Семей қаласының аумағын кеңге жайып, даму келешегінің кепіліндей көрінетін «Қарағайлы» ықшамауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Қаланың бас жоспарына сәйкес жалғасын тапқан әлеуметтік нысандар мен пайдалануға берілетін көпқабатты үйлер де баршылық. Мұнда 12 қабатты 17, 9 қабатты 64, 16 қабатты 7 баспана салынып жатыр. 1200 балаға арналған екі жалпы білім беретін орта мектеп құрылысы да «Қарағайлыда» бой көтермек. Бұдан бөлек 370 орындық үш балабақшаның да қызығына кенелер күн келешектің еншісінде. Айтпақшы, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев таяуда ғана Семейге келіп-кеткен сапарында осы балабақшалардың бірі пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн.

Жаңа ықшамауданда қазіргі күнде Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 700 -ге тарта оқушысы білім алуда. Семей медициналық академиясының 7 жатақханасын салу да осы аумақтан бұйырып отыр. Бұл ауданда келешекте халыққа қажетті банк бөлімшелері, қызмет көрсету орындары да орналасатын болады. Сондай-ақ о баста қаланың ең шетінде орналасқан, қатынас қиындай көрінген «Қарағайлыға» баратын қоғамдық көлік бағыты да жөнге келіпті. №4 бағыттағы жаңа үлгідегі автобус оң жағалау шетіндегі «Қарағайлыдан» сол жағалаудағы «Юность» кентіне дейін аралығы жиі қалпында күнделікті қатынау үстінде.

«Қарағайлы» туралы тілге тиек еткенде айналып өтуге болмайтын нысан – алдағы жылы пайдалануға берілетін «Абай-арена» спорт кешені. Биіктігі 25 метр үш қабатты алып-ғимаратта тек қана спортқа қатысты ғана емес, келушілердің кез-келген күні кәдесіне жарайтын әмбебап қызмет түрлері қарсы алатын болады. Мұнда 5 жүзу бассейні, спорттың 19 түрі бойынша жаттығу залдары, 30 орындық кинозал, компьютер клубтарының арнаулы орындары бой көтеруде.

Қысқасы, «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, қала тұрғындарының ғана емес, сырттан келетіндердің де көзайымына айналатын «Қарағайлы» ықшамауданы Семейдің «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» деуге лайықты ерекше мекені болатын сыңайы бар. Бәріне, уақыт төреші. Әзірге «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы юойынша жүріп жатқан жұмыстар жайын баяндап, «арық сөйлеп, семіз шыққанды» жөн көрдік. 

Фото: altaynews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.