Семейден 70 шақырым қашықтықта жатқан Шаған кентінің 500-ге жуық тұрғыны жыл өткен сайын тығырықтан шығар жол таба алмай жүр. Өйткені, Шаған кенті Семей қаласына қарағанымен, жері Бесқарағай ауданында орналасқан. Семей-Курчатов күре жолының 56 шақырымынан сәл асқанда «Бесқарағай ауданы» деген белгі көрінісімен, Шағанға қатысты «шатақтың» шеті шыға бастайды. Трассаның оң жағындағы кезінде кеңестік әскери құпия санатындағы авиациялық нысан қалашығы бүгінде қаңырап тұр. Ал жолдың сол жағындағы біз тілге тиек еткен Шаған кенті үстімен Семей-Астана бағытындағы теміржол өткенімен, мұнда поезд тоқтамайды. Кезінде жұмыс істеп тұрған поезд стансасының есігі де тарс жабық. Бірақ та ауыл халқының басым көпшілігі «Қазақстан теміржолы» ҰАҚ-ында әртүрлі жұмыстар істейді.

Сонда Ертіс өзені тиіп тұрған, тап жанынан теміржол өтетін, одан қалса, тоғыз жолдың торабындағы трасса бойында жатқан шағандықтар неге алаңдаулы? Кент болашағы қалай болары неге бұлыңғыр? Осы сауалдарға жауап іздеп барып қайтуымызға тура келген. Жолға шығуымызға түрткі болған тағы бір жайт, жақында өткен Семей қалалық мәслихатының кезекті сессиясында Шаған кентінің мәселесі қаралған болатын. Сессияда қалалық мәслихат депутаты Нұрғазы ҚАЙЫРБЕКОВ кенттің білім ошағы сын көтермейтін жағдайға жеткендігін жайып салып, Шағанға жаңа мектеп салу керектігін айтқан еді. Депутат сессияда баяндама жасап тұрған кент әкімі Талғат ҚҰМАРОВТЫҢ келтірген мәліметтеріне қанағаттанбай, «Шағанға мектеп салына ма, жоқ па? Соны білгім келеді» деп төтесінен қайырғаны қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья ФЕСЕНКОНЫ да орнынан тұрғызды. Н. Фесенконың айтуынша, Шаған кентіндегі 9 жылдық мектеп бұрынғы ескі ғимарат болғандықтан, қосымша құрылыс жүргізуге бюджеттен 380 млн. теңге, ал жаңа мектеп салуға 420 млн. теңге қажет екен. Бірақ, білім бөлімі басшысы да депутатқа мектеп мәселесі шешілетінін кесіп айта алмай, мәселе «ол жайды, шеше, қозғама» деген күйде қала берді.

"Сағынтаев Шағанға мектеп салып берсін"

«9 сыныптан кейін баламызда қайда апарып оқытамыз»

Сонымен, «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, Шаған мектебінің шынайы кейпі қандай екендігін өз көзімізбен көруге арнайы барғанда, жағдайдың одан да төмендігіне куә болдық. Кезінде орталық қоймадан мектепке айналған нысанда 73 оқушы (оның 10-ы даярлық сыныбында) жоқтан бар білім алып жатыр. Мектеп директоры Айгүл ҚАСЕНБАЙҚЫЗЫ Алматыда біліктілік жоғарылату курсында жүргендігін шығар кезімізде айтқан болатын. Дегенмен, ауыл тұрғындары мен мектеп мұғалімдері жауыңа тілемес жағдайды айтуға әзір отырғанынына қарап, директордың демократияға бүйрегі бұратындығы байқалды.

-Біз үшін басты арман да, тілек те біреу ғана: мектептің 11 жылдық болуын қалаймыз. Өйткені, жалғыз мен ғана емес, баласы биыл 9 сыныпта оқитын бірнеше отбасы ары қарай балаларын қайда оқытарын білмей, уайымдап отыр. Мен алдында қызымды 9 сыныптан соң Семейдегі туысымыздың үйіне тұрғызып оқыттық. Қанша туыс дегенмен, біреудің үйінде тұрып оқыған қайбір жақсы, келесі жылында Аякөздегі төркінімнен мектеп бітірттім. Ал биыл ұлымды 9 сыныпты бітіргеннен кейін білімін қайда жалғастырарымызды білмей басымыз қатып отыр. Мектепте мұғалімдер де жетіспейді. Тарих, география пәні мұғалімдері жоқ. Әр сыныпта үш-төрт баладан ғана. Бұл аз десеңіз, мұнда директорлар да тұрақтамайды,-дейді Анаргүл БЕРТІСҚЫЗЫ.

