілінде шырқайтын. Бұл интерлингвистика музыкалық шығарманың құрылымдық өңділігін күшейтумен бірге драмалық тінін қоюландыра түсуші еді.

         Сол күні… Иә, сол күні соның алдында ғана қысқы каникулдан оралған тоқ қарын, тиісінше тоқ көңіл студент қауымы терезенің желдеткіштерін айқара ашып тастап, Радмиланы армансыз аңыратты-ау. Оның сойылдай және бір себебі – сол күні далада жайымен дөңгеленіп әппақ қар жауып тұрған. Әлі есімде, ақпанның жиырма төртінші жұлдызы еді. Бұл күні бүткіл совет халқы алатаңнан оянып, Жоғары кеңеске «халық қалаулыларын» сайлау үшін бір кісідей дауыс беріп жатты. Соның ішінде кеңестік саналы студенттер де. Сөйтіп бізді жатақхана маңында саяси науқан жолықтырды. Сенің сайлау учаскесін көрсетіп жіберуді сұраған өтінішіңе орай жатақхана тұрған Бифараб даңғылы жағынан дауыс беретін жер орналасқан биология факультетіне, Темірнияз көшесіне қарай құлдағанымыз… жолай әуені соңымыздан қуа жетіп жатқан Радмила әнінің французшасын, бүкіл батыстық тілдердің ішінде айрықша әуезділігімен ерекшеленетін оның өзіміздің тілге әбден ұқсас «ғ», «қ» сияқты көмейден шығатын, мұрыннан жіберетін дыбыстарын, дәл қазақ тіліндегідей екпіннің соңғы буынға түсетінін, біздің дыбыс үндестігімізге келетін либаз құбылысын  әуезе көріп әңгімелегеніміз… (кейін білдім ғой, аю құлағыңды басып кетуі былай тұрсың, жақсылып тұрып отты ламбада билеген сенің есесіне роман тілдеріне аса жетіктігіңді). Верхсоветке сайлауды зор саяси өрлеу үстінде өткізуге шақырған оптимистік рухтағы жігерлі әнге бөлене тұрып, өзіміз сүгіретін ғана көрген электрмен дәнекерлеуші әйелге дауыс беріп шыққаннан кейін университет қалашығына жапсарлас ботаникалық баққа қаңғалақтап жүріп әлдеқалай кіріп кеткеніміз… ондағы бұтақтарын қар қайыстырған дударбас каштан, акация және біз заты түгіл атын білмейтін мәужіреген гледичий, катальп, маклюр… сияқты тоқсан түрлі өсімдіктерді қызықтап ұзақ жүргеніміз… шығар ауызда күзетшінің біздің баққа қалайша рұқсатсыз кіріп кеткенімізді еш түсіне алмай шыж-быжы шыққаны…

         Міне, бүгін сол күндер көз алдымнан көлбеп өтіп жатыр. Саясат үшін көлгір, ал біз үшін таңғы шықтай мөлдір сол күнгі ақ қардай дүниені тағы да әппақ қар басып жатқан күні ойыма оралтып тұрмын. Ол күнге бүгін тұп-тура отыз екі жыл, сегіз ай, он бір күн болған екен. Содан да мекеншақ басқа, сен де жоқсың бұл арада.

         Ойланып кеткендегі әдетіммен асфальт жол мен жолтабан аралығындағы жырақаның шетіне шығып алып, аяғымды жебей басып әрлі-бері адымдап кеткенімді өзім де байқамаппын. Құдай-ау, жаңа жауған қар жүректі ысытып, іштегі шер-шеменді қозғап жібереді деп кім ойлаған. Негізінде олай болмауы керек еді ғой. Себебі әппақ болып қар жауып, ағаш біткен ақтан оқа салып, дүн-дүние аққа оранып тұрғанда қожалаш көңіл кіріне, күрегей іш кірнесіне, шер мен шеменге орын қалушы ма еді. Иә, мына жасымда небір өтелек-төтелектен өтіп, енді, міне, өмірімнің елу бесінші қарын басып тұр екем. Иә, елу бес дүркін жауған сол қар менің жастығымды қайта көрінбестей етіп біржола көміп тастапты. Өмір дейтін ұлы сапардың мәресіне таянып, мәңгілік тоң қабатының суық ызғарын тап қасымнан айқын сезінген күні ақырғы тыным табар піл сауырлы қара жерімді де дәл солай көміп тастар. А бірақ қар онымен тоқтамайды, келесі қыста да жауады, одан кейінгі жылы да жауады, жауа береді және менен өзге бозбалалар қапалақтаған ақ қанат көбелектердің астында қолдарына бір шоқ қырмызы гүлін ұстап сүйіктілерін асыға күтіп тұра беретін болады. Жауа бер, ақша қарым, жауа бер. Соға бер, ұшырма желім, саршұнақ аязым. Сендер жауып тұрғанда, сендер үскіріп тұрғанда бұл дүние тіршілігі жалғаса береді, өмір көші ілбіп, алға ұзай береді. Жау, жау, қарым! Шырқай бер, Радмила! Әр шырқалуымен кез келген адамды – жазумен машғұл болуды ғана білетін мына мені де, жолдың қарын неге күреп жүргенін бірде түсініп, бірде түсінбей қалатын жұмысшыны да, тіпті беті аязбен қосыла көкмұзданған шоң шенеунікті де мына іш пыстырар бірөңкей, көлгір, сұрықсыз, сұрқай шындық өмірден алысқа, туған Үйіңе, ет жақын адамдарыңа, үзеңгі қатар достарыңа самғай ұшып жетуіңе мәжбүрлейтін ән. Менің алғашқы да соңғы махаббатымның әрі беташар, әрі сыңсу әні. Аллаға шексіз шүкірлік, екеуміздің жанымызға балаған жапырақтарымыз – бір түйір ұл, бір түйір қызымыз үшін.

         Ширмединнің Бауыржаны не деп еді осы. «Қармен бірге түстің бе екен сен жауған? Сен түскенде тыныш тынып жер қалған. Нәзіксің ғой сен қардан! Тазасың ғой сен қардан! Сені солай берді Аллам!»…

         Көшенің шулығанынан, даңғазасынан ба екен, әйтеуір әлденеге өзімнен өзім тозып, шаршап тұрмын. Біреу еттартқыштан өткізіп алған сияқты. Жоқ, денеңді біреу соғып тастағандай қылатын күндізгі ауыр жұмыстан емес еді бұл шаршау, одан да бөлек, одан әлдеқайда мәнді де маңызды нәрседен – бәлкім ол жаңа ғана құйындай соғып өткен бағзы күн елестерінің, сол елестердің әлдебір жасырын, көмес мақсатын орындау үшін кейінде қалған өмірімді қайыра бастан кешірткісі келген тым айқын, тым көрінеу естеліктердің екпін-текпініне ұқсайды. Осы сәтте өмірдің тегершігі кенет кейін айналып кеткендей де болады. Әнеу бір жылдарға қарай, өзім үшін аса қымбат, қадірлі және онсыз өмір сүре алмайтындай ділгер нәрсемді байқамай тастап кеткен жылдарға қарай шегінеді… Қар тынбай жауып тұр, қыстың қысқа күні тез еңкейіп, іңірден асып, көшені қою қараңғылық әбден тұмшалады. Төбеден аспан аласарып, төне түседі, төменде аяз сыздана сықырлайды, ал әппақ-әппақ ірі қар ұлпалары, мақта сияқты үп-үлпілдек, алақаныңа салсаң баяу ескен желмен ырғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, саусылдап, сыбырлап кетер жармалар асфальтқа тынбастан қонып жатыр. Бірақ бұл жолы қар да басқа, асфальт та басқа.

         Асфальттың қара жолағы. Қара жолақтан қорықпаңдар, ол кейде ұшу жолағына да айналуы мүмкін деуші еді ғой. Кім біледі, осы жаңа қалаға ағылған нөпір адамды, Жасайлар мен Гүлбадандарды, тіпті менің өзімді де «өмірдің тиянағын табу» дейтін таяныш-тірекке әкеп-әкететін ұшу алаңының шаңқан ақ жолағы да осы шымқай қара жолақтан басталатын шығар, бәлкім…

 

х         х        х

         Тағы да кешігіп жеттім.

         Бар болғыр пойызым екі кештің арасында қанатын қомдап, жүргелі тұр екен. Астарына жылылап мақта салған майкрофайбер күпәйкемнің екі етегі далаңдап, доңғалақты шабаданымды сүйрете-мүйрете шанышқыдан қашқан құртқа шабақтай перронмен безіп келемін. Екі құлағым бірінші жолдан жүргелі тұрған «Сұңқар» жүрдек пойызына отырғызу аяқталғанын хабарлаған радиорубкадағы диспетчердің соғыс жариялап тұрғандай шыңылдаған қатқыл дауысында. Пойыздың жүруіне неше минут қалғанын да айтып еді, қатты жүрістен, асығыс үрейден жүрегім аузыма кептеліп, құлақ жарғақтарым дүңгірлеп жөнді естіртпеді. Қас қылғандай вагон атаулының есігі тарс жабық болып шықты, — кейін білгенімдей, мұнда пойыздың қозғалуына бес минут қалғанда бүкіл есік бір мезгілде жабылады екен. Штаб вагоннан басқасы. Кешігіп жеткендер сол штаб вагон арқылы кіреді. Үш минуттан кейін оның да автоматты есігі перронмен ұзаққа қоштасады. Содан Бозқараған қаласына жеткенше құрамға ешкім кіргізілмейді де, шығарылмайды да. Қазақша қонымды аты болғанымен, тірлігі қазақы емес мына пойыздың. Талай жыл өзімізге әке-көке болған бір халықтың шарт-шарт кетіп тұратын мінезін еске салады.

         Жә, қойшы соны, әйтеуір иығымды сұғып үлгердім ғой. Штаб вагонның аяғына жүрім бергір жолсерігі Мейрамгүл қолымнан жетелегендей етіп вагоныма әкелді. Сыртына қарағанда іші жылылау екен жиырма бірінші ғасырдың мына тұлпартайының. Бүйірім жылып сала берді.

