Шығыс Қазақстанда қыз баланың асқазанынан салмағы 300 грамм болатын шаш шықты. Күршім ауданында тұратын Қарақат есімді бүлдіршіннің осыдан бірнеше күн бұрын іші бүріп ауырып, ата-анасы дәрігерлерге қаратқан екен. Ондағылар облыс орталығына жіберген. Өскемендік дәрігерлер операция жасап, Қарақаттың жанын аман сақтап қалды.

Қарақат 10 жаста. Биыл бесінші сыныпта оқиды. Қазан айының басында сабақта отырған кезінде кеуде тұсының қатты ауырғанын сезіп, ата-анасына шағым айтқан екен. Бұдан кейін ас ішуі мен көңіл-күйінің де нашарлағанына алаңдаған олар, дереу дәрігердің көмегіне жүгінген. Бірақ іште шаш бар екенін дөп басып білмесе де, балаларының бұған дейінгі әдетінен сезіктенгендерін жасырмады. 

300 грамм шаш жеген қыз

–  Анау кішкентай кезінен шаш жеген. Білеміз өзіміз. Сонымен осындай жағдай болып тұр ғой. Шашты жеуді әдет қылып жіберді. Топырақ жеді. Оны да шектедік. Зияны тиіп отыр. Енді қатты қадағалайтын боламыз. Өзі де жасалған операциядан қорқып қалды ма, енді шаш жемеймін, – деді Қарақаттың әкесі Мұрат ОҚАСҰЛЫ.  

300 грамм шаш жеген қыз

Ақхалаттылар науқас уақытын өткізіп алмай, дер кезінде келгені операцияның сәтті өтуіне сеп болғанын айтып отыр. Алғаш келген күні арнайы аппаратпен қарап, асқазанда түйілген заттың бар екенін анықтаған.  Ертеңінде ота жасап, салмағы 300 грамдай болатын шашты алып шыққан. 

300 грамм шаш жеген қыз

Бұл көбінесе осы жастағы балаларда кездеседі. Көбінесе қыз балаларда кездеседі. Ол жеген шаштың бәрі асқазанға жинала береді. Жинала береді де кесек болып тұрып қалады. Бұл енді жалпы ауруға жатпайды. Психологиялық ауытқу деп есептеледі. Психолог дәрігердің көмегі керек – дейді, Ана мен бала орталығы хирургия бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушысы Бауыржан ТҮЛКІБАЕВ. 

Дәрігерлер дәл осы жастағы бүлдіршіндер мұндай жағдайдың жиі кездесетінін айтып отыр. Жылына екі-үш бала осы дертпен келіп, асқазанына жиналған заттарды алғызады екен. Тіпті осыдан үш жыл бұрын бір бүлдіршіннің ішінен салмағы 1 кг болатын шаш шығыпты.

300 грамм шаш жеген қыз

Фотолар автордікі.

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.