Балаңыз кітап оқымай ма? Үйдегі кітапхана сөрелерін шаң басып тұр ма? Атырау тұрғындары бұдан былай жиған-терген рухани қазынасын Халықтық кітапханаға өткізе алады. Ол «Былина» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей КОРАБЛЕВТЫҢ басшылығымен ашылып отыр.

Атырауда халықтық кітапхана ашылды

-Біз букинистік кітап дүкені емеспіз. Ондай кітапханаларда ескі, құнды кітаптар сатып алынады және сатылады. Бізде ешқандай коммерциялық мақсат жоқ. Кітаптарды тегін аламыз, әрі келетін адамдар да тегін оқиды, — деп түсіндіреді.

Халықтық кітапхана қазірдің өзінде көпшіліктің сұранысына сай ашылғанын көрсетіп отыр. Оған жиналып қалған бес мыңдай кітап әлі сұрыпталып жатыр. Үйіп-төгіп әкеліп жатқандар қаншама!

Атырауда халықтық кітапхана ашылды

Күткендей-ақ, кітап тапсырушылардың дені – егде жастағылар. Жылдап жиған кітапханасын «көзім кеткесін кім оқиды дейсің, одан да осы жерде қажетке жарасын» деп көлікпен тиеп әкелетіндер бар екен. Кітаптардың ішінде мұражай қорына лайықты, ерекше даналары да көп кездеседі. Мәселен, «Великие люди» сериясы 19 ғасырда жарыққа шыққан, жазушы Мұхтар ӘУЕЗОВТЫҢ «Абай жолы» деп аталмас бұрын «Абай» деген атпен шыққан санаулы кітабынының да бір данасы бар. ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 1991 жылы шыққан ең алғашқы өмірбаян дерегімен де танысуға болады. Ал 1960 жылы шыққан «Исаак Ильич ЛЕВИТАН» деген жинақтағы суреттер баспадан шыққанмен, қолмен жабыстырылған! Соған қарағанда, бұл санаулы данамен шыққан нұсқасы болса керек.

Атырауда халықтық кітапхана ашылды

-Кезінде әке-шешеміздің жинаған үлкен кітапханасы болды. Кейін, ұят болса да айтайын, біразын отқа жағып жібергенбіз. Одан сау қалғанын інім қоқыс контейнеріне апарам деп отыр екен, осы кітапханаға тапсырдым. Үлкен кісілердің көзі еді, дұрыс қарай алмадық, дегенмен, қатты өкінемін, — дейді қала тұрғыны Нұргүл ҚАЛИЕВА.

Ғаламтор ғасырында жастар кітап оқымайды десек те, кітапханаға келіп жатқан өскелең буын өкілдері аз емес. Соған қарап, кітаптың мәңгілікке қалатын құндылық екеніне сенгің келеді. Оның ішінде, бұл жерде интернеттен табылмайтын дүниелер көп. Халықтық кітапхананың тағы бір ұтып тұрғаны – Атыраудың орталық көшесінде орналасқан. Аймақтағы басты кітап ордасы – Ғабдол СЛАНОВ атындағы облыстық ғылыми-әмбабеп кітапхана шаһардың шетіндегі «Нұрсая» ықшамауданына көшірілгеннен кейін оқырмандар саны күрт азайған болатын.

Фотолар автордікі.

 

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.