         Мені осы жерден алысқа әкететін пойыздың вагондары әдеттегідей бірін-бірі жұлқып қалмай, түйіп қалмай, орнынан қайықша сырғып кетті. Вагонға кіруін кіргеніммен өмірімнің бір кезеңін өткізген қаланы соңғы рет көзімнен көшіргім кеп купеге бармастан дәлізде қала бердім. Әлгінде ғана өзім қоштасып шыққан жалдамба үйімді алыстан болса да көре қалсам деймін, – елуінші жылдарғы тыңға аттаныс кезінде соғылған төрт қабатты ескілеу сары үй вагон терезесінен  көрініп тұрушы еді, себебі әлгі үй тұрған көше теміржол өтелегіне апарады, ал біз мінген көлік сол өтелекті басып өтті. Төрт жыл жалғыз жатып таусылған, қабырға қағазы қақырап, еденінің сыры сүргіленіп қалған бөлмемді бәлкім ақырғы рет көзіме елестетіп өтті. Одан әрі пойыз жүріс хауіпсіздігін реттейтін сигнал беру белгілерін, стансалық жол бағыттауыштарды баспатөрелей бос жатқан қарлы далаға ақырын ғана бет түзеді. Вагон терезесінің ақ жылтыр никель тұтқасынан  мықтап ұстаған күйі қаланың зәңкиген үйлері мен ғимараттарына,  аспалы көпірлер мен жер асты өткелектерінің  қалқиған шеген құлақтарына, өрт сөндірушілердің қаланшаларына, су жинайтын мұнараға қас қақпай қарап тұрмын. Бір қылта жерге келгенде алыста, өзен жағалауы променад бойында оқшау сорайған жүгері сабағы түстес супермаркетті таныдым – біздің редакциямыз әлгі дүкенге жақын жерде-тұғын. Жүрегім дір еткендей болып, тұла бойым шымырлап бір тұтқиыл күйге түстім. Күні де, қаласы да суықтау көрінуші еді, енді, міне, біртүрлі қимастықпен аттанып барамын. Бұл адамды қойсайшы…

         Стансаны, объедшіктің үйшігін, жолда әбден жүгіріп келіп енді солықтап тұрған құрамдарды, теміржол бойын қардан аршып жүрген қосалқы пойыз-дрезиналарды артқа тастап, ашық кеңістікке шықтық. Тепловоз оң қолға оңтайланып, күнгейге қарай жол алды. Қала біртіндеп артта қала бастады. Қош, бізді өзгерткен, соның ішінде бұл қаланың астана болатынына сене алмай келгендердің де көзқарасын өзгерткен, көптің тағдырын өзгерткен Арманқала! Жайнай бер, жасай бер, армандастардың ұясы! Сені қия алмай кеткендердің, саған сыя алмай кеткендердің алды да, соңы да мен болмаспын. Ал мені пойыз сенен алысқа, келген жағыма — әсем қала, гүл қалаға әкетіп барады. «Туған жердің аспаны да баспана, туған жердің тастары да астана» деуші еді ғой. Баспанадан да ең қиыны –  бірге болмағаннан кейін екі адамның бір-бірінен үнсіз алыстай беруі екен. «Сен соны түсін, шаһарым, ал мен амандық болса үйге жетем, тек сен аман бол» деп жүрек қағысыма қосыла дүрсілдегендей болады вагон доңғалақтары. Кәдімгі пойыздікіндей дүрсіл жоқ, бірқалыпты ырғақ. Онымен бірге мен де ырғаламын. «Сенен сұлу қыз жоқ еді бір кезде. Сенен сұлу ханым да жоқ бүгінде. Менсіз сен де көңілсізсің, білемін. Мен дегенім сен тудырған жыр едім. Сен аман бол. Сен аман бол. Аман бол. Жүрегімнің ішіндегі жүрегім…»

 

         Екі адамдық бизнес кластағы купеде менен басқа тағы бір жолаушы бар. «Кейқуат қылды кесірді, екі аяқты көсілді» демекші, тікірейген тарақ шашты, қисық шекелеу келген (гипоталамус дисфункциясы) мырышқұлақ төртпақ жігіт шынтақты былғары орынтақта аяқты көсіліп салып, қалтафонына әкесінің құны кеткендей үңіледі. Несі бар, осы күндері мен де ешкімнен кем емеспін. Үш күнде болбыр денем мығым тартып, жалданып қар күреп беретіндей дәрежеге жетіп қалдым. «Тілші болу шарт емес, жолшы болу – парызың».

         «Сұңқар» қар жамылған өлі далаға біржола шығып алғасын жүрісін үдетіңкіреді. Қалған құрамдар нөмірі бірінші литер пойыз келе жатқанда қағылып жол беріп, мұңайып қалып жатыр. Басындағы тепловоздар пыс-пыс етіп, арасында тұншыға айқалап қоятын, ол айқайға қар басқан өлі дала дәл солай тұншыға, құмыға үн қосып, қоса жаңғырығып жататын баяғының астында шпалы сықырлаған, жүріп болмайтын тоқылдақ жайбасары емес бұл тұлпартайың. Екі қаланың арақашықтығы Мәскеуден Петербор барып қайтқанмен бірдей болса, «Сұңқарекең» бұрынғы күн тәулігіндей осы жерді жарты сөткеде игереді. Ол дегенің 1260 шақырым. Ал енді мына қызықты қараңыз, мен келе жатқан Астанаемес қаласындағы ілгеріректегі 1200 көшенің жалпы ұзындығы соған жетеғабыл – 1235 шақырым. Әнеу бір жылы А нүктесінен А нүктесіне дейінгі арақашықтықты автостоппен жүріп өткен редакциядағы ең жасымыз Ғаділбек Қапақ осыны жерден жеті қоян тапқандай болып жазды да. Қызметкерлерін екі айда бір шығатын журналда емес, бас жарып, көз шығаратын аудандық газетте жүргендей қапылтып қоятын беймаза басредтің талабымен біздің журналдың презентациялық нөмірлері соңғы кезде элиталық осы пойыздың купелеріне қойыла бастаған, сол себепті басшылық теміржол тақырыбын ұмытпауымызды жеке бақылауына алған-ды. Мөлдір қаптамаға салынған сондай нөмірлердің біреуі біздің купенің де шағын үстелінен орын теуіпті. Көз қиығыммен байырқалап қарадым: журналымыздың биылғы бірінші саны. Бір кісінің сөзімен айтайыншы: елді ұйытып ұстайтын, салмақты сөзін соң айтатын, қай тақырыпты да елдік тұрғыда тұрып, зертшіл ақылмен безбендейтін, халыққа ой түсіріп, күзгі таңның желіндей ширықтыратын, түбірлі мәселелерді түбірлеп ойлап, тереңнен тартып көрсететін мінәсар журналдың үр жаңа жылдағы үр жаңа лебізі сәлден соң оңтүстік экспресс жолаушыларының ойын селт еткізіп, көзқарақты қылмақ.

         Мана естелік атаулы пойыз артқа тастап шыққан қаламен бірге қап кеткендей көрініп еді. Олай болмай шықты. Ескі мұржаның көлеңкесіндей ербиіп, әлі де қапталдаса, журнал болып еріп келеді екен. Себебі, осы журналдың соңғы нөмірінде «Қала физиологиясы» дейтін айқай шәпкінің астында «Екі қолға – бір күрек» репортерлік мақалам жарияланған. Жазылуы да оңай болмады үш күннің тарихының. Алдында редакцияға іштей бір кернеумен келгем-ді. «Шабыт деген осы шығар» деп қоямын. Бірақ жазарман тақағанда бұған дейін  ойымда жұптап келген сөздерімнің көбі аяқ астынан қайда ұшып кеткенін білмеймін. Қаланың журналын шығарудан бұрын әуелі қалада тұрудың өзі сын қыр қазағының белкүллі белгілі мінезі тұсау салды ма, әлде ішкі редакторым «Қай тауға шықсаң, соның әнін айтасың!» деп төбемнен тажалдай дүрдиіп тұрып алды ма, қойшы, не керек, мақаламның кілтін таба алмай біраз әуре-сарсаңға түстім. Қайдағы бір көсем болжамдар, шешен оралымдар қалам ұшына өзінен өзі орала береді. «Адырлы мен Алтынтаудың арасын табыстырған Арманқаланың төрінде…» деп бастай бердім де, жылтыр сөз сияқты көрінгесін өшіріп тастадым. «Арманқала – кемпірқосақ бояулы көркем картина». Он төртінші кегльмен ап-анық, ап-айқын етіп терілген бұл сөйлем де әлі ағайынының соңынан кетті. Е, міне. «Әлем таңдай қағып тамсана айтып жүрген…» Басын оқысаң, аяғы қалай болатынын біле қоятын үшбу тіркес те алдыңғылардың аяғын құшты. «Көсілден қазақы самал есті». Жоқ, бұл да келмейді. Бастапқы фраза оқырманды бірден аруанадай жетелеп, еліктіріп әкетердей мықты, ұшқынды болуы тиіс. Алғашқы сөйлем таңдалған соң әрі қарай жұмыс оңайланады. Мысалы, «Жайыл Қаспай теңізіне құяды» десең ешкімді селт еткізе алмайсың. Ал «Артіс өзені Мұзды мұхитқа құяды» десе ше?  Көрдіңіз бе, еріксіз елең ете қалдыңыз. Артіс қайда, Мұзды мұхит қайда… Маған да вирус сияқты осындай бір ішті сөйлем керек. Сонда ғана образын тауып, дөп басып жазам. Ол үшін мақаланың кілтін таппақ жөн. Кілтін табу үшін идеяның, яғни ой басының жалынан ұстауым керек. Негізінде идея маңайымда қаңғалақтап жүр, бірақ әлденеге маған бастап әкелер жолды таба алмайды. Ол адасқасын шындықтың шұғыласындай болып нұрын төгер қазықбау да шалдырмай, іргесін аулақ сала береді. Себебі о баста бұл тақырып менің өзегімді жарып шықпаған, басқа адамның – көбінше идеяның жетегінде, түр қуалап кететін бастығымның көруімен, сезінуімен, сол сезінуден туатын көңіл тербелістерімен толқып шыққан. Мен – орындаушымын. Әлеуметтік заказды. Ал басқа біреудің ойына, сезіміне қаныңнан алып қан, жаныңнан алып жан қосу мүмкін бе? Мүмкін емес. Өзім көріп, сезініп, жан-жүрегімнен өткізгенді жазсам ғана бір қараға тұяқ іліктірем.

         Ие, сол үш күнде не көрдім, нені сездім өзі?..

