Қызылорда облысына қарасты Арал ауданы тарихы бай өлке. Көптеген жылдар бойы теңізі тулаған аймақтың тыныс — тіршілігі көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны рас. Нәпақасын Аралдан тапқан балықшылардың  су айдыны тартылған кезде тоқырап қалғаны белгілі. Алайда, еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктегеннен кейін теңізді қайта қалпына келтіру қолға алынды. «Көкарал» бөгеті сол игілікті істердің айқын нәтижесі.

«Көкарал»  «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы аясында салынған нысан. Ата кәсіпті түлетіп, балықшыларға демеу берген бөгеттің құрылысы 2006 жылы аяқталған болатын. Жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайды. Сол уақыттан бері күндіз-түні теңізге ауларын жіберіп, балық аулайтындардың да несібесі артты. Су маржанын ұстап, сату арқылы күн көріп жүргендерді мұнда жиі кездестіруге болады.

«Таңғы алтының кезінде қару — саймандарымызды сайлап, теңізге шығамыз. Күн батамын дегенше ауымызды салып, бала -шағаның несібесін табуға тырысамыз. Қазір 4 жігіт болып жұмыс жасаймыз. Ауланған балықтарды зауытқа өткізіп, күніне кем дегенде 20-30 мың теңге ақша табамыз. «Көкарал» бөгеті салынғаннан кейін несібеміз арта түсті. Менің атам, әкем де балық аулаған. Бұл отбасылық кәсіп. Мен де өз балаларым осы шаруаны жалғастырады деп ойлаймын», — дейді аудан тұрғыны Нұрбек ЖОЛАЕВ.

«САРАТС» жобасы аясында салынған нысанға жету оңай шаруа емес. Облыс орталығынан шамамен 600 шақырым қашықтықта орналасқан. Тақтайдай түзу жол жоқ. Алайда, мұндағы көріністі тамашалауға келетіндер бұл қиындықтарға мән бермейді.

«Бұл жақтың ауасының өзі керемет. Уақытқа қарамай бөгеттен аққан суды тамашалап тұра беруге болады. Әсіресе, жаздың күні салқын самал ерекше әсер етеді. Мұнда келсек, кеткіміз келмей қалады. Қаланың қарбалас тіршіліген бір сәт қол үзіп, миын тынышталып қалады.  Балықшылармен сөйлесіп, олардың өмірін қызықтаған ұнайды. Мұндағы балықтың да дәмі ерекше. Жергілікті халық су маржанынан түрлі тағамдар әзірлейді. Халқы өте қонақжай әрі кең пейіл. Кез-келген үй сені қонақ қылып, сыйлап жіберуге асығады. Жазда келгенімізде, мұнда табиғатты тамашалап келетін өзіміз сияқты көп туристерді көреміз», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жайна ЕСНАЗАРОВА.

«Көкарал» бөгетінің жұмысына күнделікті бақылау болады. Бұл ретте «Солтүстікт Арал бөгеті, Ақлақ су торабы» өндірістік учаскесінің қызметкерлері тәулік бойынша кезекшілік етеді. Аталмыш платинаның басты мақсаты – Сырдария өзеніндегі суды реттеу арқылы Арал теңізін толтыру дейді мамандар. Сондай-ақ, үлкен теңізге жақын орналасқан көлдерге су беру арқылы, қарапайым халықтың тіршілігіне қолайлы жағдай жасалынып жатыр.

«Көкарал» бөгеті Қаратерең ауылына жақын орналасқан. Арал теңізі тартылғаннан кейін мұндағы жұрт үдере көшкен екен. Кейін теңізді қайта толтыру қолға ылынып, платина салынғаннан кейін қайта көшіп келушілердің қатары артқан.

«Біздің ауылымыз «Көкарал» бөгетінің арқасында өте танымал. Ұдайы туристер келіп, жергілікті табиғатты тамашалайды.  Шетелден тележурналистер де өте көп келеді. Солардың арқасында біздің платина туралы көрші елдің тұрғындары да жақсы біледі. Бұл тарихымызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. «Көкарал» салынғалы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарған. Мұндағы тұрғындар отырықшы халыққа айналған», — дейді Қаратерең ауылдық округінің әкімі Құдабай ЖИЕНБАЕВ.

Осылайша «САРАТС» жобасы халықтың сенімін ақтады. Көкарал бөгетінің игілігін көріп отырған халық, Арал теңізін қайта тулап, таситын күні алыс емес деп отыр. Бүгінде аталмыш жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қолға алынып жатыр.

Фото автордікі.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.