Қарағанды соты азаматтық белсенді Әлия Садырбаеваның жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат бермеген әкімдік шешімін заңсыз деп тану туралы шағымын қараусыз қалдырды. Садырбаева әкім мен қала әкімдігінің үстінен арыз жазған.

Судья «іс қаралуы үшін талапкер тарабы сотқа дейін дауды шешу тәртібін сақтап», жоғары органға (бұл жағдайда — Қарағанды облысының әкімдігіне), я лауазымы бір саты жоғары тұлғаға (Қарағанды облысының әкіміне) шағымдануы керек» деген.

Белсенді судья ұйғарымымен келіспей, қарашаның 7-сінде апелляциялық сотқа шағым түсірді. 

Әлия Садырбаева әуелде шағымында Қарағанды қаласы әкімінің жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат бермеуін заңсыз деп тануды сұраған. Кейін белсенді талап-арызына қалалық әкімдікті қосып, жергілікті биліктің 2018 жылғы қазанның 1-інде Садырбаеваға жалғыз адамдық пикет өткізуге тыйым салу туралы шешімін де сотқа берді. 

Бұған дейін жауапкер – Қарағанды қаласының әкімі мен әкімдік өкілі – Садырбаеваның шағымына «пикетіңізде айтқалы жатқан Қазақстан үкіметінің отставкаға кетуі туралы талабыңыз заңнамада қарастырылмаған және «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конститутциялық заңға қайшы» деп жауап берген.    

Жергілікті биліктің сөзінше, «үкіметті отставка кетіруге қатысты шешім қабылдайтын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Қарағандыда болмағандықтан, мұндай талаппен пикет өткізу жөнсіз».

Әкімдіктің берген жауабында «осы сипатта қандай да бір акция өткізгендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деп жазылған.   

Қарағандыда белсенді және блогер ретінде танымал Әлия Садырбаева қазіргі үкіметтің отставка кетуін талап етіп, пикетке шығатынын алдын ала ескерткен. Оның сөзінше, «үкімет әлеуметтік әлсіз топқа кіретін азаматтардың өмірін жақсартып отырған жоқ, жұмысшылардың жалақысы төмен». Бұған дейін ол «президент тапсырмаларын орындамай отырған» билікті сынап, Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа отставкаға кетуін талап етіп хат жазған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.