         Аз ба, көп пе, білмеймін, әйтеуір бірқанша сезіп-түйгенімді әрі итеріп, бері жығып жазып шыққандай болдым да, өзімнің мынау намажазуымды жұрт алтын уақытын зая қылып оқитынын есіме алып қатты қуыстанып, тіпті ұялып кетсем де, нөмір тапсыратын уақыт келіп қалғандықтан тездетіп басредтің қолына апарып бердім. Ол іс нәтижесін тез берді. Бастық әдетінше жылдам оқи бастады. Қас қақпай бағып отырмын: редакторға жағу қиын еді. Жасай мен Гүлбадан оқиғасының «этимологиясына» келген жерде айналмалы креслосын арқа жағындағы терезеге шұғыл бұрып отырды. Маған солай көрінді ме, қайдам, әйтеуір теріс айналған осы отырысында қушық жауырыны қимылдағандай болды. Иығы селкілдеп күліп отырғанын, иә бүлкілдеп жылап отырғанын айыра алмадым. Егіліп-төгіле бермеуші еді, әлде өзіне «держава» бола алмай қалған атакүлдігі есіне түсіп кетті ме екен…

         Кейін журнал шыққасын басред ұшқалаң жиналыс үстінде айтып салып қарап отыратын мінезімен мақаланы жер-көкке сыйғызбай мақтады. Сондағы айтқан марапатын осы жерде қалдырмай жазсам, сіз түгілі мына қағаздың өзі ұялғаннан қып-қызыл болып кететін шығар. Бірақ енді бастап қойдым ғой, айтайын. Ие, сонда бүй деп еді-ау: Ербол Әмірен бұл репортерлік мақаласымен Арманқаланың жұғымды бейнесін жасау арқылы жаңа астананы шетке лайықты таныта алған; көп көсілмей, сөйлемдердің керуенін азайтып, уәзінін күшейтетін заманауи жазу өнерінің тәсілдерін пайдалана отырып жаңа қала тұрғындарының бейнесін көңіл шат кісінің өзін толғандыратындай етіп сомдаған; ең бастысы, бұл журналистік зерттеуді оқыған адам тәуелсіздігіміздің қаншалықты бекігендігін, ұлттық сана-сезіміміздің қаншалықты өскендігін, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі қаншалықты биіктегендігін, әл-ауқатымыздың қаншалықты артқандығын… қысқасы, тарихи қысқа мерзімде қол жеткізген нәрсеміздің баршасын жіті түйсініп отырады екен. Түсіндіруінше, бұл – тақырып астарындағы тақырып, яғни ішкі тақырып. Осылайша саясатымызды салмақты сөзбен, сарабдал оймен жеткізетін біздің басылымның беделін биіктете, абыройын асыра түсуге қосқан азаматтық, перзенттік үлесім үшін бастық қолымды қысып тұрып рахмет айтып, ол еңбек кітапшама алғыс жазбасы болып түсірілетінін жариялады. Сәбәкі, одан да премия берсеші. Жарқа елінде «ақ олимпиада» басталып кеткен, ту биенің бір аяғын алатын едім. Бірақ бұл ішімде «ішкі тақырып» болып қалды да қойды. Жауап сөзімде осы бізге көз қарықтырып жазудың керегі не, әрбердесін біз де анау Америка, мынау Қытай сияқты өзінің проблемалары, өзінің қуаныш-қайғысы бар «нормальный» елде тұрып жатырмыз ғой… дейін дедім де… деген жоқпын.

         Ширыққан шарасыздықпен орныма келіп отырдым. Редактордың тым мақтап жібергеніне қарап, мақалам өзім күткендей болып шықпағанын, шындықтың сұлбасын ғана беріп, өзін бермегенімді сездім. Әрине, Википедиядан үзіп алған бэкграунд мәліметтермен шалаптап-шалаптап, сауырға бір салып нөмірге қоя беретін «колхоз-интертеймендтен» көш ілгері, әдеттегі ахлақ соғатын ақылшы-уағызшы мақалада емес, себебі менің мақаламда қарашадағыдай өмір тұр. Десе де, сол көргенімді көргенімше, естігенімді естігенімше, ешбір сұрақ, күмән туғызбайтындай етіп тым анық, тым айқын суреттеп кеткен сияқтымын. Адамның жанын байыз таптырмайтын өмірдегі әлдебір ұсақ-түйектердің түсіндіріп жеткізуге болмайтын көзтаса, күңгірт жақтарын, осы өредегі бұлыңғыр көмес булығулар мен шулығуларымды көрсоқыр көртышқандай көрмей, кейін ысырып тастай берген тәріздімін.

         Осындай-осындай ойлармен алысып, тасқа басылған намажазуымнан артық сөз, сөйлемдер тауып, ойша сызып тастаумен отырып күннің кешкіргенін де байқамаппын. Офистегілер әлдеқашан қайтып кеткенге ұқсайды. Не жетпейді бұл мақалама? Алдағы уақытта өңдеп, қайта жариялар болсам қай жерін алып тастап, қай жерін қалдырған дұрыс? Қай бөлігін ұзартып, қай жерін ықшамдау жөн?

         Ой қамауымен орнымнан тұрып, терезенің алдына бардым. Арманқаланың аязды желі бүгін де кері шегініп, әдетінше қапалақтап қар жауып тұр екен. Тағы да қар… Бүгін жолшыларға жұмыс әбден-ақ табылған. Біздің бригада ендігі ауысымды тапсырып, үйлеріне қайтуға әзірленіп жатқан шығар. Кенет променад жақтағы қылта жолмен редакция орналасқан қызыл кірпіш биік үйлердің ауласына аяқтарын санап басып кіріп келе жатқан бір топ адам көрінді. Аулаға қараған абажадай терезенің алдында, офистегі самаладай шам жарығының астында тұрған маған таяп келіп, қолдарындағы күрек-қалақтарының болат ұштарынан жарқ-жұрқ еткізе заряд  ұшқындарын шаша тоң түскен қатты жерді ұрып-ұрып қояды. Мені танып, әлденелерді айтып, бейне бір мен абақтыда тұрғандай-ақ күлістік атып, бір-біріне ымдап көрсетіп, өздеріне шақыратын сияқты. Мен де шырамыттым оларды: әнеу бір күндері өзім ішінде болған адами орта, үш күндік күректестерім мен ботқаластарым ғой мыналар. Ортада кеспелтек Нұргүл, оның оң қапталында ырсиып күлген Бегаз, ал мына жақта пайызторғайдай тыным таппай тұрғаны Сударь Ахмет сияқты. Көк қарбыз басы шықпен жылтырап оппозицияшыл жігіт те, оның гүжбан құрдасы да осында жүр. Бір шетте қол ұстасып Жасай мен Гүлбадан тұр. Барлығы да жарқырауық таспалы сары хауіпсіздік жейделерін киген. Түрлері тым жадау. Менің мақаламмен мына қалыптары түк те үйлеспейтінін ойлап, іштей таңғаламын…

х         х        х

         Қалғып бара жатып көзімді ашып алдым. Шынтақты орындықтың желкелігіне шүйдемді сүйеген күйі өі мен түстің арпасындай бытықы-шытықы бір жағдайда отыр екем. Вагон қапияда турбулентті ауа ағынына түсіп кеткен ұшақтай қатты теңселіп келеді. Бірқалыпты ырғақ ұстағанымен ара-арасында сарт-сұрт соғып кететін доңғалақ астында қардан кебін оранып, атандай шөккен  дала шарқайрақтай дөңгеленіп қалып жатыр – екі жүз шақырым алатын ең жоғары жылдамдықтағы «Сұңқар» түнде  арақашықтықты біраз қысқартып алу үшін сағатына 140-150 шақырымға басқан сияқты. Мотор бөлеге орналасқан вагонда едік. Құрамдағы жиырма екі вагонның ең соңы, пойыз қатты айдап кеткенде ноқтаға көнбеген асау тайдай бұлғақ қағамыз. Вагон бұлғақ қаққан сайын доңғалақтар да тақ-тақ етіп, «Сағынсаң, келсеңші енді, кел ауылға» деп әнге басатындай. Қалғып кеткен жерімнен оятқан да гідік-гідік сол дүрсіл. Беймезгіл ұйқыдан көзім қызарып, ашық есіктен көрінген терезеге бір қарап, купенің терезесіне екі қарап мәңгіріп отырғанымда өзімді осында ертіп әкелген штаб-вагондағы жолсерік Мейрамгүл қыз бұрала басып келіп кетті. Хал-жағдайымды, қалай орналасқанымды білу үшін бұрылыпты және жалғыз келмей бір науша жігітті ерте келген. «Болашақ жолдасым» деп таныстырды әлгі жігітті қазіргі келіншектердің күйеуін әлденеге жолаушы жолдас көретін әдетімен. Өзі де, болашақ жолдасы да оқалы кәстөм, ақ жейде, қайқима фуражкамен мұнтаздай болып  ыздиып тұр. Бос жатқан бір түйме жоқ. Мұнда тәртіп солай. Ылғи да маржан тістерін көрсете күлімсіреп жүрулері керек. Әппақ седеп тісің болмаса жұмысқа алмайды. Мейрамгүл мен Жасұлан осының бәрін купеде шамалы уақытқа тізе бүгіп отырғандарында әзіл-шынын араластырып отырып алға жайды.

         Бір қызығы, екеуі дәл Жасай мен Гүлбадан секілді осында, пойызда жүріп танысқан болып шықты. Негізі Мейрамгүл Жетішатыр жақтан екен. Бертінірек үй-іші Қорғантал жеріндегі Төрттөбеге көшіп келген. Жолсеріктік өтілі жігітінен көбірек. Жасұланның бұл қызметке келгеніне жуырда екі жыл. Мысқазғанның тумасы ол екі қаланың арасында сабылып жүріп, Астанаеместегі көлік университетінде сырттай оқуға да уақыт табады. Мейрамгүл екеуі қай бір жылы қысқа салым ұжым болып табиғат аясына демалуға шыққанда жақынырақ танысыпты. Содан бері бір жұп. Әсіресе Жасұлан көзінен таса еткісі келмейді. Сонау онбесінші вагоннан штаб-вагонға бір сапардың бойында әрнені сылтауратып, «Микош» деп жылмиып төрт-бес келіп кетеді екен. «Сірә, үйленбей болмайтын шығар» деп күледі екеуі бір-біріне қарап. Құдай қаласа, тойларын осы күзге, жүргіншілердің аяғы саябырситын кезге белгілеп отыр екен. Сәлден соң екеуі тәртіп бойынша купеде көп кідіруге болмайтынын айтып, кешірім сұрап шығып кетті.

         Бүгінде қайда жүр екен олар, Жасұлан Дәрменов пен Мейрамгүл Әжмақанова? Ендігі дүркіретіп тойларын да өткізіп тастаған шығар.

