Жаңа құрылған ауданда жаңа көрсеткіш. Теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан Райымбек ауданында шаруалар картоптан мол өнім алуда. Оған себеп, Голландиядан осы өңірге бейімделген картоптың супер элиталық екі сортынан 236 тонна тұқым әкелінген болатын. 

Аудан әкімі Жолан ОМАРОВТЫҢ айтуынша, құйқалы жерге голландық инвесторлары да қызығушылық танытып отыр. Атап айтар болсақ, трансұлттық голландиялық «Farm Frites» компаниясының өкілдері Қазақстанды тұтастай аралап шығып, өздеріне Нарынқолдан тиімді жер таппапты. Топырағының түйінді құныға бойлатар құнарын айтпағанда, түні салқын аталған дақыл түріне дертөдербез де аз түседі. Тиісінше, өнімнің сапасы мен дәмі де жоғары деңгейде сақталады. Міне, мұндай фактордың бәрі шетелдік инвесторлардың қызығушылығын туғызбай қоймайтыны анық.

Әрине, олар алдымен өңірде  тұқым шаруашылығын жолға қоймақ. Осыған орай, жылына 7 мың тонна тұқымдық картоп экспортқа шығару да көзделген. Одан бөлек голландиялықтар Іле ауданында осы картоптан фри және чипсы шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. 

Голландиялықтар Нарынқолға инвестиция салуды жоспарлап отыр

– Елбасының Жетісудың ауылшаруашылығы саласының әлеуетін арттыру тапсырмасына сәйкес, осы бағытта шаруаларға мемлекеттен жан-жақты қажетті қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Биыл шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің барлығы уақытылы беріліп, жақсы дайындықтың нәтижесінде жиын науқанында қандай да бір кедергілер болмады. Айта кетсек, ауданымызда 5655 гектар картоп өсірілген. Орташа есеппен әр гектарға шаққанда 180 центнерден айналуда. Ал жаңа тұқыммен жұмыс жасағандардың жайын көрдіңіздер. Голландиядан 236 тонна супер элиталық картоп тұқымы әкелінді. Дер кезінде отырғызылып, лайықты күтімге алынды. Енді қоймаларымызды толтырып жатқан картоп тұқымының жақсылығын өңірдің тұрғындары көреді. Тұқымға қызығушылар жетерлік. Берері мол картоппен жұмыс жасауға әркім ниетті. Оның үстіне шаруа қожалықтарымыздың да  жайы жақсы. Әлеуеті жоғары. Шаруалары мығым. Алла қаласа, алдағы жылдан бастап ауданымыздағы картоптың да көлемі артады. Техникаларымыз да жаңара түседі. Диқандарымыз жаңа технологиямен жұмыс жүргізеді, – дейді Райымбек ауданының әкімі Жолан ОМАРОВ.

Сонымен бірге, аудан әкімі облыс басшылығының мұндай бастамаларды қолдауға әрқашанда дайын екенін атап өтті. Мәселен, биыл облыстан картоп шаруашылығын дамытуға 240 млн. теңге қаржы бөлініп, ауданда сервистік дайындау орталықтары құрылып, заманауи техникамен жабдықтала бастаған.

Жабдықталған демекші, 1996 жылдан бастап шаруа қожалығын құрып, картоп өсіруге көңіл бөліп келе жатқан Мұрат Малдыбаев бұл турасында:

– Биыл алқапта мол өнім жиналуда. Қожалық мүшелері де қуанышты. Науқан тұсында тұрақты жұмыс істейтін механизаторлар бар. Бәрінің еткен еңбек, төккен терлері ақталды. Картоп қолмен термейміз. Облыс әкімі арқылы алған жаңа комбайн бар жұмысымызды атқаруда, – дейді.

Президенттің өндірістік кооперативтер құру жөніндегі тапсырмасына орай, 2016 жылы Нарынқол өңірінен құрамында картоппен айналысатын 4 қожалық негізінде «Хантәңірі» атты кооператив құрылған. Картоптың жаңа тұқымы дәл осы кооперативтің құрамындағы қожалықтарға тиді. Соның ішінде «Мирас» шаруа қожалығы жеткен жетістігі кім кімді де сүйінтпей қоймайды. Небәрі 1 гектар жерге отырғызылған жаңа сортты тұқымнан 50 тонна картоп алынды.

Бұл бір шаруа қожалықтың жетістігі. Ал аудан бойынша жеткен жетістікке тоқталар болсақ, жаз ортасынан тұқымдыққа бола сабағы ерте күйдірілген алқаптардың өзінде өнімділік әр гектардан орташа есеппен 30 тоннаға дейін жеткен. Соның нәтижесінде биыл қоймаға 2360 тонна тұқымдық картоп салынады деп межеленіпті.

Голландиялықтар Нарынқолға инвестиция салуды жоспарлап отыр

Осы ретте, айрықша атап өтер бір жайт, биылғы жылдың есебінен қазып алынған жоғары сұрыпты өнім ешқайда сатылмайтыны. Қажетінше, көктемде өңір шаруаларына тұқымдыққа арзан бағада үлестірілмек. Алдағы көктемде шаруалар 780 тонна картоп егуді межелеп отыр.

Реті келгенде атай кету керек, аты аңызға айналған өнімге де сұраныс жоғары. Алматы облысынан өзге, үлкен мегаполис саналатын Алматы қаласы мен Астананы және еліміздің өзге де өңірлерін картоппен қамтамасыз етуде. Сапалы өнімге көрші мемлекеттерден де сұраныстар түсуде. Бұл бірінші кезекте аудан халқының тұрақты жұмыспен қамтылуына, жастардың еңбекке араласып, бос жатқан жерлерді игеруіне де үлкен мүмкіндік болып отыр.

Фотолар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.