Қызылорда облысында медициналық туризм қанатын кеңге жайып келеді. Жаңақорған ауданында науқастарды емдеп қана қоймай, әлемнің түкпір- түкпірінен келген туристерге жергілікті климаттың ерекшелігін насихаттайтын «Жаңақорған» шипажайы жоғары деңгейде жұмыс жасауда. Қарт Қаратаудың етегі мен Сырдария өзенінің жағасында орналасқан денсаулық орталығының табиғаты әсем, ауасы таза.

«Жаңақорған» шипажайы 1918 жылдан бастап жұмыс жасайды. Денсаулық орталығы сұрапыл соғыс жылдарында жаралы сарбаздарды емдейтін госиталь қызметін атқарған. Шипажайдың басты ерекшелігі — емдік қасиеті жоғары балшығы мен тұзды суында. Мұнда жылына мыңнан аса демалушы келіп, білікті дәрігерлердің бақылауында болады. Құрамы табиғи батпақпен түрлі ем-дом шараларын қабылдап, сырқаттарынан айығуға мүмкіндік алады.

Шипажайдың негізгі емдік қоры – «Теріскен» көлінің табиғи қара батпағы мен тұзды суы. 1994 жылдан бері шипажай төңірегінен ішкі ағзалардың ауруларын емдейтін минералды су табылған. Табиғаттың тосын сыйына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның құрамы Железноводскінің Смирновский суымен сәйкес келетіндігі анықталған.

Қызылордада медициналық туризм дамып келеді

«Бұл шипажайға Түркістан қаласынан келеміз. Емделушілерге барлық жағдай жасалғандығы қуантады. Менің көп жылдан бері буыным сырқырап ауыратын. Жасым 45-де. Жылына бір мәрте «Жаңақорғанға» келіп ем алып тұрамын. Бұрынғымен салыстырғанда қазін денсаулығым біршама жақсарған. Еркін тұрып, еркін қозғала аламын. Шипажайдағы балшықтың қасиеті керемет. Дәрігерлер жылы қабақ танытып, дертіне шипа береді. Емдеу орталығында тынығу да айтарлықтай қымбат емес», — дейді Түркістан қаласының тұрғыны Сауыт Ақайдаров.

Жаңақорған шипажайында сүйек, буын ауруларымен қатар урологиялық, гинекологиялық және асқазан – өт, ішек жолдары аурулары да емделеді. Қазіргі таңда урологиялық және гинекологиялық аурулардың көбеюіне байланысты арнайы мамандар дайындалып, жаңа ем түрлері енгізілген. Бүгінгі күні демалыс орталығында 235 адам жұмыс жасаса, оның алтауы жоғары білімді дәрігер. 30-ы орта, 44-і кіші буынды медицина қызметкерлері. Емделушілерге 4 мезгіл құнарландырылған және диеталық столдар қарастырылған.

«Балшықпен емделу ағзаға өте пайдалы. Осы әдісті қолдану арқылы науқастың қан айналымын реттеуге болады. Сондай -ақ, ем алушының тыныс алуын жақсартуға септігін тигізеді. Балшықтың химиялық құрамы,  яғни микроэлементтер, иондар, гормонтәрізді элементтері тері арқылы сіңіп, қан айналымы арқылы ағзаға тарайды.Нәтижесінде метоболизмді күшейтіп, терінің экскреторлық функциясын арттырады. Ағзаның табиғи тазаруы жүзеге асады. Шипажай заманауи құрал — жабдықтармен жасақталған. Соның арқасында түрлі медициналық тексерулерді жүргізе аламыз.Яғни, УДЗ, ФЭГДС, ЭКГ, қан және несеп талдауы,қандағы қант мөлшерін анықтау, спермограмма және гинекологиялық жұғынды тексерулер жүргізіледі. Заман талабына сай фитобочкада емдеу, пантогемотогенді ванна, емдік душтар, су асты массажы, балмен орау, кислородты коктейль, тұзды шахта, мавит, яровит, колонгидромат, массаждың барлық түрлері және инемен емдеу жолға қойылған. Арнайы мамандар урологиялық және гинекологиялық егулер жүргізеді. Ормед аппаратымен мөлшерлі салмақпен омыртка созу емі жүргізіледі және емдік физкультура кабинеттері жұмыс жасайды», — дейді шипажай дәрігері Ғабит Үйсінбаев.

Қызылордада медициналық туризм дамып келеді

Айта кету керек, емделушілердің уакыттарын тиімді өткізу мәселесі оңтайлы шешілген. Тынығушылардың бос уақыттарында Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне, ежелгі қала Сауранға саяхат жасауға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ әр аптаның 4 күнінде шипажай өнерпаздарының ұйымдастырумен концерттер, би кештері, дискотека түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Қызылордада медициналық туризм дамып келеді

«Медициналық туризмді дамыту арқылы, ішкі туризмді дамытуға болады. Бұл ретте біздегі «Жаңақорған шипажайы мол мүмкіндік беріп отырғаны рас. Жыл сайын денсаулық орталығына мыңнан астам адам келеді. Олардың арасында шетелден келетіндер де бар. Әсіресе, көрші Ресей елінен келетін туристер жетерлік. Көрші Шымкент, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан келіп, ем алатын азаматтар көп. Осы орайда кәсіпкерлер тағы бір санаторийді ашуды қолға алып жатыр. Игілікті істі жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау болатыны сөзсіз», — дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Алиев.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.