         Беу, тіршілік! Өмір-өзен… тоғысқан толқындай тағдырлар…

Купеде тағы да екеуден екеу қалдық. Кемпірдің аузындай сылп-сылп еткен пластик стақаннан диспенсердің суын тартып отырып, мана үзіліп қалған ойымды, дұрысы түсімді, не өң мен түстің арасында сезінгендерімнің шөжім жібін жалғамақшы боламын. Мақалам шыққан күн менен ұзап,  уақыттың қойнауына шым батқан сайын онда айтылғандардың толық мәні де мен үшін соғұрлым айқындалып, бедерлене көрініп келе жатқандай еді, енді мына аяқ асты сапар, сапар бастала көрген түсім, ондағы кейіпкерлерімнің жұқарған, жілік майы үзілген жадау түрлері, жадағай киімдері, әсіресе сосынғы Мейрамгүл мен Жасұланға қыс басында ұшқындаған қар сияқты ретті кездейсоқтықпен жолығуым бір ойды мина іздеушінің құлаққабында оқыс шыққан дабыл үніндей қылып миымда прожектордың қуатындай күшті бір сәулемен жарқ еткізді. Осы күнге дейін білмей келген екем, мен осыған дейін моральдың малайы болыппын, мақаламның «Екі қолға – бір күрек» деген атын тауып тұрып бағаламай, бастығым берген «ішкі тақырыпқа» елігіп, келешектің өмірі туралы жарқын киноның сценарийін сүлделеп шығыппын. Немесе заманы қапыл, адамы құбыл сатиралық өмір туралы сатиралық емес шығарманың клоунада кейіпкерлерін сомдаппын. Шыңғыртып шындықты жазам деппін, бірақ шындықтың әсте шыңғырмайтынын ескермеппін. Сөйтіп бойымды арзан бутафоршылдыққа алдыртып, әсіре қызыл лепіріппін. Мені білетіндер, сондай-ақ былайғы көзі қарақты адамдар «пішту, шіркін» деп ернін шығаратындай ағаттық жіберіппін. Өмірді түсініп қойған, бір өзі жүзге, жоқ, мыңға татитын ойшыл оқырмандарымның көңілін қалдырыппын. Солар өздері күнде көшеде ұшырастырып жүрген жадау жүзді, жұқарған, жілік майы үзілген жандар мен өзім Юта өлкесінің қаһармандарындай етіп оптимистік өршіл рухта сипаттаған кейіпкерлерімнің арасынан Батыс пен Шығыстың арасын алыстатқандай бір айырмашылық барын байқап, налыпты. Мені ертеден бері мазалап, жанымды жай таптырмай жүрген де ойшы сол топ маған айтпай, алыстан, үнсіздікте іштеріне іркіп қалған әлгі ащы шындық екен. Иә, адамның тұлғалық қасиеттері жөнінде, оған тән еркіндік, бостандық сүйгіш ерек қасиеттер туралы, кісінің кісілік кие-кепиеті, қадір-қасиеті жөнінде көп айтып-жазып, ұзақ толғай беруге болады, алайда сонымен бірге адам пенденің субъект екендігін, оған әсте объект ретінде қарауға болмайтынын ұмытпауымыз керек. Адам өзі маған жарамды, лайықты деп санайтыннан асырып әлденені басқаларға жарамды, лайықты деп санап, зорлықпен апарып жапсыру асылық. Яғни дүние тіршілігі деген өте субъективті нәрсе, әркім одан өзіне керегін іздейді, әркім онда өзінше орын тауып, өз бетінше өмір сүргісі келеді. Мақаламда хақики өмірмен үйлеспей, қабыспай, мені жан азабына салған нәрсе де осы үйлесімсіздік екен.

         Күнгейге қарай алып-ұшқан жүрдегімнің тарту күшінің қуатынан туатын гравитация өрісі тұсаған аядай купеде басыма кенет келген осы ой, аяқ асты ашқан күтпеген жаңалығым кейінірек сан мәрте ми қыртыстарыма қайрыла соғып, әр соққан сайын басқаша тарих болып, жаңа көрініс, соны әрекет-қимыл, өзгеше бітімді ой бұрылыстарын тауып дөңгелене үйіріліп, иірімденіп жатты. Сөйтіп өзім бастан кешкен үш күннің уақиғасы менің жазған нұсқамнан бөлек нұсқа және бір емес, бірнеше нұсқа түрінде бой көрсететінді шығарды. Міне, бүгін сәтін салып, солардың біреуін алдыңызға тартып отырмын, құрметті оқырман. Осы, екінші рет қағазға түскен нұсқа ең соңғы және барынша дұрыс, өмірге барынша жанасымды нұсқа екендігіне оның қағазға түсуі, ол өңгелерінің жазылмай қалуы кепіл бола алады. Алдыңғысы айы-күні жеткен баладай жарық дүниеге шыққысы келді, ал қалғандары өйтпеді, өйткені олар шындықтан алыс, нәрегей болған. Болған-біткені осы. Тек мына, соңғы нұсқа дәлірек, нұсқалырақ, онда өмір шындығын көркемдік шындыққа хал-қадерімша айналдыра алдым, өйтпеген күнде де соған талпындым деп ойлаймын, осы реттен келгенде бұл нұсқада айтылатын әңгіме біреулердің шымбайына батып кететіндей тым күңгірт, яғни қара түсті ме, әлде біреулердің көңіліне қаяу түсіретіндей «бай болып, барша мұратына жету» ме, ол мәселе бұл жерде пәлендей маңызды бола да қоймас. Ең бастысы, ілгерідегі «Екі қолға – бір күректі» емес, кейінгі, өзім дұрыс деп тауып отырған мына «Аппақ сүюді» оқысаңыз болғаны.

         Аппақ сүю… Неге «аппақ сүю»? Осыған дейін «әппақ» деп айтып, жазып келдім ғой. Тіпті жоғарыдағы желбуаз мақаламда да дәл солай: төбе әппақ, жер әппақ, бүткіл дүн-дүние әппақ… деп жазғанмын.

         Асықпаңыз, оның да аздаған тарихы бар және ол тауарих кенеттен, Мейрамгүл мен Жасұлан кете салысымен мен уақыт өткізу ойымен, — купеде қасыңдағы кісіні сөзге тартудың бас себебімен қайрылған купелес құдайы көршіммен арадағы әңгімеден бастау алды.

         Денесі мен құлағы айтып тұрғандай ол өзі бұрынғы кәсіпқой балуан екен. Көп күрескеннен бойы қортық боп өспей қалған. Күнгей таулардың арғы жағында жатқан ақ қалпақты елдің тумасы болып саналатын ол ілгеріректе әлгі түрегеп тік тұрып, білекпен білек айқастырып күш сынасатын күрес түрінен өз елінің құрамасы сапында боз кілемнің ала шаңын шығарып жүргенінде, ол кез астана боп тұрған Астанаемес қаласынан жарысқа келген біздің құрама команданың жаттықтырушылары белдескенін алып ұрып, қарсылас шыдатпай жүрген Жолдошбекке көздері түсіп, өздеріне, ұлттық құрамаға шақырады. Бүкіл жағдайын жасауға уәде береді. Жолдошбек сол сөзді малданып, бәрін тастап Астанаемеске жетсе, әлгілер танымай, арқасын беріп қарайды дейді. Сөйтіп менің көршім ойда жоқта анда да емес, мында да емес, далада қалады. Елге қайтуға бет жоқ. Енді не істеу керек? Өз елінде, әр жылдары саясатпен сол жаққа көшірілген ойғырлар мен түріктерге көрші тұрғандықтан бір кісідей тамақ пісіре алатыны бар-ды. Жанқысылдыда әлгі кәсібін көмекке шақырады. Алғашында біреулердің қазан-ошағын асып, сексеуілін тұтатып, кәуап пісіріп жүреді, солардың вагон-үйшігінің қуықтай бұрышын паналайды. Өзі ғана білетін кәуап тұздықтау тәсілі бар екен, бірте-бірте соны есіне түсіреді. Қазақ сияқты ақ қалпақтылардың еркегі үшін де қатынбасшалап ыдыс-аяққа араласу арға сын нәрсе екен, бірақ «басқа түссе – баспақшыл» деген. Соның арқасында Жолдошбек бұрынғыдай алып кел-шауып келді қойып, ол заман қаланың әр тарабында ашылып жатқан палау орталықтарға барып, кәуап қақтайтындар алдын ала әзірлеп қойған етті тұздыққа соғып беріп кететін әрі оңай, әрі пайдасы көп кәсіп табады. Күніге осылайша палау басатын үш жерді аралап шықса, әрқайсысынан он мың теңге түсім. Ол кезде бұл едәуір ақша. Хош, не керек, Жолдошбектің кәуап тұздығына бап екендігін біреуден біреу естіп, тапсырыс көбейеді. Ұлттық құраманың экс-мүшесінің шишке тұздықтап ет түйреумен қатар (біз шампур деп жүргенді ол осылай, шиш деді және соған сай шашлық дегенді «шышлик» деп бүртүрлі айтты, онысы әзери түріктерше «маринад, соус» екен) қой, бұзау сияқты малды тұтас күйінде істікке шаншып қақтайтын да өнері бар-ды. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» демекші, әлгі өнерін үлкен жолдың үстіндегі синдикат саудакенттің тегін байлығына жалы құлағынан аса семіріп алған байшыгештер естіп, арнайы шақыратын болады. Жолдошекең енді маринадты қойып, біржола істік айналдыруға көшіп алады. Өзі әңгіменің майын тамызып, шебер айтады екен. Бір күні, деп сөзін сабақтады ол жолсерік келіп түсіріп беріп кеткен жоғарыдағы төсегіне жайласып жатып алғаннан кейін, сондай бір байдың таудағы атақты мұз айдыны бар шатқалда тау өзенінің жағасына жайған дастарқанына бұзау қақтап беріп, анадай жердегі тастың үстіне барып өзімді қалаға әкететін таксиді күтіп отырғам. «Нағып отырсың?» деді маған көзі түсіп кеткен дастарқан иесі у-ду көңілді топтан бөлініп шығып, машинасыз жүргеніме таңырқағандай үнмен. К-мобайлдағы Сониэриксон соткама қарап ауқаттылардың бірі деп ойлап қалса керек. Сырқылдақ драндулетім сынып, СТО-да тұрғанын айттым. Сол кезде тапсырыс берушім «Анау автоны көрдің бе, сол сенікі, братуха» дегені. Бусанып тұр еді, ойнап айтып тұрған шығар дедім де қойдым. Аузымның бір рет күйгені тағы бар. Оның үстіне көрсеткен көлігі бес есікті су жаңа «Мицубиси паджеро» болатын. Сол кездегі мөлшермен жиырма мың доллардай болып қалар. Көлік иесінің көмекші жігіті мені жанына отырғызып алып қалаға әкеп, машинаның құжаттарын реттеп, кілтін қолыма ұстатқанда ғана сендім, сенгенде де талып қала жаздадым. Қолыма бір тигізбей ыза қылып жүр еді сондай джип. Содан кейін-ақ тасым өрге домалай бастады. Жадағай жағдай, күптігей көңіл, алаң күйден құтылып, жүрегім орнықты. Адам баласы бұл дүние тіршілігінің қиыншылықтарымен әсте бетпе-бет, жалғыз қалмауы керек екендігін, егер қанағат қылсаң, адасқақ көңілді тәубаға шақырып, жүрегіңді орнықтырсаң қай жағыңнан бергенін білмей де қалатыныңды, әлдебір күштің ықпалымен ойда жоқта өзіңе мүлдем бейтаныс адамдар кездесіп, қол қайырын, жүрек қайырын беретінін мен сол жолы ағатсыз ұқтым. Осы сапарымда хаж бармақ болып, Арманқаладағы елшіліктен виза ашқызып келе жатырмын. Алла қаласа, Байтоллада Арафаға шығып мінәжат қылған шағымда қазақ халқы үшін де дұғаға тұрмақшымын, еншалла. Осы елге амандық тілеген көңілден, осы елден бақ пен қызыр қашпасын деп. Қазір газеттерден, интернеттен баяғы соғыс жылдары осында зорлықпен көшіріп әкеліп, қазақ ауылдарына бозқаңғыр қылып тастап кеткен халықтардың үрім-бұтағының ата-ана, әже-бабасына бір үзім нанын бөліп беріп, үйлеріне паналатқан қазақтарға рахмет айтып, алғыс жаудырған жүрекжарды сөздерін жиі оқимын. Мен де солардың қатарында дүниеде жасаған жақсылығына еш рия, мақтангершілік араластырмайтын, асыл жанды, әмбеге дархан осындай ақ жүрек халық барына және алдымен Алла Тағаланың, сосын сол халықтың шарапатының арқасында өз  ризығымды теріп жеп, ұрпақ өсіріп отырғаныма шынтән шүкірлік етемін. Тұрған жер де туған жердей болып кетеді екен. Шылқыған бай емеспін, бірақ ешкімге күнім де түсіп көрген жоқ. Тағдыр маған қазағымның Бағила есімді тәрбиелі де ибалы ботагөз сұлуын жолықтырды. Қорғантал дейтін уәлаяттан екен. Сол аялым екеуіміз бүгінде Айпері, Таңгүлі дейтін қос қызымызды өсіріп отырмыз.  Көзімнің ағы мен қарасындай екі татынақайымды сағынып, ұшарға қанатым болмай келеді. Бағанадан бері телефоннан болмайтын боқты көріп отырды деп ойлап қалмаңыз, қыздарымның қалтафонымдағы суреттерін қайта-қайта көріп, қызықтап, хабарлама жазысып отырып сізге көңіл бөле алмадым, сөге жамандамаңыз, ағасы.

