Алматы облысының орталығында жалпы құны 6 миллиард теңгені құраған алып руханият орталығы қолданысқа берілді. Саф өнер сарайының ашылу салтанатына орай «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалі алауын тұтатты.

Ең кереметі, иін тірескен қала қонақтары заманауи өнер ордасына тамсанып: «Бәрекелді, міне, рухани жаңғыру. Нағыз өнердің ошағы!» десті. Осыған орай, өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ құттықтау сөзін тебірене жеткізді:

Талдықорғандағы жаңа театр

– Құрметті зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері! Жетісу төріндегі қос қуаныш құтты болсын! Сұлу, әсем, табиғаты көркем өңірімізге келген барша қонақтарға қош келдіңіздер деймін. Өнердің өзі қасиетті ұғым. Біз нәсілі асыл елдің қасиетті құндылықтарын биік көтеріп, әлемге таныту мақсатында жұмыс жасап келеміз. Соның жанды көрінісі – бүгін ашылып отырған Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының жаңа ғимараты, – деді.

Жаңа ғимараты демекші, осы ретте Амандық Баталов заманауи драма театрды Жетісу төрінде салуға президенттің өзі қолдау білдіргенін айта келіп, Б. Римова атындағы драма театрының ұлттық өнеріміздің қасиетті шаңырағы екенін, аталған ұжымда 1975 жылдан бері көптеген спектакльдер сахналанып, қаншама ұрпақ тәрбие мен рухани азық алғанын атап өтті. Сонымен бірге, өнер ұжымының республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарып, жетісулықтардың абыройын  асқақтатып келе жатқанын да назардан тыс қалдырмады.

-Өздеріңіз көргендей жарқыраған сәулетті ғимарат көздің жауын алады. Бұл театр қазақ өнеріне, ұлт руханиятына қызмет етіп, талай талантты жастарды шыңдайды деп сенемін. Театр  — мәдениет пен өнердің алтын ұясы, ел өмірінің айнасы. Республикамызда теңдесі жоқ драма театрдың бүгінгі салтанатты ашылуы Орта Азия елдері VII халықаралық театр фестивалімен ұштасып жатқаны Жетісу жұртшылығының мерейін арттырып отыр”-деп барша фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, облыстағы атқарылып жатқан игі істерді атап өткен өңір басшысы осындай жетістіктердің басында Президенттің нақты тапсырмалары мен міндеттері жатқанына тоқтала кетті.

Айтулы шараның ашылу салтанатына Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы Асанәлі ӘШІМОВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров, театр және кино режиссері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат ТЕМЕНОВ сынды өнердің аға буын өкілдері мен олардың соңынан ерген танымал әртістер Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Бақыт Тушаев, Асан Мәжит, Аян Өтепберген сынды құрметті қонақтар қатысып, салтанатты түрде  қызыл кілеммен жүріп өтіп.

Талдықорғандағы жаңа театр

Өз кезегінде сөз алған Халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ:

-Армысыздар, өнерсүйер ағайын! Бүгін бүкіл халық үшін үлкен мереке. Бұл – ұлы той. Қазақ кино және театр өнерінің өркендеуіне, қарыштайтындығына осындай кезде илана түсеміз. Сол үшін Елбасыға, Президент тапсырмасын орындап жүрген Амандық Ғаббасұлындай бауырымызға алғыз айтуымыз керек. Бұл ел игілігі үшін жасалған ғажайып тарихи оқиға, – деді

Бұдан соң М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров шығып:

-Қадірменді театрсүйер ағайын. Бүгін Қазақстанның мәдени кеңістігінде ерекше елеулі оқиға. Тәуелсіз Қазақстанның театры қандай  болуы керек? дегенде осы ғимаратты көрсетуге болады. Тәуелсіздігіміздің нағыз символы тәрізді, руханияттың, өнердің ордасы. Елбасымыздың идеясын іске асыруға ұйытқы болған Амандық Ғаббасұлына еліміздің барша өнер адамдарының, театр қайраткерлерінің атынан алғысымды білдіремін. Бұл театр Жетісудағы нағыз өнердің ордасына айналарына сенемін” – деді.

