Астана Қытай билігінің Шыңжандағы іс-әрекеттері саяси тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған деп санайды. Бұл туралы қарашаның 6-сына Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова мәлімдеген.

Сейсенбі күні Женевада (Швейцария) өткен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қытай осы мәселеге қатысты есеп берген. Ұйым әр бес жыл сайын мүше елдерінің есебіне сараптама жасайды.

Бейжің «Шыңжаңға ислам содырлары тарапынан қауіп төніп тұрғанын, елдің солтүстік-батыс аудандарында діни экстремизм пайда болмас  үшін әрекеттенгендерін» бірнеше рет мәлімдеген.

«Қытай билігі соңғы жылдары саяси тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау үшін терроризмге қарсы шаралар жүргізіп отыр. Қазақстан бұл мәселенің күрделі екенін түсінеді және бұл мәселені шешуде екі елдің дипломатиялық құралдарды қолданады», — деді Жанар Айтжанова.      

Айтжанова сөзінде Қазақстан «Қытайдың денсаулық сақтау, білім беру және кедейшілікті жою салаларындағы едәуір жетістіктерін жоғары бағалайтынын» атап өтті.

«Қазір Қытайда 1,6 миллион этникалық қазақ тұрады. Олар екі ел арасындағы достықты нығайтатын көпір болып саналады және біздің стратегиялық әріптестігімізді нығайтуда маңызды рөл атқарады», — деді Айтжанова.

Женевада орналасқан БҰҰ кеңсесінде АҚШ, Германия, Канада, Франция Қытайдағы адам құқықтары мәселесін талқылап жатқанда сыртта қазақ, вьетнам, түрікмен, тибет ұлттарының өкілдері наразылық шарасын ұйымдастырды. Олардың арасында Қытайдан Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтар да болды.

БҰҰ кеңесінде Қытайда қазір бір миллионға жуық мұсылман қамауда отырғаны айтылды. АҚШ, Жапония, Австралия, Канада, Германия Қытайдан «саяси тұтқындарға арналған лагерьлерді» жабуды талап етті.

 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.