         Алда, бауырым-ай! Қайтып ренжимін, өзім де жел аңсаған ебелектеймін, гүл аңсаған көбелектеймін… Әңгімемен түннің бір уағына дейін отырып қалыппыз. Атасының іліп кеткен қамшысы Жолдошбек қаншыл да екен, өмір тағдырын хикаялап бітіргесін өз еліндегі аламаншыл қиқарлықтарды біраз әңгімеледі. Арасында «Ак калпактыны башка элдер ак калпакты деп тааныйт, эгер оз тилин билбесе аны ким деп тааныйт!?» деп, өз жағындағы әлдекімдерге кіжініп-кіжініп қояды. Кіжініп жатып, ара-арасында тәтті есінейді. Бір кезде үні шықпай қалды. Ақырын түрегеп қарасам, көзі ілініп барады екен. Жүзі тұманданып, әдетте ұйқыға кетер алдында көңілге жағатын әлдебір алыс естеліктерді ойға оралтып жататын адамдардың бетіне ойнап шығар жып-жылы, алабөтен, шабытты бір күйге енген. Соқ ұйқыны, соқ, боордош! Арамызды тау бөлсе де жау бөлмесін, ананайын. Сенің ұйқыңды ештеңе де кетіре алмауы тиіс. Себебі біз екеуіміздің көшпелі көжебай ата-бабамыз он жерден арқыратып ат мініп, жарқыратып киім кисе де өңі түгіл түсінде көрмеген, рельстерінің тігіс-жігі білінбейтін, доңғалақтарының дүрсілі тәтті ұйқының бал дәмін кетірмейтін «барқыт жолдың» бойымен, дүниедегі ең жайлы көліктердің бірімен беймарал сапар шегіп келеміз. Бұл пойызды ешкім қуып жете алмайды, басып оза да алмайды. Ешкім бұл пойыздың алдынан шықпайды – түн жалғыз, бұл жалғыз…

Ал терезенің сыртында, жолды бойлай еңіс жерлерге қар тоқтату үшін ағаштан, темірден керген керегелерге іркіле келіп бөккен қар күртіктері аққала болып ағараңдайды. Алыста ұйқысыз беймезгіл еңбек дабылын қағып, пернесіңірлерін барынша созып қалалар қышқырады. Ара-тұра сирек зауыт-кәсіпорындардың мұржалары жалғызсырай ауыр күрсінгендей болады. Жерден тым-тым аулақта шалғы жүзіндей иілген мәңгілік қысқы жолымен Күн жарықтық сапарлап кетіп барады. Қыс шіркін Жарқа өлкесінде өзінің кәдуескі аумалы-төкпелі кестесінен биыл да жаңыла қоймаған-ды. Тоғыз айы тұтасымен климаттық қыс, наурызы боса болмаса да қыс, сәуірі санды қыс, мамыры майлы қыс, маусымы ол да қыс, шілде-тамызда ғана жердің сызы толық кетіп болып, жаз нышан танытатын қытымыр аймақта суық нағыз дендеп енетін желтоқсаннан кейін күн райы аздап сынды, арасында борандатып, қарлатып алып (біз қар күреп жүретін күндері), жаңа жыл келіп кеткеннен кейін және жаймашуақтанған. Адамға жайлылық әкелгенімен уақытсыз жылылықта даланың жазыңқы тұстарындағы, төбе беткейлеріндегі қардың беті жайлап жібіп, томыртқалана  қабыршақ мұзбен тұтасып, осы мұздақта қияқ сияқты шөптерге тебіндеген аяқты малға іш тастатты. Жарқа қазағына жайлысы – қыстың аяқ асты құбылмай, бірқалыпты өтуі. Абырой болғанда содан кейін келіп жеткен кірәшін өзінің дегенін істеді: жер мен көкті ақшұнақ аяздың мұнарытқан буымен буып, тұтастырып, өзіне бөліп берілген мерзімді сағатша сыртылдап өткеріп болып ол да жөнелген. Осыдан соң-ақ дала өлі ұйқысына біржола бас қойды, қаңтарда төпеп өткен ұзақ қар қасаттанып, жентектеле омырылып, адым аштырмады. Қатқыл, сынғыш ауа әсіресе таңазаңғы уақытта кеуде кере демалдырмай, тұншықтыра қысып пұшайман етті. Ал түн баласы төменде жаяу борасын жүгіріп, жоғарыда ақшұнақ боран түтіндеп тұрады. Тікенек қар ұшқындары бір-бірімен шақар қораздарша айқасып, мыйдай араласып, бір-бірінің ұшқынын жанталаса өшіріп, ізінше қайта татуласып, жаңадан қар үйірін құрап, жер мен көкті тұтастыра үйіріле соғып, ала қашып, қайтып келіп, қайыра ұшып бір әбілет орнатады. Ғажабы сол, әлгі әлемет кезінде боранды жел әдеттегідей ысқырмайды, сыңсымайды, жыламайды, керісінше рондо шығарманың таусылып бітпейтін ырғағындай уілмен бірқалыпты ызыңдайды да тұрады. Әлгі ызыңның қоршауында жүріп келе жатқан адамның төрт тарабынан, оған қоса төменнен де, жоғарыдан да желден тоқылған әлдебір сансыз маталар тұншыға таңқ ете қап, іле дар-р, дар-р айрылып, өрім-өрім таспа маталарға бөлініп жатқандай боп естіледі.

         Бр-р-р. Ыссылы-суыққа барынша төзімді заманауи вагонда мұның бірі де жоқ, бәрі де пойызға отырғанға дейінгі өзіңнің ассоциацияларың. Терезенің саңылау-сызатынан гулеген суық желге совет вагонының кесектеліп қалған жастығын қалқан етем деп түнімен әуреленіп шығатын адам енді қысқы түннің ғаламатын ұядай купе терезесінен таң атқанша тамашаласа де еркі. Ұйқым келмей қойды. Жұмсақ вагонның Бозқарағанға дейінгі бірқалыпты тербелісі де көмектесетін емес. Оның үстіне «Сұңқар» ақшағи қарды ыстап жатқан қара гүл – Бозқараған қаласын артқа тастап, бір жағы Мысқазған, екінші жағы Жетішатыр екі қырдың арасындағы саяң жерге шығып,  күнгейге маңдайын біржола түзеп алғаннан кейін қамшыны басты сауырға. «Біздің суын жүйрікке ойлы-қырлы, ояң — еңісті тепсең жерден гөрі далаңқы жазық алқап керек, сонда ол өзінің ең жоғары жылдамдығына жақындап, сағатына жүз сексен шақырымды төңіректей алады» деп еді мана бір сөзінде жолсеріктер, десе дегендей, пойызым иен далаға шығып алғаннан кейін күміс денесі ақ қарымен егіздесіп, жердің аршысын қуырды. Тіпті осы екі аралықтағы жалғыз үйлі разъездерді былай қойғанда, едәуір үлкен станса болып есептелетін Көктоғайдың өзіне кідірмей өте шықты. Бірақ қайбір құрамдарша өкіріп-бақырмай, майдабике сыпайы ғана жүрісімен зу ете қалып, одан әрі жылдамдығын азайтпастан сапарын жалғастыра берді. Осы аралықта бірқалыпты ырғақпен тербеліп жатып көзім ілігіңкіреп кеткен екен, қанша уақыт өткенін білмеймін, әйтеуір бір мезгілде әлдене бір жайсыздықтан оянып кеттім. Шанағы тұтас құйылған, салмақ басқа пойыздардағыдай ортаңғы өс темірді айналшықтай бермей вагон тағанына біркелкі жайылып түсетін мығым құрам әлденеге тым тақылдап кеткен екен. Алдында біздің рельстердің Батыста жасалған бұл жүйріктің рельс аралығынан сүйем шығыңқы болып келетіндігінен шығар деп қаупайлағам, бірақ гәп басқада сияқты, себебі вагонымыз жүгі ауған түйе секілді бір жағына жантайыңқыраған екен. «Сұңқар» қиын бұрылыстарда сондай бір амалға басады дегенді естуші едім.

