Облыстық статистика департаменті мамандарының хабарлауынша, күн суытқалы қатты отынның бағасы 9,6 пайызға өскен. Қазірде облыс орталығында көмір тасымалдаумен айналысатын компанияларда бұл отынның  түр-түрі бар. Ал бір тонна көмірдің құны 8 мыңнан 17 мыңға дейін барады. Құны сапасына байланысты. Жергілікті, яғни Екібастұз қаласында өндірілетін көмір ең арзаны. Алайда, оның сапасы көңіл көншітпейді. Қарағандылық және семейлік көмірдің сапасы жоғары, бірақ 2-3 есе қымбат. Бір тонна қатты отынның нақты құнын анықтау үшін бірнеше компанияға хабарласып анықтадық.

Майкүбі көмір (Баянауыл ауданы) – 12 мың теңге.

Қаражыра көмір (ШҚО) – 13 мың теңге.

Шұбаркөл көмір (Қарағанды облысы) – 17 мың теңге.

Айта кету керек, облыстағы балабақша, білім ошақтары мен аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың қазандықтары қазір көмірге толы. Десе де, көмір қорасы әлі де бос тұрған үйлер бар.

-Былтырғы қалдық көмірді жағып отырмыз. Қатты аяз болса, сапалы көмір керек әрине. Ал сапасы жақсы көмірдің бағасы да жақсы. Биыл бар жиған-тергенімізді көмірге кетіретін түріміз бар, -дейді Ақсу қаласының тұрғыны Баян БАИСОВА.

Қатты отынннан бөлек, қазан айында өңірде кейбір азық-түліктің бағасы да шарықтап кеткен. Мәселен, жұмыртқа – 11,8 пайызға, қант- 3,4 пайызға, құс еті – 2,9 пайызға, шұжық пен ет өнімдері – 1,2 пайызға дәрі-дәрмек – 0,3 пайызға өскен.

Статистика департаменті мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, өңірде көкөніс бағасы 5,8 пайызға арзандаған. Мәселен, қызылшаның құны – 18 пайызға, сәбіз -16 пайызға, сарымсақ пен картоп – 6,3 пайызға, ал орамжапырақтың бағасы – 4,7 пайызға төмендеген.

Фото: sputniknews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.