Жартыкеш мектепте жетіспейтін пән мұғалімдері бір проблема болса, спортзал, асхананы айтпағанда мұғалімдер бас қосатын арнайы кабинет жоқтығын сөз етудің өзі ұят. Мұғалімдер үзілісте дәліздегі диван, орындықтарда жайғасып жоспарын талқылайды. Дәретханасы сыртта орналасқан, қыста дірдек қағып, «жеке шаруасына» (оқушылар мұғалімнен осылай сұранады-авт) барып келген оқушы да, мұғалім де ағаштан жасалған қолжуғыштан «гигиеналық тазалық» «рахатын» көруге мәжбүр. Оқушылар үшін арнайы дәрігер бекітілмегелі де екі жылдың жүзі болған.

"Сағынтаев Шағанға мектеп салып берсін"

Балалары осындай күйдегі мектепте білім алып жатқанда ата-аналар қалайша ашынбасын?! Ауырып қалса, кенттің жалғыз фельдшерін шақыртып әлек. Оның өзі көліксіз, жаяу жүрген маман. Шаған кентінің тұрғыны Дүйсенбек САБЕКОВ ашынғаннан ащы күйзелісін іште ірке алған жоқ.

"Сағынтаев Шағанға мектеп салып берсін"

-Премьер Сағынтаев өткенде ғана бюджеттің миллиардтаған қаржыларын игере алмай жатқан министрліктерге шүйлікті. Соның ішінде Сағадиевтің министрлігі де бар. Расында да қаншама қыруар бөлінген ақша қайда кетеді осы?! Миллиардтар ішінен Шағанға бір мектеп салуға болмай ма?! Дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеген елде осындай мектеп барына кім сенеді?! Өз жайымды айтсам, теміржол күзетшісімін. Кенттің болашағы жоқ деуге үзілді-кесілді қарсымын. Төрт балам бар. Тоғызыншыны бітіретін қызыма алаңдаймын. Семейде туысым жоқ басқа қаланы айтпағанда. Қайда апарып оқытамын?! Кент болашағы жоқ деуге дәтім бармайды. Астанаға апаратын теміржол үстімен өтеді, іргесінде Ертіс ағып жатыр, ядролық ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан Курчатов қаласы да қашық емес. Неге тұйыққа тіреліп отырғанымызды еш түсіне алмай-ақ қойдық,-дейді Д. Сабеков.

«Әлемдегі ең кішкентай спортзал Шаған ауылында»

Ал осыдан бірер жыл бұрын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып келген Есмұхамет ҚАСЫМОВТЫҢ айтуынша, небір мықты, білімді мұғалімдер келгенімен, осындай олқылықтарды бастан өткергеннен кейін көп тұрақтай алмай кетіп қалады.

-Мен 45 жыл еңбек өтілімнің 37 жылын білім беруге арнадым. Жарма ауданынан Семейге отбасылық жағдайыма байланысты көшіп келгенде қала мектептерінен де, колледждерінен де жұмыс табылған жоқ. Амалсыз Шаған кентіндегі мектепте барып келіп істеп жүрмін. Аптаның бес күнін өткізіп, сенбі -жексенбіде Семейде боламын. Қайтадан Шағанға шапқылаймын. Жасым келгенде осы жүргенім қайбір жайлы болсын?! Мені қойшы, қиындықты бірге көріп жүрген шағандықтардың ахуалына жаным ауырады,-дейді зейнет жасына жақындаған ұстаз.