Терезенің пердесін ысырып, тысқа көз салдым. Шынында да пойызымыз алдан кес-кестей шыққан теңіздей шалқып жатқан бір жайқын судан қашып, қида-қида жағалауын жиектеп жүрісін баяулатып келеді екен. Теңіздің мінезі бар, бірақ теңіз емес, жағасы ішіне түйелі кісі түсіп кетсе көрінбейтін нар қамыспен, ақжаулық салған құрақ-қоғамен күрегейленген сабатты-балқашты жердің көлі бұл. Сабат десе сабат, ортасы мұзбен ұстасқанымен шет жақтары толық қатпай, шырайналып, шүңейттеніп жатыр. Араға шамалы уақыт салып біздің пойыз әлгі жағалауды ұзына бойлай орналасқан елді мекендердің біреуінің тұсына сыр етіп кеп тоқтады.  Құрам соңындағы вагонымнан стансаның атын көру мүмкін емес, сонда да купенің ептеп буланған терезесінен бағзал үйінен қашықтау орналасқан қызметтік үйлердің біреуінің маңдайшасындағы «Оңтүстік теміржол торабының Күркіреуік жол дистанциясына қарасты Ынтымақ стансасы» деген жазуды оқып қалдым.

Кәдуілгі разъездердегі қым-қуыт тіршілік, тарсыл-гүрсілі бір байыз таппайтын пойыздар қозғалысы. Үздік-создық түсіп жатқан жолаушылар. Вагоннан аласа перронға бірі секіріп, бірі жабыса сырғып, ысырмасы жартылай сырылған етіктеріне, бауы шала байланған бәтеңкелеріне сүріне асығыс-үсігіс төгілген қорбақ киім адамдар қарыма желге етектерін желпілдете бүрсеңдеп кеп, жолаушының шала ұйқыдан мыж-мыж болған бет-жүзіне шала-пұла көз жүгіртіп, қолдарындағы сөмкелеріне, буыншақ-түйіншектеріне жамыраса жармасқан күтіп алушыларға ілесіп, ауыздарынан ақ бу ата қауқылдасып, анадайда жылғалы терең сайды көлденеңдете салған жіңішке ағаш көпірдің арғы бетінде күртік қарды омыраулай, моторларын өшірмей ошарылған жеңіл машиналардың қарауыта қаңқиған сұлбаларын көздей шұбап барады. Оларға белгі берген машина фарларының жарығы сіреу қарды қия тілгілейді, өңделген газ ұшқынөшіргіштен ақ бу болып атқылайды. Станса маңайындағы осынау түнгі қым-қуыт ілгері вагондардың бірінен түсіп, шамдары алысырақта болмашы себездеп көрінген ауылды бетке ұстап қозғалған жағасы елтірі қайырмалы қалың бушлат киген, арқасына жолқапшық пен спиннинг таңған ең соңғы жолаушымен, — сірә, таңғы балық аулауға асыққан қалалық әуесқоймен шамалы үйлесіңкіремей тұрды. Өзіміз аңшы болмасақ та жанымыз аңшы қазақпыз ғой, балыққұмар орыс қашан жарғабаққа түсіп көрінбей кеткенше көзім әлгінің елтірі жаға бушлатына ілесті де отырды. Білетіндер суы ащы Сабаттың осы тұсында қыстыгүннің өзінде балықтың неше атасы үйір-үйірімен жүреді, әсіресе шетке өтімді көксерке көп ауланады және бұл маң ыңғыртып төрт түлік өсіруге де аса қолайлы деуші еді. Атын да айтқан… Төртарал… жо-жоқ, Жүзарал… Ия, Жүзарал. Өзі осы арадан аса қашық болмауы керек. Себебі, Ынтымақ деген стансаның атын сол Жүзаралмен бірге бір жерден көрген… жоқ, оқыған сияқты едім. Осы сәт санамда бір сөз найзағайдай жарқ ете қалды. Дәл солай, оқығам, қайдан оқығаным да есіме түсті. Өзіміздің журналдың әнеу бір жылдардағы нөмірлерінің біреуінде жарияланған Ғаділбек Қапақтың «Автостоп: желіп жүріп жол таны» деген мақаласында Желкеқұм өңірінде бірінің аты аталса екіншісі қоса ауызға ілігетін осы елді мекеннің екеуі де сөз болған сияқты еді. Дәл өздері! Соқыр Омардың «Одиссейі» туған жерге оралудың тарихы емес, Одиссей Итакасына сол аралында тұрақтап қалудан бұрын теңізкешкен жаңа сапарына аттану үшін аял етуге ғана оралған дегенді бір жерден оқып едім. Осы рас болуы керек. Неге десеңіз, біздің Ғаділбек Жүзаралға екі рет келген ғой. Әуелгі сапарында қона жатып, өзінің қара домбырасы сияқты сегіз қырлы, бір сырлы біртоға ауыл адамдарының қарапайым тіршілігін асықпай зерттеп, үлкен мақала етіп жазды. Әсіресе жүзаралдықтардың мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын бір жүйеге түсірген тірлігін оқып, күлкіге оратылып қалғанбыз. Мұнда дәл «Тропиканка» сериалындағындай ауылдың жартысы ямаха моторы орнатылған қайық ұстайды екен. Сабаттың ортасында жатқан алақандай аралдардың мылтықпен сүзіп, ит-құстан арылтып алады да, аяқты малдарын кысы-жазы сонда ұстайды, ал ақ малды күн жылығасын әлгі үлкен қайықтармен апарып тастайтын көрінеді. Қысқа салым әлгі тәсілмен кері тасиды.

Сол Ғадекең араға төрт жыл аралатып, жаңағы Жүзаралына автостоппен желіп екінші келгенінде алдынан «ағатайлап» шыққан Ғаділбек дейтін кішкентай қарадомалақты көріп құлап қала жаздайды. Сөйтсе алдыңғы келгенінде кісіге жұғысып тұратын жайсаң жігіт қазақ ғадетімен ауылдағы Жанархан деген шаруақор да қонақжай кісінің үйіне түскен екен. Ол күндері Жанарханның аяғы ауыр келіншегі Төлеугүлдің айы-күні тақап әне-міне деп жүреді. Ерлі-зайыпты екеуі жүрегі хрусталдайын хрусталь, періште көңіл Ғадөшті бек жаратып қалып, осыдан ұл туса, үлкендері Айбекке ұйқастырып Ғаділбек қоямыз деп өзара ұйғарым жасаған. Ғадекең екінші келгенде алдынан жүгіріп шыққан төрт жасар жортпаш – жүзаралдық сол Ғаділбек екен. Содан бері де екі жылдың жүзі болды. Менің қазіргі есебімше, кіші Ғадөш алтыға келуі тиіс. Ендігі бірінші сыныпқа барып жүретін уақыты. Білім бұлағынан төніп ішем деп шаршап, қазір әкесі мен шешесінің арасында мұрны пыс-пыс етіп, ұйқыны борылдатып та жатқан шығар. Ендеше ақырын, туысқан жолаушылар, пойыздар, сендер де байыз табыңдар: бұл ауылда біздің кішкентай «редакция баласы» Ғадөш ұйқы құшағында жатыр! Бүгінде Ұлыбританияның Кардифф университетінде білім тиянақтап жүрген Ғаділбек ағасы сияқты келешекте қазақ халқының үлкен азаматының бірі болатын жүрегі хрусталдайын хрусталь кішкентай Ғаділбек Кәрібаев ертеңгі білім күнінің алдындағы демалыс үстінде…

Балықшының сәттік бақыты сияқты пойызда шамалы болса да ұйқыны теуіп қалармын деген тәп-тәтті, ып-ыстық азғантай үмітім су сепкендей басылды. Апыр-ай, күн тәулікті пеш түбінде жатып та өткізуге болады екен, сол сияқты кісі жиырма төрт сағатта неше бір адамдармен кездесіп, қилы тағдырға куә да бола алады екен. Купеде жападан-жалғыз отырып, ұйыған тыныштыққа құлақ түрудің өзі де бөлекше ғанибет екенін кім білген. Мүлгіген тыныштықты жырақта жағасына жырым-жырым кіреуке тұрған көл суының мұз қабаққа жөңкіп кеп ышқына соғылған дабысы ғана аз-кем бұзып қояды. Алыста, қол жетпес алыста бетін жылдар көмескілендірген ескі елестер көз алдыңнан сырғып өте бастайды, бір кезде саған таныс болған жүздер, қымбатты болған жүздер қаумалап, орап, құрсауына алып, тынысыңды тарылта түседі, кеуде қуысыңды арманға, аңсарға келетін әлдебір түсініксіз сезіммен толтырып, одан әрі кеңдік сұрағандай болады, осылардың екпін-тепкінімен күні бойғы көргеніңнің, естігеніңнің де баршасы бұған дейін болған, басыңнан өткен нәрседей қабылдана бастайды. Ынтымақтан мана аттанып кеткенбіз, біздің суын жүйрігіміз Желкеқұмның далаңқысына бір шығып алған соң текіректі қойып, қайыра әдеттегі қатты жүрісіне салды. Кесе тау, бел-белең, жалаң бас ақ бөлек жалтыр бұйрат, борбас соқа шағылдарды жарып өтіп, Күркіреуіктің аңғарын, Бедірейгеннің белін, Саваттың жағасын, Байғара мен Хантауын екі жақ қапталына салып, жебедей боп азынатып келеді. Енді өзіме ұйқы шіркіннің орала қоймасын біліп, шалқамнан түсіп атар таңды күтіп жатырмын. Бел-омыртқадағы, қос жамбастағы жамылғысыз қалған жерлер беймезгіл сырқырайды. Ақыры купенің өнерлі қыс сүгіретін сала алмайтын француз әйнегінен жасалған жалғызкөз терезесі қою қараңғылықтан тазарудың алғашқы нышанын танытты: біздің уақытша мекенімізге бозала таңның бозымық сәулесінен де ерте салқындау, бірақ арай нышаны бар ең ілкі сәулелер сығалап қарады. Бір тұстан сібірлеп күн табағы шығып келе жатқан болуы, тіпті оның сәулеңкесі бізге жетіп те үлгерген жоқ, дәл қай тұсымыздан атқаны да мәлімсіз, сөйтседағы тағы да бір күннің түнді итеріп даусыз келгенін терезеге қарамай-ақ білдім: айналада мені қоршаған ауа толқындары аяқ астынан жан біткендей, дұрысы сырттан әлдене бір күш ептеп сүр үрлегендей дүркіреп, ойнақши ойнақылана асыр салып кеткендей болды. Көзімді ашып алдым. Жоғарыда, жұлдыздармен безендірілген ең төменгі аспанға салбырай ілінген жіп-жіңішке сатылардай болып әлі жер-анасымен табыса қоймаған, әлі жерге жарық болып түспеген, сонда да болса сол сәтті жүректері жарыла күтіп, қуаныштан, күту сезімінен секіріп жүрген бозғылт-жалқын күн сәулелерін көрдім. Анық көрдім. Сол сәт санама қып-қысқа бір сөз сарт етіп соғылды: үт. Күнгей елі айтатын, ақпанның аяғы мен наурыздың басында терезе әйнегіне оймақ сәуле боп сызаттанып түсетін жарық себезгі, көктемнің қарлығаш қанат алғашқы хабаршысы. Үт ол, үт.

