Индонезия астанасы Жакарта қаласында Азия параойындары өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы үш күнінде Қазақстан 16 жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 12 орында келеді.

Бұл сынға елімізден 91 спортшы аттанды. Олар тоғыз спорт түрінен – үстел теннисі, парадзюдо, паражүзу, мылтық ату, парапауэрлифтинг, садақ ату, шахмат, пара-жеңіл атлетика және отырып волейбол ойнау бәсекелерінен сынға түсіп жатыр.

Алғашқы жүлдені қоржынымызға паражүзгіш Дмитрий Ли салды. Ол 100 метрге көбелек әдісімен жүзу бағдарламасында ирандық Изадяр Шахин мен малайзиялық Фрайдден Даванды алға салып, қола жүлдеге қол жеткізді. Ли жеңімпаздардан тиісінше 0,65 және 0,11 секунд қана артта қалды. Одан кейін пара-пауэрлифтер Анна Солодухина (45 келі) де қола жүлдемен қуантты.

Осы жарыс бойынша Давид Дегтярев (54 келі) және парадзюдошы Азамат Тұрымбетов (66 келі) күміске қол жеткізді. Тағы бір парапауэрлифтер Гүлбану Әбдіхалықова (50 келі) ойындардың екінші күні қола тұғырға көтерілді.

Рио параойындарының чемпионы, жүзгіш Зүлфия Ғабидуллина бабында екенін байқатып, тағы да жетістіктерімен қуантып отыр. Ол жарыстың алғашқы күні 50 метрге арқаман жүзу сынында күміс медаль иеленсе, араға бір күн салып, 100 метрге еркін жүзуде чемпион атағын жеңіп алды. Ол мәреге қытайлық қарсыласы Пен Сюй Пиннен – 5,32, сингапурлық Ип Пин Сюден 36,49 секунд бұрын жетті. Сөйтіп, өзінің жұлдызды спорттық ғұмырына даңқты спортшы тағы бір үлкен белес қосып отыр.

Жүзгіш Сиязбек Далиевтің жетістіктері де таңдай қақтырады. Ол алдымен 50 метрге арқамен жүзу жарысында қоржынды қоламен толықтырды. Ал 50 метрге көбелек әдісімен жүзуде Сиязбек Азия параойындарының рекордын жаңартып, 37,40 секунд нәтижесін тіркеді. Ол күміс жүлдегер Во Тханх Туңнан (Вьетнам) 2,05 секунд алда болды.

Астаналық Сиязбек 12 жасында ойнап жүріп, ашық трансформатор қасындағы шалшық суды басып кетеді. Қатты соққан ток жасөспірімді біраз жерге лақтырып жібереді. Екі қолынан айырылып, ауыр оталарды өткеріп, жігерлі жас 18 жасында, 2009 жылы жүзу спортына мойын бұрады. Ауыр жарақат алғанша Сиязбек футболмен және күреспен айналысқан еді. Тағдыр сынына тап болса да рухын түсірмей, күніне 5-6 сағат жаттыға жүріп, отандасымыз осындай үлкен табысқа жетіп отыр. Көбелек әдісімен жүзу дегеніңіз – кеудені суға батырып-шығарып, қос қолды алға кезек сермеу арқылы жылжу ғой. Далиев осы әдісті меңгеруге барын салды, екі қолының жоқтығын желеу етіп, орта жолдан доғарған жоқ. Міне, енді астаналық спортшы үлкен табысқа жетіп отыр. Оның бұл жетістігін қос құлыншағы ерекше мақтан ететіні сөзсіз.

Жакарта параойындарында Қазақстан әнұранын тағы бір жүзгіш Ержан Сәлімгереев асқақтатты. Ол 100 метрге еркін жүзу бағдарламасында қытайлық Ян Хун мен филиппиндік Гари Беджиноны артқа тастап, алтыннан алқа тақты.

Ядро серпуші Равиль Мансұрбаев соңғы мүмкіндігінде 14,66 метрге лақтырып, күміс жүлдегер атанды. Ол Вей Ян Луннан (Қытай) 1 метр ұтылды.

Үш күн қорытындысында Қазақстан 3 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль иеленді. Көш басында 81 алтын алған Қытай спортшылары келеді. 

Есалы Өстемір

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.