Талдықорғандағы жаңа театр

«Құрметті фестивальге қатысушылар мен қонақтар! Сіздерді ҚР Елордасы Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Орта Азия елдерінің VII  халықаралық театр фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі өнер додасы Талдықорған қаласындағы театр жаңа ғимаратының ашылуымен орайлас келіп отыр. Өнер мерекесі құтты болсын! Театр өнері саласын дамыту, мамандардың шеберліктерін шыңдауға бағытталған фестиваль Орта Азия елдері мен Қазақстанның және түркі тілдес мемлекеттердің театр өнері саласындағы әріптестікті нығайту, театр өнерін дамыту және театрларды шығармашылық бастамаларға ынталандыру, сондай-ақ жұртшылықтың назарын  жаңа заманауи үлгілерге аударып, театр өнерінің өркендеуіне ықпал етеріне сенімім мол. Сіздерге шығармашылық табыс, тың ізденістер, кәсіби жетістіктердің биік болуын тілеймін.»

Келесі кезекте су жаңа өнер ошағының лента қиу рәсімі өтті. Ресми рәсімнің аяқталуын күтіп тағатсызданған халық осы сәтте киелі шаңыраққа асыға қадам басты. Нәтижесінде, залда ине шаншар орын болмай, көрермен алда қойылар қойылымды тік тұрып күтті.

Осындай үлкен қуаныш үстінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі мен ҚР Театр одағы қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық театр фестивалі де өз шымылдығын түрді. Дүбірлі өнер фестивалі Астана қаласының 20, Темірбек Жүргеновтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Талдықорғандағы жаңа театр

Талдықорғандағы театр фестиваліне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия сынды бірқатар мемлекеттің және еліміздегі республикалық, өңірлік театр ұжымдары қатысуда. Қазан айының 30-нан қарашаның 6-шы жұлдызы аралығында өтетін аталмыш ірі байқауда 20-дан астам қойылым көрестілмек.

Осы аралықта Хасан Ажар өндірістік театры (Түркия Республикасы)  «Пирайе» қойылымын, Алп Арслан атындағы Түркімен ұлттық жастар театры (Түркіменстан Республикасы) «Көроғлы және Агаюнус» қойылымды, М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры Б.Римова атындағы  (Ресей Федерациясы, Башқұртстан Республикасы) «Іздеп таптым сені…», Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры (Қырғызстан Республикасы) «Қасқыр ұлыған түн» сынды осы және өзге де елдердің қойылымдары сахналанады.

Талдықорғандағы жаңа театр

Шара аясында өз саласында жетістікке жеткен бірқатар жас буын “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты атанды. Атап айтар болсақ, “Театр өнері” номинациясы бойынша Шахмұрат Ордабаев, Олжас Жақыпбек, Жанат Оспанов, Зарина Кәрменова, Жасұлан Заманбеков, Қанат Дәулет, Назым Өтеулинова, Салтанат Әбілғазиева, “Журналистика” аталымында  Серікбол Хасан, “Кино өнері” номинациясы бойынша Рамазан Амантай және ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығымен Айгерім Бекболатова марапатталды.

Жаңа ғимараттың сахнасы Мұхтар Әуезовтың комедиалық бағыттағы әйгілі  «Айман-Шолпан» пьесасымен ашылды. Режиссері – Нұрқанат Жақыпбай.

Талдықорғандағы жаңа театр

Айта кетейік, жаңа театрдың алғашқы қазығы 2016 жылдың 12 қазан күні қағылған болатын. Нысан Талдықорған қаласының 7-ықшам ауданында бой көтерді. Оны салумен «BI Industrial» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан. Осы аралықта құрылыс жұмыстарына 187 адам жұмылдырылды. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Келешекте 110 – 120 адам қызмет етеді деп көтілген өнер сарайының қойлым залы 500-ден астам көрерменге лайықталған. Сыртқы субұрқақты алаңдарды қосқанда ғимарат екі гектардан астам аумақты алып жатыр.

Фотолар Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.