Әлденеге әлгі сөзден денем дүркіреп, тұла бойыма жып-жылы әлдене құйылып, кенет күбірлеп жібергенімді өзім де байқамай қалдым.

— О, Алла…

Жеттім бе, жетпедім бе?!

Айтып ауыз жиғанымша Жолдошбектің үстел үстінде түннен бері үнсіз жатқан қалтафонына жан бітті. Аздап жарықшақтанған ер дауыс бізге әрі түсінікті, әрі түсініксіздеу тілде купе ішінде ойнақтап жүрген таң хабаршыларына ән болып үн қосты. Әлі есімде сөздері, ырғақ-әуені де.

«Бабалардан калған турмуш ыргагы, / Бул жашоонун көркү көңүл ачууда. / Өмүр шаңы экөөбүзгө тең орток-ай, / Сен туш болдуң, жаным, көңүл назына… Мен де сага ап-пак сүйу берейин-ай, / Сен де мага ап-пак сүйу тартуула».

Не деген сезім, шіркін. Қиын бұрылыстарсыз, ел ішіндегі мелодияшы сазгерлердің қолтаңбасы айқын сезілетін қарапайым, сонымен бірге нәзік иірімді ән екен. Бірақ адресат жауап бермегеннен кейін хабарласып тұрған адам байланыстан шығып кетті ме, әлде пойыз электрмагнитті толқындар бара алмайтын ақар-шақар аймаққа енді ме, әйтеуір ән енді шарықтап көтеріледі-ау деп жатқанымда рингтон үзіліп кетті. Қап-ай, ә! Басымды қылтитып үстегі төсекке қарадым: жоқ, «бұзбай құлан пісіргіш» күйеу бала селт ететін емес. Абдан жакши теуіп жатыр ұйқыны. Қаннен-қаперсіз дей алман, әрине. Шалқасынан жатыр екен. Телефон қоңырауы қатты ұйқыдан тұтас оята алмады, дегенмен жырымқұлағы әлгі әуенді бозадай сапырып ішіп жатқан секілді: танауы желбіреп, бірқалыпты алып жатқан демі үзіліп, рингтон үні ұзаған сайын тынысы да соғұрлым баяулай береді. Терең ұйқыдағы адамның тыныс алуынан бөгде қалыпқа көшті: мобил телефон жадына енгізілген үйреншікті әуеніне басып жатқанда жүзі біресе әлденеге құлақ түрген адамша сілтедей тұна қалса, іле-шала тынысы иығынан ентіге дем алғандай жиілейді. Талмаусырап, алабұртып түс көріп жатыр, сірә, ұзақтан ызың боп жеткен туған тіліндегі әуен түсінде көріп жатқан әлгі көріністермен қойындасып, әсерге әсер қосып, алыс қиырларға, өзіне ғана мәлім естеліктерге әкетіп, жүзін баладай уылжыта, ерніне әнтек жұмсақ та тәтті жымиыс болып оралып жатқан сықылды…

Түн ортасында оянып кеткен әздек аю сияқты аяғымды салбыратып, төсегімде қимылсыз отырмын. Әлем шырт ұйқыда, мен ғана ояумын. Неге екенін, қараптан қарап отырып бірінші ұялы телефонымда болған алғашқы қоңырау-ән ойыма оралғаны: «Қинама мені, жалынам саған, ұялым менің, тіл қатшы маған. Жоғалған менің махаббатымды, ұялым, айтшы, мен қайдан табам?!» Осылай-осылай кете береді. Қазіргілерге қарағанда ескі өлеңдер «тема» ғой. Ал мына ақ қалпақ сотка болса «Аппақ сүйу» дейді. Аппақ сүю?! Ондай сөз бола ма екен тегі. Қазақта «шынтән сүю», «өле сүю», «іңкәрлікпен сүю»… деген тіркестер ұшырасады, ұзаса «әппақ көңілмен сүю» дейді, бірақ ешкім «әппақ сүйдім», бәлки «ақ сүйдім» демейді. Болғаны сол. Рас, бір кезде Мұнар-Len тобы айтқан «Аппақ қар» дейтін хит ән болған. Есіңізде ме: «Тыңдашы, ән салайын мен, саған арнап кеш батқан кезде…». Бірақ онда қар туралы айтылады. Ал мынау… Аппақ сүйу… 

Орныма жатқаннан кейін де әлгі сөзді еркімнен тыс қайталай бердім. Әлденеге ақырын ғана, баяу дауысқа салып айттым. Кейде санаңа еш мәнсіз, мағынасыз сыналап кіріп алып, өзінен өзі жатталып қалатын өлең жолдарын яки әннің тактілерін күбірлеп, не ыңылдап айтып жүресің ғой, дәл сол сияқты еш мағына, еш салмақ салмай ырықсыз қайталадым.

Өстіп, өң мен түстің арасында тербеліп жатып көзім ілініп кетіпті. Одан әрі арсыз ұйқы мені өзінің тәтті тұтқынына алып, бірте-бірте тереңіне батырды.

х         х        х

         Жердің қимылдауын күтіп, мәңгі үрейлі өмір кешіп жатқан қалада жүр екенмін деймін. Ондағы даңғыраған Брусилов көшесі үйлердің құландылары арасымен ирелеңдеп, қаһарман шаһардың тау беттегі «игрек» ауданына қарай асатын жалғыз аяқ  сүрлеуге айналыпты. Мен өзім содан алыстау емес жерде, астына жер сілкінісіне қарсы бәсеңдеткіш құрылғы қойылған ғимараттар сияқты қатты теңселген үйдің жанында тұрмын. Үй үй емес, тербелмелі маятник. Бас бас емес, сансыраған сан ой, сол ойлардың бәрін баса-көктей қорқыныш сезімі еңсеріп алған боз быламық. Себебі бірте-бірте күшейіп баратқан тербеліспен бірге әлгі үй дегенім ортаңғы бөлігі ішіне омырыла түсіп, екі шеті әткеншектің екі басы сияқты біресе олай ырғып, біресе былай ырғып, әлгі ырғу амплитудасын сәт санап үдетіп барады. Қазір құлайды-ау, қазір құлайды-ау деп жанымды шүберекке түйіп тұрмын, себебі әткеншек-ғимарат басқа емес, Брусиловтың Шашкент көшесіне тоқайласар тұсындағы бес қабатты құт-ұямызға айналыпты. Сен болсаң қызым екеулерің сол үйде  екенсіңдер деймін. Ал әткеншектің амплитудасы ең жоғарғы, шырқау шегіне, яғни ақыры шыдамай, күл-паршасы шығар сәтке таяп-ақ қалды. Ғимарат әлі тербеліп тұр. Үрейді жеңіп үйге қарай ұмтылдым. Таңқаларлығы, әткеншек-үйге тақай бергенімде менің орнымда қалған біреу солай қарай беттегенімнен бастап одан арғы бүкіл қимылымды қас-қақпай қарап тұрған сияқты…

         Бір терең шұңқырға түсіп кеткендей тынысым тарылып ояндым. Пойыз қатты теңселіп келеді екен. Әткеншек дегенім де «Сұңқардың» әдеттен тыс қатты жүрісі болып шықты. Өмірімде бірінші рет өңім өзіме ең игі, ең көркем рахмани түстердің барлығынан да бақтияр болып көрінді. Жетем ғой енді, жетем, жақындап қалдым. Қорқытпаңдаршы мені…

         Тыста күн арқан бойы көтеріліпті. Күнгейдің шаратабағы қыстыгүні де шашырап шығады, ажарланып атқысы кеп тұрады. Мұнда қыс құдды өлі көрпесін жамылып ұйықтаған кезінде де түсінде алдағы жазды көріп, әнтек жымиып жататын тәрізді. Осы көрініс әсіресе ел: «Е, бауырым, бұл жердің пираш-шкиін жемепсің – бұл өмірді көрмепсің» дейтін Күркіреуікті пойыз артқа тастап, екі үлкен тау тізбегінің аралығындағы жазыққа шығып ап, айдап кетпей, ақырындау жортатын жерлерге келгенінде көңілге анық, анығырақ шалынады. Әрине, мұнда да тұтасып қар жатыр, сірескен қыс іргесін бере қоймаған, дегенмен тепсеңдерде жыртылған қағаз тәрізді болар-болмас ағараңдап аламыш қар ойдымдары да арагідік көзге шалынып қалады. Өкше ізімізде қалып кеткен өлкеде жылы маусым неміс сияқты үнемді-тін. Ажайыбы да сонда болатын. Кешеу күздегідей. Кездейсоқ сақталып қалған гүл аралдар айнала қоршаған табиғаттың сұрқай, сұрғұлт, көңілсіз көріністерінің тұтасқан өрісінде алабөтен бөлектеніп, көзге шоқтай болып басылып тұратын және сонысымен ерекше-тін. Ал мұнда күн нұры оң қолда пойызбен жарысып келе жатқан, жарысқан сайын тұлғасы биіктеп бара жатқан күнгей таулардың ұшар басынан леккен шоғыр бұлтқа барып тіреліп, үт сәулелерін жерге төгіп жіберіп, шыңдарды, жоталарды қызыларай, сарыарай алуан түске бояйды. Және күн тәулігінің әр мезгілінде әр түспен құбылатынын айтсайшы. Арықтың суындай сылдыраған күнгей дыбыстар мен жылы бояулар. Соған қарағанда қыс күрмелер мезгіл де алыс емес. Жердің қары кетіп, тоңы жібіп, жаңа көктің тебіндейтін уақыты наурызға таяқ тастам. Одан кейін сәуір келеді, тәуір келеді. Көктем бусанып, көк-ыраң қылтияды. Аспанның жер бетіндегі тамшысындай бәйшешек шығады дүркіреп. Гүл-шешегі құлпырып, аспанды күйге толтырып құс қайтады. Жаныма рахат сыйлайтын күйдің әні. Ұлы бақыт кезеңі, өмірде болуы тиіс, міндетті, толық та толымды, төрт тарабы тең шынайы ғұмырдың кезеңі. Еркектік істермен шұғылдана бергенше осыны бағалап, осының қадіріне жете білсе, шіркін…