"Сағынтаев Шағанға мектеп салып берсін"

Көріп отырған бейнеттері бірінен бірі өтетін мұғалімдер мектептің от жағар бөлмесі мен «спортзалының» да есігін ашты. Бак орнатылған темір пеште от жанғанымен сапасыз көмірдің күлімсі исі бірден сезіледі. Ал кәдімгі клапаны бар құдықтан су тартылып, кәдеге жаратылады. «Спортзал» санатындағы мектеппен қабырғалас бөлмеге бас сұқтық. Қабырғаға орнатылған саты мен секіріп ойнайтын скалкалкадан басқа денешынықтыруға қажетті дені дұрыс зат табылмады. Бөлменің тарлығы сөз жоқ, Гинненстің рекордтар кітабына «Әлемдегі ең кішкентай спортзал» есебінде енуге сұранып тұр. «Бұл бұрын гараж болған» деп қалды мұғалімдердің бірі…

Мұғалімдердің айтуынша, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын, мектептің өз ғимараты болған. Алайда, «апатты жағдайда» деп танылуына байланысты бұзылған. Қазір оның орыны балалардың ойын алаңына айналған. Мектептен біраз қашықтау тұстағы кәдімгі үй мектеп кітапханасы рөлін атқарады екен. Сызы қабырғаның шіне де, сыртына да шығып кеткен бұл нысансымақта екі-үш жыл бұрын  мектепке 1-4 сынып балалары «білім алғанын» естідік. Кейін СЭС мамандары келіп жауып тастағанымен, оқушыларға тағы бір «қажеттілікті» өтеп тұр.

"Сағынтаев Шағанға мектеп салып берсін"

-Кітапханамыздың жайы осы. Сыз өткендіктен, кейбір кітаптар, журналдар жазуы өшіп бүлініп жатыр. Мұнда 5230 кітапқоры бар. Бірақ, жылу жоқ, от жағылмайтындықтан, ата-аналар қазір балаларын мұнда кітап алып оқуға жібермейді,-дейді кітапханашы М. Бекова.

«Соңғы 10 жылда 8 мектеп басшысы ауысқан»

Жалпы, Шаған 9 жылдық мектебінің «жыры» алда қанша жылға жалғасары белгісіз. Соңғы 10 жылда 8 мектеп директоры ауысқандығы да  мұндағы білім беру жайы қандай екендігін көрсеткендей. Ауыл мұғалімдері де, тұрғындары да бұл мектепке келетін басшыны тек өсу жолындағы «баспалдақ» санап келетінін айтады. «Осы Шаған кентінің жай-күйін жақсы білетін соңғы директорымыз Аязбай ЕСЕНОВ қана болды. Ол кісі қазір Екбастұзға көшіп кеткен. 2007 жылдан бері мұнда директорлар тек сырттан тағайындалып келеді. Екі жылға жетер-жетпесте ұстаздық еңбек кітапшасына «директор қызметін атқарды» деген жол жазылғаншға ғана отырады да, жөніне кетеді»,-дейді аты-жөнін атамауды өтінген бір ұстаз.

"Сағынтаев Шағанға мектеп салып берсін"
Мектептің қазандығы

Расында да солай сияқты. Кенттің мектептен өзге де мәселесі шашетектен. Шағандықтар кентті 12 жылдан бері басқарып келе жатқан әкім Талғат Құмаровтың да жұмысына қанағаттанбайтынын айтып отыр. Әкім болған жылдан бастап, бір баспанаға тұрақтап көшіп келмей, көрші Бөденелі ауылынан келіп-кетіп қызмет атқарып жүрген Құмаровты орнынан таппадық. Ұялы телефонына қанша қоңырау шалсақ та «өшіп тұратын» әкіммен тілдесудің сәті түспеді. Тұрмысы тығырыққа тіреліп тұрған кенттің 12 жылда бір түйткілін шеше алмаған әкімге Семейді 3 жылдан бері басқарып келе жатқан Сәлімовтің де әмірі жүрмейтін секілді. Өйткені, қызметін ауылынан барып-келіп атқарып жүрген Құмаров үшін Шаған кенті «12 жыл әкім болған» деген «анықтамалықты» еңбек кітапшасына жаздыру үшін ғана қажет секілді…

Айтпақшы, президент кешегі жолдауында 2019 жылдан бастап мұғалім мәртебесі көтерілетінін айттты. Кент ішіндегі барлық жұмыстарға «өзіміз үшін» деп білек сыбана кірісіп, кірпіш қырып, қабырға сылап, қоқыс тазалаудан да тартынбайтын, ағаш қолжуғышқа беті-қолдарын жуатын шағандық ұстаздардың мәртебесін қалалық білім бөлімінің басшысы Н. Фесенконың қалай көтеретінін алдағы жылы көрерміз.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ АВТОРДЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.