         Күміс жебеміз күншығысты, ондағы көкжиек сызығын бетке ұстап аңыратып келеді. Бізбен қапталдаса, тасжолдың бойында қыстың жаймашуағы жаймалап жайған жалқын сәулелермен шағылысып жүк машиналар, сүт тасыған күбілі көліктер, бүйірлері түрлі-түсті бояулармен боялған алқабел ұзын рефрижераторлар, арагідік жеңіл машиналар қайшы алыса тынымсыз ағылып жатыр. Теміржолдың екі жақ бетіндегі шақырымдық бағандар, жолкөрсетуші шамдар, әрқилы жол белгілері мен қалқаншалар жиіледі. Алысырақтан әлдебір пойыздың, — сірә, қарсы келе жатқан құрамның, — бұлыңғыр әлсіз шуылы естіледі. Таңертеңгі үмітдар күннің мазалы шырқын созылыңқы жіңішке дыбыс үнімен бұзып жіберді. Біз маңдайға алған күншығыста, таудың етегінде сартегеш қала жатқан таудың баурайы,  — мұндағы ел «сөре» дейді, — қай тұстан қарасаң да анық көрінетіндей болды. Жүрегім бір мезгілде әрі өрекпігендей, әрі орныққандай бір күй келді. Дәліздегі сәулеңкелі терезе әйнегінің аржағынан жетіп жатқан доңғалақтардың әлсіз тақылының, қыс құрсауынан сытылып шықпақ боп марғау бусанған табиғат бұлқынысының алуан дыбысының арасынан үзіліп шығып бір әуен — түнде Жолдошбектің мобил телефонынан естіген әуез жеткендей болды құлағыма. Бұл жолы алыстан, тыстан талып естіліп тұрғандықтан ба, сөздерін де, әуенін де толық ажыратып тыңдау мүмкін болмады, бірақ мен ендігі жерде бұл обынның дүниедегі ең қалтарыссыз ашық, қалтқысыз адал, аппақ ән екендігіне дәркүмәнсіз сендім. Себебі әлгі әуенді, әлгі жолдарды таза талант, тамылжыған түнгі аспанның жұздыздары, біз асыға күткен келер күннің, келер көктемнің кәусар лебі мен асық тыныштығы тудырған еді. Сол сол-ақ екен, кенеттен өзімді де, ет жақын қымбат адамдарымды да, алыста қалған туған топырақты да, менің жүрдек пойызым асыға алып келе жатқан тұрған жерімді де ап-анық көрдім және жаңа тұрғыға шығып қарағандай, бұрынғымнан басқа, бөлекше көзбен қарағандай болып көрдім. Бірақ әлденеге балалық бал дәуренім, бозбала шағым өткен атакүлдігіме қатысты ескі елестерге қарағанда берегіректегі, арайлы алғашқы махаббатыма куәдар, жастығым қалған, саналы ғұмырымның отыз жылы өткерілген тұрған жеріме, өзім бір кезде есімнен жаңыла жаздап ғашық болған жүрегімнің астанасымен байланысты өмір естеліктері жаныма жақынырақ па, қалай!? «Ғашықпын жауыныңа, талпынған дауылыңа, сағынып жетем саған, бас мені бауырыңа». Сонада, «Пешшінің ісі» дейтін мақалама байланысты пеш салатын шебердің үйінде отырып, туған жерден қол үзіп кетіп қалғаннан кейінгі бүткіл өмірімде осы бір қаланы қырық жыл мекен етіп, тамыр тартып калсам да өзімді вокзалда тұрып келе жатқандай сезінетінімді айтып едім ғой. Қазір, міне, ойлап тұрсам, соным асылық болған сияқты. Арманқалада өткізген күндерім оның бұлай емес екендігін дәлелдеп берген тәрізді. Арманқаланың адамдардың тағдырын ғана емес, сол тағдырларымен бірге өздерін де өзгертіп жатқан және өлшеулі бұрынғы өмірлерін қайыра ой елегінен өткіздіріп, жаңаша парықтатып, соның нәтижесінде қолындағы барыңның қадіріне жетуіне алып келетін , көзге көрінбейтін көмес те елеусіз, бірақ аса мәнді бір құдіретін осы арада айта кетуді артық деп есептемедік.

         Кеудеңді ашып, қабақ шытпай қарсы ал, өмірдің өрін көздей жалғыз кетіп, өксіткен жаңылуларға өкініп келе жатқан ұлыңды, қала. Кешірімді бол, таяқ тықсаң тал болып көктейтін, бір жағынан сызды ауасы жыланып жататын кереғар қайшылықтардың және сонысымен де көңілге ұнасымды Астанаемес. Топырағын басқан, ауасын жұтқан құт-ұям. Естуімше, сендегі бұрынғы жұмыс орнына адам алынбаған. Кабинетім құлыптаулы, тіпті кетерде үстел үстіне қойып кеткен қағаздарыма да бұрынғы бастығым ешкімді тиістірмеген деседі.

         Міне, тау баурайының құбылмалы аспаны да көрінді. Құдай қаласа, енді бірер сағатта «Сұңқар» қомдаған қанатын бүгіп, станса маңындағы ауылдарды көктей, сансыз жолайырықтарын, жолбағыттауыш, бағдаршам, қол бұлғаған рұқсатшыларды, өтелектерді жарып өтіп, Астанаемес-2 бағзалына емпеңдеп кеп ентігін басады. Купеде Жолдош боордошпен қоштасып, жолай штаб-вагондағы өзімізді осы жерге аман-есен жеткізген команданың пысық жетекшісі Райхан Патхолинаға алғысымды жаудыра майкрофайбер күртешемнің екі етегі далаңдап, доңғалақты шабаданымды сүйрете-мүйрете, диспетчердің Арманқаладан Астанаемес қаласына қатынайтын «Сұңқар» жүрдек пойызының бірінші жолға келіп тоқтағанын хабарлап, жолаушылардан жүктерінің купеде қалып қоймауын байқастап қарауды сұраған саңқылдақ  дауысына жүре назар жыққан күйі такси алаңына жүгіремін. Ал арада және бірер сағат өткенде мына дөдең үйде, сенің әдемі бүгілген түшпараңды гелімдәрімен тұшпалап, ыстық сорпасымен түшіркене сырғытып, бір құлағымен өзіңнің әңгімеңді, екінші құлағымен жартыширегіміздің университеттегі жаңалықтарын тыңдап, мәз-мәйрам болып отырады. Сол жолы сондай-ақ ұлымыздың қызылжарлық бір қызбен танысып сөз байланысып жүргенін, амандық болса Жарқа елімен құда-жегжат болып қалуымыз әбден мүмкін екенін тағы да үміт етеміз (кейінірек оны-мұны ойларымды жазып жүретін дәптеріме «Жер неткен домалақ! Мейлі. Арманқала – жаңа қала, ал әрқандай жаңа қала біздің Куся-Аюша ұлымыз сияқты жастардың тынысымен жылынып, арман-аңсарымен көркейіп, ұрпақтарымызбен өсіп-өнгеніне бір тілеу» деген жазба түседі). Өстіп баршамызға ыстық, ортақ жаңалықтар ағыла кете береді… Қайтейін, өмірден үлес алғым кеп пәлен жыл тыста жүргенімде бұлар екі көздері төрт болып, дәл осы сәтті аңсап күтті ғой.

         Осылайша бәріміз жарастықпен түскі асымызды ішіп болғаннан кейін, әдетте түстіктен кейін орнайтын тыным мезгілін пайдаланып, үй ішін, ондағы заттарды асықпай қарап шығам. Еш нәрсе өзгермеген. Тіпті қойып кеткен қағаздарым, кітаптарым, заттарым да со күйінше тұр. Мен сыртқа бір мезгіл серуендеп келемін деп шығып, қайтып келген секілдімін. Міне, бізге табандатқан отыз жыл бойы бір мүйнет те тоқтамастан сыртылдап қызмет етіп келе жатқан, бүйіріне сапа белгісінің бес бұрышты таңбасы басылған үстелүсті сары сағатымыз… Иесін күтіп, жетімсіреп тұрған кітап шкафы, оның сөрелеріндегі кітаптардан тарап жатқан, бас айналдырардай ғажап, етене қағаз иісі… Күрсіге ұқыпты қолмен ақ шілтерге орап қойған кітап, — сенің тәуелсіздік жылдардағы бүкіл жақсы көрулерің әр бетіне, қасиетті әр әрпіне құйылып түсіп жататын, дін тәмамдалған Үлкен кітап… Менің кейінгі кезде жиып жүрген тәспілерім де осында…

         Осылардың бәрін қарап болғаннан кейін тынысым кеңіп, жаным жайланып, өзім жақсы көретін ортопедиялық жалпақ қоңыр диванға жайласып жатып алам да, ультрабугімді кеуде тұсыма қарай сырғытып, ютубқа кірем. Кешелі бері құлағымнан кетпей тұрып алған еркеназ әуенді іздетті, бір тылсым бар екен. Иә, қияметтің белгілері білінгенде басқа халықтар мұсылманға жақындайды: әнді шығарған, сол әні қалтафондардың рингтонына түскен Нурак аба бұ дүниеде жоқ, а бірақ «Аппак сүйу» қаны беларус, жаны ақ қалпақ Юлия Руцкаяның орындауынан кейін жалпақ жұрт жаппай айтатын әнге айналған. Мобил телефондардың бірөңкей шырылына қалқан етіп қойылған антиреспектіні мына жерде Юлияның жүректен сұранып айтуы, тональдылықты ауыстыруы одан әрі ажарландыра түскен. Тіпті сөз нәшіндегі ептеген мүлтік, флер орындауына ұнасымды реңк беріп, басқаша бір бояуларға бояйды. Арасында теңіздей шалқып кететін, жібектей сызылған жұмсақ сазды дауысын айтсайшы.

 

Бабалардан калған турмуш ыргагы,

Бул жашоонун коркү көңүл ачууда.

Омүр шаңы экөөбузгө тең орток,

Сен туш болдуң, жаным, көңүл назына.

 

Чындык ошол жашоо, ай, шартында,

Эмне жетсин бийик арзуга.

Мен де сага ап-пак сүйуу берейин,

Сен де мага ап-пак сүйуу тартуула.

 

Мен өзүмдү сага бүтүн берейин,

Сен де өзүндү мага бүтүн тартуула…

 

         Құлағым әнде, көзім тарс жұмық, ал бүткіл денемді бір нәрсе сұрғұлтым жұмсақ матаға мәпелі қолмен құндақтап орап алып, тұңғиығына шым-шым тартып барады. Қандай раха-ат!

         Мен өзімді саған бүтін берейін. Сен де өзіңді маған бүтін тарту ет.

         Аппақ сүю…

тамыз – қазан, 2018

Қаскелең шатқалы

Фото: rasfokus.ru

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.